Жаңалықтар

Рудныйдағы жалғыз травматология пункті жабылуы мүмкін

Рудныйдағы жалғыз травматология пункті жабылуы мүмкін
Фото: ©El.kz/Марат АМИРОВ 14.07.2023 16:40 897

Рудный қалалық ауруханасы кредиторлық берешекті арттырып, травматологиялық пункт қызметін ұстап жатқанына алтыншы ай болды. Бұған ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қаңтар айынан бастап халық саны 150 мыңнан аз елді мекендер жарақат пунктінің қызметін жүргізе алмайтыны жөнінде стандарты себеп болды. Бейінді ведомствоның қағазға жазылған, бірақ іс жүзінде пысықталмаған стандарты кеншілер қаласын травматология пунктінен айыруы мүмкін. Бұл жайында қалалық аурухананың бас дәрігері Талғат Қайкенов айтып берді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Қазақпараттың хабарлауынша, денсаулық сақтау министрлігінің ойластырылмаған нормативтері бүгінде халықтың наразылығын тудырды. Әзірге Рудныйдағы травматологиялық пункт жұмыс істеп тұр, бірақ ол кез келген уақытта жабылуы мүмкін. Себебі, оны аурухананың өз қаражаты есебінен ұстап, кредиторлық берешекті ұлғайту тиімді емес, деп атап өтті Қайкенов.

2022 жылдың шілдесінде Денсаулық сақтау министрлігі халық саны 150 мың адамнан аз елді мекендерде травматологиялық көмек көрсету стандарты бойынша травмпунктер жұмыс істемейтіні туралы бұйрық шығарды. 1 қаңтардан бастап бізде қаржыландыру, қабылдау бөлмесі арқылы балама қаржыландыру да жоқ. 6 айға жуық уақыт травматология пунктін өз қаражатымызға ұстап отырмыз. Мен оны жаба алмаймын. Онсыз қалай? Травматология пункт ұстауға орта есеппен 67-68 млн теңге жұмсалады, мұнда 16 адам жұмыс істейді. Бірақ оның жабылғанын тіпті елестете алмаймын. Себебі жылына 13 мың адамды қабылдаймыз, күніне 50-60 адам. Бұл адамдарға кім көмектеседі? Сонда олар көмек алу үшін Қостанайға баруы керек пе?,- дейді аурухананың бас дәрігері.

Осы арада мәселені шешуге қала әкімі тартылды, облыс әкімі, Қостанай облысының сенаторлары мен мәжілісмендері де бұл жағдайдан бейхабар емес.

Тіпті денсаулық сақтау вице-министрі В.Дудник бқл жерге травматологиялық көмек көрсету стандарттарын әзірлеушілерді жіберді.

Бірақ 6 ай ішінде мәселені ешкім алға тартып, шешкен жоқ.

Біз қаланың айналасында тіркелген халық көп екенін дәлелдейміз. Бізде стандарттағы 150 мың адам болу үшін 10 мыңға жуық адам жетпейді. 140 мың халық бар, одан көп жинай алмаймыз. Бізде жарақат алу қаупі бар ірі кәсіпорындар бар екенін түсіндіреміз. Қазір қалада 9 көпқабатты үй салынып жатыр, құрылыста көп адам жұмыс істейді. Сонымен қатар бізде Қостанай - Ақтөбе тасжолы бар. Қиын жағдай орын алса, адамдар қайда барады? Осы сұрақтардың бәрін әр уақытта көтеріп, дәлелдеп жүрміз. Ал шешім жоқ, - деп атап өтті Т. Қайкенов.

Айта кетейік, травматологиялық көмек көрсету стандартын әзірлеушілер Рудныйда тіркелген халық саны мен жарақат алу қаупі бар кәсіпорындар көптігін ескере отырып, қалаға травмпункт қажет екендігімен келіскен.

Алайда оны ұстауға қаржы әлі күнге дейін бөлінген жоқ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға