Жаңалықтар

Сахнадан сәлем

Театр фестивалі 20-26 маусым аралығында өтеді
21.06.2016 11:07 5012

Кеше елордадағы Жастар театрында «Сахнадан сәлем!» IV халықаралық театр фестивалі шымылдығын түрді. Шара Астана Жастар театрының «Моцарт» мюзиклімен ашылды. Ашылу салтанатында қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев фестиваль қатысушыларын құттықтап, әртістерге шығармашылық табыс тіледі.

Сахнадан сәлем

Жылдағы дәстүр бойынша елорданың туған күніне орайластырылған мерекелік шара биыл төртінші рет ұйымдастырылып отыр. Фестиваль аясында Қазақстан мен шет мемлекеттерінің үздік әртістері қатысатын көрнекті қойылымдар көпшілік назарына ұсынылады.

Сахнадан сәлем

Биылғы бағдарламада 11 театр өнер көрсетеді. Бұл жолғы шараның басты ерекшелігі, мұнда қазірге дейін республикалық деңгейде өнер көрсетпеген ұжымдар (мәселен, Семей, Жезқазған театрлары) қатысады. Ең алғашқы «Сахнадан сәлемде» шетелден бірде-бір ұжым келмеген болса, биыл Киев пен Мәскеуден қонақтар шақырылып, шараның географиялық ауқымы кеңейіп отыр.

Фестивальдің құрметті қонақтары әрі қазылар алқасы құрамы:

Танымал драматург, театр сыншысы Еркін Жуасбек;

ҚР Халық әртісі, еңбек ардагері, «Құрмет» орденінің иегері, профессор Гүлжаһан Әспетова;

ҚР Халық әртісі, Шәкен Айманов атындағы халықаралық сыйлықтың иегері, профессор Талғат Теменов;

Театр және кино актері, режиссер, Ресей театр менеджерлері гильдиясының мүшесі, «Мәдениет қайраткерлерінің астаналық цехі» кеңесінің мүшесі Игорь Краснопольский;

Театртанушы, «Балтық үйі» жобасының үйлестірушісі, ТМД және Балтия елдерінің «Ресейдегі кездесу» Халықаралық театрлар фестивалінің жетекшісі Мария Юрьева.

Сахнадан сәлем

Фестивальдің баспасөз мәслихатында «Мәдениет қайраткерлерінің астаналық цехі» кеңесінің мүшесі Игорь Краснопольский «Өнерде шекара жоқ. Барлығымыздың басымызды қосып отырған – қасиетті театр. Бәріміз де бір шинельден шықтық. Бүгінгідей рухани дағдарыс кезеңінде біздер келер ұрпаққа өзіміз кезінде ұлы ұстаздарымыздан алған тәлімімізді беріп кетуіміз қажет. Қазір құндылықтар өзгерді, талғам төмендеді. Мәселен, өзім ұлы Гончаровтан сабақ алған адаммын. Бұрынықта мықты әртістер кім десек, Ульянов, Смоктуновский, Баталов деп санай жөнелетін едік. Ал, қазір өкінішке қарай, дара әртістер аз. Күн сайын арамыздан кеңестік мектепті көрген небір ғажайып кәсіби мамандар кетіп жатыр. Біз солардың орнын жоқтатпай, бойымыздағы бар білімімізді келер ұрпаққа үйретіп кетуге міндеттіміз» деді.

Осы тұста театрға деген көзқарас тақырыбы да қозғалды. Режиссер Талғат Теменов «Таяуда бір министрдің «Мәскеуге барғанда «Современник» театрының билетін 150 долларға сатып алдым» деп мақтанып отырғанын көрдім. Ал, бізде билетті 1500 теңгеден сатсаң да, соларды театрға келтіре алмайсың. Радиодан «Астанада 18 жылда 18 спорт объектісі салынды» деп естіп едім. Өкінішке қарай, осы жылдар аралығында елордада бір ғана театр салынды» деп, қынжылыс білдірді.

Сахнадан сәлем

Ал, драматург Еркін Жуасбек қазақ театрларында талантты жас режиссерлер көбейіп келе жатқандығын тілге тиек етті. Ол бүгінде көзге түсіп жүрген режиссерлер арасынан Жұлдызбек Жұманбай (Алматы), Дәурен Серғазин (Астана), Елік Нұрсұлтандарды (Алматы) айрықша атап өтті.  

Бүгін Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры режиссер Б. Ұзақовтың «Бір кем дүние» драмасын ұсынады.

Фестивальдің үшінші күні театрсүйер қауым Батыс Қазақстан облыстық қазақ дарама театрының (Орал қаласы) «Жалт еткен бір сәуле», сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының (Өскемен қаласы) «Үйлену» қойылымдарын тамашалайды.

Сахнадан сәлем

23 маусымда көрермендер елордалық М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының жаңа «Пробуждение» треш-драмасын және Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театры шымкенттік әртістердің орындауындағы «Бас» драмасын көре алады.

Келесі күні С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театры тарихи драмаларды ұнататындарға «Құлан қыпшақ – Кейкі батыр» қойылымын ұсынады. Ал, фантастикаға әуес жандар елордаға «Зверь» фантастикалық хикаясын ала келген Ф. Достоевский атындағы орыс драма театрының (Семей қаласы) қойылымын тамашалайды.

Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған Алматы қазақ мемлекеттік академиялық театрының әртістері астаналықтардың назарына «Қара шекпен» мысалын ұсынады.

Сонымен қатар, фестивальге Ресей мен Украинадан келген әртістер де қатысады. 25 маусымда «PaperWall» Киев театры көрермендерге режиссер М. Назаренконың«ОнОнаЖизнь» визуалды-пластикалық спектаклін көрсетеді. Театр апталығы «Театр Луны» мәскеулік театр әртістерінің орындауындағы «Антракт» драмасымен жабылады.

«Моцарт» мюзиклінен көрініс

«Сахнадан сәлемнің» тұсауы 2013 жылы кесілген. Бұл елеулі оқиға Астананың 15 жылдық тойы аясында өтті.

Жыл өткен сайын «Сахнадан сәлем!» халықаралық фестивалінің ауқымы кеңейіп келеді. Оған қатысатын қалалар мен мемлекеттердің саны артып, Қазақстанның театр әлеміндегі айтулы оқиғаға айналды. Үш жылдан бері фестивальге Қазақстанның барлық өңірлерінің, сондай-ақ, таяу және қиыр шетелдердің (Ресей, Литва, Түркия, Дағыстан, Грузия) театрлары қатысты.

Фестиваль билеттері Конгресс-холл, «Жастар» сарайы, «Қазақстан» ОКЗ, «Мега», «Сарыарқа», «Керуен» ойын-сауық орталықтарында сатылады.


Роза СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген – Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға