Ел клубтарының Еуропа алаңдарындағы теке-тіресі

Қазақстан командалары қалай өнер көрсетті?

«Астана» Чемпиондар лигасындағы сәтсіздігінен кейін, Еуропа лигасының ІІ-кезеңінде ойнауға мүмкіндік алған. Елордалықтардың бұл турнирдегі алғашқы қарсыласы Андорра елінің чемпиондары – «Санта-Колома» болды. Ал шымкенттік «Ордабасы» алғашқы айналымда грузиндік «Торпедоны» айналып өтіп, Чехияның «Млада-Болеслав» командасымен сырт алаңда теке-тірескен. «Қайрат» болса, босниялық клубты жарыс жолынан шығарған соң, израильдік «Хапоэль Беер-Шева» командасымен ойнады. Ел үмітін арқалаған үш клуб қандай ойын өрнегін көрсетті? Келесі кезеңге өтуге кімнің мүмкіндігі басым? Ойын соңындағы бас бапкерлердің пікірі қандай болды?

Аутсайдерлерге ұпай тарату

«Санта-Колома» (Андорра) – «Астана» (Нұр-Сұлтан, Қазақстан) – 0:0.

«Санта-Колома»: Казалс, Рубио (Систеро, 83), Рамос, Миранда, Сан-Николас, Азеведо, Ребес, Сантос, Соса, Нахеро (Медина, 73), Пи (Алаес, 58).

«Астана»: Эрич, Рукавина, Постников, Аничич, Шимунович, Маевский, Логвиненко, Томасов, Сигурьонссон (Мубеле, 64), Муртазаев, Ротариу (Мұжықов, 82).

Фото: fcastana.kz

Бір қарағанда, «Астана» командасының Еуропа лигасының екінші кезеңіндегі қарсыласы «қалпақпен ұрып алардай» оңай көрінген. Андорра елінің үздік клубы атанған «Санта-Коломаны» румындық ЧФР «Клужбен» салыстыруға мүлдем келмейтіні рас. Олардың деңгейінде де біршама айырмашылық бар-тын. Румынияда ешкімге дес бермеген команда Еуропаның басқа да ұжымдарына айтарлықтай қиындық туғызатынына ешкімнің күдігі болмас. Ал біздің чемпиондардың бұл қарсыласы Чемпиондар лигасының алғашқы кездесуінде Сан-Марино үкілеп қосқан «Тер Пеннені» айналып өтіп, коссовалық «Феррроникелиден» сүрініп отыр. Таң қаларлығы, 1:0 есебімен басым бола отырып, Марк Родригес Ребульдің командасы ойын соңында екі гол жіберіп, кәрі құрлықтағы ең титулды бәсекеден тыс қалған болатын. Бірінші кездесуін сырт алаңда өткізетін Роман Григорчуктің командасы елден ертерек ұшып шықты. Мақсат – сағат айырмашылығына үйреніп, аздап тынығып алу. Матч өтетін стадион елордалық клубтың біршама аяқдопшысына таныс екені рас. Себебі, құрамында Юрий Логвиненко, Ненад Эрич, Абзал Бейсебеков, Евгений Постников пен Дмитрий Шомколар бар қазақстандықтар өткен жылы Ұлттар лигасының кезекті кездесуін Андорра-ла-Вельеде өткізген. Ол матчтың 1:1 аяқталғанын футболсүйер жанкүйерлер әлі де ұмыта қоймаған болар. Әрбір қарсылас өз алаңында, өз жанкүйерлері алдында барын сала өнер көрсетіп, жақсы жетістікке қол жеткізуге ұмтылады. Аутсайдер деп бағалаудың кесірінен қаншама сәтсіздікпен аяқталған есептер футбол тарихында  жетіп артылады. Ендеше, нұр-сұлтандықтардың бұл елдің үздік клубына қарсы матчқа тыңғылықты дайындалып, шабуылда өткір ойнап, қорғанысты да ұмытпаудың маңызы зор болмақ. Еуропа лигасының алғашқы турында Люксембург елінің үшінші командасынан «таяқ жеген» «Тобылдың» күйін Григорчук жақсы білетін болар.

Бас жаттықтырушы Марк Родригес Ребульдің ойынға шығарған құрамында алдыңғы ойындармен салыстырғанда айтарлықтай өзгеріс орын алды.  Негізгі форвардтар Комачу мен Медина, қапталда жақсы ойынымен көзге түсіп жүрген Бурона мен сол жақ қорғаушы Систеро қосалқы құрамда қалды. Ал Мойзес Сан-Николас оң қапталдан солға қарай ойнап, командаласының орнын жоқтатпауға тырысып бақты. Шабуыл шебінде мексикалық Нахера мен жасы 36-ға келген Энрик Пи өнер көрсетті. Андорралықтар таңдаған ойын жүйесі – 4-4-2. Ал Роман Григорчук өз командасының шабуыл шебінде нақты кімді ойнатуды білмей жүрген сыңайлы. Көп голымен қуанта алмай жүрген Рангело Янгаға ойынды сызық шетінен тамашалауға тура келді. Конголық Мубеле де өзіне берілер мүмкіндікті әзірге күте тұратын болады. Сонымен, елордалықтардың өткір шабуылы номиналды форвардсыз қалды. Алаң иелерінің алғашқы таймда үздік ойынын ілгеріде өзіміз айтқан ардагер Пи көрсетті. Ол кездесудің жарты сағаттығында орта дистанциядан өте қауіпті соққылар жұмсап, Эричты сынап көргісі келген. Алайда, Энрикке дәлдік жетіспей жатты. Ал оның командаласы Хус Соса қақпаға жиырма метр тұстан соққы жасаған, Ненад испандықтың добын корнерге шығарып үлгерді. Төреші ысқырығы естіле сала, астаналықтар ойын қарқынын күшейтпей, сылбыр қимылдап жүргенін түсіну қиын еді. «Санта-Колома» «Тре Пенне» мен «Ферроникелиге» қарсы ойындарда алғашқы минуттардан мұндай қарсылық көрсетпеген еді. Олардың бұл кездесудегі ойынды өз қолдарына алуға ұмтылысын жоғары бағалауға болады. «Астана» үзіліске дейін есепті ашуға соншалықты ұмтыла қойған жоқ. Десе де, қазақстандық команданың сылбыр ойынының өзінен Казалс қақпасына бірлі-екілі қауіп келіп жатты. Бр бұрыштамадан келген доп Логвиненконың басынан табылып, қорғаушының соққысы маңдайшадан кері серпілген. Тағы бірде Томасов командаласы Сигурьонссонға соққы жасайтын тамаша мүмкіндік жасап берген, Рунар тура тепті, бірақ испан қақпашысы үшін оны қайтару аса қиындық туғызған жоқ. Бұл қонақтардың алғашқы ойын бөлігіндегі ең қауіпті шабуылы болды. Алғашқы қырық бес минуттықта Казалстың ойынға шын кіріскен сәтін көру бұйырмай кетті. Екінші таймның басында «Санта-Колома» «стандартты» голға айналдыруға аз қалды: Хус Соса сол қапталдан астаналықтардың қақпа алдына тамаша пас жеткізді. Жасыл алаңға тиіп, серпілген доп тәжірибелі кипердің шалт қимылы болмағанда қақпа торынан бір-ақ шығар еді. Бірер минуттан соң, Эрич тағы да командасын «ұятты есептен» құтқарып қалды: бұл жолы Пи соңғы күшін сарп етіп, Ненадпен бетпе-бет шығуға ұмтылған, қақпашы алдыра қоймады. Астаналықтар бұл таймды алғашқысына қарағанда өткірлеу бастағандай көрінген. Үзілісте Григорчук шәкірттерімен «басқаша» сөйлескен секілді. Муртазаев өз қапталынан қарсылас қақпасын алуға тырысқан, Романның соққысы биік ұшты. Сонымен қатар, алға оқтай ұшқан Рукавина мен соққы жұмсаған Сигурьонссонға дәлдік серік болмай, еңселері түсті. Рунардан Григорчук өткір ойын күтсе керек, бас бапкердің сенімінен шықпаған исландық орнын Мубелеге босатып беруге мәжбүр болды. Ндомбе ойынға араласа сала, жергілікті ойыншыларға кәдімгідей жұмыс тауып бергендей. Рукавинаның оң қапталдан жасаған кроссына үлгерген Мубеленің шабуылына Рамос тосқауыл қоя білді. Қонақтардың сол мен оң жақ қақпаның алтылығына бағытталған екі соққысы да Казалстың иелігінен әрі өткен жоқ. 70-минуттан соң, «Астана» алға қарқынды түрде жүгіруді бастады. Ондай темпке үйренбеген андорралықтар кезек-кезек ереже бұзып, шалт қимылдардың арқасында жан сақтап жүрді. Алғашында Маевскийді Мойзес оңбай құлатқан, командаласы үшін ұрысқа кіріскен Сан-Николас пен Иван сөзге келіп қалып, қос теңбілдопшы да  төрешіден сары қағаз алып тынды. Ойынның аяқталуына он минуттай қалғанда испандық қақпашы Томасовтың тамаша соққысын алып шығып, ойынның үздік ойыншысы атағына лайық екенін көрсетті. Мариннің добын маңдайшадан әріге асырып, жергілік жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленген. Алайда, көп өтпей, «Санта-Колома» кипері бұрыштамадан келген допқа ұмтылам деп, оңбай қателескен, алайда Томасов көтерген допты, торға түсірер жан табылмады. Андорралық чемпиондар бес сары қағаз алып, таблодағы нөлдік көрсеткішті сақтап қала білді. Ал астаналықтар жоқ жерден өздеріне жақсы мәселе тауып алды. «Санта-Коломаны» жеңе алмау Еруопада біршама танылып үлгерген Григорчук командасына зор сын болғандай. Астаналықтар бар болғаны жиырма минут барын салып өнер көрсетіп еді, алаң иелерінің әбден абыржығандары байқалып, кезек-кезек тәртіп бұзумен болды. Сөз жоқ, қонақ ойыншылардың біліктілігі көзге оттай басылып тұр. Ендігі, кездесу тағдыры «Астана арена» стадионында шешілетін болады. Елордалық футболшылар андорралықтардың қойған автобусынан сытылып өте алса игі. Матч бастан-аяқ қазақстандық клбутың басымдығымен өте ме, жоқ па уақыт көрсетер.

Ойын соңындағы баспасөз отырысында «Астана» командасының бас бапкері Роман Григорчук:

Ойын алдында тек жеңіске үміттенгеніміз рас. Матчтан кейін қарсыластар қорғаныста өте жақсы ойын өрнегін көрсетті деп толық айта аламын. Соған байланысты, біз таблоға өзгеріс енгізе алмадық. Біз барынша гол салуға мүмкіндік жасағанмен, ол жеткізіліксіз болған сияқты. Жауапты кездесуде шабуылда өткір ойнап, өзімізге қажетті есепке қол жеткізуіміз керек, – деді.

Ал андорралық клубтың коучы Марк Родригес Ребуль:

Нәтижеге көңіліміз толады. Себебі «Астана» – біздің жұптағы фоварит және білікті команда. Енді бізді Қазақстанға ұзақ сапар күтіп тұр. Ал дәл қазір қол жеткізген нәтижемізге қуанып отырмыз, – деді. 

Барлық мәселе Шымкентте шешіледі

«Млада Болеслав» (Чехия) – «Ордабасы» (Шымкент, Қазақстан) – 1:1 (1:1)

Голдарды салған: 0:1 Механович, 21, 1:1 Комличенко, 45+2.

«Млада Болеслав»: Седа, Кшапка (Будински, 62), Такач, Пудил, Марко Тулио, Ладра, Губинек, Матейовски, Фулнек (Буха, 75), Мешанович (Вагнер, 63), Комличенко.

«Ордабасы»: Непогодов, Быстров, Ерланов, Фонтанелло, Малый, Досмағамбетов, Механович (Ковальчук, 71), Диакате, Махлангу, Бадибанга (Шәмші, 87), Жоао Пауло (Щеткин, 46).

Фото: fcordabasy.kz

Алғашқы кезеңде грузиндік «Торпедодан» басым түскен шымкенттік клуб Еуропаның ортаңқол чемпионатының өкілімен 3-кезең жолдамасын сарапқа салып көрді. «Малада Болеслав» - амбициясы  айтарлықтай дәрежедегі команда емес екені белгілі. Қарапайым футбол көрсетіп-ақ, Еуропа лигасында тер төгуге мүмкіндік алған олармен қазақстандықтар қалай ойнады екен? Чехтердің құрамында ресейлік Николай Комличенко өткен маусымда 28 гол соғып, сұрмергендер көшін бастаған еді. Соның арқасында команда жоғары жетістікке қол жеткізіп, кәрі құрлық турниріне жолдама алған.  Бұл турнир арқылы «Млада Болеслав» құрамындағы бірнеше футболшыларды әжептеуір ақшаға сатуды көздейді. Өзіміз айтып отырған, Комличенконың өзі бірнеше мың еуроға қымбаттап кеткенін білеміз. Ал қазақстандық клубтың басты мақсаты – әрбір кезеңді артта қалдырып, бюджетті толтыра түсу. Олардың қайсысының ойлағаны жүзеге асатынын әлі ешкім болжап айта алмайды.

«Млада Болеслав» коучы Йозеф Вебер Чехия чемпионатындағы сәтсіздіктен соң, алаңға күтпеген ойыншыларды шығарды: Фулнеканы орталыққа жылжып, Кршапка қорғаныстың оң қапталына жайғасты, Матейовски де ортадан келер қауіптің бетін қайтаруға міндеттелді. Ал Губинек орталық хавбек рөліне шықса, оң қапталдағы жартылай қорғаныс Ладраға жүктелді.  Үйреншікті Такач пен Пудил, Мешанович пен Комличенко жұбы да жасыл алаңға жіберілді. Ал шымкенттік команданың бас бапкері жиі қолданатын ойын схемасын таңдап, тек Төлебектің орнына Марат Быстровқа сенім артыпты. Сонымен қатар, өткір шабуылда Тоқтар Жанғылышбайды Бадибанга алмастырған. «Ордабасы» қонақта ойнап жатқанына қарамастан, матчты қарқынды түрде бастады. Бес минут өтпей жатып, Быстров командаласы Жоао Паулоны қақпашымен бетпе-бет шығарған. Бразилиялық ойыншы спорттық снарядты түртіп жібергенмен, оны қақпа алдында қорғаушылар тосып алып, жиылған жанкүйерлердің жүрегін орнына түсірді. Он бес минуттықтың ішінде алаң иелері де өте қауіпті шабуылдар ұйымдастырды. «Стандарттан» келген допқа бәрінен бұрын секірген Комличенконың соққысын Непогодов қақпаға дарытқан жоқ. Одан кейін шымкенттік кипер Марко Тулио соққысының да жолына бөгет болды. Ал тағы  бір сәтте Мешановичке дәлдік жетіскен жоқ. Алаң иелері тек шабуылда ғана емес, ереже бұзуда да белсенділік танытып жатты. Олардың қос форвардынан да Малый «таяқ жеп» үлгерді. Сондай-ақ, «Ордабасының» шабуылдаушы шебі де «Млада» қорғаушыларының тәртіп бұзуынан қақпаға қарай өте алмай жатты. Алғашқы гол да осындай ережеге сай емес ойыннан кейін соғылған еді. Қуаныштысы, оны кәдеге жарата білген шымкенттік аяқдопшылар болды.  Жоао Пауло чех аяқдопшысының оқыс қимылы болмағанда жергілікті қорғанысты бұзып-жарып өтер-ақ еді. Сол нүктеден Механович Седа қорғаған қақпаның сол қапталын тура көздеп, таблоға өзгерту енгізді. Қонақтардың күтпеген жерден есеп ашуы ойын сценарийіне айтарлықтай өзгеріс енгізді. Ендігі, шымкенттіктер қорғанысқа барынша көңіл бөліп, қарсыласты қарымта шабуылмен жазалауына болады. Сондай бір сәтте Бадибанганың ұмтылысын Седа сезіп қойды, ал Махлангудың тепкен добы бағанадан қиыс ұшты. Десе де, «Млада Болеславтың» жейдесін киген теңбіл доп шеберлері есепті теңестіру үшін барын салды. Мешанович сол жақтан келген пасты керегіне жаратып, соққы жасап көрген, қуанышымызға орай, маңдайшадан жоғары кетті. Көп өтпей чех командасының босниялық легионері төрешіден нүктені көрсетуін сұрап, жан ұшыра жүгірген. Теңбіл доп Ерлановтың қолын жанап өткен-өтпегенін бас қазы да дұрыс аңғармаған сыңайлы. Осы орайда, іске өткен жылғы үздік сұрмерген Комличенко араласты. Қатарынан туындаған мүмкіндіктердің ақыры біреуі өз нәтижесін беріп, таразы басын тең етті. Алғашқы таймның қосымша 2-минутында Кшапки сол қапталдан қақпа алдына пас жеткізді. Ал қорғаушылар көз жазып қалған Николайдың тепкен добы шымкенттіктер қорғаған қақпаның торында тулаған еді.

Екінші ойын бөлігінде Кахабер Цхададзе шабуыл шебін күшейтуді жөн санап, алаңға Щеткинді жіберді. Ол техникалық шеберлігі зор Жоао Паулоны алмастырды. Бұл өзгеріс шымкенттіктердің ойынына қаншалық әсер етті? Қонақтар алғашқы он минуттықта қорғанысқа көңіл бөліп, алаң иелерінің жарты алаңына аттап басуға жүрексінгендей. Тек Махлангу алыс дистанциядан қақпаны көздеп көрген. Доп троекториясын барынша өзгертсе де, бағанадан қиыс ұшты. Ал «Млада Болеслав» есепте алға шығуға аз қалды: Мешанович сол жақтан келген корнерді Непогодов қақпасына бұрып жіберуге тырысқан, босниялыққа дәлдік жетіскен жоқ. Одан кейін сол Мешановичта тағы бір мүмкіндік болған, командаласы Ладраның да бір сәтті желге ұшырғанын айта кету керек. Қонақтардың қорғанысы барынша сақ ойнауға тырысып бақты. Кездесудің бір сағаты өте бере Йозеф Вебер шабуылына жаңа леп  қосу мақсатында бірлі-екілі ойыншыларды шығарды. Универсал Буханың өзі командасының ойын өрнегіне өткірлік алып келді. Өз жанкүйерлері алдында қалайда алға шығып алуды көздеген жергілікті аяқдопшылардың шабуылы қонақтарға қарағанда өткірлеу болғаны рас. Бірақ, соңғы дәл соққыға дейін жетпей жатты. Тағы бірде «стандарт» орын алған, Такачтың соққысы қақпаға тура бармай қалды. Командаласы Комличенконың да ұмтылысынан түк шықпады.  Соңғы он минуттықта да «Млада Болеслав» теңбілдопшыларының таблоға өзгеріс енгізер бірнеше мүмкіндіктері туындады, Будинскидің аяғынан ұшқан спорттық снаряд Непагодов қақпасына дарыған жоқ. Ал ордабасылықтар Седа қақпасының тіпті маңайына да жоламады. Олардың ұмтылысы алаңның орта сызығынан әріге аспай, Цхададземен қоса, қазақстандық миллиондаған футболсүйер қауымның жүйкесін жұқартып жатты. Бас бапкер қорғанысты күшейту үшін тыңнан ойыншылар жіберуге мәжбүр болғандай.  Ойын соңына қарай шымкенттік қорғаушы Малый жоқ жерден бас қазының сары қағазымен жазаланды (сол сияқты Щеткин мен гол авторы Механовичте де осындай ескертпелер бар). Ойынның негізгі уақыты аяқталған тұста Губинек оң қапталдан кросс жасаған, қазақстандықтардың бақытына орай Комличенконың басы допқа жетпей қалды. Онсызда қақпа ішіне бағытталған спорттық затты Непагодов соңғы күшін сала отырып, алып шықты. Шымкенттіктер қонақта тең есепке қол жеткізіп, қорғаныста аса сақтықпен қимыладай білді. Десе де, жергілікті футбол шеберлері тоқсан минут бойы басымдыққа ие болып, қонақтарды әбден састырды. Қарымта кездесуде олар өздеріне қажетті есепке қол жеткізіп кетуі әбден мүмкін. Сондықтан Цхададзе шәкірттерінің алдында жауапты ойын тұр. Қолда бар мүмкіндікті құр жіберу алу футболда өте жиі кездесетін оқиға екенін ұмытпаса игі.

Ойын соңындағы баспасөз отырысында Кахабер Цхададзе:

–  Ауыр ойын өтті. Біз де осындай матч болатынын алдын ала болжаған едік: қарсылас күштік футболға көшіп, алыс пастармен ойнауға тырысты. Кездесуді өте жақсы бастап, есеп ашқанымызбен, әрі қарай жоспардағы ойынымыздың жүруіне біршама кедергілер болды. Допты көп жоғалтып, пас беруде де өрескел қателіктерге бой алдырып жаттық. Әрине, ойыншыларым өздерін барынша жақсы жағынан көрсетті. Келесі матч Шымкенттің төрінде өтпек. Өз алаңымызда пас беруде ұқыптылық танытып, шабуылда көптеген мүмкіндіктер жасайтын боламыз. Қалайда гол салуға ұмытылмақпыз. Бастысы, бүгінгі  кездесуде гол салып, жақсы нәтижеге қол жеткіздік, – деді.  

«Млада Болеслав» командасының бас бапкері Йозеф Вебер өз ойымен бөлісті:

– Ойын нәтижесі біз үшін жақсы дей алмаймын. Алайда, бұл есепке көңілім толмайды деген сөз емес, біздің команда жақсы мүмкіндіктер жасады. Тек соны өз пайдамызға шеше алмағанымыз өкінішті. Ереже бұзған соң, өз қақпамызға гол жіберіп, жағдайымызды қиындатып алдық. Өкінішке қарай, екінші гол соғудың сәті түспеді. Ойын жоғары деңгейде өтті. Әлі ештеңе шешілген жоқ. Бүгінгі матчта «Ордабасы» қорғанысы өзін жақсы жағынан көрсете білді. Есепте алға шыға алмағанымызға бірден бір себеп сол болар.

 «Ордабасы» сапынан соғылған жалғыз голдың авторы Мирзад Механович өзінің бұрынғы командасына қонаққа келгеніне қуанышты екенін айтты:

– «Млада Болеслав» – құрамында жылдам ойыншылары бар, жақсы ойнай білетін команда. Біз бұл ойын алдында олардың алдыңғы матчтарын қарап, әбден таразылаған болатынбыз. Теке-тірескен кездесу өтті. Бұрын сапында тер төккен командаға қарсы ойнау да оңай шаруа емес.

Беер-Шевада кеткен есе

«Хапоэль» (Беер-Шева, Израиль) – «Қайрат» (Алматы, Қазақстан) – 2:0.

Голдарды салған: Сафури (пенальтиден) 10, Шамир 63.

«Хапоэль» (Беер-Шева): Шеткус, Биттон, Таха, Мигель Витор, Голдберг, Келтьенс (Сабаг, 87), Кабха, Марин, Шамир, Сафури (Сахар, 54), Хассельбайнк (Зрихан, 78).

«Қайрат»: Покатилов, Миканович, Дугалич, Ахметов, Сүйімбаев, Қуат, Әбікен (Оразов, 76), Вржещиньский (Сейдахмет, 67), Жуков, Исламхан (Эппель, 67), Эсеола.

Фото: fckairat.com

Тек «Қайраттың» ғана емес, басқа да қазақстандық командалардың израильдік клубтармен өткізген бұған дейінгі кездесуі жақсы естеліктер қалдырмаған болатын. Өзіміз ілгеріде айтып өткен «Ордабасы» командасы да бір кездері олардың ортаңқол клубына есе жіберген. Ал алматылықтардың ойын тонусына қарап, бұл қарсыласты да жарыс жолынан шығарады деп сенуге болатындай. Себебі, «Хапоэльдің» биылғы маусымдағы алғашқы ойындары осы Еуропа лигасының қарсаңында албаниялық «Лячиге» қарсы өткізген қос матчы ғана. Ол ойындардың нәтижесі бойынша 2:1 есебі тіркеліп (соншалық басымдыққа ие болмаған), беершевалық клуб келесі кезеңге өткен-тін.  Ал «Қайрат» «Широки Бриегке» қарсы өткізген кездесуі арқылы Еуропа лигасының қанша кезеңін артта қалдыруға шамалары жететіндігін анықтап берердей. Босния жерінде алматылықтар алаң иелерін қарымта шабуылда жазалап, шабуылшы Эсеола орталықдефтерден оңай құтылып, допты торға түсіру бақыты бұйырған еді. Одан кейін Шпилевский шәкірттері қорғанысқа көңіл бөліп, ойынның біршама бөлігін Покатилов қақпасының алдында өткізгенін жақсы білеміз. Тіпті,  қақпа сызығынан Исламбек Қуат спорттық снарядты алып та шықты. Ал қарымта матчта алматылықтар жылдам голға дәметкенімен, қарсыластың қорғанысын бұзып жаруға шамалары жетпеді. Сол сиқяты босниялықтар да Покатилов қақпасын торуылдағанымен, оларынан түк шықпады. Тек ойын соңына қарай, бас қазы жоқ жерден 11-метрлік айыпдобын белгілеп, қонақтарға тамаша сый жасаған. Ол есеп босниялықтардың көзсіз алға ұмтылуына алып келді. Осындай сәттерді тамаша пайдаланған қайраттықтар бір емес, екі гол соғып, жеңісті жұлып әкеткен еді. Халық командасының бұл қарсыласы босниялықтар секілді автобусқа иек артып, қорғаныста тұрып қалмайтындықтарын жақсы білетін Шпилевский Исламханның өтімді пастарына сенім білдіретін болар.

Ойын алдында өткен баспасөз отырысында «Хапоэль» командасының бас бапкері Барак Бахар өз пікірін білдірді:

– Менің ойымша, басымдық «Қайратта» болады. Өйткені, қазір Қазақстанда футбол маусымы қызған шақ. Ал біздегі ала доп турнирі енді ғана басталып жатыр. Сондықтан біздің қарсыласымыз физикалық тұрғыдан мықтырақ. Біз өз алаңымызда, өз жанкүйерлеріміздің алдында ойнайтындықтан, олардың қолдауымен міндетті түрде алға ұмтылатын боламыз. «Қайрат» гол салуды жақсы көретін команда. Алматылықтардың сапында талантты бірнеше ойыншы бар. Сол себепті, олардың шабуылында барынша сақ ойнауға тырысамыз. Бастысы, менің шәкірттеріме өз қақпамызды голдан аман сақтау міндеті жүктеледі. Қарсыламызды жақсы зерттеп шықтық, олардың сапында керемет футболшылар барын жақсы білеміз.

Ал алматылық клубтың бас бапкері Алексей Шпилевский:

– «Хапоэль» өзіне тән дәстүрі бар команда. Бас жаттықтырушысы бұл клубпен төрт жылдан бері жұмыс жасап келеді. Осы уақыттың ішінде ол командасын Еуропа лигасының топтық кезеңіне алып шықты. Сол сияқты Барак Бахар чемпиондар лигасының да «дәмін» көрген. Бізді үлкен футбол күтіп тұр. Өте қызықты матч болатынына кепілдік беремін. Қарсыласты оқып шықтық. Олардың құрамында біршама өзгерістер болғанын да жақсы білеміз. Жанкүйерлер үшін жақсы футбол кешін жасауға тырысатын боламыз. Біз өзімізге ыңғайлы нәтижеге қол жеткізу үшін келдік. Матч ешкімге оңай тимейтіні түсінікті, – деді.

«Хапоэль» коучы Барак Бахар алматылықтардан расымен қауіптенгендіктен, қорғанысын нығайтуды ойлапты. Өткір шабуыл өтіне Хассельбайнкты шығарса, оған қос қапталдан коста-рикалық Марин мен Сафури көмекке келмек. Ал ондық рөлінде күтпеген жерден Шамир пайда болды (ол албаниялық командаға қарсы сәл төменірек өнер көрсеткен болатын). Эденнен төменірек Кельтенс-Каба тірекшілері ойнады. Тек қорғаныс шебіндегі аяқдопшылар мен қақпадағы Шеткус өзгеріссіз қалды. Ал Алексей Шпилевский Қуатты шабуылды алғашқылардың бірі болып бетін қайтарушы рөліне қойса, Исламбектен жоғарырақ Әбікен мен Жуковты шығарды. Ал өткір шабуыл өтіне Эсеола жіберілді. Оң қапталда оған поляк Вржещиньский көмекке келсе, сол қаптал Исламханға тапсырылды. Бірақ Бауыржан ойын барысында оң қапталда да, сол қапталда еркін қимылдап жүрді. Кездесу кезінде екі команда да шабуыл мен қорғаныстың ара-жігін сақтап отыруға тырысатындықтан, қарсыластан қысым келген бойда футболшылар пас беруде қателікке бой алдыруы мүмкін. Бұл жерде басқа клубтың ойыншыларының реакциясы маңызды рөлге шығады. Сондай сәттің бірінде Эсеола Сафуриді доптан айырып, Исламханға пас шығарған. Бауыржан қақпа алдынан Вржещиньскийді тапты. Бірақ, Конрад шалыс қимыл жасап, шабуылды түйіндей алмады. Ал «Хапоэль» өзіне берілген мүмкіндікті тамаша пайдаланып кетті. Исламхан өзін қысымға алған Таханың кесірінен Ахметовке доп берген. Елдос қателікке бой алдырып, Хассельбайнктың спорттық снарядқа иелік етуіне жол ашып берді. Найджелдің соққысын Дугалич қолмен тоқтатып, төреші бірден пенальти белгіледі. Бұдан асқан қатаң шешім бола ма? Нүктеге келген Сафури Покатиловтен айласын асырып, алғашқы голдың авторы атанды.  1:0 есебі алаң иелері үшін өте тиімді екені рас. Гол жіберіп алған қайраттықтар бар күшін шабуылға жұмсады. Жасыл алаңда айқын басымдық бір команданың еншісінде болды деуге болмас. Шпилевский шәкірттері де барынша Шеткус қақпасын мазалауға тырысты. Ойын аяқталар тұста, жергілікті ойыншылардың есепті еселеуге тамаша мүмкіндігі болған: Биттон айып сызығының сыртынан Покатиловтың шеберлігін сынап көрді. Стастың сейві! Тағы бір ойын сәтінде «Қайрат» «стандартқа» қол жеткізді: Эсеола допты өткір бұрыштан қақпаға бағыттағысы келді ме, командаластарына пас жеткізгісі келді ме, түсініксіздеу, тек спорттық снаряд алыс алтылықтың жанынан зулап өте шықты. Оны қақпа торына бағыттар бір де бір қайраттық табыла қойған жоқ.

Екінші ойын бөлігі тамаша қарқынмен басталды. Себебі, «Қайрат» есепті теңестіруге аз қалды: тағы бір «стандартты» орындаған қонақтар Ахметовтың сол жақтан көтерген кросы Вржещиньскийден серпіліп Әбікенге жеткен, Айболдың соққысы маңдайшадан биіктеу кетті. Әйтпегенде... Көп өтпей Конрад өзі соққы жасауға мүмкіндік алғанмен, оның добы діттеген жерден қиыс ұшты. Одан соң, Исламхан оң қапталдан корнер көтерген, доп Сүйімбаевты тауып, қорғаушының соққысы тағы ойлаған жерден шықпады. Мекановичтің айып алаңының сыртынан жасаған соққысын қайтарған Шеткус келген жанкүйерлердің қол шапалағына ие болды. Ойынның 63-минутында алаң иелері қорғаныстан шабуылға жүгіріп, есепті еселеуге мүмкіндік алды (осы кезде Әбікенді жергілікті футболшылар ережеге сай емес іс-қимылмен тоқтатқан секілді). Биттон өз қапталынан Шамирдің басына керемет пас жеткізді. Эдин мұндай сәтті қалай жіберіп алсын? Покатилов тағы да дәрменсіз қалды. Есеп 2:0. Таблодағы өзгеріс Шпилевскийдің екі ойыншыны алмастырумен аяқталды. Алдымен Сейдахмет ойынға қосылса, одан кейін Исламхан капитандық байлаушыны командаластарына тастап, Эппельге орнын босатып берді. Көп өтпей Оразов та өз мүмкіндігін пайдалану үшін жасыл алаңға жіберілді. Бірақ, шабуылды күшейтуге тырысып баққан алматылықтардың ойынан түк шықпады. Қорғаныста сақ қимылдап жүрген алаң иелері, жиі-жиі қарымта шабуылда бақтарын іздеп бақты. Сондай сәттің бірінде Бен-Саар көзге түсетін жақсы мүмкіндікті жіберіп алды. Сол сияқты Марин мен Кельтенс те өздеріне берілген пастарды керегіне жарата алмай жатты. Оның үстіне қайраттық қорғаушылар да жоқ жерден қателікке бой алдырып, қарсыласқа допты ұстатумен болды. Сол Ахметов тұрған жерінде Мариннің аяғына доп салып берген, Джимми Покатиловтен өте алмады. «Қайраттың» ұйымдастырылып жатқан шабуылдарының ешқайсысы нәтижесін берген жоқ. Соңғы соққы жасайтын фтуболшы табыла ма? Ал соққы жұмсауға болатын сәт туындағанда Қуат спорттық снарядты аспанға жіберді. Қонақтар үшін есепке өзгеріс енгізетін мүмкіндік төреші қосқан қосымша уақытта орын алды. Сейдахмет командасына оң қапталдан корнер әперген, ал Сүйімбаев қақпа алдына пас жеткізді. Оған таласқан Дугалич құлап барып, допты Ахметовке қалдырды, қорғаушының соққысы тордан табылған. Бірақ, бас қазы бұл голды есепке алмады. Оған кінәлі – Дугаличтің тағы да допқа тиіп кеткен қолы.  Өкінішті-ақ! Мұндай сәтте VAR-дың көмегіне жүгіну артықтық етпес еді. Жалғыз соғылған голдың есептелмеуі алматылық ойыншылардың төрешіге лап қоюына алып келді. Ақыры соңында, қазы Қуатқа сары қағаз көрсетіп, қайраттықтардың ашуын су сепкендей басып тастады.

2:0 есебі алматылықтар үшін жақсы нәтиже емес екені рас. Бірақ, ойын барысына көз жүгіртер болсақ, «Қайрат» өз алаңында израильдік клубқа тісін батыруға қауқарлы. Бір жағынан «Хапоэль» бұл матчта тек екі голмен шектеліп, өздеріне берілген бірнеше мүмкіндіктері пайдаға асыра алмағаны бар. Таблода 1:0 есебі тіркеліп тұрғанда қазақстандықтардың жауапты доп соғатын тамаша сәттері орын алған. Қонақтар да ондай сәттердің барлығын желге ұшырып жатты. Шпилевский шәкірттері ҚПЛ-дің кезекті турын күнінен бұрын өткізгендіктен, жауапты матчқа тыңғылықты дайындалады деп үміттенеміз. Әлі де мүмкіндік бар, бастысы Алматыда бірінші боп гол жіберіп алмау.

«Қайрат» командасының бас бапкері Алексей Шпилевский:

– Алғашқы минуттар жүйкеге салмақ салды. Командама стадионға, жанкүйерлерге, ауа қысымына үйреніп алу керек болды. Сондай сәтте өз қақпамызға пенальтиде гол жіберіп алғанымыз өкінішті болды. Бұл бірінші таймдағы ең маңызды сәт. Ол жерде ережеге дөңес келетін іс-қимыл болғанын нақты білмеймін. Одан кейін жылдам-ақ өз ойынымызды тауып, жинақы өнер көрсете бастадық. Агрессиялы қимылдап, қарсыласты қысымға алып, шабуылға да шығып жаттық. Бізге тек соңғы шешуші соққы жетіспеді. Ойын басынан-ақ жақсы шабуылдар жасайтын жағдайымыз болды. Біз ойын үзілісіне дейін есепті теңестіруге өте жақын қалдық. Ал он бес минуттық демалыстан соң, ойын өрнегіне өзгерістер енгізіп, екі форвардпен қимылдай бастадық. Екінші таймның алғашқы минуттары «Хапоэльді» өз қақпасы алдына ығыстырып тастағанымызды көрдіңіздер. Өкінішке қарай, қарымта шабуылда екінші гол жіберіп алдық. Ол гол негативті түрде әсер еткенін мойындаймын. Соның кесірінен допқа бақылау жүргізе алмай, ойын  тұтастығынан айырылдық. Соған қарамастан командам мінез көрсетіп, төрешінің соңғы ысқырығына дейін алға ұмтылумен болды. Бұл ойында гол соғу үшін барымызды салдық. Меніңше, біз салған голда ешқандай тәртіп бұзушылық орын алған жоқ. Бұл екінші таймдағы маңызды сәттің бірі болды. Бірінші ойында есе жіберіп отырмыз, алайда өз алаңымызда өтетін жауапты кездесу барын ұмытпайық. «Хапоэльді» Қазақстанда күтетін боламыз. Өліспей беріспейміз. Олар үшін климаттың да әсері бар.  Оған қоса, ұзақ сапар шегуге тура келеді. Бүгінгі ойынға анализ жасап, қателіктерімізбен жұмыс жүргіземіз. Қарымта мачта басқа картина болатынына кәміл сенемін. Стадионда болған атмосфера үшін көп рахмет. Мұнда ойын өткізгенімізге қуаныштымыз. Тек ойлағанымыз жүзеге аспады. «Хапоэльді» алғашқы кездесудегі жеңсітерімен құттықтаймын.

«Хапоэль» командасының бас бапкері Барак Бахар футболшылары өз мүмкіндіктерін пайдалана алмағанына қынжылғанын айтты:

 Бастысы, жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Өте мықты ұжымға қарсы тұрдық. Сол сияқты өз қақпамызды мүмкін болатын голдан аман сақтап қалғанымызға қуаныштымын. Алайда, бізге бұдан да көп гол салуға болар еді. Ендігі, «Қайрат» өз алаңында өнер көрсетпек, қиын кездесу күтіп тұр.

Жауапты кездесулер 1 тамыз күні өтетін болады.

#спорт #футбол #Еуропа лигасы

Похожие материалы