Жаңалықтар

СҚО-да балық қырылып жатыр

Жұмыс тобы су қоймасының жағалауын тексерді.
СҚО-да балық қырылып жатыр
21.07.2022 02:37 2624

Солтүстік Қазақстан облысы Айтуар ауылы маңындағы Соленое көлінде 400 келіге жуық балық қырылды, деп хабарлайды EL.KZ ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

СҚО бойынша экология департаментінің мәліметінше, оқиғаға байланысты 20 шілде күні Жамбыл ауданындағы Айтуар ауылының маңындағы Соленое көліне департамент өкілдері, Есіл облысаралық бассейндік инспекциясы, СҚО әкімдігінің Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, Жамбыл ауданының ветеринариялық қызметі, балық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығының қызметкерлері барды. 

Жұмыс тобы су қоймасының жағалауын тексерді. Көзбен шолу барысында 400 кг мөлшерінде пелядь, тұқы, мөңке балығы өлгені анықталды. Зертханалық талдау жүргізу үшін су сынамалары мен өлген балық алынды. 

Көлді «Водолей-2017» ЖШС жалға алып, балық шаруашылығымен айналысып жатыр. Серіктестік жұмысшылары су айдынын өлген балықтан тазартып, өлексені жойды. Әзірге балықтың неден қырылғаны белгісіз. 

Еске салайық, бұған дейін осы ауданның Табунное көлінде балық қырылғанын айтқан едік. Тиісті сынамалар алынып, зертханаға жіберілді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға