Шизофрения: емдеу, оңалту, алдын алу

Ақыл-есі кем жандар еңбекке қабілетті 

«Елімізде шизофрениямен ауыратын әйел туған балаларын асып өлтірген. Психикасында кемшілігі бар азамат өз-өзіне қол салды». Дәл осындай жағдайлар елімізде жиі орын алады. Бұл ненің әсерінен? Сырқаты асқынған адамды айықтырудың жолы қандай? Қазір шизофренияға шалдыққандарды емдеудің тың әдістері бар ма? Жауыздық жасауға кім немесе не итермелейді? Осы сынды сауалдарға El.kz интернет-жобасы жауап іздеп көрді. 

Таныстарыңыздың арасында шизофрениямен ауыратын адамдар болмаса да, сіз оның белгілері туралы білетін боларсыз?! Алайда аталмыш ауру жайында кинодан көргеніңіз бен естігеніңіздің бәрін ақиқат деп қалмаңыз. Расында, сырқат сыр берген кезде галлюцинация мен сандырақтау, ойға қонымсыз сөздер айту, адамдарға шабуылдау сияқты белгілер болады. Бірақ бұл уақыт емдейтін дерт. Дер кезінде емдеу шаралары жасалып, ұдайы дәрілік препараттарды қабылдау аталған аурудан айығудың жалғыз жолы. Ақхалаттылардың сөзіне сенсек, шизофренияға шалдыққандардың көбісі үй жағдайында дәрігер тағайындаған дәрілерді ішпейді. Соның салдарынан науқастар психикасындағы бұзылыстар жиі қайталанып тұрады.

Ауру неден пайда болады?

Сырқаттың нақты неден пайда болатынын тап басып айту қиын. Түрлі келеңсіздіктер мен қиындықтар адамның жүйке жүйесіне залалын тигізіп, соның салдарынан ауытқу байқалуы мүмкін. Десе де, шизофрения мен генетика арасындағы тығыз байланыс бар. Бұны ғылым да дәлелдеген. Егер отбасында, туыстар арасында бірінші дәрежелі шизофрениямен ауыру жағдайлары тіркелсе, онда шартты түрде отбасының басқа мүшелерінде ауытқудың даму қаупі туындайды. Сонымен бірге, шизофренияның пайда болуы созылмалы стресспен де байланысты. Әсіресе, халық емі мен бақсы-балгерлер жағалап кететіндер ауруды асқындырып алады.

– Бізде халықтың психикалық бұзылыстарға деген көзқарасы қиын. Мәселен, баласының бойында осындай олқылықты байқаған ата-ана бірінші кезекте халық емшілеріне жүгінеді. Бұл өзі стрессте немесе жүйкесі жұқарып тұрған науқастың жағдайын одан әрі нашарлатып жібереді. Жалпы, психикалық ауруларды дәрігердің нұсқауынсыз емдеуге болмайды. Рас. Психикалық бұзылыстарды емдейтін ауруханалардан ем алған науқастардың тіркеуде болатындығы түсінікті. Бұл келешек үшін, дәлірек айтсақ жұмысқа орналасу барысында қиындықтар туғызуы ықтимал. Сондықтан көпшілік мұндай ауруханалар көмегіне жүгінуден қашады. Бірақ есепке қоюдың да өз заңдылықтары бар. Науқаста бұл дерт алғаш рет болса немесе енді қайталанбайтындығына дәрігерлер көз жеткізіп тұрса онда тіркеуге қойылмайды. Әрине, бұған да нақты кепілдік жоқ. Бұны комиссия шешім шығарғаннан кейін ғана білуге болады, - деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ШЖҚ «Психикалық денсаулық медициналық орталығы» МКК-ның №4 Ерлер бөлімінің меңгерушісі Айнұр Изекешова.

Шизофрениядан сақтанудың нақты тұжырымы жоқ. Дегенмен, дәрігерлер аталған ауруға душар ететін негізі факторларды былай жіктейді:

● Бала туу кезінде миға әсер ететін вирустық инфекция;

● Ұрық гипоксиясы;

● Ай күні жетпей босану;

● Емізулі баланың вирусқа шалдығуы;

● Ата-анасынан айырылу немесе отбасынан бөліну;

● Тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан болатын физикалық және психикалық жарақат.

Емделмеген жағдайда не болады?

Көп жағдайда жүйкесі жұқарған, стресске бейім адамдардың дер кезінде ем алмауы шизофренияға шалдықтырады. Ал оның негізгі белгілері:

● Ұйқысыздық;

● Галлюцинация;

● Құбылмалы көңіл-күй;

● Сөйлеу мәнерінің өзгеруі;

● Эмоцияның нашарлауы;

● Тұлғалық қасиеттен айырылу;

● Суицид жасау.

Медициналық зерттеулерге қарағанда, осы патологиялар мен асқынулардың даму қарқыны кейінгі жылдары тез өсуде. Сондықтан дәрігерлік емнен бас тартпаған жөн. Сондай-ақ, адам бойындағы барлық процестерді ми басқарады. Сол ми жасушалары барлық ағзалар мен жүйелерден ақпарат алады, сосын сол ақпаратты талдайды, қажетті реакцияны жасайды және жүйке жасушалары арқылы дененің әртүрлі органдарына тиісті бұйрықтарды жібереді. Сол себепті миға аса үлкен жүк түсіруге болмайды. Кез-келген келеңсіздікті қалыпты қабылдап, одан шығудың ғана жолын іздеген дұрыс көрінеді.  

Шизофрения (кез-келген басқа психикалық бұзылулар сияқты) әртүрлі факторлардың жиынтығынан пайда болады. Бұл факторлар мидың белгілі бір бөліктеріндегі ақауларға және нейрондық байланыстардың бұзылуына әкеледі. Басқаша айтқанда, ми сіздің жүйке жүйесінің дұрыс жұмыс істеуі үшін «дұрыс» бұйрықтар беруді тоқтатады, бұл шизофренияға, содан кейін жоғарыда айтылған ауыр зардаптарға әкеледі.

– Шизофрения дертіне шалдыққандарға шетелдік және отандық дәрі-дәрмектер беріледі. Құтыларға бөліп, пациенттің қанша дәрі қабылдағанын біліп отырамыз. Мұндай, дәрілер өте күшті. Ауруы асқынып келгендер бір-екі күнде дәрінің әсерінен қалпына келе бастайды. Препарат науқасты өз-өзіне келтіріп, емдейді. Сонымен бірге, бұрынғыдай науқастың диагнозын ата-анасына жариялы түрде айтпайтынбыз. Қазір бұның бәрі ашық түрде айтылады. Себебі, шизофрениямен ауыратын адам шапшаң әрекет жасап, ойға келмейтін әрекеттерге баруы мүмкін. Бұл аурудың отбасының барлық жағдайларға дайын жүруі үшін айтылады. Әлгінде айтқанымдай, шизофренияға шалдыққандар өз-өздерін бақылауда ұстап, үнемі дені сау болып жүруі үшін дәрілерді үздіксіз қолдануы тиіс. Сонда ғана нәтиже болады. Бұндай дертке ұшырасқандар өздерінің мұндай кемшіліктерін мойындай бермейді. Сол себепті препараттарды ішпейді. Сондай кісілер бұл жерге 3-4 рет қайталап түседі,-дейді Айнұр Изекешова.

Шизофренияға шалдыққандар еңбекке жарамды

Алайда шизофренияға шалдығу келешек күмәнді деген сөз емес. Себебі, бұл дертпен күрескендер өзі қалаған арман мен мақсатқа жетіп жатыр. Мәселен, елімізде ақыл-есінде кемістігі бар тұлғаларды қоғамдық өмірге бейімдейтін мекеме бар. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Психикалық денсаулық медициналық орталығы» МКК жанында арнайы оңалту орталығы ашылған. Кәсіпорын психикалық ауытқуы бар, бірақ еңбекке қабілетті жандарды тігін тігу мен ағаштан қолөнер бұйымдарын жасау сияқты жұмыстарға бейімдейді. Мұнан бөлек, мейрамханаларда даяшы қызметтерін меңгертеді. Бүгінде аталған орталықта ем алып, қоғамдық орындарда жұмыс істеп жүргендер көп.

Қазақстандағы іргелі оқу орны Назарбаев университетінің асханасында психикалық ауытқуы бар 22 азамат даяшы және басқа да қызметтерді атқарады. Бұл осы білім ордасының студенті Мәулен Ахметтің жобасы. Ол азаматтардың қатарға қосылып, табыс табуына жәрдемдесіп келеді. Ал мемлекеттік мекеме биылғы жылы 3 азаматты ағаш ұстаханасына, 1 кісіні тігін цехына жұмысқа тұрғызған.

– Біздің тігін цехымыз жатын жайларға арнап арнайы көрпе мен қаптағыштар тігеді. Тауарларымыз аурухананың науқастарының жатын орындары үшін пайдаланылады. Сондай-ақ, жәрмеңкелер арқылы сатылымға шығарамыз. Кәсіби тігіншіден олардың ешқандай айырмасы жоқ. Сапалы әрі жақсы дүниелерді жасап шығарады, - дейді аталмыш орталықтың нұсқаушы бапкері Оксана Колесникова.

Ер азаматтардың басым бөлігі ұстаханада оқтау мен қамыр жаюға арналған заттарды дайындауға үйретіледі. Қазір оңалту орталығында 30-35-ке жуық науқас ағаш шеберханасында тәжірибеден өтуде.

– Науқастар шеберханадан ағаштан қандай дүние дайындағысы келсе де рұқсат. Бірақ оқтау мен тақтайшаны жасауды көбірек үйретеміз. Бұл жасауға жеңіл дүниелер. Айта кету керек, біз цехта науқастарды өздерінің қалауынсыз үйретпейміз. Кейде шеберханада бір ғана үйренуші келуі де мүмкін. Кейде мүлде адам болмайды. Бірақ ақыл-есінде кінәраты бар тұлғалардың қолынан шыққан бұйымдар ерекше. Мұны айтпай кетуге болмайды. Олар қарапайым адамдардан гөрі әлдеқайда қабілетті әрі құймақұлақ. Үйреткеніңді тез-ақ меңгеріп алатындары да болады. Бастапқыда бұған таңғалатынмын. Шыны керек, үйренушілер бұйымдары мінсіздігімен айрықша, - дейді ұстахана бапкері Сұлтан Аюпов.

Жалпы, оңалту орталығы 184 адамға лайықталған. Осынша науқасқа кәсіпорын қызмет көрсете алады. Оңалту орнының жәрдемін 160 адам алуда.

– Оңалту орталығының басты миссиясы емделушілерге жұмыс тауып беру де емес. Олардың қоғамнан оқшауланып қалуын болдырмау. Сондықтан да оларды қоғамдық орындарда жұмысқа орналастыруға көбірек көңіл бөлеміз. Әрине, олардың тапқан табысы жоғары болмауы мүмкін. Бірақ кез-келген азаматқа төленетін жалақы оларға да төленеді. Орталық олардың қызмет барысында жапа шекпеуін үздіксіз бақылауда ұстайды, - дейді орталықтың әлеуметтік-психологиялық оңалту бөлімінің меңгерушісі Айжан Кайргелдинова.

Әлемде шығармашылық адамдарының көбісі шизофренияға шалдыққан. Зерттеулерге қарағанда сөз қадірін білетін ақындар мен жазушылардың 25%-ы, ал суретшілердің 30%-ке жуығы осы дертке душар болған. Өзінің шығармашылық жолындағы үлкен жетістіктеріне аталмыш ауруға шалдыққаннан кейін қол жеткізгендер де көп. Мәселен, нидерландық қыл қалам шебері Винсент Ван Гог өзінің картиналарын осы сырқатқа ұшырасқанда көбірек салған, ал орыстың атақты жазушысы Николай Васильевич Гоголь галлюцинацияларды жиі бастан өткізгенін көпшілік біледі. Сондықтан бұл дертке шалдыққандарға шошына қараудан гөрі, жәрдемдескен жөн. Бірақ өз қауіпсіздігіңізді де басты назарда ұстаңыз.

#Шизофрения #ақыл-есі #психикалық ауытқу

Похожие материалы