Сағызды қанша уақыт шайнауға болады? Стоматолог жауап берді
Мөлдір Қайнар тілші
Сағыз – ауыздан шығатын жағымсыз иіспен күресудің тиімді құралы саналады. Дегенмен, сағызды қанша уақыт шайнауға болатынын көпшілік біле бермейді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл туралы Riverwalk Dental and Orthodontics клиникасы мәлімдеді.
АҚШ-тың Халық санағы бюросының деректеріне сүйенсек, бір америкалық жылына орта есеппен 680 грамм сағыз тұтынады. Бұл таңғаларлық көрсеткіш емес, себебі сағыз бізбен бала кезімізден бастап өміріміздің бір бөлшегіне айналған: алдымен тәттіге деген құмарлықпен басталса, кейін стресс азайту жолдарының біріне айналады.
Бейресми деректерге сәйкес, сағыз шайнаудың бірнеше пайдалы тұстары бар – есте сақтау қабілетін жақсартып, жақ сүйегінің жақсы жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Алайда бұл рас па?
Сағыз тіс саулығына кепілдік бере ме?
Сағыз тіс пен қызыл иектің саулығына тек қантсыз болған жағдайда ғана оң әсер етеді. Құрамында қант бар сағызды жиі шайнау — тіс жегісіне және ауыздағы басқа да мәселелерге себеп болуы мүмкін.
Тіпті қантсыз сағыздың өзін де шектеулі пайдалану қажет. Сарапшылардың айтуынша, мұндай сағыздардың құрамында қанттың орнына қолданылатын сорбит атты тәттілендіргіш бар. Оның да жанама әсерлері кездеседі. Сонымен қатар сағызды жиі шайнау ішек жұмысында да мәселелер тудыруы мүмкін.
Мысалы, тамақтан 30 минут бұрын сағыз шайнау калория тұтынуды азайтуға көмектесетін тәсіл. Алайда бұл әдетке айналып кетсе, ағзада калория тапшылығы пайда болып, салмақтың күрт төмендеуіне себеп болуы ықтимал.
Тіс ағарту мен бет бұлшықеттеріне әсері
Стоматологтардың айтуынша, кейбір сағыз түрлері тістерді ағартуға көмектеседі. Мұның себебі – құрамындағы арнайы түйіршікті зат – титан диоксиді. Алайда тәттілендіргіш мөлшері жоғары сағыздар керісінше, тістердің сарғаюына себеп болуы мүмкін.
Сағыз шайнаудың күтпеген бір артықшылығы – жақ сызығын айқындау. Сағыз шайнау кезінде бет пен мойын аймағындағы сегіз түрлі бұлшықет жұмыс істейді. Бұл бұлшықеттерді белсенді ету арқылы жақ сүйегі айқынырақ көрініп, уақыт өте келе иек астындағы артық май азаюы мүмкін.
Сағызды қанша уақыт шайнауға болады?
Зерттеулер көрсеткендей, күні бойы сағыз шайнау – бас ауруы, тіс жегісі, іш өту, жақтың ауыруы сияқты жағымсыз жағдайларға әкелуі мүмкін. Сағыз шайнауға арналған нақты уақыт шектеуі болмаса да, стоматологтар оны күнделікті әдетке айналдырмауға кеңес береді. Аптасына бір немесе бірнеше рет, қантсыз сағызды қолдану жеткілікті.
Егер сіз үшін сағыз шайнау күнделікті әдетке айналған болса, тіс пен қызыл иек күтіміне ерекше көңіл бөліңіз. Құрамында қант бар сағызды жиі тұтынсаңыз, тәттілер, шоколад және десерттерді азайту қажет. Сондай-ақ, тісіңізді үнемі тазалап, тіс жібі мен сапалы ауыз шайғыш құралдарын қолдану – ауыз қуысындағы бактериялардың жиналуын және тіс түбінде қақтың пайда болуын болдырмауға көмектеседі.

