Жаңалықтар

Sagynov University тау-кен металлургия кешені үшін кадрлар дайындайды

Sagynov University тау-кен металлургия кешені үшін кадрлар дайындайды
Фото: gov.kz 11.12.2023 21:35 780

Ә.Сағынов атындағы ҚарТУ-да магистранттар үшін жаңа және инновациялық білім беру бағдарламалары ашылуда, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«Маркшейдерлік іс және геодезия» кафедрасында «Тау жыныстары мен массивтер геомеханикасы» магистратурасының жаңа және инновациялық білім беру бағдарламаларын ашуға байланысты мәселелер талқыланды.

Дөңгелек үстел жұмысына кафедраның профессорлық-оқытушылар құрамы мен магистранттары, сондай-ақ белгілі ғалым, «Русская платина» АҚ (РФ) ғылыми кеңесшісі, профессор, физика-математика ғылымдарының докторы Мансуров В.А. қатысты.

Ғалымдардың пікірінше, «Тау жыныстары мен массивтердің геомеханикасы» инновациялық білім беру бағдарламасының ашылуы Қазақстанның барлық жер қойнауын пайдаланушыларының жұмыс жүргізу қауіпсіздігі мақсатында өз құрылымында «Геомеханикалық қызмет» болуға міндетті болуымен байланысты. Қазақстанда алғаш рет әзірленген бұл бағдарлама ел экономикасында тау-кен металлургия кешені кәсіпорындарын кадрлармен қамтамасыз етуді көздейді.

Магистранттарды даярлау кезінде цифрлық модельдеумен, кеңістіктік, геологиялық және геотехникалық деректерді жинау мен өңдеуді автоматтандырумен ұштастыра отырып, жасанды интеллектіні пайдалану арқылы, пәнаралық тәсіл көзделеді.

Қазіргі уақытта кафедрада «Маркшейдерлік іс» білім беру бағдарламасы бойынша екі деңгейлі дайындық жүргізілуде. Үш деңгейлі дайындықты іске асыру үшін «Маркшейдерлік іс» PhD докторантурасын ашу қажет.

Бүгінде Қазақстанның тау-кен өндіру кәсіпорындарында 1200-ден астам маркшейдер жұмыс істейді. Олардың едәуір бөлігі магистратура мен PhD докторантурада оқуын жалғастырғысы келеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға