Жаңалықтар

Румыния күнделігі. Плоешти

Ұлттық Құраманың Румыниядағы ойынына орай Аршат Ораздың Плоешти қаласына сапарынан әсері
Румыния күнделігі. Плоешти
Фото: Аршат Ораз 05.10.2017 14:44 3400

Футболдан Қазақстан Ұлттық Құрамасымен бірге Румынияның Плоешти қаласына келдім. Журналистер пулындағы жалғыз блогермін. Матчқа 2 күн бұрын келгендіктен қаланы аралауға әлбетте уақытым болды. Сонымен Қазақстан Ұлттық Құрамасы қонаққа келген Плоешти қаласымен танысайық.

Плоешти - Румынияның оңтүстігінде орналасқан, 190 мың халқы бар шағын қала. Халқының басым бөлігі румындар және сығандар, аз мөлшерде украиндер, еврейлер, түріктер бар. Румынияның негізгі мұнай орталығы. Сондай-ақ ауылшаруашылығымен, әсіресе жүзім өсірумен айналысады.

Плоештиде қазір нағыз күз мезгілі. Жапырақтармен қатар каштандар да төгіліп жатыр.

Халық аз болғанымен, тротуарлары кең және арнайы веложол да бар.

Қоғамдық көлік қатарында троллейбустар да бар. Ақысын смарткарталар арқылы төлейді, ал оларды толтыратын терминалдар әр аялдамада тұр. Күн энергиясы бұрыннан қолданыста сияқты.

Шағын қалада 4 радио бар. Румындар радионы жиі тыңдайды екен.

Шағын дүкендер және ломбардтар көп. Сондай-ақ стриптиз, түнгі клубтар да көп кездеседі.

Румыния - Еуроодаққа мүше ел. Сонысымен мақтанатын да сияқты. Өз триколорымен бірге ЕО туларын да іліп қояды ресми жерлерге.

Бұл жақта да дөнер мен шаурма көп. Бәсекелес 2 саяси партияның кеңселері қатар тұр.

Румын туы және тарихи тұлғалар бюсттері жиі кездеседі.

Парктегі мына ескерткіштегі әйел де танымал тұлға болса керек. Ар жағында зейнеткерлер үстел ойындарын ойнап отыр.

Түркияда танымал Окей ойынын мұнда да ойнайды екен.

Кітап және оқулық базары.

Танымал фастфудтар бұл қалада жиі кездеседі.

Қалада шіркеулер көп. Румындар діндар халық, 90% православ христиандар. Шіркеу жанынан 3 рет шоқынып өтеді.

Мұнайлы қалада қымбат қонақүйлер көп. Жолдар кең. Көшелерде мемлекеттік бағдарлама билбордтары кездеспейді. Тек жарнамалар.

Тарихи ғимараттар көп. Жаңа ғимараттар да қаланың архитектуралық дизайнын бұзбай, 18-19 ғасыр стилінде салынған.

Илие Оане стадионы. 15000 адам сияды. Жергілікті Петролул (Мұнайшы) командасы ойнайтын стадион. Қаржылық қиындықтарға байланысты клуб 2 жыл бұрын 4-лигаға түскен. Биыл 3-лигада. 2019-да жоғары лигаға оралмақшы. Румын Футбол Федерациясы бұл клубқа моральдық көмек ретінде Ұлттық Құрама матчын осы стадионда өткізуді ұйғарған екен. Матч билеттері 1500-4000 теңге аралығында, ВИП орындар 26 мың ₸. Барлық билеттер сатылып кеткен. Бірақ көшеде еш жерде матч афишалары жоқ. Жергілікті халық футболға аса қызықпайтын сияқты.

Румыния және Қазақстан құрамаларының матчы бүгін Астана уақытымен 00:45-те басталады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға