Nature

Сал ауруына шалдыққан адамдар енді чиптің көмегімен қозғала алады

Сал ауруына шалдыққан жандарға үміт сыйлайтын жаңа технология пайда болды. Бұл – адам миы арқылы сыртқы құрылғыларды басқаруға мүмкіндік беретін «ми-компьютер» интерфейсі.

Енді ол тек зертханадағы тәжірибе емес, нақты медицинада қолданылатын шешімге айналудың алдында тұр.

Қытайдың медициналық өнімдерді реттейтін NEO ұйымы (Neural Electronic Opportunity) деп аталатын құрылғыны ресми түрде пайдалануға рұқсат берді. Оны жергілікті Neuracle Medical Technology компаниясының ғалымдары әзірлеген.

Бұл жүйенің басты ерекшелігі – қауіпсіздігі. Көпшілікке белгілі Neuralink чипі сияқты ми тініне тікелей енгізілмейді. Оның орнына электродтар бас сүйек пен ми қабығының арасына орналастырылады, яғни миға зақым келтіру қаупі әлдеқайда төмен.

Құрылғының жұмысы да ерекше. Көлемі монетадай ғана чип бас сүйекке орнатылады. Айталық, адам қолын қозғалту туралы ойлаған сәтте, мидағы электрлі сигналдар тіркеледі. Сол сигналдар компьютер арқылы өңделіп, арнайы роботтандырылған қолға жіберіледі. Нәтижесінде науқас стақан ұстап, су ішу секілді қарапайым әрекеттерді өз бетінше орындай алады.

CNN

Бұл технологияның тиімділігі тәжірибе барысында дәлелденген. Толық сал ауруына шалдыққан, он жыл бойы қозғала алмаған науқас осы жүйенің көмегімен алғаш рет өздігінен су іше алған.

Сарапшылар мұны үлкен серпіліс деп бағалап отыр. Өйткені бұған дейін мұндай «ми-компьютер» жүйелері тек клиникалық сынақ кезеңінде болатын. Ал енді ол ресми түрде мақұлданып, медициналық құрал ретінде қарастырыла бастады.

Дегенмен мамандар сақтық шараларын ұмытпауды ескертеді. Зерттеуге қатысқан адамдар саны әзірге аз, сондықтан технологияны толық бағалау үшін әлі де уақыт қажет.

Соған қарамастан бұл жаңалық – мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жаңа кезеңнің бастамасы. Алдағы уақытта осындай шешімдер олардың өмір сапасын айтарлықтай жақсартуы әбден мүмкін.