Адуынды «Астана»

Еуропа лигасында елорадалық команда БАТЭ-ні тізе бүктірді

Еуропа лигасының топтық кезеңіне өту үшін «Астана» да, БАТЭ де бар күштерін сарп етті.

Беларусьтік команда Чемпиондар лигасында алдымен поляктің «Пястін» қапы қалдырғанымен, келесі кезеңде норвегиялық чемпиондарға есе жіберіп, Еуропа лигасында бақтарын сынауға мүмкіндік алған. Ал «Астананың» бұл жылғы ойындары өзімізге жақсы таныс. 2013 жылы қарағандылық «Шахтер» БАТЭ футболшыларын келесі кезеңсіз қалдырғанда, оларды «қарағандылық» деп атап кетіпті. Бұл синдром 2016 жылы да айна-қатесіз қайталанған. «Астана» еуро-турнирдің бір кезеңінде БАТЭ-ні 4-2 есебімен айналып өткен-тін. Қонақтарға «қарағандылық» сөзін тағы бір еске салатын күн келіп жеткен сыңайлы. «Астана» Еуропа лигасында мальталық «Валеттаны» ойсырай ұтқан соң, өздеріне деген сенімділіктері пайда болып, тағы бір жылы кәрі құрлықтың беделді турнирінде ел намысын абыроймен қорғайды деп сенейік. ҚПЛ-дағы елордалықтардың көрсетіп жүрген ала-құла ойынын саралаған қарсыластар сәті түссе бір-екі гол салуға қомданып келген болар?

Ойын алдындағы баспасөз отырысында «Астана» футбол клубының бас бапкері Роман Григорчук:

– БАТЭ – нақты ойын өрнегі қойылған мықты команда. Біз әрбір ойында көп гол салу үшін бар күшімізді саламыз. Шүкір, шабуылшыларымыз да бабына келіп жатыр. Олар өз шеберліктерін ортаға салып, жақсы жетістікке жетуімізге көмек береді деп сенеміз, – деді.

Ал БАТЭ командасының бас бапкері Алексей Бага:

– Біздің плей-офф кезеңінде де, оған дейін де қарсылас таңдауға ешқандай құқығымыз жоқ. Жеребе кімге түсірсе, сол клубпен жасыл алаңда теке-тіресуге дайынбыз. Біздің бұл қарсыласымыз өте тәжірибелі, мықты команда. Кімнің келесі кезеңге өтерін дәл айту қиын. Осыдан үш жыл бұрын командамыз елордалықтарға есе жібергенін жақсы білеміз. Алайда, ол уақытта болған жаттықтырушылар орнын ауыстырған, оған қоса бірнеше футболшылар бұл матчқа қатыса алмайды. Соған қарамастан, «Астана» мықты күйінде қалып отыр. Клуб бапкері -квалификациялы маман. Бізді екі мачты өте қиын кездесу күтіп тұр. Қонақта бар күшімізді гол салуға жұмсаймыз. Тәжірибе көрсеткендей, Еуропа лигасында қонақта салынған гол келесі кезеңге өту коэффициентін өсіре түседі. Ал футболшыларға келер болсақ, біздің негізгі қақпашымыз, Беларусь құрамасының кипері Денис Щербинский мен қорғаныстағы көшбасшы ойыншымыз Егор Филипенко көмекке келе алмайды. Бұл ақпараттың жаңа емес екенін, олардың көптен бері қатарда жоқтығын сіздер де білесіздер... Ал қалған 21 ойыншы сақадай сай тұр. Ал олардың қайсыларына нақты сенім білдіретінімді, ойын барысында көретін боласыздар. «Астананың» әрбір позициясында өзінің көшбасшылары бар. Қақпашының қандай білікті екенін жақсы білеміз. Постников, Маевский, Томасовтарды да ерекше атап өтер едім. Барлығы тәжірибелі аяқдопшылар.

Біз қаңтар айында сегіз  ойыншыдан айырылып қалдық. Иә, тура солай – «айырылып» қалдық. Олар спорттағы мансабын басқа чемпионаттарда жалғастырғысы келді. Кейбіреулері еуропалық алаңдарда доп теуіп жүрсе, біреулері Ресей біріншілігінде тер төгеді. Біз БАТЭ-нің мектебінен өткен теңбілдопшылардың венгрлік «Ференцварош», сербтік «Црвена Звезда» секілді командаларда ойнап жүргеніне шын қуаныштымыз. Жыл басында сондай мықты мамандардан айырылып, тамыз айында Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне дейін жету біздің команданың әлсізденіп қалғаны деп түсінбеймін. Оның үстіне ішкі лигада да үздіктердің қатарында келеміз. Негізгі құрамдағы футболшыларсыз қалып, осындай жетістікке жетудің өзі жақсы нәрсе. Ертеңгі ойыннан не күтемін? Әйтеуір, көңілімде бір мереке болатындай сенім тұр. Бұл ойынға көп жанкүйер жиналып, стадионда жақсы атмосфера болады деп күтемін. Ойын барысына қоятын тактикамда кейбір ойыншылардың орнын ауыстыратынын байқаған екенсіздер. Футбол – бұл әр минутта өзгерістер орын алатын жылдам спорт. Сондықтан, бір ойыншы келесі минуттарда басқа алаң бұрышында жүрсе, таң қалудың ешқандай қажеті жоқ. Келесі кезеңге «Астана» өтсе трагедия бола ма? Жалпы, мен таргедия деген сөзді спорттық лексиконнан алып тастауға қарсы емес едім. Себебі, біздің айналамызда түрлі ауыр жағдаяттар, тіпті катастрофалар болып жатады. Нағыз таргедия сол. Ал әңгіме спорт жайында болса... Екі команда келесі кезеңге кім өтетінін білу үшін жасыл алаңда тер төгеді, оның бірі жеңіліс тапса, келесісі жеңіске жетеді. Әрине, жеңілгеннің кебін кию жайсыз жағдай. Одан әрі өтсең, жоғары деңгейдегі жақсы кездесулер орын алады, жанкүйерлеріңді қуантасың, бюджет жағы да қарастырылған. Жеңіліс тапқан команда бұндай бақыттан құр алақан қалады. Бірақ, ол трагедия емес... – деді.

«Астана» (Нұр-Сұлтан, Қазақстан) – БАТЭ (Борисов, Беларусь) – 3:0 (2:0)

Голдарды салған: Томасов, 23, Логвиненко, 44, Сигурьонссон, 50 (пенальти)

«Астана»: Эрич, Рукавина, Постников, Шимунович, Шомко, Маевский, Логвиненко, Томасов (Янга, 82), Сигурьонссон, Мубеле (Муртазаев, 46), Ротариу.

БАТЭ: Чичкан, Риос, Симович, Волков, Филипович, Яблонский, Драгун, Бага (Виллумсон, 62), Мукам (Туоминен, 54), Стасевич, Скавыш (Сороко, 79).

«Астана» футбол клубының бас бапкері Роман Григорчук БАТЭ-нің әлсіз тұсы деп есептелетін Риосты мазалау үшін Қазақстан премьер-лигасының кезекті ойынында жарақат алып қалған Фирмин Мубеленің айыққанын күтіп, қатарға қосқан сыңайлы. Осылайша, Ротариу өткір шабуыл өтінде ойнаса, Янга қосалқы құрамда қалды. Елордалық клубтың барлық үздік ойыншылары жасыл алаңнан өз орындарын тапқандай: Маевский Сигурьонссон – Логвиненко дуэтінен сәл төменірек ойнаса, қос қапталдағы қорғаныс бізге таныс Шомко мен Рукавинаға табысталды. Ал орталық қорғаушылар міндетін Постников пен Шимунович атқарды. «Тракторшылар» бас бапкері Алексей Бага осы кездесудің алдында өткен «Сараевоға» қарсы тұрған барлық футболшыларына сенім білдіріпті. Мукам – Стасевич – Скавыш ілгерірек тер төксе, Яблонский – Драгун – Бага орталық алаңда доп тепті. Ал қорғаныста Риос – Симович – Волков – Филипович төрттігі жергілікті команданың шабуылына тойтарыс беру үшін барын салмақ. Босниялық клубты тоқтатқан қонақтар бұл ойында жабық жүріп, тек қарымта шабуылға иек артады деген пікір жоққа шығарылды. Алғашқы минуттардан Ротариу Чичканның айып алаңында жығылып қалып, украиндық қазыдан он бір метрлік сұрап әуреге түсіп жатқанда, теңбіл допты ала қашқан борисовтықтар позициялық шабуыл жасап үлгерді. Бұл жолғы Мукамның соққысын Эрич қайтарып тастаған. Оның алдында Скавыш астаналық қорғанысты бұзып-жарып, Ненад қақпасына лап қойған, оның тепкен соққысы оң жақтағы бағанадан аздау қиыс ұшты. Роман Григорчук біраз алаңдап қалды. «Астана» көп өтпей, жасыл алаңдағы басымдыққа ие бола бастады. Мукам доптан айырыла бере, оған таласқан Мубелеге ереже бұзды. Сигурьонссон «стандарттан» БАТЭ қорғанысының кілтін іздегенмен, сәтсіз. Содан соң, Логвиненко  қонақтардың қарауынсыз қалып, теңбіл допты Чикчан қорғаған қақпаға дәл тебе алмады. Ал исландық Рунардың жойқын соққысын Симович денесімен жауып қана тоқтата алды. Әйтпегенде, қонақ кипер біршама әбігерге түсер еді. Ал Шомко мен Ротариудың біріге жасаған шабуылын Дорин аяқтауға тырысқанмен, айып алаңға кіріп, бірнеше қорғаушылардың ортасында қалып, спорттық снарядты ырқына бағындыра алмады.

Одан кейін жергілікті ойыншылардың оң қапталдан жасаған шабуылына Филипович тоқсауыл бола білді. Ол серб Рукавинаның кроссын ертерек оқып қойған сыңайлы. Ал Томасовтың бұрыштамадан көтерген добына Постников пен Логвиненко бірдей таласқанымен, қанжығалары майлана алмай, сан соқты. БАТЭ біздің екі ойыншыға қарсы үштікпен шабуылдауға жүгірген, Мукам Маевскийден аса алған жоқ. Ал оған жауап ретінде Сигурьонссон Томасовқа пас жеткізген, Марин оң қапталдан орталыққа ойысып, алдынан келген барлық қарсыласты алдап өтіп, қақпаның дәл тоғыздығына допты түсіре салды. Тамаша-гол! 1-0 есебі алаң иелеріне айтарлықтай сенімділік сыйлаған сыңайлы. Мубеле өз қапталынан командасына «стандарт» әперді, Сигурьонссон дәл он бір метрлік нүктеге пас жеткізген. Маевский таласып көргенімен, қарсыластың аяғынан серпілген доп дәл Томасовтың алдына жетті. Мариннің тепкен добы биік ұшты. Одан кейін астаналық хорват БАТЭ-ның қорғанысын күзетіп жүріп, жақсы бір мүмкіндікке қол жеткізді. Риос пен Волков қорғаныста қателікке бой алдыра жаздағанмен, Томасовтың алыс бұрышты көздеген добын Чичкан аса қиындықпен қақпасынан алып шықты.  Ендігі, БАТЭ алаңдағы басымдыққа ие болып, Мукамның көмегімен тағы бір шабуылдың ұшын шығармақ болған. Французды тәжірибелі Рукавина жабуға тырысқанымен, ол орта дистанциядан соққы жасап үлгерді. Эрич қиындықпен болса да қайтарып, өз айып алаңында азын-аулақ «өрт» тудыра жаздаған. Алайда, қуанышымызға орай, нұр-сұлтандық теңбілдопшылар қауіптің бетін сейілте білді. Сосын Маевский сол Мукамды шалып жығып, жиырма бес метр жерден қонақтардың «стандарт» орындауына жол ашып берді. Риостың жер бауырлата тепкен добына Эрич лайықты жауап қайтара білді. Беларусь құрамасының ойыншысына Ротариу мен Мубеле бастаған шабуылды түйіндеуге сәттілік жетіспей қалды. Үзілістің алдында Роман Григорчук шәкірттері күтпеген жерден есепті еселей түсті. Бұл жолы оң қапталдан қорғаушыны қапы қалдырып, айып алаңға жеткізген Томасовтың добы Логвиненконың дәл басынан табылып, Юрий екінші голға көрімдік сұрады. Ол қақпа алдында Волковпен талас жүргізген, қонақ қорғаушы астанының 23-нөмерлі аяқдопшысына есе жіберіп қойды.

Алғашқы таймда екі команданың допқа иелік етуі бірдей болғанмен, астаналықтар шабуыл көбірек ұйымдастырып, қақпаға дәл бірнеше соққы жұмсай білгеннің арқасында, есепте алға шыға білді. Екінші ойын бөлігінде Мубеленің орнына Муртазаев шықты. Роман алғашқы минуттардан белсене түсіп, аяғына доп тиген сәтте Чикчан қақпасына бағыттап үлгерген, бірақ тым биік. Тағы бір пенальтимен аяқталған шабуылда Томасов Рунарға доп берді, ал соңғысын қонақ қорғаушы шалып жығып, өз қақпасына он бір метрлік айып добын әкелген болатын. Исландық Чичканнан оңай айласын асырып кетті. Есеп – 3:0. Бұл тайм да БАТЭ үшін сәтті басталмағаны белгілі. Ендігі, жоғалтар ештеңелері жоғын түсінген «тракторшылар» алға қарай көзсіз жүгіре бастады. Олардың қорғаныстағы қателігі, төртінші голға ұласа жаздаған. Яблонский Томасовты шалып жықты. Сол нүктеден Марин қақпа алдына пас жеткізгенімен, жанталаса қорғанған қонақтар кезекті голдан қақпаларын аман сақтай алды. Рукавинаның шабуылға араласуы борисовтік қорғаушы болмағанда нәтижелі аяқталар еді. Ал одан кейінгі бұрыштама пайдасыз болды. Қарсыластардың да алдағы жүрісі оңалмай-ақ қойды, Бага бірде тура пас жеткізе алмай жатса, бірде Суоминен ойындағыдай соққы жасаған жоқ. Драгунның да астаналық бірнеше қорғаушыны қапы қалдырып, алға ұмтылғаны таблодағы нөлдік көрсеткішке өзгеріс енгізе алмады. «Астана» футболшыларының аяғына доп тисе болды, Чучкин қақпасына қарай тұра жүгіреді. Муртазаев қонақ қақпаның алдында айналшықтап, қорғаушыларды қапы қалдыруға барынша тырысқанымен, соңғы шешім шығара алмай дал болды. Әйтпегенде, Романда тамаша мүмкіндік болған. Қонақтардың қарымта шабуылын Эрич кесіп тастады. Логвиненконың айып сызығының сыртынан қиыс жасаған соққысына Драгун да жауап  қайтарды. Соңғы он бес минуттықта БАТЭ есепті қысқарту үшін барын салды. Допқа иелік етіп, оқтын-оқтын, астаналық футболшылардың мазасын алып, гол салатын сәтті күтумен жүрді. Әрине, 3:0 есеп пен 3:1 есептің арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Мұны түсінген Григорчук шәкірттері тайлы-тұяғымен өз жарты алаңдарында қорғануға тура келді. БАТЭ ойыншысы Стасевичтің Эрич қақпасына жасаған соққысына алаң иелерінің барлық қорғаушылары қақпайлап, қауіптің бетін қайтарды. Ал Яблонскийдің орта дистанциядан  тепкен спорттық снаряды аспанға ұшты. БАТЭ қаншалық тырысса да, жергілікті ойыншылардың қарымта шабуылы қауіптірек еді. Симович өз жарты алаңында қолмен ойнап, ереже бұзған. Бірақ, ондай мүмкіндікті елордалық теңбіл доп шеберлері пайдаға асыра алмады. Ал төреші қосқан қосымша уақытта Ротариу оң қапталдан беларусьтік киперді бір сынап көрген. Румынға бұл матчта көзге түсу бақыты бұйырмаған сыңайлы. Одан кейінірек Дорин Янгаға пас берген, Рангело «өзі білемге» салынып, қақпа алдында тұрған екі бірдей командаластарына доп жеткізудің орнына, биікке тепті. 4:0 есебі «Астананың» тақиясына тар келмесі анық еді. Сол Янга ойындағы «жағымсыз кейіпкерге» айналуға аз қалды. Ол өз қақпасы алдында доптан айырылып, төрешіге өзіне ереже бұзылғанын дәлелдеуге тырысып жатқанда, қонақтар Эрич қақпасын нысанаға алған. Бірақ, олардың көздегені болмай, тек корнер орындауға мүмкіндік алды. Бұрыштамадан жеткен доп Эричтің қолғабынан табылды. 3:0 есебі – жақсы жетістік. Беларусь елінің чемпиондарының көрсеткен ойындарына қарап, Григорчук шәкірттерінің келесі кезеңге өту көрсеткіші жоғарылай түскендей. 2013 жылы «Шахтерден» 1:0 есебімен ұтылып, 2016 жылы осы «Астанадан» 2:0 есебімен есе жіберген БАТЭ тағы да «Астана-Аренадан» құр алақан қайтты. Оның үстіне, «тракторшылар» біздің елде бірде-бір гол салып көрмепті.

Ойын соңындағы баспасөз отырысында Алексей Бага:

-  Ойынға анализ жасау – ертеректеу. Жеңілісіміздің себеп-салдарын да нақты түсіндіріп бере алмаймын. Томасовтың голы –  супершебердің голы. Ол бірнеше қорғаушыны алдап өтіп, тоғыздықты көздеді. Одан кейінгі голға айналған пасының өзі неге тұрарлық. Әзірге таразы басы «Астанаға» ауып тұр. Бірақ біздің үйде өткізетін екі бірдей таймымыз бар. Есепті түбегейлі өзгерту үшін жан алысып, жан берісеміз. Біздің жігіттердің алғашқы таймда гол соғатын бірнеше мүмкіндіктері болды. Өкініштісі, оларды өз пайдамызға асыра алмадық. Енді, «Астананы» үйде күтеміз... – деді.

Ал «Астана» командасының бас жаттықтырушысы Роман Григорчук бұл ойында өзінің барлық шәкірттері оң бағаға лайық өнер көрсеткенін айтты:

- Ойын алдында  маған біреу 3:0 есебімен жеңесіңдер десе сенбес едім. Бүгін барлық ойыншыларым тамаша өнер көрсетті. Жасыл алаңда соңғы күштерін сарп етті. Стадионға жиылған жанкүйерлердің де қолдауы зор болды. Тек матчтағы ұнамаған бір нәрсе – төрешілердің жұмысы. Бүгінгі жеңістің салмағы басым.

Жауапты кездесу «Борисов-Аренада» бір жетіден кейін өтетін болады....

(Суреттер http://fcastana.kz/ сайтынан алынды)

#спорт #футбол #Еуропа лигасы #фк Астана

Похожие материалы