Сқақов ауыл әкімдеріне: Сендер үшін мен ұялып отырмын
Май ауданының тұрғындарымен өткен көшпелі кездесу барысында ауыл тұрғындарының бірі Ирина Бехтольд ауыл әкімдігінің ғимараты мүшкіл жағдайда екенін айтып шағымданды, деп хабарлайды EL.KZ Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Әкімдік 15 жылдан бері әктеліп, сырланған жоқ. Соңғы рет аудан әкімі сәуір айында болды. Бір ғана темір есік. Өткен жылы екінші есік орнатамыз деп уәде берген, алайда солай қалды. Ешқандай жөндеу жоқ. Бұған қоса, Әуэзов, Сәтбаев және Бөкетов көшелерімен жүру мүмкін емес. Саз батпақ. Балалар әсіресе күз бен көктемде мектепке ақ колготкимен барып, қап-қара болып келеді. Күнде мектепке жеткізу үшін 350 теңге төлейтін жағдайымыз жоқ, - деп ашынды Ирина Бехтольд.
Сондай-ақ әйел адам ауыл әкімі қоғамдық жұмыспен айналысатын тұрғындарға сыйластық танытуын сұрады.
Сырлау, әктеу жұмыстарын арнайы киім сұрағанда қаржы жоқ екенін айтты, - дейді тұрғын.Кеңтүбек ауылдық округінің әкімі Әкімбек Темірғалинов болса, бұл жағдай туралы ешкім хабарламағанын айтып ақталды.
Аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов ауыл әкімдері халықпен тығыз байланыста болуы тиіс екенін еске салды. Май ауданының әкімі Ағыбай Әмірин мәселенің шешу жолын бюджетті нақтылған кезде қарайтынын жеткізді.
Ұсақ-түйек мәселелермен облыс басшылығына келу керек пе? Онда әр деңгейдегі әкімдер не үшін керек? Бұл мәселе көтерілмесе, сенім жоқ шығар? Шынымды айтсам, сіздер үшін мен ұялып отырмын. «Ауыл – ел бесігі» бойынша стратегиялық маңызды жолдарды жөндеу, ауызсумен қамту, жарықтандыру сияқты өзекті мәселелерді көтеріп отырмыз. Мектептер облыс бюджеті есебінен жөнделуде. Жұмыс үшін осындай ұсақ-түйекке қалтаңыздан шығарсаңыз да беруге болады. Ол үшін аудандық әкімдікте қаржы қарастырылған, - деп Әбілқайыр Сқақов керек затпен қамтамасыз етуді тапсырды.
Естеріңізге сала кетейік, Май ауданында баспанамен қамту көрсеткіші 2 есеге артты. Биыл жылдың соңына дейін мал шаруашылығы кешені, көкөніс қоймасы мен суару жүйесін іске қосу жоспарланып отыр.