Жаңалықтар

Сәнді Бексырға: «Дженнифер Лопестің бетін әрлеуді армандаймын»

Кәсіби тренер, танымал визажист Сәнді Бексырғамен сұхбат
21.09.2015 12:17 15608

Жақында халықаралық кәсіби тренер, мэйк-ап жасаудың мойындалған шебері, танымал визажист Сәнді Бексырға Астана қаласына келіп, 10 күндік шеберлік сыныбын өткізді. Қазақстанда алғаш рет «Sandi Beksirga» атты ұлттық стильдегі сән студиясын ашқан талантты қазақ қызы аз уақыттың ішінде отандық сән әлеміне өзіндік қолтаңбасымен танылды. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, Сәндімен жүздесудің сәті түсіп, бет әрлеудің қыр-сыры туралы сұхбат құрдық.

Сәнді Бексырға: «Дженнифер Лопестің бетін әрлеуді армандаймын»

– Карьераңыз қалай басталды? Визажист мамандығына қалай бет бұрдыңыз?

– Саламатсыздар ма барша қазақ елі, «El.kz» интернет жобасының тұрақты оқырмандары! Бұл салаға бет бұрғаныма 6 жарым жыл болды. Негізінен бала кезімнен өнерге жақын болдым. Бірінші сыныптан бастап анам мені би үйірмесіне берді. Саусақтарым кішкентай болғандықтан, Ахмет Жұбанов атындағы музыка академиясының фортепиано  сыныбына өтпей қалдым. Сонда да анам өнер әлемінен алшақ болмасын деп биге берген. Осылайша бала кезімнен ән айтып, би билеп өнерді серік еттім. Мектеп қабырғасынан-ақ қолөнерге жақын болдым. Еңбек сабағынан әсіресе кесте тігу, тоқыма өнері бойынша үнемі жақсы баға алатынмын. Суретті жақсы салатынмын. Анам менің бойымдағы осы қасиеттерді бағалап, мен оқу бітіргеннен кейін Диля Абдуллаева есімді ұстазыма жол сілтеді. Менің алғашқы ұстазым халықаралық дәрежедегі танымал визажист Диля Абдуллаева.    

– Визажист мамандар қандай айрықша талант пен кәсіби шеберлікке ие болуы керек?

– Менің пікірімше, суретті жақсы салу керек. Ішкі әлемі, жан-дүниесі сұлу болу керек. Негізінен шығармашылыққа, өнерге жақын қыздардан мықты визажистер шығады. Байқай білген адамға әйел баласының бәрі сұлу. Тек сол сұлулықты көре білетін, бағалай білетін қасиет керек. Бетін әрлейтін адамның бет-әлпетіне қарап, қалай өзгертсем, бет пішінінің қай жерін қалай әрлесем дұрыс болады деп қарау керек. Бұл да үлкен өнер, тек қана қылқаламды алып, бояй салу деп қарамау керек, визажистің жүрегінде мамандығына деген сүйіспеншілік болу керек.

– Сонда осы маманның хас шебері болу үшін талант қана жеткілікті ме, әлде арнайы курс оқу керек пе? 

– Бұл мамандықтың хас шебері болу үшін, ең әуелі өнер, осы салаға икем керек. Ал, арнайы курсты міндетті түрде оқу керек. Адамзат баласының бет пішіні түрлі формада жаратылады. Әртүрлі пішіндегі бет әлпетті ерекшелігіне қарай әрлеу – визажистің шеберлігі. Томпақ әрі дөңгелек пішіндес бетті кішірейтіп көрсететін макяж түрін жасай білу немесе керісінше тым арық әрі жұқа бетті көрнекі етіп әрлей білу керек. Оны арнайы курстарда оқытады. Мысалға, әрбір әйел баласының мойынының түсіне қарай бетіне жағатын тоналды кремнің түсін таңдаймыз. Сосын мұрынның пішінін өзгерту кәсіби шеберлікті талап етеді, кейбір қыздардың мұрынын қырлап,  кішірейтуді  талап етіп тұрады. Осының бәрін теориялық сабақтар барысында оқып, күн сайынғы тәжірибелік сабақта іс-жүзінде жасап, үйрену арқылы меңгереді.

Сәнді Бексырға: «Дженнифер Лопестің бетін әрлеуді армандаймын»

– Сәнді, сіздің жетістігіңіздің сыры неде?

– Ең бірінші еңбекқорлық пен қарапайымдылықта деп білемін. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші еңбекқор болуды ата-анамнан үйрендім. Үйде бізді кішкентайымыздан ұлтанджылық, отансүйгіштікке тәрбиеледі. Мен Қазақстанда мекендейтін өзге де ұлт өкілдерінің ешқайсысын бөлмеймін, бәрін бірдей сыйлаймын. Қазақ халқына, туып-өскен еліме, Отаныма деген үлкен махаббат, сүйіспеншілік менің бойымдағы өнерге деген махаббатымды шыңдап, адал жолмен еңбек етіп, биік мақсаттарды бағындыруға күш-қайрат береді. Мен қазақтың қызы болып туылғанымды мақтан етемін. Білімімді жетілдіріп, әлемдік дәрежедегі мықты визажистерден дәріс алып, солардан үйренгенімді қазақстандық визажистерге, осы салаға енді қадам басқан шәкірттеріме үйреткім келеді. Талай курстарға қатысып, бет әрлеудің қыр-сырын меңгере беруден өзім де шаршамаймын. Сондықтан, менің жетістігімнің сыры – еңбекқорлықта деп ойлаймын.

– Сіз қатал ұстазсыз ба? Шәкірттеріңізге ең әуелі қандай талап қоясыз?

– Мен өте қатал ұстазбын. Менен тәлім алған шәкірттерім емтихан барысында дірілдейді. Әрине, бұл жерде олар менен қорыққаннан емес, мені сыйлағандықтан сонымен қатар менің талабымнан шығу үшін, менің үмітімді ақтау үшін тырысады. Маған оқуға келген әрбір қыз баланың көзінен осыдан 6,5 жыл бұрынғы өзімді көремін. Сол үшін мен оларға қатаң талап қойып, әрбір курстан олар бет әрлеудің тәсілін дұрыс меңгерсе екен деймін. Сәнді Бексырғаның мектебіне курсқа қабылдану үшін 1,5 жыл бұрын жазылады. Өйткені, біздің мектепке келгісі келетін қыздардың қарасы көп.  

Сәнді Бексырға: «Дженнифер Лопестің бетін әрлеуді армандаймын»

–  «Сіз косметиканы мөлшерден тыс қолдану денсаулыққа зиянды» деген пікірге  қалай қарайсыз?

–  Егер пайдаланылатын косметика стандартқа сай келмесе, сапасы төмен болса әрине денсаулыққа зиян деген пікірді мен қуаттаймын. Косметиканың сапасы нашар болса зияны көп. Ал, егер жоғары сапалы, бренд атауына лайықты косметика болса зиян келтіреді деп айта алмаймын. Алайда, қыз-келіншектер бір мәселені ескерген дұрыс, кәсіби макяжға арналған тоналды кремдерді күнделікті қолдануға болмайды. Ондай топқа жататын тоналды кремдер көбінесе фотосессия, экран алдына шығарда немесе белгілі бір мерекелік кешке арналған макяж түріне қолданылады. Кәсіби макяж түріне арналған тоналды кремдерді күнде жаға берсе, бет терісін жеп қояды. Сондықтан күнделікті бет күтіміне арналған арнайы тоналды кремдерді жаққан жөн. 

– Қаншама адамдармен жұмыс жасау оңай емес. Әр адамның энергетикасы мен аурасы әртүрлі болады. Шаршағанда қалай демалғанды ұнатасыз, бос уақытыңызды қалай өткізгенді жөн көресіз?

– Дұрыс айтасыз, шеберлік сыныптарынан тыс менің қарапайым күнделікті жұмысымды алар болсақ, шынымен әртүрлі адамдармен жұмыс жасаймыз. Әрбір тұтынушымды күліп қарсы алып, күліп шығарып салуға тырысамын. Кей кезде денсаулығым сыр беріп, ауырып тұратын кез болады. Кейде шаршап тұрасың, мәселен кей күндері түнгі сағат 4-ке дейін түсіру алаңында жұмыс жасап, таңғы сағат 8-де жұмысқа келетін күндер болады. Сондай қауырт сәттерді курс оқуға келген шәкірттерім болсын, бетін әрлетуге келген тұтынушым болсын білдірмеуге, сезірмеуге тырысамын. Менің алдыма келген әрбір қыз-келіншек ең әуелі маған қарайды ғой, егер мен шаршап не болмаса көңіл-күйім болмай отырса оларға да әсер етуі мүмкін. Сән әлемінің талабы сондай болғандықтан, үнемі өзім де әдемі, жинақы болғанды ұнатамын. Шәкіртке сабақ үйретіп, әрлеудің қыр-сырын түсіндіретіндіктен ең бірінші олар менің бет-әлпетіме қарайды. Сол үшін өзім де үнемі макяж барысында бет-әлпеттің мән беретін бөлігіне көңіл бөліп, әдемі көрінуге тырысамын. Шаршаған кезде мен үйге барып, ертерек демалғанды жақсы көремін. Әркез Аллаға шүкіршілік етемін, қай мезгілде үйге келсем де анам ішетін асымды әзірлеп, менің барлық жағдайымды жасап отырады. Әкем мен анама мың алғыс, мені қолдап, қолпаштап, әрбір жеткен тырнақалды  жетістігіме қуанып отырады. Анашым тамақты өте дәмді әзірлейді, менің осылай жайнап жүргенім ең әуелі сол кісілердің арқасы.    

Сәнді Бексырға: «Дженнифер Лопестің бетін әрлеуді армандаймын»  

– Сіздің ойыңызша, макияж жасау барысында ең бастысы қай мәселеге назар аудару керек?

– Ең бірінші беттің пішініне мән беру керек. Жалпы біздің, қазақ қыздарының, әдетте бет сүйегі айқындалмаған, томпақ болып келеді және қабағымыз төмен орналасқан, көздеріміз қысыңқы ғой. Сол себепті бронзатор арқылы  жеңіл ғана бет сүйегін айқындау керек. Екінші көзді үлкейтіп көрсететін макяж түрі бойынша бояу керек. Үшінші қасқа үлкен көңіл бөлу керек. Қас – бет әлпеттегі маңызды бөлшек. Қас – адамның көркі. Қас формасының дұрыс боялуы көп нәрседен хабар береді. Тіпті көңіл-күйіңіз керемет болып тұрса да, қасты дұрыс боямаса көңілсіз болып көрінуіңіз ғажап емес.

– Әр визажистің өзіндік қолтаңбасы болады. Сіздің бояу техникаңыздағы ерекшелік не?

– Мен үшін өзімнен гөрі өзгелердің пікірі құнды. Осы салада жүрген визажист мамандардың айтуынша, менің бояу техникамда қасты әрлеуде ерекшелік бар деседі. Тарқатып айтар болсам, мен бояған қас табиғи әрі формасы жинақы келеді. Бояғаным қатты білінбейді, қайта табиғи қас секілді әрлеймін. Мен қазақ қыздарының табиғи сұлулығына 30 пайыз ғана косметика қосу арқылы сұлулықтарын көрсеткім келеді.

Сәнді Бексырға: «Дженнифер Лопестің бетін әрлеуді армандаймын»– Қандай косметика түрлерін қолданасыздар?  

– Әлемдегі №1 бренд «Make up Studio», «Mac», «Тom ford» секілді әрлеуші косметика түрлерін қолдаманамыз. Мен «Make up Studio» брендінің Алматы қаласындағы дистребютерімін. Бұл аталған косметика түрлерінің бағасы арзан емес, алайда көз жеткізгенім – қымбат өнім сапасы мен бағасына қарай өзін ақтайды. Косметиканың құтысы кішірек болып тұрса да, ұзақ мерзімге жететіндігімен ерекшеленеді.  

Сәнді Бексырға: «Дженнифер Лопестің бетін әрлеуді армандаймын»

– Сәнді, сіздің Алматыда ашқан сұлулық салоныңыз бар. Қазақи, ұлттық нақыштағы салон екенінен хабардармыз. Ерекшелігіне тоқталып өтсеңіз.

– Бәсекелестік нарығы қайнап тұрған Алматыдай үлкен шаһарда ұлттық стильдегі сән салонын ашу үлкен еңбек пен қаражатты талап етті. Осы саладағы еңбек жолым бастау алғалы жиып-терген барлық қаражатымды жұмсап, 2014 жылдың қараша айында «Sandi Beksirga» сән салонын аштық. Үйде қазақи тәрбие алғандықтан, сән студиосын қазақтың ою-өрнегімен безендіргенді жөн санадым. Сән салонының әр бұрышында ұлттық құндылықтарымыздан сыр шертетін элементтер болғанын қаладым. Сән салонының қазақи нақышта безендірілуі, салондағы атмосфера әрбір тұтынушымызға ұлттық ерекшеліктерімізден хабар беріп тұрса деген ниет болды. «Sandi Beksirga» сән студиосы ғана емес, ақырындап шеберлік мектебін қалыптастырудамыз. Өзім де шет мемлекеттерге курс оқуға барғанда ұлттық нақыштағы киімімді киіп, алдыма оюлы шалғышымды іліп шыққанда өзге ұлт өкілдерінің қатты қызыққан сәттері болды. Әсіресе сән индустриясы жақсы дамыған еуропа елдеріне барғанда қазақ елінің атынан барғандықтан, Қазақстанның ұлттық ерекшеліктерін көрсетуді мақсат тұттым. Ал, қайтадан студияға оралар болсақ, бізге келген әрбір тұтынушыға құрт-ірімшік, тары, сусыннан қымыз бен шұбат ұсынылады. Кез-келген мейманымызды кішіпейілділікпен қарсы алып, шығарып саламыз.  Сән салонында 14 адам жұмыс жасайды, бәрі де қазақ тілінде сөйлейді. Сырттан келген қонақтарымыз үшін қызметкерлеріміз шет тілін меңгерген.

