Жаңалықтар

Сахнада шаршағаныңды білдірмеу керек – балерина

Кәсіби балерина Назерке Аймұхамедовамен сұхбат
Сахнада шаршағаныңды білдірмеу керек – балерина
Фото: жеке мұрағат 14.11.2022 15:45 2583

Балет – сахнада орындалатын ерекше өнердің бір түрі. Аяққа пуант киіп, тік тұрып билеу оңай емес. Ол үшін күнде жаттығып, ерінбей еңбек ету керек.

Бүгінде балет өнерімен айналысатын дарынды жастар көп. Солардың бірі қарапайым отбасынан шыққан 26 жасар кәсіби балерина Назерке Аймұхамедова. Талантымен талайды тамсандырып жүрген өнер иесімен сұхбаттасып, балет өнері жайлы сұрадық.  

- Неліктен балерина мамандығын таңдадыңыз?

- Кішкентай кезімнен бастап анам би курсына берді. Ол жерде орыс, үнді және заманауи би билеуді үйрендім. Кейіннен ол хоббиімнің өмірлік мансабым болғанын қалап, 9 жасқа толғанда Алматы қаласындағы «Александр Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесіне» оқуға түстім. Осылайша балет өнеріне келдім. 2014 жылы оқу бітіргеннен кейін театрда жұмыс істей бастадым. Балет өнерінде жүргеніме 16 жыл болды.

- Осы уақытқа дейін қандай жарыстарға қатыстыңыз? Қандай жетістіктерге жеттіңіз?

- Шыны керек, жарысқа көп қатыстым деп айта алмаймын. Бірақ «Театрда өрлеу» деген жарыс өткен кезде үшінші орын иелендім. Бішкек қаласында өткен жарысқа қатысып, диплом алдым.

Сахнада шаршағаныңды білдірмеу керек – балерина

- Балерина болу үшін неше жастан бастап бимен айналысу керек?

- Балерина болу үшін кішкентай кезден бастап бимен айналыса беруге болады. Көбіне ата-аналар баланы 3-4 жастан бастап биге береді. Өйткені кішкентай кезден бастап биге икемделу оңай болады. Бастысы билеуге деген ниет болса, болды. Ал өзім 5-6 жасымнан биге қатыстым.

- Қандай топпен, қай жерде өнер көрсетесіз?

- Жоғарыда айтып кеткенімдей, 2014 жылы оқу бітіргеннен кейін Астана қаласындағы «Астана опера» мемлекеттік опера және балет театрына жұмысқа тұрдым. Сол кезде құрылған топпен Италияға барып өнер көрсетіп те қайттық. Одан кейін Мәскеу қаласына барып, 2-3 ай жұмыс істедім. Ондағы топпен бірге Испанияның барлық қаласына барып қайттық. 2018 жылы «Astana Ballet» театрына келдім. Ол жерде өнер көрсеткен топпен бірге Қазақстанның бірнеше қаласы мен АҚШ, Италия, Дубайға бардық.

- Қазақстанда балет өнерімен айналысуға жақсы жағдай жасалған ба?

- Елімізде бұл өнермен айналысу үшін жақсы жағдай жасалған десем, қателеспеймін. Театрда өнер көрсетуге арналған қажетті киім, пуант тағысын тағы заттарды өздері алып береді. Қажет кезде көйлегімізді де тіктіртіп береді. Оны өзіміз сатып алғанда көп қаржы жұмсар едік.

- Кәсіби балеринаның бойында қандай қасиеттер болуы керек?

- Әр адамның мінезі бар. Біздің салада қызмет етем деген балеринаның бойында бірнеше қасиет болуы тиіс. Бастысы – шыдамдылық пен жауапкершілік. Бастаған ісіңді соңына дейін жеткізе білу. Кейде шаршап тұрып сахнаға шығатын кездеріміз де болады. Ондайда ештеңені білдірмей, сахнада жоғары деңгейде өнер көрсетіп шығу қажет. Алдыңа қойған мақсатыңа жетіп, халықтың сенімі мен үмітін ақтау керек.

Сахнада шаршағаныңды білдірмеу керек – балерина

- Қандай рөлдерді сомдадыңыз?

- «Жусан» қойылымындағы қалыңдықтың, «Жизель» қойылымындағы Жизельдің, «Щелкунчиктегі» Машаның рөлін сомдадым. Оған қоса «Кончерто Барокко», «Золушка», «A journey of a memory», «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Орфей и Эвридика» балет қойылымында өнер көрсеттім.

- Біздің қоғамда балет өнерін бағалау қандай деңгейде?

- Бұрынғымен салыстыратын болсақ, анағұрлым жоғары деңгейге көтерілді десе болады. Тіпті қойылымға келетін көрерменнің саны артқан. Көп жағдайда билеттер тез таусылып қалады. Содан қойылымға қатыса алмай қалғандары тағы да қайталап қойыңыздаршы деген өтініш жасап жатады. Сондықтан бір қойылымды бірнеше рет қоямыз.

Кейде көшеде жүрген кезде бізді адамдар танып, келіп суретке түседі. Бұл өнер иесін қуантатын жайт деп ойлаймын.

- Әріптес балет жұлдыздарынан кімді мойындайсыз?

- Оларды тек сырттай ғана бақылаймын. Біреуінің ғана атын атай алмаймын. Әрқайсына қарап ең жақсы қасиетін өз бойыма сіңіруге тырысамын. Себебі балет өнеріндегі қабілетім мен деңгейімді одан әрі көтергім келеді.

- Елде балерина өнеріне баулып, үйретіп, оқытатын оқу орны бар ма?

- Қазақстан бойынша негізгі екі оқу орны бар. Біріншісі – Алматы қаласындағы «Александр Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесі», екіншісі – Астана қаласындағы «Қазақ ұлттық хореография академиясы». Өзім танып-білетін балет өнерінің адамдарының көбісі Алматы қаласында оқыған.

- Бос уақытыңызда немен айналысқанды ұнатасыз?

- Демалыс уақытында бәрібір де өнерден алыс кете аламын деп айта алмаймын. Сурет салғанды, тәтті тағамдарды пісіргенді ұнатамын. Тіпті ол үшін күнде арнайы уақытымды бөлемін десем де болады.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға