Жаңалықтар

Рустам Кайрыев: Қазақстан жастары озат ойлы

25.09.2018 03:27 3045

Рустам Абдусаламұлы Кайрыев Алматы қаласында 1984 жылдың 13 тамызында дүниеге келген.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Журналистика» факультетін тамамдаған.  

«Қазақстан ұйғыр жастары одағы» аумақтық қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Шаймардан Нурумовтың қоғамдық көмекшісі.  

«Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» мерекелік медалiмен және Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасы орынбасарының Алғыс хатымен марапатталған.

Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі «Қазақстан 2020: болашаққа бағдар» бағдарламасы бойынша еліміздегі жастар саясатының жүзеге асырылуы туралы Ассамблеяның жанынан құрылған «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы жастары біршама жобаларды жүзеге асырып жатыр.

Рустам Кайрыев ұйғыр жастарының өз тарапынан қосып жатқан үлесі туралы әңгімелейді.

— Рустам Абдусаламұлы, «Қазақстан ұйғыр жастарының одағы» мен құрылымы туралы кеңірек айтып өтсеңіз. Құрамында қанша мүше бар?

«Қазақстан ұйғыр жастарының одағы» Қазақстан Республикасындағы ұйғыр этномәдени орталығының жастар қанаты болып табылады. Бекітілген жарғының негізінде жұмыс істеп отырмыз. Жұмысымыз мәдениет, қайырымдылық, спорт, білім беру, азаматтық сәйкестілік тәрізді бағыттарды қамтиды.

Республика бойынша он бес филиалы мен өкілдіктері бар. Барлығымыз бір кісідей Қазақстан халқы Ассамблеясының шараларына белсене қатысамыз. Біз үшін бұл — үлкен мәртебе. Еліміздің өркендеуіне үлес қосу — азаматтық міндетіміз. Ондай болса, сол міндетті абыроймен атқару керек деп ойлаймын.  

Жалпы Одақ 1998 жылы құрылған. 2012 жылдан бері мен төрағалық етемін. Құрылғанына 20 жыл толып отырған Одақтың мерейтойын келесі жылдың басында атап өтуді жоспарлап отырмыз.  

Мерейтойды Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының мүшесі, Ассамблея мүшесі, этномәдени орталықтың төрағасы Шаймардан Үсеинұлы Нурумовтың қатысуымен және жиырма жыл бойы Одақта қызмет еткен барлық мүшелердің қолдауымен ауқымды конференция ретінде өткіземіз деген жоспарымыз бар.  

Бүгінгі таңда Одақта бірнеше комитет жұмыс істейді. Олардың өз алдарына қойылған міндеттері бар. 

Одақ құрамында Қ. Қожамияров атындағы мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрының актерлері, белсенді жастар, студенттер, жас кәсіпкерлер, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, дәрігерлер, «Уйгур Авази» қоғамдық-саяси газетінің журналисттері, ұйғыр тілінде оқытатын мектептердің өкілдері, жас заңгерлер, спортшылар, мұғалімдер мүше болып қабылданды. Қазіргі уақытта мүшелердің саны елуден асты.  

— Комитеттердің жұмысы туралы толығырақ айтып өтсеңіз.

Жоғарыда айтып өткендей, әр комитеттің өз міндеті бар. Мәселен, мәдениет комитеті бұқаралық шараларды ұйымдастырады. Яғни, Наурыз мерекесін, сұлулық сайысын, мәдениет күндерін, би фестивалін, суретшілер мен қолөнершілердің көрмесін ұйымдастырып, атаулы күндерге байланысты шаралар мен жастардың би кешін өткізеді. Сонымен қатар заманауи музыка сыйақысын тағайындайды. Ұлтымыздың мәдениетін, тарихын және салт-дәстүрін дәріптеп жүрген жас әртістердің концертін ұйымдастырып, оларға қолдау көрсетеді.   

Қайырымдылық шараларды ұйымдастыру комитеті мүмкіндігі шектеулі талантты балалардың фестивалін және науқас балалардың еміне қаржы жинау мақсатында қайырымдылық концерттерін ұйымдастырады. Балалар үйіне қаржылай не болмаса киім-кешек, азық-түлікпен көмек бере алатын демеушілерді іздеумен айналысады.

Ауыр науқасқа шалдыққан балалардың шетелде емделуіне қажетті қаржы жинауға көмектеседі. Сонымен бірге қайырымдылық жәрмеңкелерін және аукциондарын ұйымдастыру, қарттарға және Ұлы отан соғысы ардегерлеріне көмек көрсету шараларын өткізу міндеті кіреді. Бүгінгі күнге дейін ұйғыр жастарының Одағы он бес миллион теңгеден астам қаржы жинап, қайырымдылық шараларын жүзеге асырған екен.

Одақтың тағы бір комитеті — құқықтық кеңес азаматтарға заң мәселелері бойынша көмек қажет болған жағдайда қол ұшын беріп, тегін қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді. Құжаттар жинауға септігін тигізеді. Сондай-ақ аудандар мен облыстарға шығып, тұрғындарға кеңестік қызмет көрсетеді.

Білім комитеті мектеп бітіруші түлектерге болашақ мамандық таңдауына жәрдемдесе отырып, кәсіби бағдарлау бағытында жұмыс жүргізеді және тұлғалық дамыту тренингтеріне қатысуға ықпал етеді. Одақ ұйғыр тілінде оқытатын мектеп өкілдеріне тегін курстар ұйымдастырады. Сондай-ақ шетелге тегін оқуға жібереді. Жыл сайын Қытай, Түрік елдерінің жоғары оқу орындары бізге оқу грантын бөліп тұрады. Олар студенттің оқуын, жатын орнын, жол шығынын көтереді.

Еңбекке тарту комитеті оқу орындарын бітіргеннен кейін түлектерді жұмысқа орналастыру мүмкіндігін қарастырып, жас кәсіпкерлермен үгіт-насихат жұмысын жүргізеді.    

Ал ынтымақтастық комитеті көптеген қоғамдық, саяси, қайырымдылық және білім беру ұйымдарымен серіктестік құрып, республикалық маңызы бар әртүрлі бірлескен жобаларды іске асырып отырады.

Біздің осындай қызметіміз елеусіз қалмасын деген мақсатта, еліміздегі бұқаралық ақпараттық құралдарымен тығыз байланыс орнықтырғанбыз. Яғни, бұқаралық ақпараттық құралдармен байланыс комитеті газет-журналдар, телеарналар, интернет порталдарында Одақ жайында ақпараттар шығарып тұрады.

Қазақ, ұйғыр, ағылшын тілдерінде шығатын «Саба» газетіміз бар. Сондай-ақ «Уйгур Авази» қоғамдық-саяси газетінде жастарға арналған «Машал» айдары мен www.uighur.kz Қазақстан ұйғырларының интернет порталын жүргізіп отырмыз.

— Қайырымдылық іс-шараларында қол ұшын беретін демеушілер туралы айтып өтсеңіз.

Әуелі бізге көмекке келетін қарапайым қазақстандықтардың бір-біріне деген құрметін атап өткім келеді. Әрқайсысы қолдарында барымен бөліседі.  

Бұл әдеп заманында қанша ұлт өкілдерін бауырына басқан қазақ халқының кең пейілділігінен тарап отыр. Қазақ халқының қайырымдылығы бүкіл қазақстандық қоғамның қайырымдылығына айналды.

Біз әлеуметтік желілерде балалар үйіне немесе тұрмысы төмен отбасына көмек көрсетуді жоспарлап отырғанымыз жайында жазамыз. Сол кезде көптеген адамдар бізге хабарласып, көмегін ұсынады. Демеушілеріміз тұрақты болмаса да, әр хабарландыруымыз аяқсыз қалмайды. Қолы ашық жандар көп айналамызда.   

— Шетелдегі тегін оқуға кімдер жіберіледі?

Біз оқуға ақысын төлеуге мүмкіндігі жоқ, бірақ ынтасы мен әлеуеті бар түлектерді жібереміз. Яғни, білім алуға құштар жастарды таңдап аламыз. Олардың бойынан кадрлық әлеуеттілігін, білім алуға, тәжірибе алмасуға дайындығын қараймыз. Оқуды аяқтаған соң Отанымызға оралып, қызметінде алған білімдерін іске асыра алатын қабілеті болуын қадағалаймыз.

Осы орайда грант бөліп отырған шетелдік оқу орындарына алғысымды білдіргім келеді.

— Бірлестік қандай жобаларды жүзеге асырып жатыр? Жастарға қолдау көрсету деңгейі қай шамада?

Алдыңда айтып өткендей, бірлестік қайырымдылық бағытында ірі жобаларды іске асыруда. Жаңа жыл қарсаңында және 1 маусым – балаларды қорғау күні мерекесінде ұйғыр жастары қалалық, облыстық балалар үйлеріне барып, демеушілер мен серіктестердің қатысуымен сыйлықтар сыйлап, ойындар өткіземіз. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балалардың жыл сайынғы «Үміт» фестивалін ұйымдастырамыз. Онда балалар Қазақстан эстрадасының жұлдыздарымен бірге өнер көрсетіп, шығармашылық тұрғыда жетілуге мүмкіндік алады.

Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Жарасым» республикалық жастар ұйымының жыл сайынғы акцияларынан тыс қалмаймыз. «Ұла дала Елінің киелі мұралары» жобасы шеңберінде өткен республикалық «Қамқор» және «Тағзым» акцияларына Одақ мүшелері үлкен сүйіспеншілікпен қатысты, өз қалауларымен қаланы абаттандыру жұмыстарын жүргізіп, бұқаралық сенбіліктерде көше бойларын қоқыстан арылтуға барынша күш салды. Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен саяси қуғын-сүргін құрбандарына тағзым ету іс-шараларында иглікті істерді атқарысты.

— Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жарасым» жастар ұйымының құрылу бастамасында қандай үлес қостыңыз?

Алдымен Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Жарасым» республикалық жастар ұйымы бүгінде қалай дамып келе жатқанына куәгер болып жүргеніме өте қуанышты екенімді айтқым келеді. Өйткені ұйымның құрылу және қалыптасу кезеңінің басында өзім де жүргенмін. Сол кезде Қазақстандағы этностардың этномәдени бірлестіктерінің жастары бір жерге бас қосқан еді. Олар өз идеяларымен бөлісіп, барша ұлт өкілдерінің жастары «Жаңғыру жолының» даңғыл жолын салуға барынша ат салысқан болатын. Үш жылға жуық ұйымның республикадағы төрағасының орынбасары лауазымын атқарғаным да бар. Сол жылдары бұл жобаға Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылық меңгерушісінің орынбасары Нәзипа Ыдрысқызы Шанаи жетекшілік еткен болатын. Біз ол кісіден үлкен тәжірибе алдық, ол үшін өте ризамыз. Ұйым көптеген қызықты жастар жобаларын жүзеге асырды.

2018 жылдың көктемінде есептік-сайлау жиналысын өткіздік те, қызметті жаңадан бой түзеп жүрген жас көшбасшыларға табыстадық. Сондай-ақ ұйымның бас кеңсесі Алматы қаласынан Астанаға көшірілді.

— ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының «Жастар арасындағы этникааралық қатынас мәдениеті» жазғы мектебінен білім алыпсыз. Қоғамдық өмірде оны пайдаға асырып жүрсіз бе?

Қазақстан халқы Ассамблеясы жастарға білім алу және айрықша тәжірибе жинақтау тұрғысында зор мүмкіндіктер беріп отыр. Үш күн бойы өткен жазғы мектепте халықаралық деңгейдегі оқытушылар болды. Бір түйгенім, бұл – этномәдени бірлестіктердің жастарын бір командаға біріктіретін және болашақта жастармен жұмыс істеуге қажетті құнды білім беретін қызықты және қажетті жоба. Лагерьде алған білімімді қоғамдық өмірде іске асырып жүрмін. Нақтырақ айтқанда, Алматы облысында лагерьлерді ұйымдастыруға қатысамын.

— Көшбасшылық қабілет адамға туа беріле ме? Әлде жүре қалыптасады ма? 

Мен көшбасшылық қабілет туа бітеді деген ойдан алыспын. Шын мәнінде көшбасшылық қабілет адамға өмірлік тәжірибемен келеді деген қағиданы ұстанамын. Ең бастысы психологиялық бөгетті еңсеру қажет. Шығармашыл және креативті болуға тырысу — тек адами қасиетті шыңдайды.

Мен мектепте оқығанда өзімнің көшбасшылық қабілетімді аңғарған жоқпын. Бұл дағды университетте оқып жүрген кезімде пайда болды. Кейінірек осы дағдыны жетілдіріп, тіпті басқаларға үйрету деңгейіне жеттім. Менің көшбасшылық қабілетіме Шаймардан Усеинұлының да тигізген үлесі зор. Мен сол кісінің өмірлік тәжірибесіне, айтқан өнегелі сөздеріне қарап бой түзедім. Көшбасшылық мектебіндегі ұстазым десем болады. 

— 2010 жылы «Германия Қазақстанда 2010» аясында іс-шара ұйымдастырған едіңіз. Одан сіз өзіңізге не түйдіңіз?

Бұл менің халықаралық деңгейдегі алғашқы тәжірибем еді. 2010 жыл Қазақстандағы Германия жылы болды және іс-шара екі президенттің қолдауымен өткен болатын. Дәл осы іс-шара менің бойымда отансүйгіштікті оятып, жұмыстың дұрыс арнасына итермеледі, тіпті қоғамға пайдалы болуға икемделдім. Бүкіл әлемге танымал Германиядан келген әртістердің қатысуымен өткен фестиваль сәтті өтті. Барынша жанымды сала істеген жұмысыма Қазақстандағы Германияның бас консулы оң бағасын берді.

— Ел жастарының белсенділігі қай салада көп байқалады?

Ассамблея ұйымдастырған іс-шаралардың арқасында мен еліміздің біраз өңірін аралап, көптеген жастардың өкілдерімен кездестім. Солай мен жастардың қаншалықты үдемелі дамығанын байқадым. Замандастарым түрлі бағытта белсенді екеніне көз жеткіздім. Мәдениет пен спорттан бастап, ғылым мен IT-жобалармен аяқталады. Мемлекет басшысының салиқалы жастар саясатының арқасында Қазақстан жастары озық және бәсекеге қабілетті бола алды деп сеніммен айта аламын. Мен сондай-ақ әртүрлі елдерде болдым, барлық жерде біздің елдің жастарындай озат ойлы жастар кездесе бермейді.

— Қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің қазақстандық моделін қалай түсінесіз?

Қоғамдық келісім мен ұлтаралық бірліктің қазақстандық моделі бірегей. Мұны тіпті күнделікті өмірде байқауға болады. Менің достарым өте көп, олардың барлығы әртүрлі этностық топтар мен діни конфессиялардың өкілдері, бірақ бұл бізге жақын қарым-қатынаста дос болуға кедергі келтірмейді. Бүгінгі күні қоғамдық келісім мен ұлтаралық бірліктің моделін әрбір қазақстандық сезінеді. Осы моделді өз елдерінде жүзеге асыру үшін тәжірибе алмасуға қаншама елден келіп жатыр. Өз  басым әртүрлі елдердің делегацияларымен жеке кездесіп, ҚХА қызметі мен оның үлгісінің маңыздылығы туралы түсіндіріп бердім. Ассамблеяның қызметі халықаралық қызығушылық тудырып отыр. Бұл — жетістік!

— Қазақстандағы ұлтаралық татулықтың кепілі неде?

Ұлтаралық татулықтың кепілі халықтардың өзара түсінісе білуінде. Біз қаншама жылдан бері бір шаңырақтың астында өмір сүріп келеміз. Ешбір ұлттың құқығы бұзылып, бір-біріне үстемшілдік жасау болған емес. Өйткені барлық салада әр ұлттың өкілдері тізе түйістіріп қызмет етіп отыр. Қазақстан үшін маңызды шешімдер жан-жақты талқыланып отырады. Аға буын өкілдерінің өзара сый-құрметі жарасымын тапқан. Жастар осы үрдісте өсіп келеді. Ешбірінің ойында басқаша әрекет ету жоқ. Бізге бейбіт елде өмір сүру маңызды.

— Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі ретінде марапаттарыңыз баршылық. Қосқан үлесіңіз қандай?

Ассамблея мүшесімін. Мен мұны өзімнің ең үлкен жетістігім деп санаймын. Бұл жетістікке Қазақстанның кез келген азаматы ие бола алады. Елбасы өз сөзінде «Қазақстан халқы Ассамблеясы он сегіз миллион халықты біріктіріп отыр» деген еді.

Менің үлесім мен күш-жігерім Ассамблея үшін құнды деп үміттенемін. Шынымды айтсам, Ассамблея менің жүрегімде, мен ҚХА-ның іс-шараларына күн сайын болмаса да, жиі қатысып отырамын. Пайдалы болуға тырысамын. Неге мен үшін бұл маңызды? Қазақстан – менің Отаным, мен осы жерде тұрақтап, осы жерде отбасы құндылықтарын сақтағым келеді. Менің балаларым бейбітшілік пен келісімде өскенін қалаймын. Сондықтан барлық күш-жігерімді еліме қызмет етуге жұмсаймын.

— Одақтың әлеуметтік желідегі белсенділігі қандай деңгейде? Олардан жастар қандай ақпарат алады?   

Бүгінгі таңда әлеуметтік желілер жастардың барлық ой-санасын жеңіп кеткенін айта кету керек. Замануи көзқараста өсіп келе жатқан жас буынға осы арқылы ықпал ете аламыз. Сол себепті біз атқарған шараларымыз туралы ақпараттың барлығын ресми парақшаларымызда үнемі жариялап отырамыз. Қазақстанның жас азаматтарына үлгі болатын игі істерімізбен қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуді мақсат етіп отырмыз.

— Рустам Абдусаламұлы, ұлтжандылық, бауырмалдық қасиеттер адам бойында қалыптасу үшін үлкен орта керек. Өз отбасыңыз туралы айтып берсеңіз.

Мен көпұлтты отбасында дүниеге келгенмін. Әкем – Абдусалам Абдушукур Кайрыев. Қолөнер шебері.   

Әкемнің әкесі, яғни, атам Қытайда туған. Қазақстанға елуінші жылдардың соңында көшіп келген. Осы жақта шаңырақ көтеріп, ұрпақ жалғастырды.

Анам – Марина Камилқызы Камалова. Ұлты әзірбайжан. Туып-өскен жері Грузия елі. Студент кезінде Қазақстанға медицина саласына оқуға келген. Отбасымен біржола тұрақтап қалыпты.   

Менің қазіргі таңдағы қол жеткізген жетістіктерімнің барлығы осы ата-анамның маған берген тәрбиесінің арқасында. Екеуі де еңбекқорлығымен маған үлгі.

— Сұхбатыңызға рақмет, еңбегіңізге табыс тілеймін!

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз.

 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға