El.kz

Руслан Қуатов: Мұнайшының миссиясы – елдің энергетикалық тәуелсіздігі

Бүгін елімізде Мұнайшылар күні аталып өтуде. Қара алтынды өндіріп, ел экономикасының ілгерілеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген жандардың еңбегі қашанда құрметке лайық. Солардың бірі – Қазақстанның Еңбек Ері, отандық мұнай-газ саласында 40 жылға жуық табанды еңбек етіп келе жатқан Руслан Қуатов. Ол – тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнында шетелдік мамандармен иық тіресе тер төіп, жаңа технологияларды елге әкелуге, өндірісті тиімді етуге үлес қосқан білікті инженер. Әкесінің: «Жеріміздің астында тұнған байлық бар. Оны ел игілігіне жаратуға үлесіңді қос» деген өсиетін өмірлік ұстаным еткен мұнайшымен аз-кем тілдестік.

– Руслан Тұржанұлы, ең әуелі, Сізге «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілген сәттің жауапкершілігі туралы сұрасақ. Бұл марапат Сіз үшін нені білдіреді?

– Бұл марапат – менің ғана еңбегімнің емес, бүкіл мұнайшы буынның, тәуелсіз Қазақстан үшін тер төккен әріптестерімнің бағасы деп білемін. Еліміздің энергетикалық тәуелсіздігіне үлес қосып, технологиялық тиімділікті арттыруға атсалысқан еңбегімді мемлекет жоғары бағалағанына ризамын. «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы – үлкен мәртебе ғана емес, келер ұрпаққа үлгі болар аманат.

– Салаға келу жолыңызға әсер еткен әкеңіз жайлы айтып өттіңіз. Сол бала күнгі әсерді тарқатып берсеңіз.

– Әкем Тұржан су шаруашылығында еңбек етті. Жер астынан мейір қандырар су көзін іздеп жүрді. Мен де жазғы демалыста әкемнің жанынан қалмайтынмын. Сол сапарлардың бірінде құба жонды қыратта мұнай сорып тұрған қондырғыларды алғаш көріп, қызығушылығым оянды. Әкемнің: «Жеріміздің астында тұнған байлық бар. Оны ел игілігіне жаратуға үлесіңді қос» деген сөзі жүрегімде жарық сәуле секілді жылт етті. Міне, сол сәуле мені мұнайшы болуға жетеледі.

– Арман жетегінде таңдаған мамандығыңыздың алғашқы қадамдары қалай басталды?

– Ю.Гагарин атындағы орта мектепті тәмамдаған соң Қазақ политехникалық институтына оқуға түстім. 1984 жылы тау-кен инженері мамандығы бойынша бітіріп шықтым да, еңбек жолымды «Гурьевмұнайгазгеология» өндірістік бірлестігінде бастадым. Алғашқы төрт жылда Балықшы экспедициясында оператор, инженер, жетекші инженер болып жұмыс істедім. Ол кезде аға буын мамандар – Орал Ақшолақов, Уәли Мыңбаев, Тарих Тұхпатов секілді тұлғалардан көп үйрендім. Тәжірибе жинап, сенім үдесінен шығу – басты мақсатым болды.

– Теңіз кен орны – Қазақстан мұнай-газ саласындағы тарихи бетбұрыс. Сіздің тағдырыңыз да осы кен орнымен тығыз байланысты екен.

– Дұрыс айтасыз. Еңбек өтілімнің кейінгі бес жылын «Теңізмұнай» басқармасында өткіздім. Бұл – әйгілі Теңіз кен орнын игеру үшін құрылған іргелі кәсіпорын. 1991 жылы 6 сәуірде №1 кешенді технологиялық қондырғы іске қосылды. Ал екі жылдан кейін, 1993 жылы дәл сол күні «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны құрылды. Осы кезден бастап шетелдік мамандармен қатар еңбек еттім.

1993 жылдан бастап ТШО-ның мұнай өндіру технологиясы бөлімінде жетекші маман, кейін өндірісті оңтайландыру тобының жетекшісі болдым. Шетелдік әріптестермен жұмыс істей жүріп ағылшын тілін де игердім. Ал 2004-2005 жылдары «Шевронның» АҚШ-тағы бөлімінде кеңесші болып, әлемдік тәжірибені көріп қайттым. Бұл – менің кәсіби өмірімдегі үлкен мектеп болды.

Фото: Руслан Қуатов, жеке мұрағат

– Халықаралық серіктестік пен шетелдік тәжірибеден не түйдіңіз?

– Шеврон сияқты алпауыт компанияларда ең бастысы – тәртіп пен технологияға адалдық. Әр шешім нақты есепке, дәлелді дерекке сүйенеді. Біз де осы тәжірибені Қазақстан жағдайына бейімдеп, енгіздік. Шетелдіктерден үйренген басты сабақ – адам капиталына инвестиция салу, мамандарды үздіксіз оқыту. Бұл қағиданы өз топтарымда да ұстандым.

– Еңбек жолыңызда алған марапаттардан бөлек, Сіз үшін ең үлкен жетістік не?

– Ең үлкен жетістік – еліміздің мұнай-газ саласының халықаралық деңгейде мойындалуына үлес қосу. «Теңізшевройл» арқылы жаңа технологиялар келді, заманауи зауыттар салынды. Біз сол процестің бел ортасында болдық. Өзім басқарған топтың әр жетістігі – мен үшін жеке мақтаныш. Әріптестерімнің сенімі мен құрметі – кез келген марапаттан артық.

– Бүгінгі жас мамандарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Біріншіден, өз ісіңе адал болу. Екіншіден, тәжірибелі буыннан үйренуге ұялмау. Үшіншіден, тіл үйрену. Шетелдік технологияны игеру үшін ағылшын тілі ауадай қажет. Ең бастысы – ел игілігіне қызмет етемін деген ниет болуы керек. Әкем айтқандай, «жер астындағы байлықты халықтың игілігіне жарату» – әр мұнайшының басты парызы.

– Әңгімеңізге рақмет!