Жаңалықтар

Сақ ескерткіштерін жандандыру шарасы өтті

Археологиялық кешен мұражайға айналуы мүмкін
Сақ ескерткіштерін жандандыру шарасы өтті
29.05.2017 12:33 3765

«Алматы Сақ Қорғандары» археологиялық паркінде Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарының Сақ өркениетіне қызығушылығын арттыру мақсатында мәдени-танымдық шара ұйымдастырылды.

Қатысушыларды шараның ашылуымен құттықтаған Алматы қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Жайлаубай аталмыш паркті қаланың тарихи көркі ретінде таныстырды. «Бүгін ұйымдастырылып отырған шараны туризмді және қасиетті жерімізді дәріптеу жолындағы паркіміздің жаңа бір жаңғыруы беп білеміз. Алдағы уақытта қорғандар кешенін мұражайландыруды жоспарлап отырмыз.  Бастапқы жұмыстар 2018 жылы аяқталады деп күтілуде», – деді Ерлан Жайлаубай.

Бағдарлама аясында шараға қатысушылар атақты қазақстандық археолог Руслан Шербаевтың жетекшілігімен парк алаңында ұйымдастырылған арнайы экскурсияға қатысты. Сонымен бірге садақ ату дәрістерін алып, алаңды абаттандыруға арналған жаппай сенбілікке қатысқан қонақтар дәстүрлі палау мен көжеден де дәм татты.  Одан кейін қолөнершілер жәрмеңкесіне қатысқан қонақтар «Сармат абызы» атты танымал археологиялық олжаның реканструкциясын тамашалады.

Аталмыш шара «Алматы Сақ қорғандары» археологиялық паркін  жетілдіру мен дамыту және «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Туристік Ақпарат орталығы тарапынан әзірленіп  жатқан  шаралар кешенінің алғашқысы болды. «Қазақстанда назардан тыс қалған көптеген тарихи ескерткіштер бар. Алматы Сақ қорғандары үлкен туристік әлеуетке ие. Оны дамыту керек. Осы себепті біз бұқаралық сенбіліктен бастадық. Алдағы уақытта инфрақұрылымдық даму мен паркке көбірек көңіл тарту мақсатында бұдан да ауқымды жобаларды жоспарлап отырмыз», – деп атап өтті Туристік Ақпарат орталығының директоры Әсел Нүркебаева.

Іс-шара Алматы қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының және Алматы қаласы әкімдігі Мәдениет және мұрағат басқармасының, Алатау ауданы әкімдігінің және «Көшпелі өркениет мұрасы» халықаралық қоғамдық қорының қолдауымен өтті.

«Алматы Сақ Қорғандары» археологиялық паркі  (бұрынғы «Боралдай Сақ Қорғандары») ерте көшпелілер (б.з.б. VIII-III ғғ.) дәуірінің қорымдарынан тұрады. Ұзындығы 3 км созылған парк алаңында 47 сақ қорғаны бар. Олардың ең үлкенінің биіктігі 14 метрге, ал диаметрі 100 метрге жетеді. Қорым Тиграхауда сақтарының патшалары мен ақсүйектерін жерлеу жері ретінде салынған деген болжам бар.  2007 жылдан бастап парк алаңында ашық аспан астындағы  мұражай салу жұмыстары жүргізілуде.

"SUCCESS K стратеггиялық коммуникация агенттігі"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға