«Руың кім?» комедиясы неге прокаттан алынды: фильмге қатысты дау неден туды
Бір апта ішінде 208 миллион теңге кассалық табыс жинаған «Руың кім?» комедиясының кенеттен прокаттан алынуы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Tiger Films продюсерлік орталығы фильмнің 18 желтоқсаннан бастап еліміздегі барлық кинотеатрларда көрсетілуі тоқтатылғанын ресми түрде мәлімдеді. Алайда нақты себептер ашық айтылмады.
Продюсерлік орталықтың Instagram-дағы ресми парақшасында жарияланған мәлімдемеде фильмнің 18 желтоқсаннан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетілуі тоқтатылғаны айтылған.
Құрметті көрермен! “Руың кім?” фильмі белгілі бір себептерге байланысты прокаттан алынды. Бізді қолдап, фильмді көрген барша көрерменге алғыс білдіреміз, – делінген компанияның ресми хабарламасында.
Фильм прокатқа шыққан алғашқы аптаның өзінде жоғары кассалық табыс көрсеткен. Алайда картина қоғамда қызу пікірталас тудырып, сынға ұшырады.
Фильмнің идеясы қайдан алынған?
«Руың кім?» комедиясы 2024 жылы Францияда жарық көрген «Неожиданные связи» (Cocorico) фильмінің желісімен түсірілген. Француз нұсқасында басты кейіпкерлер – Алиса мен Франсуа үйлену алдында ата-аналарын таныстырып, сол кездесуде екі жаққа да ДНҚ-тест нәтижелері ұсынылады. Нәтижесінде әр отбасының шығу тегі күтпеген қырынан ашылады.
Ал қазақша бейімделген нұсқада бұл идея ру мәселесімен байланыстырылады. Фильмде кейіпкерлердің қай рудан екені, олардың өз тегіне деген көзқарасы әзіл мен сатира арқылы көрсетіледі.
Депутаттар не дейді?
Фильм Мәжіліс депутаттарының да сынына ілікті. Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров соңғы уақытта қазақ руларын салыстырып, кемсітетін мазмұндағы фильмдердің пайда бола бастағанын айтып, алаңдаушылық білдірді.
«Мен бұл фильмнің идеясы мен мақсатын түсінбеймін. Мұндай дүниелер жастардың санасына рушылдық психологияны сіңіруі мүмкін», – деді депутат.
Сондай-ақ Сайыров фильмді жарнамалау аясында ұйымдастырылған экспозицияда Қазақстан картасының үш жүзге бөлініп көрсетілуін де сынға алды.
«Қазақстан картасын үш жүзге бөліп көрсету – бұл бассыздық. Мұндай қадамдар қоғамды бөлшектеуге әкелуі мүмкін», – деді ол.
Үкіметке қандай ұсыныс айтылды?
Депутаттың айтуынша, отандық фильмдердің мазмұнын алдын ала бағалайтын тұрақты комиссия құру қажет. Оның пікірінше, мұндай комиссия фильмдерді эстетикалық, идеологиялық және ұлттық бірлік тұрғысынан саралауы тиіс.
Сонымен қатар, мәдениет саласында және әлеуметтік желілерде қазақстандық бірлікті дәріптейтін, «Біз – қазақпыз» рухындағы контентті көбейту ұсынылды.
Айта кетейік, «Руың кім?» фильміне қатысты қоғамдағы пікір екіге жарылды. Бірі оны ұлттық бірлікке қауіп төндіреді десе, енді бірі туындыны сатиралық комедия ретінде қабылдау қажет екенін алға тартып отыр.

