Кезектен тыс президент сайлауы өтеді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс президенттік сайлау 9 маусым өтетінін мәлімдеді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Қазақстан халқына үндеуінде 2019 жылғы 9 маусым күні президент сайлауы өтетінін мәлімдеді. "Мен бұл жауапты шешім бойынша Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен ақылдастым. Парламенттің қос палата спикерімен, Премьер-Министрмен кеңестім. Конституциялық Кеңестің келісіміне жүгіндім. Парламенттегі партия жетекшілерімен кездестім. Кезектен тыс сайлау туралы шешім қабылдау – өте маңызды әрі қажетті қадам", - деді мемлекет басшысы. 

9 маусым өтетін президенттік сайлауға Президент әр қазақстандық барынша жауапкершілікпен қарауын сұрады. "Еліміздің келешегі, әр отбасы мен әр азаматтың тағдыры Сіздердің шешімдеріңізге тікелей байланысты", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Естеріңізге сала кетсек, 19 наурыз күні Нұрсұлтан Назарбаев Президент өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтататқаны жайлы мәлідеме жасап, жарлыққа қол қойған болатын. Ал оның өкілеттігі жаңа президент сайлауына дейін Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа берілген еді.

20 наурыз Қазақстан Республикасы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант беріп, Президент өкілеттігін қабылдап алды.

Жиында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның жеткен жетістіктеріне тоқтала келе өзін қолдаған қазақстандықтарға алғысын білдірген болатын. «Бұл жылдарда өткен барлық сайлауларда сіздер маған сенім артып, бастамаларыма қолдау білдірдіңіздер. Маған ұлы халқыма, туған жеріме қызмет ету бақыты бұйырды. Баршаңызға – халқыма зор ризашылығымды білдіріп, басымды иемін. Осындай қолдаудың арқасында сіздердің сенімдеріңізді ақтау үшін мен бар күш-жігерімді, денсаулығымды, уақытымды аямай адал қызмет еттім», - деді Елбасы.

Алдағы сайлау Қазақстан Республикасындағы алтыншы президенттік сайлау болмақ.

#Президенттік сайлау

Похожие материалы