Жаңалықтар

Руслан Мағзұмов: Қыранның томағасын тартып ұшырғанда, бұл кәсіппен бекер айналысып жүрмегеніңді ұғынасың

Руслан Мағзұмов: Қыранның томағасын тартып ұшырғанда, бұл кәсіппен бекер айналысып жүрмегеніңді ұғынасың
13.06.2019 16:13 14756

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете оты­рып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сенім­мен бет алуын қалаймын» деген болатын.

Ұлттық салт-дәстүріміздің бір қыры – саятшылық, құсбегілік. Сұхбатымызға осы тақырып арқау болып, оған байланысты сұрақтарға халықаралық турнирлердің жүлдегері Руслан Мағзұмов жауап берді.

— Руслан, әңгімемізді бастамас бұрын өзіңізбен таныса отырсақ.

— Мен 1975 жылы Қарағанды облысында дүниеге келдім. Балалық шағым Ботақара елді мекенінде өтті. «Қазтұтынуодағы» Қарағанды экономикалық университетінің түлегімін.

Астанаға 1998 жылы көшіп келіп, осында отбасын құрдым. Қазір жұбайыммен Малика есімді қызымызды тәрбиелеп отырмыз. Түрлі мемлекеттік органдарда басшылық лауазымдарда қызмет атқарып келемін.

WhatsApp Image 2019-06-13 at 14.49.17.jpeg

— Сіздің құсбегі екеніңізді біліп жатырмыз. Оған деген құмарлығыңыз қай уақыттан бері артып, қанша уақыт айналысып жүрсіз?

— Құсбегілік қазақ ұлтының қанына сіңген ежелден келе жатқан өнер ғой. Қасиетті екеніне өзім жете айналыса бастағанда көз жеткіздім. Қазақта құсбегілікпен ақын да, батыр да, тіпті патша да айналысқан өрісті өнер болып саналады.

Жалпы құсбегілікке деген қызығушылығым бес жыл бұрын оянды. Айтулы іс-шаралардың бірінде ұлттық шапан мен тымақ киіп, қолдарына құстарын қондырған Арманбек және Серікбек есімді құсбегілермен таныстым. Бұған дейін де өзім қару асынып, атқа мініп, тазы ертіп аңға шығумен айналысатындықтан, құсбегіліктен де хабарым болатын. Осы жігіттермен жақынырақ сөйлесе келе, олардан құсбегіліктің қыр-сырын үйренуге бел будым. Жігіттер маған құс сыйлап, бүркітпен аңға шығудың ерекшеліктерін, құсты баптауды, оны аңға салуды жан-жақты үйретті. Қазіргі уақытта құсбегілік сүйікті ісіме айналды.

Қоян мен түлкіге құс салған саятшылардың өнерін тамашалаудың өзі бір ғанибет! Көк туымызда бейнеленген қасиетті құстың көкке көтеріліп, жерге қарай құлдилаған сәтінде тебіренбейтін адам кем де кем шығар. Сусып тұрған қанаттарын желпіп жібергенде, күллі даланы құшағына сыйдырып алатындай әсерге бөлейді.

— Құсбегілік өнеріңізден бөлек, тазы иттерді асырайды екенсіз. Серілігіңіз тәнті етіп отыр.

— Иә, үш тазы, бір төбет ит асыраймын. Тазы иттердің байырғы түріне жатады. Халқымыз тазыны жеті қазынаның бірі деп қастерлейді. Қазақстанды мекендейтін  алуан түрлі жануарлар әлемінде тазының алар орны ерекше. Өйткені осындай бірегей тұқымды жануар бізге ата-бабамыздан қалған мұра болып саналады. Неге бабаларымыз тазыны ерекше қастерлеген? Өйткені бір иттің бойынан алғырлық, төзімділік, қырағылық, сезгіштік, ептілік сияқты қасиеттерді көруге болады.

Қазіргі уақытта Қазақстанның аумағында тазы сирек кездеседі. Кезінде қазақ жерінде кең таралған тазылар Кеңес үкіметі жылдарында азайды ғой. Егемендік алған жылдардан бері кәсіпқойлар мен әуесқойлар тізе қосып, әрекет етіп, ұлттың дәстүрлі мәдениетін заман талабына сай хоббиына айналдырған. Жанашыр азаматтардың қолдауымен қазір тазы тұқымын сақтап қалу, санын өсіру, асылдандыру, түрлі кәсіптік іс-шаралар ұйымдастыру арқасында Қазақстанда тазы тұқымының саны көбейіп келеді. Бұл қуантарлық жайт.

Сонымен қатар Нумизмат ретінде айта кетерім, «Республика игілігі» сериясы бойынша төбет және тазы бейнеленген номиналы 500 теңгелік коллекциялық монеталар шығарылды.

WhatsApp Image 2019-06-13 at 14.49.18.jpeg

— Руслан, қазақ жігіттерінің бойынан табылуы тиіс қасиеттердің лайықты иегері екенсіз. Ұлтымыздың рухани құндылығын әспеттегеніңіз – ұлтжандылығыңыздың белгісі. Ал енді негізгі жұмысыңыз бар екен. Ол жайында айта кетсеңіз және әуесқойлығыңызбен қалай байланыстырып жүрсіз?

— «Қазаэронавигация» РМК-да басқарушы директор қызметіндемін. Құсбегілік – хоббиім. Бос уақытымның барлығын осы өнерге арнаймын. Жалпы құсбегілікті меңгеру оңай дүние емес. Бұл күрделі де, қиын кәсіппен қызыққан, шыдаған адам ғана айналыса алады. Қыранның томағасын тартып ұшырғанда, бұл кәсіппен бекер айналысып жүрмегеніңді ұғынасың, жан рақатын табасың. Қыранның қасиеттілігі соншалық, сипап отырғанның өзінде адамға жақсы әсер береді. Құсбегілікпен айналысу көп уақыт пен күш-қуат талап еткенімен, жаныма жақын іс. Сондықтан болар, негізгі жұмысым мен хоббиімді қатар алып жүру маған еш қиындық тудырмайды.

Салауатты өмір салтын берік ұстану басты мақсатым болғандықтан, үстел теннисі және фитнес жаттығуларымен де әуестенемін. Бірақ қолға құсымды қондырып, тазыларды ертіп, атпен серуендеу – менің сүйікті ісім.

Осындай қасиетті өнерді дәріптеу – парызым. Ел арасында бұл өнердің қадір-қасиетін жоғалтпай, оның одан әрі дамуына атсалысу – менің келер ұрпаққа берер өнегем болады деп есептеймін.

— Қолөнершілер альянсы құрылғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Мүшелігіне қабылдандыңыз. Сізге тиер шарапаты?

— Альянс мүшелігіне өткен жылы қабылданған болатынмын. Қызым Маликамен бірге осы альянстың атынан көптеген форумдар мен көрмелерге қатысып жүрміз. Ел танып, жер көріп, өзімді көрсетіп жүрмін. Қаншама танымды дүниелерді көріп, көзайым болдым. Бұл альянста ұлттық құндылықтарымызды аялайтын, оларды насихаттайтын жандардың басы құралған. Біз көп болсақ, бір одақта болсақ, өнеріміз дамиды.

— Жануарлармен жұмыс істеу үшін көп күш-жігер мен төзімділік қажет, одан басқа жануарларды уақытылы тамақтандыру бар. Сіз өз жануарларыңызды қалай күтесіз, бұл қаншалықты қиын, сізге ауыр тимей ме? Көмекшілеріңіз бар ма?

— Ұлы Абайдың «Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап» деген бір ғана өлең жолдарында қаншама мән жатыр. Тереңірек ұғынған адамға жетерлік сабақ бар. Шынында да, баптай білсең ғана нәтиже шығады ғой. Меніңше, жауапкершілікті қыранға ғана емес, бапкерге де артып отырғаны байқалады. Бапкер бола білмеген адам құс ұстап, игілігін де, саятшылық жасап қызығын да көре алмайды. Құсбегі болам деген адамның ең алдымен бапкерліктен сауаты болуы керек. Бапкерлік дегеніміз – құстың мінез-құлығы мен сырын білу деген сөз. Қыран бүркіт жыртқыш құстар арасындағы ең ақылдысы, еркін және маңғаз құс, оны бұйрықтарды орындауға үйрету қиын шаруа. Құсбегі құсымен дос бола білу керек, тек осылай ғана құсты қолға үйретуге және онымен жұптасып жұмыс істеуге үйренуге болады.

Оларды тамақтандырудың өзіндік әдісі бар. Бұған ауа-райы да әсер етеді, мысалы, қатты аяз болса, жел немесе боран соқса, онда жемін көбірек беру керек. Тоймаған құс ұшпайды. Ал енді жылы мезгілде азырақ қоректендіру қажет болады, әйтпесе ұшпауы әбден мүмкін. Аушы құстарды да кәдімгі спортшылар сияқты баптайды.

Ал енді негізгі уақытымды жұмыста өткізетіндіктен, көмектесетін көмекшім бар. Ол күнделікті құстарды тамақтандырып, орындарын тазалап, жағдайын қадағалайды.

WhatsApp Image 2019-06-13 at 14.49.17.jpeg

— Аушы құстарды аңға салуға үйрету ептіліктің нәтижесі екені белгілі. Өзіңізбен бірге осы істі беріле меңгеріп жүрген, қыр-сырын үйреніп машықтанып жүрген әріптес, үзеңгілесіңіз туралы бір ауыз сөз?

— Жалпы Қазақстанның құсбегілері бір-бірімізбен тығыз байланыста болуға тырысамыз. Өзара тәжірибемен бөлісіп, ақыл-кеңес сұраймыз, білмегенімізді үйреніп, білгенімізді үйретеміз. Өйткені біздің ортақ мұратымыз – ата-бабадан мұра болып қалған осынау өнерді жаңғырту. Басында атап өткендей, Арманбек пен Серікбекпен әріптестік қарым-қатынас орныққан.   

— Әр сүйікті іс адамға шабыт бітіреді. Білгенінен де көбірек білуге ұмтылады. Өз біліктілігіңізді қалай шыңдайсыз?

— Еліміздегі федерациялар мен одақтардың ұйымдастыруымен халықаралық және республикалық көлемде саятшылыққа қатысты түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып отырады. Оларға еліміздің түкпір-түкпірінен, өзге елдерден келген саятшылар жиналады. Міне, осындай жерлерде саятшылық өнердегі тәжірибемен бөлісу, біліміңді жетілдіру, басқа құсбегілердің артықшылықтары мен кемшіліктерінен ой түйіндеуге зор мүмкіндік туады.

— Қыз балаңыз ителгі ұстайды екен. Балаңызға өзіңіздің қызығушылығыңыз дарыған сияқты. Жалпы болашағын саятшылықпен байланыстырмақ па?

Құстарды баптап, олардың күтімін жасағанда, құсбегілікке қатысты өткізілетін іс-шараларға қатысқанда, қызымды қасыма ертіп алатынмын. Басында қызым менің құстармен жаттығу жасап, құс ұшырғанымды көріп қызықтап жүрді. Бір-екі жылдың көлемінде оның саятшылық өнермен айналысуға деген ниетін байқап, оған ителгі сыйладым. Ителгінің салмағы жеңілдеу де, қыз балаға қолына қондыру, ұшыру қиындық тудырмайды. Малика қыранын қолына қондырып, көптеген ұлттық нақыштағы, сондай-ақ халықаралық іс-шаралардың сәніне айналып жүр. Бүркітшілердің ІІ Ашық Азия чемпионатында өз өнерін көрсетті. Телеарналарға да қонақ ретінде шақырылып, ұлттық сипаттағы бағдарламаларға қатысып жүр.

Елімізде белгілі «Жалайыр Шора» бүркітшілер мектебінің бас директоры Бағдат Мүптекеқызын саятшылық құрып, құсбегілікпен айналысатын жанның бәрі біледі. Қызым сол кісінің жолымен жүрсе игі болар еді.

Бағдат Мүптекеқызы әйел баласы бола тұра, осы бағытта үлкен жұмыс атқарып, құнды өнерімізді дәріптеп жүрген құрметке лайық адам. Қазіргі уақытта ол кісінің мектебі шетелде де танымал.

DSC04315.JPG

— Аушылыққа құсты таңдаудың маңызды тұстарына тоқталып өтсеңіз.

— Басты айырмашылық құстардың физиологиялық қасиеттерінде. Бүркіттің салмағы ауыр, оны түлкі, қоян, елік пен қасқыр сияқты ірі аңдарға салуға болады. Ұябасарының салмағы шамамен жеті келі, ал ителгінің салмағы шамамен бір келі болады. Ителгіні көбінесе кептер, кекілік және қоянға салады.

— Түрлі іс-шараларға қатысамын дедіңіз, жетістіктеріңіз жоқ емес шығар...

— Иә, қатысып тұрамын. Жыл сайын аңшылық кезеңде Қазақстанның өңірлері бойынша республикалық турнирлер өткізіліп отырады. Осындай сайыстарға мықты дайындықпен келіп, жақсы нәтижелер көрсетуге тырысасың. Дайындыққа көп көңіл бөлудің арқасында соңғы жылдары кейбір турнирлерде жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп жүрмін. Жарыс – үйренгеніңді көрсету мүмкіндігі.

— Рухани жаңғыру деп, өткенімізді жаңғыртуға барымызша атсалысып жатырмыз. Жас буын құсбегілікке қаншалықты қызығады? Үйренуге талпынатындары бар ма?

— Өскелең ұрпақтың саятшылық өнерге қызығушылығын ояту аға буын, мына біздердің қолында деп ойлаймын. Елімізде бұл бағытта жасалып жатқан жұмыстар аз емес. Түрлі сайыстар өткізіліп отырады және ол жерде құсбегілікпен айналысатын жастардың көптігін байқаймын. Осы өнерді дәріптейтін көптеген бағдарламалар түсіріліп те жатыр.

Мені әуесқой құсбегі ретінде «Өлкетану» пәні бойынша 5-7-сыныптарға арналған мектеп бағдарламасына кіргізді. Осы іс-шараның аясында Малика екеуміз кездесулерге бардық. Малика кездесуде «Мен жастардың осы ежелгі төл өнеріміз – құсбегілікке деген қызығушылықтарын оятқым келеді. Менің ойымша, ұлттық құндылықтарды жастайынан бағалап өскен адамның ұлттық рухы биік болады» деген болатын.

Осы ретте қала мектептері тарапынан қызығушылық танытып, біздің құстарды, тазыларды ұстайтын шаруашылығымызға экскурсия ұйымдастыру туралы ұсыныстар келіп түсуде. Біз ұсынысты жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз.

WhatsApp Image 2019-06-13 at 14.49.19.jpeg

— Ал енді құсбегілік өнерінің өрбуі болашақта қалай болады? Сіздің ойыңыз.

— Әрине бұл өнердің болашағы зор екеніне сенімдімін. Біріншіден, бұл біздің атадан балаға мұра болған төл өнеріміз. Екіншіден, ғасырдан ғасырға жалғасын тауып келе жатқан өнерімізді қаймағы бұзылмаған қаз қалпында келер ұрпаққа жеткізу біздің асыл мұратымыз.

Құсбегілердің арасында талантты құсбегілер барда, өнеріміз өшпейді, құны кемімейді. Бұл тұрғыда Маңғыстау өңірінің құсбегісі Арон Оспанғалиев сияқты азаматтарымыз көп еңбектеніп жүр.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық құндылықтармызды жаңғыртуға ерекше мән беріліп отыр, ал саятшылық өнер ұлттық құндылықтарымыздың бірі емес пе?! Тағы айта кететін бір жайт, аңшылық туризм соңғы жылдары дүние жүзіне танылып, қарқынды дамып келе жатқан экологиялық туризмнің бір түрі. Ал саятшылық, аңшылық туризмнің ажырамас бір бөлігі. Сондықтан саятшылық өнерге деген қызығушылық арта түспесе, кемімейді деп ойламаймын.

Ал енді менің өзім ес білгелі әулиетімізде құсбегілікпен айналысатын адамды естіп, білген емеспін. Алайда мен қазір осы жолда жүрмін. Маған бұл қызық. Құсбегілікпен құр әуестеніп қоймай, өзімді осы бағыттан тапқан сияқтымын. Ондай болса, бұл өнердің болашағы зор екені күмәнсіз.

— Әңгімеңізге рақмет.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға