Жаңалықтар

Салтанат Тұрсынбекова: Азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау тетіктері нығайды

Салтанат Тұрсынбекова: Азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау тетіктері нығайды
Фото: Коллаж El.kz 29.08.2024 16:26 1140

Тәуелсіз Қазақстан тарихында Ата Заңға өзгерістер енгізу бойынша жалпыхалықтық референдум екі рет болды. Бас құжатты алғаш рет халықтың таңдауына салу 1995 жылы 30 тамызда, екіншісі 2022 жылдың 5 маусымында өтті. Осы ретте El.kz тілшісі Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың басшысы Салтанат Тұрсынбековамен тілдесіп, Конституциядағы өзгерістер жайында әңгімелесті.

Конституцияны өзгертуге қатысты екінші жалпыхалықтық референдумның басты қағидаты – күшті президент, ықпалды парламент және есеп беретін үкімет құру. Соның аясында Президенттің өкілеттігі қысқарып, Парламент пен мәслихаттардың рөлі күшейді. Азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау тетіктері нығайды.

Елімізде мажоритарлы сайлау жүйесі қайта пайда болды. Мәжіліс депутаттарының 30 пайызы, облыстық мәслихаттардың 50 пайызы, аудандық мәслихаттар 100 пайыз тікелей халықтың дауыс беруімен сайланатын болды. 

Жаңа орган Конституциялық сот жүйесі жасақталды. Сонымен қатар Конституциядағы өзгерістерден кейін көптеген заң жетілдірілді. Соның арқасында елімізде демократиялық құндылықтарды бекітетін нормалар қабылданды.

Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың басшысы Салтанат Тұрсынбекова елімізде жүргізілген Конституциялық реформа мемлекет басшысының саяси ерік-жігерінің арқасында адам құқықтарын қорғау функциясын жүзеге асыруға принципті жаңа көзқарасты қамтамасыз еткенін тілге тиек етті.

Конституциялық реформа аясында Парламенттің өкілеттігі кеңейтілді, саяси партияларды тіркеу тәртібі жеңілдетілді, өлім жазасы алынып тасталды, Конституциялық сот қалпына келтірілді. Бұл Конституциялық өзгерістер азаматтардың конституциялық бақылауға қолжетімділігін кеңейтуге және адам құқықтарын қорғау құралдарын нығайтуға күшті серпін берді, – дейді.

Сондай-ақ сарапшы биыл Қазақстан «Мүгедектердің құқықтары туралы» конвенцияға факультативтік хаттаманы ратификациялағанын және бала құқықтары туралы конвенцияға факультативтік хаттамаға қол қойылғанын жеткізді.

Осылайша, Дүниежүзілік қоғамдастық жалпы қабылдаған құндылықтарды ұлттық мүдделермен дұрыс үйлестіре отырып жариялап, Конституция конституционализм негіздерінің, демократиялық, құқықтық, зайырлы және әлеуметтік мемлекет мұраттарының кезең-кезеңімен орнығуын қамтамасыз етті, – дейді Салтанат Тұрсынбекова.

Ведомство басшысы Конституцияның қолданылу кезеңінде мемлекет тәуелсіздігінің негізгі құрамдас бөліктерін қалыптастыру және нығайту, оның ішінде адам құқықтарын қорғау институттарын одан әрі жетілдіру бойынша терең реформалар жүргізілгенін атап өтті.

Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформалардың төрт пакеті аясында елді одан әрі демократияландыруға бағытталған бірқатар маңызды бастамалары жүзеге асырылды. Экономикалық жүйе мен қоғамдық қатынастарды одан әрі дәйекті реформалау, мемлекеттік органдардың ұйымдастырылуы мен қызметін жетілдіру, азаматтық қоғам өкілдерін жоғары мемлекеттік билік органдарының тағдырлы шешімдер қабылдауына қатыстыру жөніндегі әзірленген стратегиялық шаралары мемлекеттің іргелі құжаттарында бекітілген, – дейді ол.

Салтанат Тұрсынбекова адам құқықтарын қорғаудың ұлттық тетіктерін нығайту және дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жалғасып жатқанын айтты.

Елде Президент жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты, бала құқықтары жөніндегі омбудсмен, бизнес және басқа да көптеген мамандандырылған омбудсмендер бар. Мұны халықаралық әріптестеріміз жақсы біледі, – деді Тұрсынбекова.

Сарапшының сөзіне қарағанда, халықтың жаңа құрылымдарға деген сенімі артып келеді. Ол бұған статистика да куә деп отыр.

Соңғы реформалардан бері Адам құқықтары жөніндегі уәкілге жүгінулердің динамикалық өсуі байқалады. Алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 2-3 есе көп. Ұлттық алдын алу тетігі (ҰАТ) адам құқықтарын қамтамасыз етудің ең маңызды механизмі болып қала береді. Уәкіл мен ҰАТ бірлескен қызметінің нәтижесінде елде жағдайды тұрақтандыру мен ұлттық мүдделерді біріктіруді қамтамасыз етуге мүмкіндік берген бірқатар маңызды саяси-құқықтық шешім қабылданды, – деді Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың басшысы.

Соңғы жылдары Қазақстанда адам құқықтары институттарын дамыту және адам құқықтарын жүзеге асыру кепілдіктерін қамтамасыз ету бойынша елеулі қадамдар жасалды. Осының бәрі Конституцияның адам құқықтарының мызғымас әлеуетінің арқасында мүмкін болды.

Сот жүйесін реформалау жалғасуда, әкімшілік сот төрелігінің аясы кеңейіп келеді. Бұл қадамдар заң үстемдігі мен сот төрелігіне қолжетімділікті нығайтуға бағытталған және дәл адамның негізгі құқықтарын қорғау призмасы арқылы қарастырылады. Жиырма жыл бойы қызметкерлер құрамы сан алуан, бірақ адам құқықтарының беріктігіне ортақ сеніммен біріккен кеңсеміз негізгі заң талап еткендей, елімізде адам құқықтарын қорғауға, құрметтеуге және ілгерілетуге тікелей үлес қосуға ұмтылды. Бұл тұрғыда 2024 жылы да ілкімді істер атқарылды, – дейді Салтанат Тұрсынбекова.

Бүгінде мемлекет адам құқықтары саласындағы барлық негізгі халықаралық шарттық тетіктерге қосылды. Қазақстанның 2022-2024 жылдарға БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне мүше болып сайлануы – адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы халықаралық нормалар мен стандарттарды ілгерілету үдерісіндегі мемлекетіміздің белсенді және жауапты қатысушысы ретіндегі рөлін мойындау.

Құқықтық кепілдіктер жүйесін нығайтумен қатар халықаралық міндеттемелерді жүзеге асыру ретімен жалғасып жатыр. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл тәуелсіз конституциялық шенеунік мәртебесіне ие болды. Осының барлығы құқық қорғау жұмысын жандандыруға мүмкіндік берді, – дейді сарапшы.

Былтыр уәкіл 902 адамның құқығын қалпына келтіруге көмек көрсеткен. Сарапшының сөзінше, әр санның артында белгілі бір адам тағдыры, отбасы бар. Салыстырмалы түрде, қысқа мерзімге қарамастан, Конституциялық сот пен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметінің алғашқы нәтижелерін көруге болады. Олар еліміздің құқықтық саласына оң әсерін тигізуде.

Негізгі заңның тарихы 30 жылдан асады, осы уақыт ішінде ол бірнеше рет қайта қаралып, толықтырылды. Бірақ бұл өзгерістердің барлығының негізгі айғағы біреу ғана: қазіргі заманның барлық сын-қатерлеріне төтеп бере отырып, ел азаматтарының құқықтарын жан-жақты қорғап, тұрақты ету. Көрсетілген жетістіктер – негізгі Заңның тікелей сіңірген еңбегі, – деді Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың басшысы.

Ведомство басшысы Конституция қатып қалған құжат болып қала алмайтынын, қажетті саяси-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық және басқа да жағдайлардың жетілуіне қарай қазіргі заманғы сын-қатерлер мен тенденцияларға сәйкес түзетулер де енгізуге болатынын жеткізді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға