Жаңалықтар

«Run for autism» марафонынан түскен 6 миллион теңге инклюзивті білім беруді дамытуға аударылады

«Run for autism» марафонынан түскен 6 миллион теңге инклюзивті білім беруді дамытуға аударылады
Фото: © pixabay.com 29.04.2023 10:41 1005

Астанада Триатлон паркте «Run for autism» қайырымдылық жүгіру жарысы аяқталып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Марафон дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпаратты тарату күніне орайластырылып өткізіліп отыр.

Жарыс 1, 2,5, 5 және 10 шақырым қашықтықтары бойынша өтті. Қайырымдылық марафонына барлығы 940 адам қатысты. 10 км бойынша 282 адам, 5 км бойынша 324 адам, 2,4 км бойынша 171 адам, 1 км бойынша 163 адам. Қайырымдылық шарасынан барлығы 6 миллион теңге жинақталды. Марафонға Астана, Қарағанды, Павлодар, Теміртау, Семей қалалары тұрғындары қатысты.

Астаналық 29 жастағы кәсіпкер Әділет Бақытжанның айтуынша, жарыс көңілді өткен.

Көңіл-күй тамаша. 5 км қашықтықты бағындырдым. Алғашқы 1 км-де шаршап қалдым. Сосын үйренісе бастадым. Бірінші рет қатысып тұрмын. Осындай қайырымдылық марафоны көптеп ұйымдастырылса, жақсы болар еді. Бір жағынан денсаулыққа пайдалы, екінші жағынан қайырымдылыққа үлес қосасың, - деді қатысушы.

Сондай-ақ аутизмге шалдыққан 16 бала жарыста бақ сынады. Солардың бірі - 16 жастағы Мәди Әйіпов. Ол ата-анасымен бірге 2,5 км жүгірді. Мәдидің әкесі Мейірхан Әйіповтің айтуынша, іс-шара үміт сыйлайды.

Бұл аутизмі бар балаларға арналған алғашқы қайырымдылық марафон. Осы іс-шараның арқасында қоғам аутизмі бар балалар туралы көбірек білетін болады. Қайырымдылық марафон ата-аналардың балаларын спортқа баулуға ұмтылдырады. Салауатты өмір салтына ынталандырады. Мәди жүзумен белсенді айналысады, -деді ол.

Қайырымдылық жүгіріс шегінде аутизм және дамуында басқа ерекшеліктері бар балалар «Көңілді старттар» ойын-сауық эстафетасына қатысты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға