Жаңалықтар

«Салық кодексіне» бірқатар өзгеріс енгізу керек – сарапшылар

Сарапшылар кодексті өзгерту мәселесін талқылады
«Салық кодексіне» бірқатар өзгеріс енгізу керек – сарапшылар
Фото: gov.kz 11.10.2022 14:24 1176

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Мемлекет басшысының жолдауы аясында бизнесті қолдау шараларын талқылады, деп хабарлайды El.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында «Біз «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынасты түбегейлі өзгертеміз», – деп атап өткен болатын.

Отырыста түсінікті және болжамды салық саясаты, 2023 жылы жаңа Салық кодексін әзірлеу, салықтық әкімшіліктендіру жөніндегі блоктарды жаңарту және технологиялық жаңғыртуға және ғылыми әзірлемелерге бағытталған пайдадан корпоративтік табыс салығын төмендету немесе одан босату механизмдері талқыланды.

«Ескі заңдылықпен өмір сүре алмайтын кейбір заңнамаларды өзгерткен дұрыс. Сондықтан «Салық кодексіне» байланысты бірқатар дүниелерді өзгерту керек деп ойлаймын. Осы орайда, салық бойынша төлемдерге анализ жүргізіп отыру қажет. Сондай-ақ, елімізде кәсіпкерлерге беретін салық мөлшерін азайтқан дұрыс болар. Себебі, олардың өзі төле алмай жататын кездері болады. Сондықтан бостан бос кәсіпкерлерге артық салық салып, оны пайдасыз орындарға жұмсауды қолдамаймын», - деді «Атамекен» ҰКП Алматы қаласы бойынша өңірлік кеңесінің төрағасы, «Учет» компаниялар тобының негізін қалаушы Максим Барышев.

Сонымен қатар, «Салық кодексіндегі» арнайы жеңілдіктер бар екеніне тоқталды.

«2000 жылы жазылған «Салық кодексіне» бірқатар өзгерістер енгізілді. Тіпті, арнайы жеңілдіктер қаралғаны да белгілі. Дегенмен, сарапшы ретінде біздің «Салық кодексін» нашар деп айтпас едім. Көптеген мүмкіндіктер мен жеңілдіктер қарастырылған. Салықтың қайда жұмсалатынына тоқталсақ, еліміз үшін маңызды экономикалық секторларға және тағы басқа өзекті салаларды дамытуға негізделсе екен деймін», - деді «Қазақстан салық консультанттарының қауымдастығы» өзін-өзі басқарушы ұйым» ЖК және ЗТБ басқарма төрағасы Сәкен Қарин.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға