Жаңалықтар

Рустам Абдусаламов: Ұйғыр этномәдени орталығының құрылғанына – 15 жыл

21.10.2018 12:20 2337

Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясында «Ассамблея бейбітшілік пен татулықтың нағыз шырақшысына айналды» деп, көпұлтты Қазақстанда тұрып жатқан халықтардың бірлігі мен қарқынды дамудың арқасында көп нәрсеге қол жеткізгенімізді атап өткен болатын.

Өз кезегінде біршама этнос өкілдері Елбасының сындарлы саясатын қолдаудың арқасында атқарылған күйлі істері туралы баяндама жасаған болатын.

Бүгінгі сұхбатымыздың қонағы – Рустам Абдусаламов сессиядағы баяндамасында ел келешегінің кілті қазіргі заманның ізденімпаз жастарының қолында екеніне ерекше тоқталып кеткен болатын.

Р. Абдусаламов – Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медицина техникасын ұлттық сараптау орталығы» ШЖҚ РМК Даму жөніндегі директоры. Мемлекеттік басқару және экономика мен өндірісті басқару ғылымдарының магистрі, DBA бағдарламасының докторы. ҚХА мүшесі. Астана қаласының Ұйғыр этномәдени орталығының төрағасы. 

— Рустам Абдусаламұлы, сіз үшін Ассамблеяның орны қандай? Достастықты нығайтуға өз тарапыңыздан қосып жатқан үлесіңіз бен этномәдени орталықтағы қызметіңіз туралы айтып өтсеңіз.

— Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Тарихтағы тағдыры әртүрлі қалыптасқан 130-дан астам этнос өкілі мың өліп, мың тірілген шежірелі қазақ халқының жерұйығын мекен етеді. Осыншама көп ұлттың өзіндік діліне, тіліне, дініне қатысты көптеген мәселелерді ортаға салып, оң нәтижелі шешімге, мәмілеге келу мақсатында алқалы кеңес құрып отыру үшін Ассамблеяның рөлі маңызды. Ассамблея маған жақтастарды жолықтыру, пікірлестермен пайымдарымды бөлісу, болашаққа бір қатарда сап құра қарап, бір бағытта ілгерілеп, ұлттар бірлігіне және қоғамдық келісімге мүдделі жандармен бір шаңырақ туы астында топтасу бақытын сыйлады. Ассамблеяның әр мүшесі еліміздегі бейбітшіліктің сақшысы, рухани құндылықтардың жаршысы болып, орасан күш жұмылдырып, ұлтты біріктіріп отыр.

Ал этномәдени орталығымыздың астаналық бөлімшесінде менің төрағалық етіп жүргеніме биыл бес жыл толды. Төрағаны бес жылда бір сайлайтын демократиялық ашық сайлауда орталық мүшелері мені төрағалыққа бірауыздан ұсынып, екі жүз адамның басым дауысымен сайланған соң, маған артылған сенімді ақтау – борыш болды. Әрине, көптеген маңызды жобаларды жүзеге асыру жауапкершілігіне міндеттейтін жұмыстың саяси өзектілігі өз алдына, арнайы уақыт бөлуді талап ететіндіктен, бас тартуды ойлағаным рас. Алайда көп тілеуі — көл.

Қазір өзім жетекшілік еткен бес жылды қанағатпен қорытындылауыма болады. Осы қиындығы мен қызығы мол қоғамдық жұмысты атқару барысында өзімнің азаматтық ұстанымдарымның бекігенін, отаншылдық сезімімнің күшейгенін байқаймын. Біздің еліміздегі саяси тұрақтылық, тыныштық, татулық — халықтар достығының, ұлттар бауырластығының, салты басқа әр елдің ортақ дәстүр қалыптастыруының кепілі. Осынау мұратқа өз тарапымыздан барынша үлес қосып, бес жыл бедерінде тындырымды жұмыстар атқардық. Оған орталық мүшелерінің ризашылығы, ақсақалдардың батасы дәлел бола алады.

— Ағымдағы жылы сіздер үшін үлкен оқиға Ұйғыр этномәдени орталығының құрылғанына он бес жыл толады. Осынау мерейлі мерекемен өзіңізді құттықтап қоюға рұқсат етіңіз. «Отызында орда бұзбаған қырқында қыр аспайды» демекші, отыз жасында сіздей жас адам тұтас ұлт алдында зор міндет жүктейтін орталықтың бөлімшесіне жетекшілік етіп отыр. Осы орайда жеке басыңыздағы даму ізденістерімен бөліссеңіз? Замандастарыңыздан ерекшеленуіңіздің сыры неде?

— Замандастарымнан ерекшеленемін деп ойламас та едім. Білімі мен іскерлігінің арқасында оқ бойы озық тұрған, тіпті Қазақстанның атын құрлықтарға мәшһүр еткен замандастарыммен мақтанамын.

«Қызмет — қолдың кірі, жуылады да кетеді» дегендей, қызмет баспалдақтарында өсу, мансапта табысты болуды теңдессіз жетістік санамас едім. Менен басқа бірнеше үміткер арасынан орталық мүшелері маған таңдау білдірсе, «Жас келсе іске» деген аталы мақалға ден қойған болар, оның үстінде бизнес саласындағы тәжірибемнің септігі тиеріне үміт артқан да болар.

Ал ізденістерге келер болсақ, соңғы он үш жылда басқарушылық қызметте тәжірибе жинақтап қалғаным рас. Алғаш рет 2006 жылы бөлім басшысы болып тағайындалғанда жан-жақты біліммен қаруланудың маңызы зор екеніне көз жеткіздім. Білімді мектеп табалдырығында немесе жоғары оқу орнының қабырғасында алып қана қоймай, ұлы «өмір» ұстаздың өзінен де сабақ ала білу керек.

Жоғары біліммен шектеліп қалғым келмей, екі магистратураны тәмамдап, докторантураны бітірдім. Жаңа заман талабымен мемлекеттік басқару және менеджмент мамандықтарын игердім. Бизнеспен де айналысып, уақыт көшінен қалмауға тырыстым. Спорт саласында да басшылық қызмет атқаруға тура келді. Жылына бірнеше мәрте түрлі курстарға барамын.

Өмірімде үлкенмен де, кішімен де тіл табысу әдебіне жүгінемін. Жан-жүрегің таза болса, міндетіңді адал атқарсаң, әр нәрсеге көзқарасың орнықты да әділетті болса, адамдармен келісімді де үйлесімді қатынас көпірін орнату аса қиынға соқпайды деп білемін. Уақыт жоқ деген жаттанды сылтауға ерік бермей, көп оқып, үнемі ізденген, білгеніңмен, жинақтаған тәжірибеңмен өзгелермен бөлісіп жүрген дұрыс. Менен де жас буынға жол көрсету, жөн сілтеу керек тұстарда тәлімгер де болудан тартынбаймын. Аға болу, үлкендік таныту — ол да кісілік. Менің өмірлік ұстанымым – өзгелерге пайдамды тигізіп жүру.

— Өзіңіз табысқа жету жолына жөн сілтеу, ынталандыру бағытында, сонымен қатар менеджмент, жобалау менеджменті тақырыбында курс, семинар, тренингтерде дәріс оқиды екенсіз. Өзіңізді шешендік өнерді меңгерген адам санайсыз ба? Дәрістеріңіз аудиторияға қанша адам жинайды?

— Шешендік өнерді жетік меңгердім деп айту артық болар. Бірақ адамның көкейіндегі көрікті ойын іркілмей көпшілікке жеткізіп айта білу — бір ғанибет. Тақырыптар талабына байланысты дәрістерге тыңдаушылар әртүрлі жиналады. Сан көрсеткішінен гөрі сапа көрсеткішіне ұмтылу дұрыс. Мәселен, соңғы өткен Президент сайлауында Н.Ә. Назарбаевтың сенімді өкілі болып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге қатыстым. Түрлі іс-шараларда көпшіліктің алдында сөз сөйледім. Президенттің сенімді өкілінің сөзі де, ісі де зиялы болу керек. Тыңдаушыға дәлелді мәлімет, ақиқат ақпарат беру де маңызды. Міне, сол кездерде 1000-нан 5000 мыңға тарта адам жиналған аудиторияларда дәріс оқып, сөз сөйледім. Қазір кемелдену кезеңіндемін.

Жуырда Америкадан келген Лиана Делмардың «Табыс аумағы» деген форум-семинары өтті. Форум шеңберінде 700 адамға бір сағаттық дәріс оқыдым. Аудиторияны шағын немесе ауқымды деп екіге бөлмей, бар білгенімді, білместі үйретуді басты назарда ұстанамын. Бір адамға болса да, айтарың саралы да салалы, пайдалы болу керек. Шешендік шеберлік шыңына жету — мақсатым емес, бірақ оны биік нысана тұтып, үнемі ұмтылыста болу, талмай іздену арқылы да күн санап өсеміз деп ойлаймын.    

— Орталықтың 15 жылдық мерейтойы қай уақытта және қалай аталып өтпек? Айтулы күннің қарсаңында төл бастамаңызбен атқарылған жұмыстарды қалай қорытындылар едіңіз?

— Осы жылдың желтоқсанында немесе келесі жылдың қаңтар айында атап өтпекпіз. Оның қандай үлгіде болатынын ойластырудамыз. Төрағалық қызметті жалғастыра беруді көздемеймін. Жастарға жол беру керек. Осы жүйеленген жұмысты одан әрі іліп алып кететін ширақ, іскер бірнеше үміткер бар. Бес жылдық тәжірибеммен аянбай бөлісіп, келесі көшбасшыға қамқор тәлімгер болуды қалаймын.

Тұтас бір ұлттың көкейтесті мәселелерін шешуде көрегендік, шешім қабылдауда жүйелілік, іскерлік таныту оңай емес. Ал біздің ұйытқы болуымызбен атқарылған жұмыс ауыз толтырып айтарлықтай. Атақ-абырой, даңқ-дабыра үшін жасалған іс берекелі, ғұмырлы болмақ емес. Біз көптің игілігіне жарайтын, ұлтқа пайдалы істер тындырдық. Мойнымыздағы міндет болған соң ғана емес, патриоттық рух жетегінде идеяларға шын берілгендікпен біршама жұмыстар атқардық.

Қазақстан халқы Ассамблеясының қамқорлығымен, орталықтың демеушілігімен, өз ынталы ықыласымызбен өткізілген пәрменді іс-шара — 2016 жылы кәсіби бокс кешін ұйымдастырдық. Стадионда 7000 мыңға тарта көрермен жиналды.   

Сонымен қатар қайырымдылық іс-шараларынан сырт қалған емеспіз. Қарағанды, Атбасар елді мекендерін су тасқыны басқанда, жүк машиналарына азық-түлік тиеп жөнелттік.

Жас музыканттар мен суретшілерге жәрдемдесіп, олардың өсу қадамдарына қолдау білдірдік.

Ассамблеяның барлық іс-шараларына қатысып, жобаларын жүзеге асыруға атсалысып отырамыз. Ассамблеяның сессиясында Елбасының алдында Астананың келешегі, жас көшбасшылар, Ассамблеяның жаңа заңы тақырыптарын тілге тиек етіп, баяндама жасадым.

Тәуелсіздік алған жылдардың ішінде этномәдени орталықтың атынан Елбасының алдында біздің этностан ешкім сөз алып көрмеген екен. Бұл жағдай мені өте қатты толқытып, өмірбаяныма өзгеше өрнек енгізді. Шығыс халықтарының ішіндегі сұлу халықтардың бірі, тарихнамасы қасіретті, өнернамасы қасиетті ұйғыр ұлтының ілтипатын білдіру, толғамдарымен бөлісу жауапкершілігін ақтап шыға алғаныма мерейлендім.

— Елбасының Жолдауын тыңдадыңыз. Өз тарапыңыздан қандай пікір қалыптасты? Алдағы уақытта қандай басымдықта жұмыс атқаруды көздеп отырсыз?

— Маған Елбасының әр Жолдауы жаңа серпін береді. Өйткені онда тұшымды ой, сындарлы саясат, ұлттың қал-ахуалының өсуіне байланысты тапсырмалар беріліп, оның шешу жолдарына баса назар аудартады. Жалпы Президент біз үшін барлық жағдайды жасап отыр. Тек дайын идеяны ал да, жұмыс істей бер.

Президент келесі жылды жастар Жылы деп жариялаған сәтте, мен өте қуандым. Жастар үшін келер жыл жаңаша тыныс алудың жылы болатын болды. Елімізде ойшыл, білімді, өнерлі, талантты, дарынды жастар баршылық. Әрқайсысы осы жылда мүмкіндігін пайладанып қалса екен деп тілеймін. Жалпы жастар Жылы деп жариялағаны, менің ойымша, уақытылы шешім. Жастар — Қазақстанның болашағы және оның басты қозғаушы күші. Қай мемлекет болмаса да, жастарына көңіл бөліп, оларға аяққа тұрып кетуге демеу болуы керек деп түсінемін.

Бұдан басқа біздің мемлекетіміздің әрбір даму кезеңінде Президент халықтың әл-ауқаты, өмір сапасы мен қауіпсіздігі мәселесіне ерекше назар аударады. Өз Жолдауында ол кезекті рет осы бағытқа маңызды акцент жасады. Қазақстандықтардың жалақысын 30 пайызға көтеру қажеттілігі туралы айтылды. Бұл жайтқа да әбден қуандым. Мен отандастарыммен бірге молшылық пен игілікте өмір сүргенімді қалаймын.

Педгогтардың мәртебесін көтеру туралы заң жобасын қабылдау жөніндегі тапсырмасы тіпті айрықша. Ұлағаттың ұшар басында тұратын ұстаздар қауымы мемлекет тарапынан қолдауды қажет етеді.

Ендігі біздің этномәдени орталықтың мүшелері қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту бойынша мемлекеттік мақсаттарға қол жеткізуге белсенді қатысатын болады. Бұл әрқашан болған әрекет. Лайым солай болмақ. Бұл біздің Отанға деген махаббатымыз.

— Астана қаласында қанша ұйғыр ұлтының өкілі тұрады? Жалпы Қазақстанда ең көп қай жерде шоғырланған? Қандай дәстүрлеріңізге назар аудартар едіңіз?

— Астанада 2000-ға тарта қандасымыз тұрады. Басым көпшілігі Алматы қаласында және Алматы облысында өмір сүріп отыр. Орталықта жиі жүздесіп, ой бөлісіп тұрамыз. Жыл басында ауқымды есеп беру жиналысы өтеді. Жаңа жылда, Наурыз мейрамында, Ораза айт пен Құрбан айт сияқты діни мерекелерде бас қосамыз. Спорт, өнер, мәдениет, ғылым өкілдері түрлі саладағы жиындарға жиналғанда, өз ортамызда қабырғамызбен кеңесіп, келесі келелі істерге жоспар құрамыз. Бір сөзбен айтқанда, кез келген уақытта кездесудің сәтін қалт жібермейміз.  

Одан бөлек, «Мәшрап» және «Шай ішу» деген дәстүрлеріміз бар. Мәшрапта ерлер, шайда әйелдер қауымы бас қосады. Бұл жерде әркім өз қызығушылығына сәйкес топтарға бөлінеді. Аталған дәстүрді ай сайын ұстанамыз. Жуырда біздің жас ғалымымыз Нодардың кітабы жарық көрді. Кітапта мәшрап пен шайдың ұғымы кеңінен түсіндіріліпті.

Әр топ бірігіп, бір-біріне қонаққа барады. Топ мүшелері өте белсенді. Қажеттілік туындағанда, қаржылай көмек көрсетіп, өзара туыстық пейіл танытып жатады.

— Тіл мәселесі төңірегіндегі пікірталастардың толас тапқан кезі  жоқ. Сіз бұл мәселені өзіңіз үшін қаншалықты оңтайлы шештіңіз? Орталық жанынан құрылған жексенбілік мектеп бар ма?

— Мектеп құрған жоқпыз, оған сұраныс та болып көрмеді. Әзірге ұйғыр тілін үйрену ниетіндегілер үшін ашылған жеке курстар бар.

Мемлекетте «үштұғырлы тіл» саясатын қолдаушылардың бірі ретінде мен қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгеріп алдым. Ал ұйғыр тілі  — ата-бабамның тілі. Ол ана сүтімен, әке қанымен ой-бойымызға әбден сіңген.

Сонымен қатар түркітілдес халықтармен түсінісе аламын, аздап француз тілінде сөйлеймін.

Өзім орыс сыныбында оқыдым, сол себепті ойлау дағдым, сөйлеу әдебім орысша қалыптасып кетті. Орысша және ағылшынша терминдік тілде сөйлейтін болсам, қазақ тілі мен ұйғыр тілін — жан мен рухтың тілі деп танимын, көркем құнарына, ұланғайыр байлығына, даналық ой мұраларына бас иемін.

— Түркі дүниесінің тарланы Мағжан бабамыздың «Мен сенемін жастарға, Алаш атын аспанға, Шығарар олар бір таңда!» деген сенім-өсиетінің шырағы жанған уақыт келді. Орталықта жастар саясатына қаншалықты мән беріледі?

— Еліміздің жалауын желбіретіп, туын биіктетіп, әлем халықтарының алдында айбынын асыратын жалынды жастар жайын мен Елбасы алдында жасаған баяндамама да арқау еткен едім. Біздің орталық жастармен тығыз жұмыс істейді. Бар көңіліміз, бар сеніміміз — жастарда. Жастарға байланысты мәселелердің барлығын назардан тыс қалдырмаймыз.

Жуырда жастар саясаты мәселесі жөнінде орынбасар тағайындау туралы тапсырма алдым. Ал мен осыдан бес жыл бұрын төраға болып сайланғанымда, өзіме жастардың мәселесімен айналысатын орынбасарды тағайындап қойған болатынмын.

Бізде жастар мұхиттар асып, шетелдерге оқуға барады. Бірақ шет шаһарларда қалып қоюды көксейтіндерден отанының игілігіне еңбек етуді көздейтіндер қатарының көптігі қуантады. Жалпы ұйғыр ұлты татулықпен бір жұдырықтай жұмылып өмір сүруді, көбейіп-көркеюді мұрат етіп, жас буынды да осы мақсатқа баулиды.

— Сіз әңгімеміздің басында көп оқып, үнемі іздену жайына тоқталдыңыз. «Жігітке жетпіс өнер де аз» дегендей, өзіңіз де өнерден құралақан емес екенсіз. Бос уақытта немен шұғылданасыз? Сүйікті авторларым деп кімдерді атайсыз, соңғы рет қандай кітап оқыдыңыз?

— Негізі ғаламторды аттай ерттеп мінгеннен гөрі көркем әдебиет оқығанды ұнатамын. Бернард Шоу, Теодор Драйзер, Александр Пушкин, Евгений Евтушенко, Сергей Есенин шығармаларының шынайы табынушысымын. Поэзия шедеврлеріне еліктеп, өзімнің де лирикалық сарында өлең шығаратыным бар. Қазіргі заманның дерті — уақыт тапшылығының да мені айналып өтпейтініне қарамастан, «бос уақыт жоқ» деген жаттанды жауапқа үйір емеспін. Адам өзін-өзі құрметтесе, өзінің дамуына да, көңілін көтеруге де уақыт бөлу керек. Музыка дүниесін ұнатамын, әсерлі саздарды тыңдаудан ләззат аламын. Гитара, пианино сияқты аспаптарда ойнауға машықтанғаным көңілімді үнемі бір қалыпта ұстауыма, думанды орталарды қыздыруға үлес қосуыма көмектеседі. Ән жазу талпынысым да бар. Шығармашылықты жаным сүйеді, спорт әлемі ежелден баурайды. Бокс, еркін күрес, джиу-джитсумен шұғылдануымның да денсаулықты шынықтырып, рухты жауынгерлік бапта жүруіме пайдасы аз емес.     

Жуырда М. Булгаковтың «Мастер және Маргарита» романын оқыдым. Алғаш рет бұл туындыны мектепте оқыған едім. Енді екі кезеңде оқу барысында қабылдау түсінігімнің арасында жер мен көктей айырмашылық барын аңдадым. Тіпті Мәскеуде болған кезімде Таганка театрында спектакльдік қойылым нұсқасын көрген едім. Қазіргі өскен көзқарас, тереңдеген түсінікпен қабылдауым мені біршама тың олжаларға кенелтті.

Алайда қазіргі қызметіме қарай уақытымды көбіне ғылыми кітаптар оқуға жұмсаймын.

— «Отан отбасынан басталады» дейді...

— Иә, мен үшін де кең байтақ отан өзім туып-өскен қарапайым ұйғыр отбасынан басталған. Күн сайын анамды қанша рет көрсем, сонша рет құшақтап, бетінен сүйемін. Қанша елімнің бір кішкене тұтқасын ұстап отырған үлкен азамат болсам да, бір мезгіл сәбилікті сезіну маған ұнайды, перзенттік парызымды қалай ақтап жүргеніме сын көзбен қарап қоямын.

Халыққа қызмет етіп жүрмін, қоғамдық жұмыспен айналысып жүрмін деп отбасына аз көңіл бөлу дегенді мен түсінбеймін. Жан жарыммен үш бала тәрбиелеп, өсіріп отырмыз. «Балаңды қалай тәрбиелесең де, ол бәрібір өзіңе ұқсайтын болады» деген тағылымға сенемін. Сондықтан балаларын бірінші ойлап, қамқор болатын үлгілі әке болуды, отбасылық құндылықтарды қастерлеуді жадымнан шығармаймын. 

— Нені ұнатпайсыз?

— Немқұрайдылықты, енжарлықты ұнатпаймын. Тәрбиесіздік пен мәдениетсіздікке жаным қас. Өзім хакім Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген ғибратын жас күнімнен қағида еткенмін. Адамдарға құрметпен қараймын, олардың сенше ойлауы шарт емес, пікірлер қақтығысында келісімпаздыққа басымдылық беремін, қарама-қайшы тұстарда төзімділік, шыдамдылық танытамын.

Нұргүл ШАТЕКОВА

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

 

       

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға