Сағатына 66 шақырым жүргендерге айыппұл келетіні рас па? Бас прокуратура нүктесін қойды
Әлеуметтік желілер мен түрлі мессенджерлерде жүргізушілерді алаңдатқан жаңа хабарлама кең таралып жатыр. Онда түнгі сағат 00:00-ден кейін көлік жылдамдығы 66 км/сағаттан жоғары болса, бірден айыппұл салынады деген мәлімет жазылған. Осы мәселеге байланысты прокуратура өкілі пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Белгісіз бір қолданушының Threads желісінде жарияланған жазбасында былай делінген.
Бүгіннен бастап камералар 66 км/сағаттан асқан кез келген жылдамдықты тіркейді. 68–70-пен жүрсеңіз де, 19 000 теңге айыппұл келеді. Сақ болыңыздар.
Бұл ақпарат мессенджерлерде тез тарап, көлік жүргізушілері екіұдай күйде қалды. Тіпті, кейбір қалаларда 10 балдан асатын жоғары көлік кептелісі де тіркелген.
Бас прокуратураның Алдын ала тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау департаментінің басшысы Жасұлан Дәулембаев бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
Айыппұл жылдамдықты рұқсат етілген межеден 10 км/сағ асырғаннан кейін ғана қолданылады. Әр қосымша 10 км/сағ арттырған сайын айыппұл мөлшері өседі. Сондықтан жүргізушілер заңды білгені дұрыс, интернеттегі расталмаған ақпаратқа сенбеуі қажет, - деді Жасұлан Дәулембаев.
Сонымен бірге ол камералардың негізгі міндеті, жолдағы қозғалыс жылдамдығын бақылау және деректерді тіркеу екенін атап өтті.
Жылдамдық шектеуі жолдың ерекшелігі мен қауіпсіздік талаптарына сай белгіленеді. Камера бар ма, жоқ па, жүргізуші үшін белгіленген шектеуді сақтау маңызды, - деді Дәулембаев өзінің Facebook парақшасында.
Министрлік мәліметінше, "түнгі уақытта рұқсат етілген шекті жылдамдық 66 км/сағ болады" деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.

