Жаңалықтар

Саха театры – елорда сахнасында

Якутия ұлттық театрының «Шаманның түсі» және «Бернарда Альбаның үйі» қойылымдары көпшілікке жол тартты.
26.10.2016 06:23 4071

24-25 қазан күндері Астанаға «Саха театрының аңыздары» бағдарламасының аясында П.А. Ойунский атындағы Саха академиялық театры гастрольдік сапармен келді. Якутия ұлттық театрының 110 жылдығына орай ТМД елдерін аралап жүрген өнер ұжымы Жастар театрының төрінде Якутия әдебиетінің негізін салушылардың бірі Алексей Кулаковскийдің «Шаманның түсі» және Сюзанна Ооржактың «Бернарда Альбаның үйі» қойылымдарын қойды.

Саха театры – елорда сахнасында

Қоюшы режиссері – Руслан Тараховский. Құрылымы күрделі болып келетін авангард стиліндегі синтездік қойылымға тойуки, кырыымпе мен хомус саз аспаптары ерекше өң бере түскендей. Қойылымға «Чолбон» рок тобы қатысты.

Пәлсапаға, футурологиялық идеяға толы Алексей Кулаковскийдің «Шаманның түсі» (Ойуун түүлэ) поэмасы 1910 жылдары жазылған. Спектакль тақырыбы заманауи жігіттің түп-тамырына қайта оралу, сонымен бірге айналасындағыларды туған ұлтының энергоақпараттық негізіне жалғауды көздейді.

Талантты, жас музыкант Ньургун өткен ата-бабаларының мәдениеті мен өнерін таныстырамын деп жүріп, жаңа заман шаманына айналып кетеді. Бас кейіпкер рок музыкант қазіргі күйбең тірлікте өзін-өзі іздеп, үлкен сынақтардан өтеді. Қасиетті өнер ұғымы осылайша көрермендерді рухани тазарта отырып, өз менін табуға ойландырады.

 Саха театры – елорда сахнасында

Андрей Борисов, П.А. Ойунский атындағы Саха академиялық театрының директоры:

– Якутияда миллионға жуық халық тұрады. Краснояр, Новосібір, Бішкек, Қазан, Уфа жерлерінен жүріп өтіп, Қазақстанға табан тіредік. Өзімізбен бірге жеті спектакль әкелдік. Бұл спектакльдер аңызға айналған десек, артық айтып отырғанымыз емес. Мысалы, Ш. Айтматовтың повесі желісімен сахналанған «Желанный голубой берег мой» спектаклі бірнеше театр фестивалінен жүлделі болған. Ефим Степанов осыдан 35 жыл бұрын осы қойылымда кішкентай баланың рөлін сомдаудан еңбек жолын бастаған болса, енді Орган шалдың рөлін сомдап келеді. Әлемді мойындатқан классикалық спектакль бүгінде аңызға айналды,  – дейді ол.

Саха театры – елорда сахнасында

Бүгінде театр ұлттық негізін еуропалық өнермен шендестіре отырып әлемдік көркем мәдениетте өз орны бар еңселі ордаға айналып отыр. 1995 жылы академиялық театр статусын алған Саха театрында жас режиссерлер көп. 


Ая ӨМІРТАЙ

Суретке түсірген - Нұрбек ӘЛМАНБЕТ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға