Жаңалықтар

Сәдуақас Шорманов туралы бір үзік сыр

Ұмыт болған тұлға
28.10.2015 06:52 5603

Өз заманында байтақ елге аты кең жайылған ел қадірлісі ретінде оның атын атамай «Сәкен аға» деп құрметтеп өткен белгілі тұлға, атақты ақын Садуақас Шорманов ұмыт болуға айналды. Оның есімін қазіргі жастар түгілі орта жастағы, тіпті мосқал азаматтардың да ілуде біреуі ғана біледі. Ақын шығармаларынан мүлдем бейхабармыз. Мұның себебі неде? Оның ең басты себебі, бұл жанның белгілі Шорман әулетінен шыққандығында болса керек. Кедей таптың өкілі ретінде аспандата мақтауға ие болған Жаяу Мұсаның Шорман тұқымдарын озбыр етіп, елге жексұрын қылып көрсетуі салдарынан олар Кеңес өкіметі кезінде іске алғысыз адамдар, қанаушы тап болып саналды. Кедейлердің қанын сүліктей сорған «шынжыр балақ, шұбар төстер» деп ат қойып, айдар таққандықтан, олардан кірпідей жиырылатын кеңестік салт қалыптасты.

Шынында Садуақас Шормановтың жаратылысы мүлдем басқаша, адам баласына хақ мұсылманша қайырымды болғаны туралы деректер көп. Соның біреуін мысалға келтіре кетейік. Кәрімтай деген кісі «Мейрам шежіресі» атты кітабында әкесі Өкпенің Садуақас Шормановтың үйіне барғанда естіген бір әңгімесі мынадай: «Мен бәйбішелерге айтып отырмын, – деп бастайды сөзін Садуақас. – Құдайға шүкір, бізге ризық, дәулетті мол беріп, осы ауылдағы көрші ағайындар бізден керекті мұқтаждықтарын пайдаланып отырса, ал біз әуелі құдай, содан соң осылардың еңбегінің арқасында дәулеттеніп отырмыз. Бұлардың маңдай тері мен табан ақысы біздің мойнымызда… Олардың шаруадан қалжырап келетін уақыты көп болады. Соны ескеріп, үйге келгенде «қарағым, шырағым» деп жылы қабақ танытып, ас-суын дайындатып отырыңдар. Кедейлердің балалары мұқтаждыққа ұшырамасын, асы мол, киімі таза, бүтін болсын. Артық-кемді жұмыстары болар, ол үшін қатты сөз айтпаңдар. Байлық, барлық деген бір өлшеу, уақытша ғана. Бүгін бар, ертең жоқ. Ал адамгершілік қасиетіңді дұрыс сақтасаң, үлкенге – құрмет, кішіге – ілтипат болады. Ауыртпашылыққа душар болған мұқтажға жәрдемдессең, өзің өлсең де кейінгілерге бір ізің қалады», – деп сөзін аяқтаған екен.

Бұл Садуақастың елге жағынып, жақсы көріну үшін көлгірсіп айтқан сөзі емес, әрине. Ойшыл тұлғаның парасатты болмысынан туған өмірлік қағидасы. Ол мейлінше әділ, елге қамқоршы, қысылғанға жәрдемші, иісі қазақ баласын ағайын-туыс санаған адам. Өз заманында бұл кісіні үлкенді-кішілі адамдар­дың барлығының «ағай», «Сәкен аға» деуі содан. Біржан сал Сара қызбен айтысқанда:

Арқада бір құтым бар – Мұса, Шорман,

Әріден келе жатқан ол бір қорған.

Мұсаның бел баласы Садуақас,

Құтқарған талай жанды түскен тордан»,

– деп ол кісіні мақтаныш тұтады. «Құтқарған талай жанды түскен тордан», дегені қарқаралылық Мәди Бапиұлы мен Қияш деген адамның жалғыз баласын Садуақас түрмеден шығартып алған екен.

Сондай-ақ бұл кісі жастардың оқып, білім алуына қолғабыс, шынайы қамқорлық жасаған. Оны атақты саяхатшы Г.Н.Потанинге (28.11.1887 ж.) жазған хатынан анық аңғарамыз. Хатта: «Біздің қазақ жастарынан жоғары оқу орындарында 30 бала оқиды. Оның ішінде Б.Сыртанов деген бала Петроградта жүр. Көзіңіздің қырын салсаңыз», – деп жазыпты. Ал Сыртанов болса жетісулық екен. Қазіргі «тәуірмін» деп жүрген кейбір белсенді азаматтар өз ауылының балалары қайда оқитынын біле қояр ма екен. Әй, қайдам?!

ХХ ғасырдың басында Ресей патшалығы бо­дан халықтарды орысша сауаттандыру мақсатын көздеп әр жерде орыс мектептерін аша бастаған. Және бұлар дала халқының талап-тілегімен емес, мәртебелі губернатор ке­ңе­сінің арнаулы жарлығымен жүзеге асы­рылған. Сондай мектептердің біріне Садуақас Мұсаұлы да қамқоршы болып, туған ауылында шаңырақ көтерген бұл білім ұясына немере інісі Көкеннің ағаштан қиылған, қала үлгісімен асты-үсті тақтайланып, терезелері әйнектелген екі бөлмелі үйін тарту еткен. Осы арада ол кісі ауыл мектебіне неге белсене араласты деген сұ­рақ туады. Егер Садуақас өз ауылындағы білім ұя­сы қазақша оқытып, қазақша тәрбие бер­месе, онда патша салдырып жатқан мектеп­терге ұқсап одан империяға құлдық ұратын, солардың сойылын соғатын шәкірттер шығар еді.

«Мұғалімдерді Сәкен аға талғап алады екен. Білімін, тәртібін, мінез-құлқын тексеретін болған. Сондықтан бұл мектепті бітіргендер ұстамды, әдепті шәкірттер болып шыққан. Қаныш Сәтбаев та осы мектепті бітірген. Қаныш аға кейін Англияға барғанда сондағы репортерлердің бірі «Өзіңізді осылай байсалды ұстауды қайдан үйрендіңіз?» – дегенде: «Ауылымдағы мектептен үйрендім”, – деп жауап берген екен», – дейді зерттеуші Мағмұра Шорманова.

Тумысынан парасатты Садуақас халық мұрасының үлкен жанашыры болған. Оған дәлел, бұл кісінің Абай өлеңдерін, әкесі Мұсаның шығармаларын жинап, кітап етіп бастыру үшін Санкт-Петербург қаласына алып барады. Бірақ сырқаттанып қалып, барған ісін тындыра алмай елге қайтып кетеді. Бұл туралы көрнекті ғалым Қайым Мұхамедханов: «1897 жылы октябрь айында баспаға даярлаған қолжазба жинақтың көлемі 163 бет. Қолжазбада қазақ ақындарының 3260 жол өлеңі және 178 мақал-мәтелдер бар. Жоғарыда айтылғанның ішінде Абайдың 17 өлеңі бар. Қолжазба жинақ 1884-1891 жылдар арасында жазылған. Бұл үлкен қолжазбаны Садуақас Мұсаұлы Шорманов 1897 жылы Петербургке барған сапарында Петербург университетінің профессоры, қазақ тілін, әдебиетін зерттеуші П.И.Мелиоранскийге тапсырған екен. Қазір ол қолжазба Ленинградтағы Салтыков-Щедрин атындағы кітапханада, академик А.Н.Самой­ловичтің архивінде сақталуда», – деп жазды.

Садуақас Шорманов өз кезінде ақын ретінде жақсы танылған. Қазақ халқының көрнекті мемлекет қайраткері, әдебиет пен өнердің білгірі Смағұл Садуақасовтың «Қазақ әдебиетінің тарихи талдау очеркінде»: «Мағжан Жұмабаевтан кейін, хал-қадірінше қазақ ақындарының арасынан мәселен, С.Дөнентаевты, О.Қарашевті, Шәкәрімді, С.Торайғыровты, А.Мәметовті, С.Сейфуллинді, С.Шормановты және Б.Өтетілеуовті айтуға болады», – деп жазды. Және осылардың ішінде орыс әдебиеті шылауында кетпеген, қазақи леппен жазатындар қатарында С.Дөнентаевты, Шәкәрімді, Ғ.Қарашевті және С.Шормановты ерекше атап өтті.

Садуақас Шорманов поэзиясы әртүрлі тақырыпқа арналған. Солардың барлығын тұтастыратын негізгі идея – адамгершілік, адалдық ұғымы. Ақын адамдарды үлкен-кіші деп бөлуге болмайтындығы қоғам және адамдардан бірігіп барып көзге түсетіндігін, тіршілік тірегі бірлік екенін нықтай жырлайды.

Садуақас Шормановтан қалған поэзиялық мұра көп болуға тиіс. Ақын «Махаббат», «Мінәжат» деп аталатын көлемді толғаулар да жазған. Оның бірқатар өлеңдеріне ән де шығарылған көрінеді. Солардың ішінен бізге жеткені «Ардақ» әні ғана. «Ардақ» әнінің авторы белгілі әнші-композитор Жарылғапберді Жұмабайұлы кезінде Мұса Шормановтың, бертін келе Садуақас Мұсаұлы Шормановтың соңына ерген, жиын-тойда ән салып, күреске түсіп, солардың мәртебесін көтеріскен сері адам болған. Бұлар ру жағынан да жақын, Сүйіндік ішінде Қаржастан тарайды.

Садуақас Шорманов ел ішіндегі қоғамдық белсенділігімен танылған зиялы азамат болғандықтан 1914 жылы июнь айында Петербургте өткен мұсылмандар съезіне қатысып, әйелдерді қалың малға сатуға қарсы шыққан. Бізге шет жағалап жеткен осындай деректердің өзінен-ақ оның қоғам қайраткері ретіндегі тұлғасы анық байқалып тұр.


Авторы Айтжан БӘДЕЛХАН

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға