Ақбасовтар отбасы – кәсіпкерлер кеніші

El.kz порталы ұлттық «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық жеңімпаздарын таныстыруын жалғастырады.

Бүгін біз Алматы облысының жеңімпаздары Ақбасовтар әулеті жайлы әңгімелейтін боламыз. Үйдің отағасы Баясыл Ақбасов – Кербұлақ ауданының «Құрметті азаматы». Өз ортасына сыйлы, жастарға үлгі болып жүрген отағасының жүрегі кең, қолы ашық. Ал отанасы Ғалия Ниязқызы саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған, білім мен тәрбие ошақтарында басшылық қызметте болған өнегелі ана, тәжірибелі ұстаз, білікті педагог. Биыл ерен еңбегі еленіп Кербұлақ ауданының "Құрметті азаматы" атағына қол жеткізіпті.

Алғашқы таныстық

Олардың таныстығы 1976 жылы орын алыпты. Ғалия Ниязқызы оқитын Қарашоқы орта мектебінде студенттер мен оқушылар арасында кездесу ұйымдастырылған екен.

 10-сыныпта оқып жүрген кезім. Ақпан айында студенттермен кездесу өткізетін болдық. Бұл кештің өтуіне тікелей ат салысып, басы-қасында жүрдім. Шараға жоғары оқу орнында білім алып жүрген Баясыл ағаң да келіпті. Оған кеш барысында сөз сөйлейтінін ескертіп, дайын отыруын өтіндім, – деп еске алады Ғалия Ниязқызы.

Бұл таныстықтың арты үлкен махаббатқа ұласатынын ешкім болжамаса керек. 1978 жылдың 13 мамырында екі жас отау құрады.

 – Ғалиядай жаны жайсаң, жүрегі жұмсақ жанды жолықтырғаныма Жаратушыға сансыз шүкір, – дейді отағасы.

Берекеге толған шаңырақтың беріктігінің құпиясын Ғалия Ниязқызы былай түсіндіреді:

Шүкір, біздің көтерген шаңырақтың шайқалмай, іргесінің сөгілмей келе жатқанына 41 жыл толыпты. «Оның басты кілті не?» десеңіз, «сабырлылық!» деп жауап берер едім. Отбасы болған соң, ыдыс-аяқ сылдырламай, жақсы-жаманды кикілжің болмай тұрмайды. Бірақ, Алла сақтасын, бет жұлысып, жаға жыртысып көрмедік. Қатты ренжісем қағаз алып, барлық өкпе-назымды соған түсіремін де ағаңның кастюмінің төс қалтасына салып қоятын едім. Оны оқып-оқымағанын түскі асқа келгенде, қарап көремін.  Сол үндемей қойған уақытта отағасы әдейі үйге қонақ шақырып, «келініңіз үндемей қалды» деп, әңгіме арасына менің бұлтиып жүргенімді қосып жіберетін. Ал мен болсам, «жоқ, ештеңе болған жоқ, бәрі дұрыс» деп жуып-шаюмен боламын. Солай, ренішімді өзім де ұмытып кетемін. Жалпы, жайсыз жағдай туындағанда әйел адам үндемей қалса, ері де әріге бармайды ғой. Өзім айтып өткендей, сабырлылық пен хат жазудың арқасында осы күнге жетіп отырмыз.

Баясыл Ерасылұлы әр жылдары Кербұлақ аудандық Комсомол комитетінің бірінші хатшысы секілді біраз қызметтерді абыроймен атқарған. Ал Ғалия Нияқызы 1979-2017 жылдар аралығында білім ұяларында талмай қызмет етті.

Кәсіп пен қайырымдылық

Бұл отбасының кәсіпкерлікке бет бұрғанына көп те уақыт өтпеген. 2015 жылы «Ақбасов ИП» құрылып, келесі жылы «Майтөбе-Ет» ауылшаруашылық өнімдерін өндіру комбинаты болып өзгереді. Қазір бұл өндіріс орнында 35 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал Баясыл Ерасылұлының бастамасымен құрылған әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында 40 отбасы мемлекеттен 100 млн несие алып мал бордақылап, "Майтөбе-Ет" комбинатына өткізіп, кіші кәсіппен айналысуға мүмкіндік алған. 

– Жылына 900 ірі қара мал бордақылап, 450-500 тонна ет пен 19-20 тонна шұжық өнімдерін аламыз, – дейді коператив төрағасы Баясыл Ерасылұлы.

Кәсіпкерліктің ырысын тасытып, берекелі еткен іс – қайырымдылықпен тікелей байланысты болар деп ойладық. Себебі, Ақбасовтар отбасы үш жылдан бері, жағдайы төмен жанұялардың жағдайына қарасып келеді.

2017-2018 жылдары балаларды қорғау күніне орай олар екі мың бүлдіршінге сыйлық үлестірген. 2017 жылы үш отбасыға әрқайсысы 60  m² болатын тұрғын үй салып, жиһаздармен толтырып, кілтін табыстапты. Өткен жылы тағы екі отбасыға дайын баспананы сатып әперіпті. Ал биыл Баясыл Ерасылұлы 1 маусым балаларды қорғау күніне орай, қарамағындағы жұмысшылардың 35 ұл-қызына 15 мың теңгеден ақша үлестірген. Сонымен қоса, мерекелік дастархан жайылып, көңіл көтеретін ойындар ұйымдастырылып, өз өнерін ортаға салған балалар бағалы сыйлықтармен марапатталған. Ал одан бір күн бұрын Ақбасовтар Талдықорған қаласындағы мүмкіндігі шектеулі балалар мекемесіне барып, қаржылай қолдау көрсетіп, әр тоқсандық сайын бір қара мал беріп тұру міндетін мойнына алып қайтқан екен. Одан бөлек корпоративте қызмет етушілердің отбасылары жыл сайын көмір, азық-түлекпен тұрақты түрде қамтамасыз етіледі. 3-4 адамға емдеу-сауықтыру орындарына жолдама беріледі.  

– Аналар кеңесінің төрайымы ретінде қыз-келіншектер арасында түрлі байқаулар өткізіп тұрамын. Мәселен, 2017 жылы «Ару ажары –  бұрым» сайысын ұйымдастырып, қатысушыларға берілер марапаттардың барлығын өзіміз көтердік.  Ал өткен жылы нәзікжандылардың мейрамына орайластырып, «Анаға тағзым» кешін өткізіп, жергілікті ана-әжелерге ақ орамал жауып, марапаттаған едік. Сол сияқты жыл сайын 70-80 жанның басын қосып, Ұлыстың ұлы күнінде ақ дастархан жайып, наурыз көже таратамыз. Бұл игі шараларды жыл сайын тұрақты түрде өткізуді мақсат тұтып отырмын, – дейді Ғалия Ниязқызы.

Ал осы жылдың 1 наурызында ұлттық құндылықтарымызды жас қыз-келіндерге көрсету мақсатында «Ою-өрнек ұлтық келбет» деп аталатын үлкен шара өткен. Ғалия Ниязқызы Ә.Сарыбаев атындағы мәдениет үйінде ауылдағы барлық ақ жаулықты әжелердің басын қосып, қазақ халқының әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрі дәріптелген қызықты кештің ұйытқысы болған. Ілгеріде аталған шаралардан бөлек, «Ақ орамал», «Қазақ қызы қайдасың?», «Мұны әрбір қазақ білуі тиіс», «Әйел әлемі – әдемі» және тағы басқа көптеген тәрбиелік мәні зор акциялар мен байқаулар ұйымдастырылып тұрады.  

Ақбасовтар әулиетінде «үлкенге  – ізет, кішіге – құрмет» деген жазылмаған қағида сақталған. Сонымен қатар, бұл отбасында қазақы дәстүрдің иісі аңқып тұрады.

– Халқымызға, дінімізге тән салттарды сақтап, балалар мен немерелердің құлағына құйып келеміз, – дейді үй үлкендері.

Баясыл мен Ғалия Ақбасовтар 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірді. Олардың барлығы да жоғары білімді. Нәзира медициналық училищені тәмамдаса, Айдос пен Нұрлан тиісінше, М.Тынышпаев атындағы көлік және коммуникация академиясы мен Ө.Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясын аяқтаған. Ал Назгүл Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетін бітірген. Үйдің кенжесі Елдос Орталық Азия университетінде заңгер мамандығы бойынша дәріс алған. Айдос пен Нұрлан мемлекеттік жұмыстардан соң, әке ізін жалғау үшін кәсіпкерлікке ден қояды. Айтпақшы, олар да жыл сайын қайырымдылық шараларын өткізіп, жағдайы төмен отбасы балаларын мектепке қажетті құрал-жабдық, киім-кешекпен қамтамасыз етіп келеді.

Қырық жылға созылған ұстаздық ғұмыр

Ғалия Ниязқызы еңбек жолы бастауыш сыныптарына дәріс беруден басталғанын айтады.  

– Ең бірінші тәлім берген шәкірттерім өткен жылы мектеп бітіргендеріне 30 жыл толуына орай, мені қонаққа шақырды. Оларды көріп бір марқайып қалғаным рас. Кейбірі докторлық қорғап, биік жетістіктерге жетіп жүр екен. Сол кездесуде ұстаз деген аттың ұлы екенін сезініп, өмірімді осы салаға арнағаныма шын қуанып қайттым.

2000 жылы білікті педагог "Жетісудің майталман ұстазы - 2000" облыстық байқауында бас жүлдені жеңіп алып, республикалық сынға жолдама алады. БҚО, Орал қаласында жер-жердегі үздік білім берушілердің басын қосқан "Қазақстан жыл мұғалімі-2000" байқауында Ғалия Ниязқызы "Қазақ дәстүрін насихаттаушы" номинациясын иеленіп, білім жəне ғылым қызметкерлерінің І съезінің делегаты болып, Елбасы Н.Назарбаевпен кездесіп қайтқан.

Қоғалы орта мектебін  9 жыл басқарған тұста, Ғалия Ниязқызы біліммен қатар, салауатты өмір салтына да көп көңіл бөлген.  

– Мектепте дзюдо, еркін күрес пен бокс үйірмелері болды. Онда жаттыққан оқушыларым республикалық, халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрді. Сонымен қатар, «Балдәурен» би үйірмесі де жұмыс жасады.

Қазір дүниеден озған хореограф Зәмзәгүл Шынқожанованың арқасында Қоғалының мың бұралған бишілері Сара Назарбаева құрған «Бөбек» қорының 10 жылдығына орай, Республика сарайында өнер көрсеткен екен. Директорлықтан соң, Ғалия Ниязқызы Кербұлақ аудандық білім бөлімінің басшылық қызметіне тағайындалады.

– Ол қызметтен кейін, 215 орындық «Балдырған» бөбекжай балабақшасын жеті жыл басқарып, 2017 жылы зейнеткерлікке шықтым.

«Отбасы берік болғанда ғана баланың тәрбиесінде оң өзгеріс болады» дейді ұстаз. Кейде балаларымен қоса, ата-аналарына да ақыл-кеңесін аямайтын мейірімге толы жанның арқасында 70 шаңырақ ортасына түсуден аман қалған. Жалғызбасты көпбалалы аналардың жұмыссыз қалмауын басты назарда ұстаған Ғалия Ниязқызы олардың тұрмыстық ахуалына да аса мән беріп отырыпты.

Қазіргі жас ұстаздарға өз мамандығын жан-тәнімен сүю жетіспейтін сияқты. Педагогтардың жұмысы аса қиындап кеткендіктен бе, жалақысының төмендігінен бе, басқа салаға ауысып кететіндер көптеп кездеседі. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары жалақы ұзақ кешігіп жатқанда, бала-шағаны асырау мақсатында ала дорба арқалап кеткен мұғалімдер көп болды. Мен өз кәсібімді сүйгенідктен , ешқандай қиындыққа қарамай, мектеп қабырғасында әрі қарай балаларға дәріс беріп жүре бердім, – дейді ұлағатты ұстаз.

Жиырма жылдан бері Ғалия Ниязқызы аудандық, облыстық, республикалық басылымдарға үзбей мақала жариялап келеді.  Олардың қатарында Нұрғиса Тілендиевке арналған «Алыптар алыстан да көрінеді», 2001 жылы Елбасы Н.Назарбаевпен кездесуден кейін туындаған «Елбасымен ой-толғау» атты мақалалар бар.

Жас Ақбасовтар отбасы Нұрғиса Тілендиевті қалай емдеді?

Ақбасовтар әулиеті әйгілі композитор Нұрғиса Тілендиевпен достық қарым-қатынаста болған. Олардың таныстығы алыс 1985 жылдан басталыпты. Баясыл Ерасылұлы Кербұлақ аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшы қызметін атқарып жүргенде, аты елге тараған күйші осы ауданға концерт қою мақсатында келеді де, жас Ақбасовтар отбасымен араласып кетеді.

– 1995 жылы Нұрғиса ағамыз  Қоғалыға келіп түсті. Қадірлі қонақтың құрметіне, қой сойып, үй тіктік. Содан ол кісі ойламаған жерден ауырып қалды. Біз ауылдық дәрігер шақырайық десек, ағамыз: «Маған ауылдық дәрігер қажет емес, облыс орталығынан білікті маман керек» деп, көне қоймады. Талдықорғаннан арнайы дәрігер алдыра салатын жағдайымыз да жоқ. Ол бір қиын-қыстау шақ еді. Сонымен, «не істемек керек?» деп тосылдық та қалдық. Дереу Қоғалы ауруханасының бас дәрігеріне барып, мән-жайды түсіндіріп, шамамен 1-1,5 сағатта (Талдықорғаннан  біздің ауылға жету үшін шамамен осындай уақыт кетеді) үйге дәрі-дәрмектерін алып, жедел жәрдем көлігімен келуін өтіндік. Олар айтқан уақытта жедел жәрдем көлігімен гуілдеп отырып, жетіп келді. Нұрғиса ағамыз теріс қарап жатыр екен. Талдықорғаннан келгендерін айтқан дәрігерлерге сеніп, укол-системасын қабылдады да, аяғынан тұрды. Осылайша, қазақтың біртума тұлғасын алдағанымыз бар. Нұрғиса ағамыз мені «Сарыпұшық» дейтін. Кетер кезінде есіктің аузында тұрған маған «ал, Сарыпұшық, ұл тап» деп кеткен еді. Киелі адамның аузы да дуалы болады-ау! Осылайша, 1996 жылы 12 қазанда өмірге Елдосты алып келдім.

Жас отбасыларға кеңес

«Бірінші кезекте, жастар бірін-бірі бағалай білуі керек. Сабырлылықты серік етсе, шаңырақтары шайқалмайды. Сонымен қатар,  ашу-дұшпан екенін әркез естен шығармағандары абзал». Бұл – өнегелі ұрпақ тәрбиелеп отырған жандардың жастарға айтар ақылы.  

Партнёры