Көпшілік арасында кеңінен танымал Қаратау күй мектебінің өкілі, дәулескер күйші Төлеген Момбеков 1918 жылы Созақ ауданы Сызған ауылында дүниеге келген. ҚазКСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан.
Оның "Салтанат" күйі ел ішінде кең таралған. Күй әуезінде сөзбен айтып жеткізе алмайтын адамның мұңы мен сыры тілсіз екі шектің мақамымен жеткізіледі. әр кеудеге құйып береді. "Салтанат" күйін тыңдаған сайын кеудені өксік аралас мұң басып, жүректің сыздауының да өзіндік сыры бар. Ол үшін күйдің шығу тарихын білу керек.
1969 жылы Төлеген Момбековтың асыл жары Пернеш қайтыс болып, Райхан, Қызжан, Дана, Гүлжан, Салтанат атты бес қызымен, Қайрат атты бір ұлымен орта жолда қалады. Күйшіге бұл қаза қатты батады. Жан күйзелісіне толы осы жылы өмірге бірінен соң бірі төрт күй келеді. Сол кезде автоклуб меңгерушісі болып жұмыс істейтін Төлеген бір күні жұмыстан шаршап үйіне келсе, Қайраты төрт жасар Салтанат деген қызын жылатып қойыпты. Сонда Салтанат біраз жыл өтсе де, өлген шешесін ұмытпай: "Апама айтам" деп зар еңіреп жылап отыр екен. Осы сөзді құлағы шалып қалған күйші сондай бір ауыр күй кешіп, қатты толқиды. Қызын жұбатып отырып: "Қайтемін, жаным-ау" деп қосыла жылайды. Сосын сүйеніші де, жұбанышы да болған домбырасын сабалай береді. Ертеңіне жаңа күй шығады. Күйдің атын қызына жұбату ретінде "Салтанат" деп қояды.