Жаңалықтар

Саидикрам Ниязходжаев: Қазақстан мен Өзбекстан арасында «Ұлы жібек жолын» қайта жаңғыртамыз

11.09.2018 11:14 4916

Астанада қалалық әкімшілік алдындағы алаңда Қазақстандағы Өзбекстан жылы аясында Шығыс тағамдарының гастрономиялық көрмесі өтті.

Шараны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ, Қазақстан халқы Ассамблеясы, Астана қаласы әкімдігі ұйымдастырып өткізді.

Көрмеге келушілердің алдында Өзбекстанның Қазақстан Республикасындағы елшісі Саидикрам Ниязходжаев, Астана қаласы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Ляззат Құсайынова, Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Әлішер Әбдіқадыров сөз алып, көрменің басталуымен құттықтады.

«Құрметті Астана тұрғындары мен қонақтары! Сіздерге Мәдениет және спорт министрлігі атынан қош келдіңіздер дей отырып, аталмыш көрмені ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін.

2018 жыл Қазақстандағы Өзбекстан жылы. Осыған орай біз көптеген шаралар ұйымдастырдық. Бұған дейін туроператорлардың қатысуымен туристік форумдар, қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі өтті. Бүгін тағамдар көрмесін тамашалауға келдік. Осындай жайдарлы күнде баршаңызды өзбектің ұлттық тағамдарынан дәм татуға шақырамыз», - деді Қазақстан Республикасы Индустрия туризмі комитетінің өкілі Майнюра Мурзамадиева.

Көрме сағат он екіде басталып, кешкі жетіде бірақ аяқталды. Буы бұрқыраған, иісі аңқыған тағамдардың дәмін татып көремін деушілер қарақұрым болды. Ән айтылып, би де биленді. Арасында қызықты жарыстар өткізіліп, көрменің белсенді көрермендері ұтыс ойындарына қатысты.    

Мұндай көрме бұрын-сонды болмаған. Алғашқы рет аталып жатқан көрмеге Астана мейрамханаларының бас аспаздары мен Өзбекстаннан арнайы шақырылған қазаншыларбірнеше түрлі палау, кабоб, долма, самса, тандыр нан әзірледі. Өзбекстандық меймандар әр тағамның жасалу жолдарын көрсету үшін шеберлік сыныптарын өткізді.

Сонымен қатар қазақтың ұлттық тағамдары - ет, қуырдақ, бауырсақ та көрмеден табылды.

Шараның өз мәнінде өтуіне мұрындық болып жүрген Өзбекстанның Қазақстан Республикасындағы елшісі Саидикрам Ниязходжаевтан көрме аясында сұхбат алған едік. Елші сұхбатында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қатынасты, туризмді дамыту жолдарын және соған байланысты іске асырылып жатқан шараларды, Қазақстан халқы Ассамблеясы жайында сөз  тарқатты.

— Саидикрам Пархатұлы, бүгінгі өтіп жатқан көрменің барысы жайында айтып берсеңіз.

— Бұл көрме Өзбекстанның Қазақстандағы жылы аясында өтіп жатыр. Көрмеде біз өзбек ұлтының ас мәзірімен таныстырудамыз. Мұның да өз мәні бар. Ұлттың тағамдары арқылы адамдар бір-бірін танып, қызығушылық туындайды. Халқымыздың ас мәзірі бай. Жұртшылықтың біздің елдің дәстүрімен, мәдениетімен танысуына жол ашылады. Бұл жәрмеңкеде тек көріп, дәмін татып қоймай, тағамдардың дайындалу әдісімен танысуға әбден болады. Біз барынша мүмкіндіктерімізді көрсетпекпіз.

Өзбек ұлттық тағамдары қазақ тағамдарымен ұқсас болып келеді. Сіздердегі ет тағамы бізде де бар. Оны «шилпилдок» деп атайды. Біздің елде де қазы айналдырып, ас мәзірінде қолданады.  

Шын мәнінде еліміз бір, дініміз бір, көршілеспіз, ендеше ас мәзіріміз де бір болуы - заңдылық. Бұл екі елдің көне заманнан бір екенімізді танытады. Екі елдің арасында достық қарым-қатынас берік орныққан.  

— Көрменің идеологиялық мақсаты қандай?

— Екі елдің татулығы. Қазақстандағы Елбасының бастамасымен құрылған халықтардың келісім институты айрықша. Қазақстанда да, Өзбекстанда да екі елдің өкілдері өмір сүріп жатыр. Барлық жерде ұлттардың өзара достық көпірі берік. Мәселен, Өзбекстанда 130 этнос өкілдері тұрып жатыр. Бұл ұлттардың бір-біріне деген құрметін, ізетін, ниетінің түзу екенін байқатады. Біздің күш — бірлікте. Бірліктің арқасында мәдени құндылықтарымыз бен идеялогияны нығайтамыз. Идеологиямыз қарапайым: бейбітшілік, рухани жаңғыру, татулық, ұлтаралық келісім, тыныштық.

Тіпті біздің бүгінгі шарамыз Қазақстанда өтіп жатқанының өзінде күн райы да мамыражай болып тұр. Бұны ауа райы құбылысы деп алып қарағанның өзінде, мен өзім жақсылыққа балаймын. Ниетіміздің түзулігін байқатады.

Астананың өзінде он мыңдаған өзбек ұлты өмір сүріп жатыр. Әр салада еңбек етіп, қызметте көрініп жүр. Қазақстанда өзбек ұлты жайлы қоғамда өмір сүріп жатыр десем, қателеспеген болар едім. Бұл да Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында. Қазақстанда өмір сүріп жатқан этностардың барлығы бір шаңырақтың астында жаймашуақ өмір сүруде. Білім алып, ұрпақ тәрбиелеп, өсіп-өніп отыр.

Биылғы жылы Астана 20 жылдық мерейтойын тойлауда. Өзбек халқы мерейтойға қуанышпен, ақ тілекпен өз құттықтауын жеткізді.

Мен алғаш рет Астана қаласына 1982 жылы келген болатынмын. Ол кездегі қала мен қазіргі қаланың арасы жер мен көктей. Астана қазір көркейген, сәулетті қалаға айналды. Астана бір ғана Қазақстанның астанасы емес, барлық Еуразия құрлығының орталығына айналды.

— Қазақстандағы Өзбекстан жылы аясында басқа шаралар өтті ма?

— Иә. Биылкөптеген шаралар ұйымдастырдық. Бірақ қазіргісінің маңызы ерекше. Аумағы кең. Алматыда халықаралық туризм фестиваліне қатыстық. Онда туризмге байланысты үлкен стенд қойдық. Одан кейін халықаралық кітап көрмесіне де ірі стенд шығардық.

Астананың 20 жылдығында Өзбекстанның академиялық драма театры тойға мерекелік қойылым тарту етті. Халықаралық кинофестивальге қатысып, төрт қысқа метражды, үш толық метражды фильм ұсынып, «үздік актерлік роль» номинациясын біздің жерлесіміз жеңіп алды.

Өскемен қаласында өткен көрмеге біздің қолөнершілер  жұмыстарын әкеліп, конкурсқа қатысты.

Сонымен қатар екі апта бұрын Ақмола облысында ауылшаруашылық көрмесіне қатыстық. Онда да біздің тағамдар қойылып, Өзбекстан өнімін жеткізу бойынша облыспен келісімшартқа қол қойдық. Өндірістік, ауылшаруашылық өнімдерін жеткізетін боп келістік.

Бізде тоқыма өнімі өте жақсы дамыған. Табиғи материалдардан жасалады. Ауылшаруашылық өнімдеріміз де табиғи өнімнен тұрады. Тауарларымыздың сапасы Ақмола облысының тұрғындарының , көңілінен шығып отыр.

Алдағы уақытта Маңғыстау облысына «Хорезм» деген атпен бір топ делегаттарымыздың сапарын жоспарлап отырмыз.

Өткен мамыр айында Шымкент қаласында Өзбекстан мен Қазақстан арасында іскерлік шеңберін құруға келісімге келдік. Қазір шекаралас аймақтармен бірігіп форум өткізуге дайындалудамыз. Форум Шымкентте өтеді деп күтілуде.

Келесі жылы Қазақстанның Өзбекстандағы жылына дайындық жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Арнайы бағдарлама құрамыз. Екі елдің арасындағы достық шаралары өте қызықты, мазмұнды болады деп сенемін. Біз үшін биылғы жыл мардымды, жемісті жыл болды.

Бір кездері бәсеңсіп қалған іскерлік шаралары қазір қарқын алуда. Биылғы жылы наурыз мейрамы қарсаңында Қазақстандағы Өзбекстан жылы деп жариялануы – жаңашылдық пен жаһанданудың бастауы іспеттес. Екі елде де түрлі шаралар өткізіліп жатыр. Ұзын саны 200-ден артып жығылады. 

Қазақстанның өкілдері де Өзбекстанға сапармен келді. Бизнес қауымдастықта көптеген келісімдерге қол қойылып, өзара іскерлік қатынас орнатудамыз. Әлі де бірлесіп атқаратын жұмыстар баршылық. Мұның бәрі екі елдегі Мемлекет басшыларының еңбегі. Бұл барлығы үшін үлгі. Біздер де содан қуат алып, жұмысты жандандырамыз.

— Енді осы Жылды аяқтау үшін ауқымды шара өткізу жоспарланған ба?

— 2018 жылы бірінші кезең аяқталады десе болады. Бұл жүйелі түрде әрі қарай жалғасын таппақ. Келесі жылы Өзбекстандағы Қазақстан жылы болады. Солай кезектесіп кете береді.

Назар аударып қарасаңыз, біз бір күн деп емес, бір жыл деп атаймыз. Мұнда үлкен мән бар. Сол себепті екі мемлекет арасындағы жолсапар үзілмейтін болады.

— Қазақстандағы Өзбекстан жылы аясында туризм саласына да ерекше мән берілуде.  Биылғы жылы екі ел арасындағы туристер легі  өскен ба? Статистикалық мәліметтер бар ма осы  бойынша?

— Статистикалық көрсеткіштер бар әрине. Екі ел арасындағы туристер саны екі есеге дейін артқан. Қазақстаннан келген туристер киелі орындарды аралайды. Төле би, тағы да басқа тарихи тұлғалардың зиратына келіп, дұға қылады. Сонымен қатар Самарқанд, Бұхара қалаларын аралайды. Сол сияқты өзбекстандықтар Астана, Шымкент, Түркістан қалаларын көруге көп келгенін байқадық. Әсіресе Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне қажылық жасаушылардың қарасы өте көп.

Біз қазір екі ел болып «Жібек виза» бойынша жол бағытын пысықтаудамыз. Алдағы уақытта Ұлы жібек жолымен туристер тартуды жоспарлап отырмыз. Яғни, Өзбекстанға келген туристер жібек жолымен Қазақстанға да бет бұратын болады. Олар киелі жерлерді аралап,тарихи, пайдалы қазбаларды да тамашалауға мүмкіндік алады

— Өзіңіз білетіндей Қазақстанда өмір сүріп жатқан бірнеше ұлт этностарын бір тудың астында жинап, халықтың тұтастығын сақтап отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы бар. Өзбекстанда бұл бағытта қандай шаралар атқарылған?

Алдымен Елшіліктің Қазақстан халқы Ассамблеясымен тығыз байланыста екенін атап өткім келеді. Бізде ұлтаралық қатынастар мәселесімен айналысатын арнайы Комитет бар. Өзбекстан Министрлер кабинеті жанындағы Ұлтаралық қатынастар мен достық байланыстар комитеті Төрағасы Рустам Құрбанов пен ҚХА Төрағасы Леонид Прокопенко арасында кездесу өтіп, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Ендігі кезекте біздің тараптан қазақстандық тәжірибе терең зерттеліп жатыр.

Дегенмен де Қазақстан халқы Ассамблеясы бірегей. Оның еш баламасы жоқ. Қазақстандағы жұмысы белсенді жүргізіліп жатыр. Қазақстанда тұрып жатқан барлық ұлттардың тұрмысы жайлы болуы үшін оңтайлы жағдай жасалған Сонымен қатар Ассамблеяның шетелдік серіктестерімен де ара қатынасы берік орныққан. Біздің үйренеріміз әлі де көп.

—   Саидикрам Пархатұлы, сұхбатыңызға рақмет, мемлекет алдындағы достастық көпірін нығайту ісіңіз абыройлы болсын!   

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз.          

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға