Жаңалықтар

«Саламатты Қазақстан» пойызы Маңғыстау облысында екі апта аялдайды

«Саламатты Қазақстан»  пойызы Маңғыстау облысында екі апта аялдайды
Фото: Қазақстан теміржолшысы 19.08.2023 10:55 1030

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Болашақ станциясына келді. Өңірге арнайы келген білікті мамандар 17-30 тамыз аралығында Маңғыстау облысының елдімекендерінде халыққа медициналық, құқықтық және медиативтік көмек көрсетеді, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі mangystaumedia.kz-ке сілтеме жасап. 

Дәстүрлі түрде жыл сайын республика аумағындағы шалғай елдімекендерді аралайтын пойыз диагностикалық құралдармен, соның ішінде компьютерлік спирометриялық жүйемен, эхоэнцефалографпен, диагностикалық тесттер жүргізуге арналған кардиологиялық мониторинг жүйесімен, сондай-ақ рентген, стоматологиялық, ЛОР және офтальмологиялық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ең басты талап, медицина мамандарының қарауына жүгінген кезде жеке басты куәландыратын құжаттарды міндетті түрде бірге алып жүру қажет.

Ал Маңғыстау облысында «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы екі апта ішінде жеті станциясында аялдамақ. Олар:

17-18 тамыз – Болашақ станциясы;

19-20 тамыз – Жетібай станциясы;

21-22 тамыз – Сайөтес станциясы;

22-24 тамыз – Үстірт станциясы;

25-26 тамыз – Сам станциясы;

26-28 тамыз – Ақжігіт станциясы;

29-30 тамыз – Опорная станциясы.

Сала мамандарының қабылдау бойынша жұмыс уақыты сағат таңғы тоғыздан кешкі алты аралығын қамтиды (үзіліс 13:00-14: 00 сағ.).

Ал аталған жобаның бас серіктесі «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры. Биыл алғаш рет ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасымен пойыз жұмысына кәсіби психолог, медиатор және заңгер тартылып отыр.

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға