Сәбиін арқалап 12 шақырым жүгірген ана Гиннесс рекордына үміткер атанды
Қарағанды облысында өткен Qarqaraly Buguly Trail республикалық марафонында елордалық қатысушы Меруерт Халелова көпшілікті тәнті етті. Ол жарысқа бір жасар баласы Әлижанмен бірге қатысып, 12 шақырымдық таулы жолды сәтті бағындырды. Бұл ерекше оқиға көпшілік назарына ілігіп, спорт сүйер қауым арасында қызу талқыланып жатыр. El.kz порталының тілшісі Меруертпен хабарласып, жарысқа дайындық барысы, отбасылық өмірі мен спортты қалай үйлестіріп жүргені жөнінде сұхбаттасты.
El.kz: Сіздің Qarqaraly Buguly Trail марафонындағы ерлігіңіз көп қатысушыны таңғалдырды. Бұл жарысқа қанша уақыт дайындалдыңыз? Жалпы, марафондарға қай жылдан бері қатысасыз?
Меруерт Халелова: Рахмет! 2023 жылдан бері марафондарға қатысып келемін, сонымен қатар ашық судағы жүзу жарыстарына да қатысамын. Бұл жарысқа дайындықты босанғаннан кейін үш ай өткен соң бастадым. Жүйелі жаттығулар жасадым, күнделікті физикалық дайындықты назарда ұстадым.
El.kz: Баламен бірге марафонға қатысу идеясы қалай пайда болды?
Меруерт Халелова: Бұл кенеттен туған ой емес. Баламды біреуге тастап, жарысқа жеке қатысқаннан гөрі, онымен бірге болуды жөн санадым. Балам қасымда болса – көңілім тыныш. Осылайша, арнайы жабдықтар сатып алдым: туристік рюкзак, баламен жүгіріп өтуге ыңғайлы арнайы арба. Содан бастап дайындықты күшейттім.

El.kz: Жүгіру кезінде қиындықтар болды ма?
Меруерт Халелова: Әрине, таулы жермен жүгіргенде біраз күш керек. Бірақ мен үшін басты мақсат нәтижеден бұрын баланың қауіпсіздігі және мәреге сенімді жету болды. Бұл мақсат орындалды деп ойлаймын.
El.kz: 12 шақырымдық қашықтықты қанша уақытта жүгіріп өттіңіз?
Меруерт Халелова: Марафонды екі сағат 21 минутта жүгіріп өттім. Бұл мен үшін жақсы нәтиже. Себебі мен уақытпен жарысқан жоқпын, бастысы – қауіпсіз әрі сенімді түрде мәреге жету болды.

El.kz: Сіздің әлеуметтік желідегі парақшаңыздан жүгіру мен жүзуге әуес екеніңізді байқадық. Бұл әуестік қай кезден басталды?
Меруерт Халелова: Иә, спортты жақсы көремін. Бұл – кейін келе пайда болған қызығушылық. Соңғы жылдары ғана жүйелі түрде айналыса бастадым. Спорт – мен үшін ішкі қуат пен мотивация көзі. Оның үстіне балаларым да менің осы өмір салтыма қарап өседі деп сенемін.
El.kz: Алдағы мақсаттарыңыз қандай?
Меруерт Халелова: Бұл кішкентай жеңісім арқылы өзгелерге, әсіресе аналарға мотивация бергім келеді. Алдағы уақытта ұзақ қашықтықтағы жарыстарға қатысуды жоспарлап отырмын. Бірақ бәрі – денсаулық пен отбасы жағдайына байланысты. Спорт менің өмірімнің бір бөлшегіне айналды.
Айта кетейік, Меруерт жарыс кезінде баласын арнайы туристік рюкзакқа отырғызып, барлық қауіпсіздік талаптарын сақтаған. Ұйымдастырушылар оның физикалық дайындық деңгейін жоғары бағалап отыр.
Бұл мен үшін өте ерекше тәжірибе болды. Баламен бірге жүгірген алғашқы жарысым. Әлижан өзін серіктес ретінде сезініп, өте тыныш болды. Бұл – біздің отбасымыз үшін ұмытылмас күн, – дейді марафоншы ана.
Ұйымдастырушылар бұл ерекше қатысуды Guinness World Records, ITRA және Қазақстандағы спорт ұйымдарына бейресми рекорд ретінде ұсынуды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, Qarqaraly Buguly Trail – жыл сайын өтетін республикалық трейл-марафон. Биылғы жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен жүздеген спортшы қатысқан.
Посмотреть эту публикацию в Instagram

