Жаңалықтар

Руслан Курбанов Олимпиада жолдамасын команда ұзақ күткенін айтты

Руслан Курбанов Олимпиада жолдамасын команда ұзақ күткенін айтты
Фото: Olympic.kz 25.03.2024 11:51 585

Руслан Курбанов 2024 жылғы Париж Олимпиадасына тарихи жолдама жеңіп алған семсерлесуден Қазақстан командасының мүшесі. Ол Тбилисидегі әлем кубогі кезеңінде командалық сында қола жүлдегер атанса, жекелей жарыста бесінші орынға тұрақтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

«Құттықтап жатқан жанкүйерлерге көп рахмет. Бұл Қазақстанның үлкен жеңісі. Осы бір тарихи нәтижеге қол жеткізу үшін біздің команда талай жылды артта қалдырды. Ал игі істің бастамасы Стамбулдағы әлем кубогінде басталды. Сол сында біз бірінші орын иелендік. Әр жарыс сайын өз мақсатымызға қадам басып, тұрақтылықты сақтап, нәтижемізді жақсарта түстік. Сондықтан, бүгінгі жолдама кездейсоқ емес, бұл  - заңдылық. Мұның астарында үлкен еңбек жатыр. Кореялық команданың қандай нәтиже көрсетеріне қарамастан, біз бұл турнирге үлкен міндетпен келдік. Басты мақсатымыз – Олимпиада ойындарына жолдама алу еді. Екінші мақсатымыз медаль болды. Бұл команданың әлемдік рейтингтегі орнын нығайту үшін қажет. Әсіресе, Жапониямен өткен кездесу стратегиялық тұрғыдан маңызды  саналды. Өйткені, жапондықтар Токиодағы Олимпиада ойындарында топ жарды. Біз де олармен талай рет кездесіп, бір ұпаймен ұтылып жүрдік. Сондықтан, дәл осылай 15 ұпай айырмасымен жеңіске жету маңызды болды. Біз 45:30 есебімен ұттық.  Бүгін бірнеше маңызды стратегиялық сәттер болғанын атап өткім келеді, - деді ол.

Оның айтуынша, командалық сында Олимпиадаға лицензия алу .ұзақ жылдар бойы күткен жетістік болып отыр.

Қазіргі көңіл-күйімді сөзбен сипаттау қиын. Команда түгел қуанып жатыр, себебі, тарихи жетістік екенін жақсы біоеді. Десе де, босаңсуға болмайды. Мұны да жақсы түсінеміз. Алда ауқымды жұмыс күтуде. Содан соң, Олимпиада ойындарында абыроймен ел намысын қорғасақ дейміз. Екінші маңызды сәт – жапондықтарды жеңгеніміз. Осы бір асуды алып, кедергіден өту керек  болды. Біздің қолымыздан келеді екен, жеңдік. Үшіншісі – іріктеу кезеңін абыроймен аяқтау. Әлем кубогінің соңғы кезеңінен соң үйге медалімізді тағып, маңызды міндетімізді орындап қайту керек еді. Өзімнің нәтижеме келер болсам, кішкене қиындықтар барын байқаған шығарсыздар. Үлкен жұмыстар атқарылды. Жаттығу кезеңіне өзгеріс енгіздік, төзімділік пен техниканы арттыруға күш салдық. Мұның бәрі жемісін берді. Бір күн бұрын көрсеткен нәтижем менің өз бабына еніп келе жатқанымды көрсетеді. Қалай айтсақ да, Олимпиада ойындарының қарсаңында тынымсыз еңбек күтіп тұр. Жетілдіретін тұстар қашан да табылады, себебі, қарсыластар да әртүрлі. Ешкім де оңай беріле салмайды. Әсіреме, топ-16 қатарында болсаң, тек мықты әрі тәжірибелі спортшылармен кездесесің. Тіпті, кейбір спортшылардың қай жағынан шығарыңды білмейсің. Бәрі де мықты болуға тырысып жатыр. Сондықтан, біздің жұмысымыздың шені жоқ. Психологиялық тұрғыдан да, физикалық жағынан да жұмыс істеудеміз. Алдағы уақытта біз физикалық бабымыз бен төзімділікті жақсартып, белгілі бір техникалық жайттарды жетілдіру үшін жаттығу жиынына қатысуды жоспарлап отырмыз. Әлем кубогінің соңғы кезеңі айтарлықтай қиын болды. Барлық  қарсылас мықты. Көпшілігі олимпиада лицензиясын сарапқа салды. Сондықтан бір секундқа да босаңсуға болмайтын еді. Кейбір матчтарды қиын, ал енді бірін оңай деп айтпаймын. Қарсыласты бағаламаудың кесірі көп. Біз барлық сәтті бағамдадық. Турнир кезінде қарсыластарды зерттеу арқылы да үлкен жұмыс тындырдық. Командадағы бапкерлер, дәрігерлер мен массажшылардың да еңбегі зор. Команда жеңіске жетер жолда ауызбіршіліктен айнымады. Бұл біздің ортақ жеңісіміз, - деді Курбанов. 

Айта кетелік, семсерлесуден Қазақстан командасы рейтинг бойынша Азияда бірінші орын иеленіп, Олимпиадаға жолдама алды. Ал құрлық  үздіктерінің бірі әлем кубогінің нәтижесі бойынша Парижге тікелей жолдама алған болатын. 

Шпагашылардың бұл жолдамасы тарихи жолдама саналады. Бұған дейін Қазақстан командасы жазғы ойындарға толық құраммен қатыспаған. Олимпиада жолдамасын Руслан Курбанов, Вадим Шарлаимов, Эльмир Алимжанов, Ерлік Сертай жеңіп алды.

Әлем кубогінің қола медалі үшін таласта Қазақстан Италияны жеңді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға