Жаңалықтар

Сақтардың тұрағы болған Шірік-Рабат

Шірік-Рабат –  Хиуа хандығы мен қазақ шекарасы арасындағы бекет
Сақтардың тұрағы болған Шірік-Рабат
Фото: Интернеттің ашық ресурстарынан алынды 19.09.2017 12:32 18703

Сыр бойындағы Шірік-Рабат қаласының орны ежелгі сақ қоғамынан қалған құнды жәдігер болып табылады. Қала Жібек жолының бойында, ескі Жаңадария арнасы жанындағы төбеде орналасқан. Шірік-Рабат Хорезм, Парсы елдерінің шекаралық бекінісі болған. Өйткені, бұл елдердің байланысы кезінде арнасы асып-тасыған берекелі Жаңадария арқылы жүріп отырған. ХVІІІ-ХІХ ғасыр аралығында бұл қала Хиуа хандығы мен қазақ шекарасы арасындағы бекет болды.

Археологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижесі қалада бірқатар қоныстану кезеңінің болғанын білдіреді. Шаһар бастапқыда тайпа көсемдерінің мекен ететін, жерленетін бекінісі қызметін атқарған. Артынша көркейе түскен қала тұрақты қонысқа айналған. Қаланың солтүстігінде сақ заманының белгілері жатса, оңтүстігінде орта ғасырларға тиесілі үйлер сақталған.

Шірік-Рабаттың түп-төркініне үңілсек, алдымен «Рабат» деген сөзге анықтама бере кеткен абзал. Қалашықтағы цитадельдің батысы мен оңтүстік-батыс тұсында ел-жұрт көбірек қоныстанды. Оған сол маңдағы керамика ыдыстарының сынықтары, әр түрлі бұйымдардың, жағылған оттан қалған күл қалдықтары дәлел бола алады. Бұл жерлерден керамикалық және шыны ыдыстардан қалған сынықтардың шығуы ортағасырлық мәдениеттен де хабар береді. Әрі қаланың  қарабайыр тұрғындары мекендеген Рабат екендігін білдіреді. Рабат деп орта ғасырға жататын қалалар ішіндегі  халық қоныстанатын шеткі аймақты атайды. Рабад сөзіне үлкен Кеңес Энциклопедиясында «VII-VIII ғасырлардағы Орта Азия және Парсы қалаларының қолөнер әрі сауда орталығы» деген түсінік берілген.

Шірік-Рабат атауына байланысты қалашық жанындағы Көмекбаев ауылының қарттары да өз пікірлерін айтып жатады. Ауылдың қарияларының айтуынша: «Жаңадария арнасындағы егістікке су жіберу үшін әр жерден томармен тоспа салынып, кейіннен су тартылғанда томардан жасалған бөгеттің шіріндісі ғана қалған. Қаланың Шірік-Рабат аталуы да осыған байланысты болуы мүмкін», - дейді.

Шірік-Рабат сөзін басқалай пайымдасақ, қаланың атауы орта ғасырдың басынан бері солай аталуы мүмкін. Кейбір сөздіктерде түркілер заманында қолданыста болған шеру деген сөз кездеседі. Шеру сөзі қарулы күшке, жауынгерлерге, жалпы әскерге қатысты қолданылады. Қазақ Совет Энциклопедиясының 12-томында осы сөз аясында кеңінен тарқатып жазылған (Алматы, 1978 жыл).  Сондай-ақ, бұл сөзге ұқсас шерік сөзін бірге қарастырсақ та әскерге қатысты мағынадағы сөз екендігін білуге болады.

Шірік-Рабатты зерттеу жұмыстары тұңғыш рет 1946 жылы басталды. С.П.Толстовтың бастамасымен қазба жұмыстарын Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы жүргізді. Ғалым Шірік-Рабатты ХІІ ғасырдағы «ИНША» құжаттарында көрсетілген Хорезм-Жент жолында, Женттен 120 шақырым жерде жатқан Сагдере тұрағымен байланыстырады. Бұл тұрақ бүгінгі Қызылорда Тақтакөпір жолымен жүргендігін және Жанқала қаласынан батысқа дейін 120 шақырым жерде Жаңадария өзенінің ескі арнасы жағасында Шірік-Рабат қаласының орналасқаны туралы айтады. Сонымен қатар, Сагдере – түркі иран сөздерінің тіркесі. Ол оң аңғар, оң жақ алап деген мағынаны білдіреді. Жаңадария арнасынң Шірік-Рабат қаласына жетпей екіге бөлінетінін және оң жақ бөлігі аңғарында қала жұрты орналасқандығын көрсетеді. Зерттеуші Толстов осы тәрізді айғақтарға тоқтала келе, Шірік-Рабат қаласын ерте ортағасырлық Сагдере қаласы деп тұжырым жасайды. Хорезм экспедициясынан соң қалашықтағы археологиялық жұмыстар 2004 жылы Елбасы қолдауымен жүзеге асқан «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша қайтадан қолға алынды. Ә.Марғұлан  институтының Жолдасбек Құрманқұлов басқарған Шірік-Рабат археологиялық экспедициясы 10 жылдан бері Шірік-Рабаттың қала жұрты мен оның айналасындағы ескерткіштерге барлау, қазба жұмыстарын жүргізіп келеді.

Шірік-Рабат қаласы Сыр бойындағы ежелгі дәуірден сыр шертетін бірден-бір ескерткіш болғандықтан, ғалымдар зерттеу жұмыстарын жасауды мейлінше орындап келеді. Осыған сәйкес, 2013 жылы облыс басшысы Қырымбек Көшербаевтың бастамасымен облыстың тарихи, мәдени мұраларын қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңес құрылып, осы кеңестің шешімімен Сыр бойындағы ортағасырлық Сығанақ, оғыздардың астанасы болған Жанкент пен Сақ дәуірінің ескерткіші Шірік-Рабат қалаларында жұмыстар жүргізуге қолдау жасалды. Қазба жұмыстарына 2014 жылдан бері облыстық бюджеттен қаржылай көмек көрсетіліп келеді. Археолог ғалымдар көне шаһарлардың бізге беймәлім қырларын ашып, әлі де қазба жұмыстарын жасау үстінде.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға