© Fred Lee / Contributor / Getty Images Sport / Gettyimages.ru

Рыбакинаның сенімді жеңісі: статистика және жартылай финалға дейінгі жол

28 қаңтар күні Мельбурнде өтіп жатқан Australian Open турнирінің ширек финалында «Үлкен дулығаның» екі бірдей чемпионы кездесті. Уимблдон-2022 жеңімпазы, әлемнің бесінші ракеткасы Елена Рыбакина мен мэйджордің алты дүркін чемпионы, әлемнің екінші ракеткасы Ига Швёнтек өзара кім мықтыны анықтады.

Бұл матчтың тең дәрежеде, нағыз текетіреске толы айқас болатыны о бастан белгілі еді. Екеуі бүгінгі кездесуге дейін турнир барысында небәрі бір сетте ғана есе жіберген. Швёнтек үшінші айналымда Анна Калинскаяны 6:1, 1:6, 6:1 есебімен ұтса, Рыбакина өткен сегіз партияның алтауында қарсыластарын кемі екі гейм айырмасымен тізе бүктірген.

Матчқа дейінгі жеке кездесулер статистикасында Швёнтек 6:5 есебімен алда тұрған. Оның үстіне 2025 жылғы маусымда поляк теннисшісі қатарынан төрт ойында Рыбакинаны ұтып, үстемдігін орнатқандай еді. Дегенмен былтырғы Қорытынды турнирде Елена өзінің сәтсіз сериясын шорт кесті – 3:6, 6:1, 6:0. Сол жеңіс қазақстандық теннисшінің өзіне деген сенімін қайта оралтқандай болды.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Australian Open (@australianopen)

Матч алдында екі спортшы да пікір білдіріп, аянып қалмайтынын аңғартқан.

Рыбакина ыстық ауа райында ойнаудың ерекшелігіне тоқталды:

Игамен матчта не істеу керектігін жақсы білемін. Барынша шабуылдап, соққыларымды діттеген жеріне жеткізуім керек. Мұнда ауа райы ыстық, доп жылдам ұшады. Сондықтан негізгі назар допта болады», – деді Елена.

Ал Швёнтек өткен кездесулерге аса мән бермейтінін айтты:

Бұрын кімнің жеңгені маңызды емес. Әр матч – жаңа тарих. Оның қарқыны сұмдық. Сондықтан 100 пайыз дайын болуым керек, – деді поляк теннисшісі.

Тактикалық артықшылық

Бірінші сет тең дәрежеде өтті. Бастапқы геймде Рыбакина өз соққысынан жаңылғанымен, бірден брейкпен жауап қатты. Есесіне үшінші геймде қатарынан үш брейк-пойнтты қайтарды. Швентектің тайталасқанына қарамастан, шабуылын үдетіп, партияны 7:5 есебімен аяқтады.

Екінші сетте Рыбакинаның сенімділігі арта түсті – 7 эйс тіркелді (матчтағы эйстер саны – 11). Жерлесіміз 3:0 есебімен алға шыққан соң, Швёнтек лайықты қарсылық көрсете алмайтынын түсінгендей. Қорытынды есеп – 7:5, 6:1. Ал кездесу 1 сағат 36 минутқа созылды.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Australian Open (@australianopen)

Осылайша, Рыбакина Швёнтекті алтыншы рет жеңіп, өзара кездесулердегі есеп теңесті – 6:6.

Бір қызығы, хард төсеніште поляк теннисшісі жиірек жеңіске жетсе (5:3), Grand Slam турнирлерінде таразы басы тең – 1:1, ал Australian Open кортында Рыбакина 2:0 есебімен алда тұр.

Үш жыл бұрын дәл осы Мельбурндегі турнирдің 1/8 финалында Елена Швёнтекті алғаш рет жеңген еді – 6:4, 6:4. Сол кездесуден бастап екеуінің текетіресі теннистегі ең қызық дуэльдердің біріне айналды.

Жалпы, ширек финалдық кездесуге дейінгі алғашқы төрт матчта Рыбакина бірде-бір сет жоғалтпай, тіпті тай-брейкке де жеткізген жоқ. Швёнтектің еншісінде бір тай-брейк бар және сол сетті ресейлік Анна Калинская өз пайдасына жазған.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Australian Open (@australianopen)

Қарсыластардың орташа рейтингі:

Отандық спортшы Аустралия аламанында, Игамен салыстырғанда, деңгейі жоғарырақ теннисшілермен кездескен. Есесіне кортта өткізген сағаты аздау. Мұның өзі қазақстандық бойжеткеннің сәл де болсын күш үнемдегенін аңғартады.  

Рыбакинаның қарсыластарының орташа рейтингі – 63

Швёнтек қарсыластары – 93

Елена төрт матчта 5 сағат 11 минут ойнаса, Ига 6 сағат 10 минут кортта болды.

Рыбакинаның Australian Open-ге осымен жетінші рет қатысып отыр және 2023 жылдан бері алғаш рет жартылай финалға шықты. Осыдан үш жыл бұрын Елена Аустралия ашық біріншілігінің финалында өнер көрсеткен. Ал Үлкен дулыға турнирлерінің жартылай финалына жолдаманы төртінші рет иеленді.

Одан қалды Елена қатарынан сегізінші рет топ-10, ал 18-рет топ-5-ке кіретін теннисшіні жеңіп отыр.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Australian Open (@australianopen)

Швёнтек үшін Australian Open – әлі де бағынбаған жалғыз «Үлкен дулыға». Польшалық осы турнирде топ жарамын деген арманын келесі жылға қалдыруға мәжбүр.

Енді жартылай финалда Рыбакина американдық Джессика Пегуламен өзара кім мықтыны анықтайды. Пегула ширек финалда жерлесі, әлемнің төртінші ракеткасы Аманда Анисимованы жеңіп, АО тарихында алғаш рет жартылай финалға шықты.  

Ал екінші жартылай финалда Арина Соболенко мен Элина Свитолина ойнайды.