Сәнді Баян Есентаеваның бетін әрлеуде   

Өз профессияңызда сізге не көбірек ұнайды?

– Мен бет әрлегенді қатты жақсы көремін. Өз жұмысымды үлкен ықыласпен атқарамын. Бетін әрлетуге келген қыз-келіншектердің бояндыру процессі аяқталғаннан кейінгі көңіл күйі, қуанышы, өздерін танымай қалған сәті маған қатты ұнайды.  

Сәнді Бексырға: «Дженнифер Лопестің бетін әрлеуді армандаймын»

– Сәнді, бетін әрлеуді армандайтын актриса, модель немесе танымал тұлға бар ма?

– Мен шетелдік әншілерден Дженнифер Лопестің бетін әрлеуді армандаймын. Осы мақсатымды бағындыру үшін барымды салып, тырысамын.

– Кәсіби тұрғыда нені армандайсыз, қандай мақсаттарыңыз бар?

– Мақсаттарым өте көп. Негізгі мамандығым киім дизайны болғандықтан, болашақта осы саланы да қолыма алсам деген ниет бар. Армандарым маған қанат бітірсе, ой алға тартады, мақсаттырым алыстан қол бұлғап, биіктерге жетелейді. Жоспар көп, бәрі де болашақтың еншісінде.

Сәндінің шәкірті Назым Берикова

– Сіз «Sandi Beksirga» сұлулық салонын 5 жылдан кейін қалай елестетесіз?

– 5 жылдан кейін Қазақстанның әр облысында Сәнді Бексырғаның ұлттық нақыштағы сән студиялары ашылады деп елестетемін. Өзім тәрбиелеген әрбір шәкіртімнің еңбегі жарқырап, сән әлемінде есімдері белгілі болғанын қалаймын. 5 жылдан кейін тек менің қызметім ғана емес, өзімнің жеке өмірімде де үлкен жаңалықтар орын алып, өзімді отбасым, бала-шағаммен елестетемін.  

– Осы жылдар аралығында сізге ерекше әсер қалдырған макияж иесі  болды ма? Болса кім?

– Мен әнші Мақпал Исабекованы бояндырғанды жақсы көремін. Мақпалдың шығармашылығы, өнері керемет ұнайды. Мақпалдың бойындағы алғыр қасиеттер ұнайды. Ол үнемі өзіне-өзі көңілі толмай, әрдайым өзін жан-жақты дамытып, жетілдіру үшін еңбектенеді.

Сәнді Бексырға: «Дженнифер Лопестің бетін әрлеуді армандаймын»

– Кәсіби біліктілікті көтеру мақсатында бірқатар шет мемлекеттерде курс оқыдыңыз. Толығырақ тоқталып өтсеңіз?

– Сән индустриясы әлеміндегі азды-көпті жетістіктерім – ұстазым Диля Абдуллаеваның арқасы деп білемін. Себебі, ол үнемі мені назардан тыс қалдырмай шет мемлекеттерде болатын курстарға шақырып, ілестіріп жүреді. Мен Америкада, Парижде өткен курстарға қатыстым. Қыркүйек айының аяғына қарай Алла бұйыртса Американың Лосанджелес қаласына 1,5 айға курс оқуға сапарға аттанамын. Осымен үшінші рет Америкаға жол тартып барамын.

Сәндінің шәкіртіне диплом табыстаған сәті

– Халықаралық дәрежедегі мэйкап визажистердің қайсысынан дәріс алғыңыз келеді?

– Осы жазда Лосанджелеске курсқа барған болатынмын. Сол сапарымда әйгілі Мадоннаны бояндыратын атағы әлемге әйгілі визажист, «Anastasia Beverly Hills» брендінің авторы Анастасия Суаре есімді танымал тұлғамен жүздестім. Анастасия – әлемге ерекше қас үлгісін жасау өнерімен танылған маман. Оны әлемнің әр түкпіріндегі визажист мамандардың бәрі біледі. Оның инстаграм парақшасында 6 млн оқырманы бар. Мен әдейілеп ол кісінің дүкеніне бардым. Ондағы ойым – Анастасия Суарені өз көзіммен көріп, танысу. Ондай бақыт маған да бұйырған екен, сол күнгі сапарым оң болды. Ағылшын тілін жетік білмесем де, екеуміз бір-бірімізді өнер арқылы таныдық. Таныстық, қолынан ұстап тұрып, жыладым. «Неге жылап тұрсың» деді, мен «Сізбен жүздесу арманым болған десем», «Жер шарының бір түкпірінен іздеп келіп, менімен жүздесуді армандапсыз. Мен үшін бұл да бір үлкен бақыт» деп айтқаны бар. Менің инстаграм парақшамдағы жұмыстарыммен танысып, жақсы баға берді. Тіпті, Лосанджелеске әріптесіп жұмыс жасауға ұсыныс білідірді, жан-жақты қолдау көрсететіндігін айтты. Осы мүмкіндікті жіберіп алмас үшін, әрі тәжірибе алмасып, кәсіби біліктілігімді көтеру үшін курсқа аттанып барамын. Анастасиядан қас үлгісін үйренуге бара жатырмын.      

– Бүгінгі таңға дейін қанша шәкірт тәрбиеледіңіз?

–  2000-нан астам шәкірт тәрбиеледім. Шәкірттерімнің бәрі де осы салада өз орындарын тауып, кәсібін нәсіп қылып жүр. Жетістік сол.

Сәнді Бексырға: «Дженнифер Лопестің бетін әрлеуді армандаймын»

– Сіздің өмірлік ұстанымыңыз?

– Менің өмірлік ұстанымым – мейілінше қарапайым болу және өзіңді қоршаған ортаға адал, әрі кішіпейіл болу. Менің бойыма осы қасиеттерді асыл анам ақ сүтімен дарытып, үнемі құлағыма құйып отырады. Анам өзі көп қиыншылық көрген, жетімдік көріп өскен жан. Кейін тұрмыс құрды, бізді қатардан қалдырмай өсіріп-жеткіземін деп еңбектенді. Сондықтан, үнемі өмірдің өзі ақ пен қарадан тұратынын, әр адам өз мақсаттарына білім мен ізденістің арқасында, еңбектің арқасында жететінін санамызға сіңіріп отырады. Ұстанымым – анам көрсеткен сара жолды ұстану, қандай жағдай болса да адамгершілікті жоғары қою.

Сәндінің отбасы  

–  «Әйел бақыты» деген ұғымды қалай түсінесіз?

– Әйел бақыты деген мен үшін кең ұғым. Адал жар, арқа сүйер азаматыңмен қол ұстасып, шаңырақ көтеру, бала сүйіп, ұрпақ тәрбиелеу – әйелдің ең ұлы мұраты деп білемін. Әйел – отбасының ұйытқысы. Үйдегі береке, үйдегі жылу, үйдегі шырай әйел баласына байланысты. Өз отбасымнан көргенімді айтып отырмын. Анамды мақтаудан ешқашан шаршамаймын. Менің анам – өте ақылды әйел. Анам – біздің шаңырағымыздың берекесі. Болашақта анам секілді болғым келеді. Алла нәсіп қылып, жүрегімнің қалауындағы азаматты  кездестірсем, мүмкін ауылды жерге келін болсам да сиырды да сауып, үйдің тірлігіне үлгерем деп ойлаймын. Жолдасыңның ата-анасын құрметтеу, туыс-туғанын сыйлау – ол да бір бақыт.  

– Қыз-келіншектерге бет күтімі туралы қандай кеңес берер едіңіз?

– Бірінші айтар кеңесім – бет күтіміне қатты көңіл бөлу керек. Бет терісіне қажетті күнделікті күтім – ол басты талап. Бетті макяждан жақсылап тазалап, жуу керек. Күн сайын міндетті түрде таңертең және кешке бетті жұмсартып, ылғалдандыратын крем жағу керек, мүмкіндігінше жиі косметологтың көмегіне жүгініп тұру керек.

– Әңгімеңізге рахмет. Істеріңіз сәтті болсын!


Сұхбаттасқан Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға