Рудныйда пара алған басшыға 33,3 млн теңге айыппұл салынды
«Тобыл-Торғай су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі бассейндік инспекциясы» РММ мемлекеттік бақылау бөлімінің басшысы сотталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Рудный қалалық соты «Тобыл – Торғай су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі бассейндік инспекциясы» РММ мемлекеттік бақылау бөлімінің басшысы С. Мұқашевке қатысты үкім шығарды.
Ол жоспарлы тексеру шеңберінде су заңнамасын бұзушылықтарды анықтау бойынша шаралар қолданбағаны үшін Рудный қаласының бау-бақша кооперативтерінің бірінің төрағасынан 1,1 млн теңге сомасында пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.
Сот үкімімен оған мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 33,3 млн теңге сомасына айыппұл түрінде жаза тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енді.
ҚР ҚК 41-бабына сәйкес айыппұл белгіленген мерзімде төленбеген жағдайда жаза шарасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылады.