Жаңалықтар

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Жетібай станциясына барды

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Жетібай станциясына барды
Фото: Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасы 15.05.2024 08:29 533

ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия, Денсаулық сақтау министрлігі және «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен Астана қаласынан бастау алған «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Қарақия ауданының Жетібай станциясына келіп аялдады. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Пойыз құрамында 40 маман – медицина қызметкерлері, медиаторлар мен заңгерлер бар. Дәрігерлік құрамда терапевт, хирург, педиатр, психолог, невропатолог, ультрадыбыстық диагностика маманы, жалпы тәжірибелік дәрігер, рентгенолог, кардиолог, стоматолог, офтальмолог, отоларинголог, педиатр, онколог-маммолог, гинеколог және уролог мамандары бар. Қажет болған жағдайда мамандар шағын операциялар жүргізіп, жоспарлы емдеуге жолдама береді.

Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның бастамасы бойынша биылғы жобаға кәсіби және тәжірибелі медиаторлар мен заңгерлер қатысады. Олар халыққа тегін медиативтік және құқықтық көмек көрсетеді, сондай-ақ азаматтардың зейнетақы, жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер және атаулы әлеуметтік көмек алу туралы сұрақтарына жауап беруге көмектеседі.

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Жетібай станциясында 13-14-15  мамыр аралығында аялдайды. 09:00-18:00 аралығында тұрғындарды қабылдап, тегін қызмет көрсетеді.

Айта кетейік, Қарақия станциясында 16-17-18 мамыр, 09:00-18:00 аралығында тұрғындарды қабылдайды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға