Жаңалықтар

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы солтүстік аймақтарды аралайды

Медициналық пойыз Солтүстік Қазақстан облысы мен Ақмола облысында өз жұмысын бастады
«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы солтүстік аймақтарды аралайды
Фото: gov.kz 17.08.2022 18:11 1563

«Саламатты Қазақстан» мамандандырылған медициналық пойызы бүгін Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облысына жетіп, Еркіншілік стансасының тұрғындарын қабылдауды бастады, деп хабарлайды El.kz

«Саламатты Қазақстан» мамандандырылған медициналық пойызы Солтүстік Қазақстан облысы мен Ақмола облысында өз жұмысын бастады. 17 тамыз бен 9 қазан аралығында жылжымалы емхана 16 стансаға тоқтап, тұрғындарды қабылдамақ. Жұмыс уақыты таңғы сағат 9:00-де басталып, түсте бір сағат үзіліс жасап, 18:00-ге дейін жалғасады. Мәселен 17-18 тамыз күндері Еркіншілік станциясында сырқаттарды қабылдамақ.

Медициналық пойыз мамандары Қазақстан өңірлеріндегі шалғай станциялардың тұрғындарын тегін қабылдауды және тексеруді мақсат еткен. Бұған дейін 31 шілде мен 16 тамыз аралығында медициналық пойыз Павлодар облысына барып, 9 станцияның тұрғындарын қабылдады. Облыста болған екі апта ішінде консультациялық-диагностикалық пойыздың мамандары 1600-ге жуық тұрғынды, оның ішінде 273 баланы, 1319 ересекті қабылдады. Соның ішінде жалпы практика дәрігері, терапевт пен педиатрға қаралғандардың үлесі жоғары - 1104 адам болды. Хирургке 1030 адам, көз дәрігеріне 824 адам жазылды. Медициналық пойыздың кабинеттерінде ЭКГ, УДЗ және флюорографиялық тексерістер де жүргізіледі.

«Пойыз мамандарының қабылдауына 1975 жылы туған Гүлжихан Серғазинова есімді Маралды станциясының тұрғыны келді. Флюорографиялық зерттеу барысында ерекше жағдайдың куәсі болдық. Науқаста өте сирек кездесетін диагноз – декстрокардия бар екені анықталды. Бұл дегеніміз науқастың жүрегі оң жағында орналасқан», дейді «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының жетекшісі Аман Қасенов.

Медициналық пойыз Ақмола облысы мен СҚО-ға сапарынан кейін Қостанай, Қарағанды, Ұлытау облыстарының станциялары бойынша өз жұмысын жалғастырады.

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы 20 маусымда Алматы облысының Байсерке станциясынан жолға шыққан болатын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға