Сырға толы Сарыарқа

Қарағанды облысының көрікті жерлері мен киелі нысандары

Қаншама ғасырларды артқа тастаған Сарыарқа жері табиғи, мәдени ескерткіштерге бай. Жошы хан, Алаша хан кесенелері, Ақмешіт тауы, Бектау ата тау мен үңгірі, Бұқар Жырау кесенесі, Теректі әулие, Құнанбай қажы мешіті, Домбауыл кесенесі, Долинка кентіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайы, Теміртау қаласындағы Тұңғыш Президент  тарихи-мәдени орталығы секілді орындар «Қазақстанның киелі 100 нысаны» қатарынан көрінген еді. Ал оның сыртында қаншама киелі нысандар,  көркіне көз тоймайтын сұлу табиғат орындары мен мыңжылдық тарихы бар петролгифтер, молалар бар. Осындай маңызды орындармен «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» еңбегі толық таныстырып кетеді. Сонымен, Сарыарқа төсінде қандай табиғи және тарихи ескерткіштер жатыр екен?

(Суретте: Шайтанкөл)

Үш үңгір тауы

Үш үңгір тауы Қарқаралы қаласынан үш шақырым жерде жатыр. Шағын тасты каньонның жер астына апаратын үш жарық саңылауы бар. Ең шеткісінің көлемі қатты үлкен емес. Ал оң жағындағы жол табиғи сөрелері бар бөлмеге апарады. Үлкендеу болып келетін залдың ішінде бұрындары жаңбыр суы жиналып, шағын көлшік болған сыңайлы. Төбесіне дейінгі биіктік 3-4 метрді құрайды. Мәліксай шатқалында жатқан бұл үңгірлердің ХХ ғасырдың орта беліне дейін нақты атауы болған жоқ. Жалпы ауданы 35-40 шаршы метр болатын үш бөлмеге он шақты адам сыйып кетеді. Бұл орыннан археологтар түрлі қырғыштармен мен аң сүйектерін тапқан. Сол себепті, үңгір тас және қола дәуіріндегі адамдардың тұрағы болуы мүмкін деген пікірлер бар.

Шайтанкөл

Бұл көл Қарағанды облысы Бұғыла тауының гранитті жартас пен қарағай орманы қоршаған 1200 метр биіктікте орын тепкен. Сол ұшар таудың басында тостағанға құйылған ағынсыз көлдің суы ертеректе сөнген жанартаудың өзегіне қатты ұқсап кетеді. Эззотериктер болса, сол көлдің түбінде бізбен қатарласа тіршілік етіп жатқан өмірдің порталы бар деген болжам айтады. Расында да, түнде көлге жан кіріп, жағасында қалған адамдар түрлі тылсым құбылыстарға тап болып жатады-мыс. Сол сияқты бұл көлдің Әулиекөл деген екінші атауы да бар.

Бұрынғы өткен заманда бір байдың Сұлушаш атты қызы болған екен. Оның үй алдындағы қызметшісі Тезек  Шұнақ есімді күңмен көңіл жарастырып, екеуінен Алтай атты ұл дүние келеді. Алтай ер жете Сұлушашқа ойы кетеді, құлдан туған балаға қарсы болмаған бай еркесі де бас қосуға келісімін береді. Бірақ қыздың әкесін мұндай оқиға желісі ашуландырып, олардың үйлі болуына түбегейлі қарсы шығады. Сонымен, амалы таусылған Алтай, досы және Сұлушаш үшеуі елден қашып шығып, Қарқаралы маңайындағы Жиренсақал деген жерді мекен етеді. Осында тұрақтап, аң-құс аулап, күнелтіп жүргенде, Алтай тамақ іздеп келе жатып, шыңырау құзға кезігеді. Сөйтсе оның жарында бүркіт ұя салған екен. Не де болса, соның балапандарын алуды көздеген Алтай жазым болып, құзға құлап өледі. Сүйіктісін жоқтаған Сұлушаш талай күн шың басында сырнай тартып отырады. Бір күні күтпеген жерден артынан арыстан шығып (баяғыда бұл өңірде арыстан, жолбарыс секілді жабайы аңдар тіршілік етіпті), қатты шошыған қыз көлге құлап кетеді. Жаны жаралы аруды іздеп шыққан Алтайдың досы көл бетіндегі қыздың көйлегі мен тақиясын көріп, жүрегі шыдамай ол да секіріп кетіпті. Осындай қайғылы оқиғадан кейін сол көл Шайтанкөл атауын алған дейді жұрт. Ал кешкілік түрлі жағымсыз құбылыстардың пайда болуы жаны тыныш таппаған осы бейкүнә жандардан болуы мүмкін екен.

Едірей таулары, Мәдидің қара үңгірі

Бұл таулар Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Едірей ауылының маңында жатыр. Едірей Сарыарқадағы, Арқалық пен Мыржық тауларының солтүстігінде тұр. Ол бірнеше жақпартасты шоқылар мен қырқалардан құралған. Онда Мәди Бәпиұлының атындағы үңгір бар. Кей жазбаларда осы орындарды Ұлы жүзге жататын Қырғыз руы мен Қаракесектер мекен еткен делінеді. Едірей сөзінің шығу тарихын түрік этимологиясымен байланыстарды: көне түрікте «ед» - жеті мағынасын берсе, «әрей» - арай дегенді білдіреді. Яғни таудан таралған күн арайына орай, сондай атау алса керек. Мәди Бәпиұлы патша үкіметінің қудалауына ұшыраған кездері осы үңгірді паналаған екен. Оның жаққан пеш орны да бар. Бір қызығы, от жағылған кезде пештің түтіні тау жақпарларының арасымен кетіп, екі шақырым жерден бір-ақ шығады.

Қарағаш ормандары

Орман Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының солтүстік-батысында, Терісбұтақ өзенінің бастауының оң жағалауында орын тепкен. Осы ауданда 1980 жылы аумағы 6,8 мың шаршы шақырымға жететін Қарағаш зоологиялық арнайы қорық құрылған. Жалпы, қарағаш – Қазақстанның барлық климаттық ерекшелігіне бейімделген ағаш түрі. Шөлге де шыдамды, топырақ та талғамайтын қасиеті бар. Оның ұсақ және үлкен жапырақты түрлері кездеседі, өте төзімді келеді. Одан таза орман етіп өсіруге де болады. Ағаш отырғызу дәстүрі бұл орманда 1948 жылдан бастап қолға алынған. Қорықта осы облыста кездесетін жалғыз ландшафт бар. Сол сияқты Қарағаш орманды табиғи зонада өсімдіктер, құстар мен жәндіктердің көп түрі тіршілік етеді.

Арғанаты тауындағы тас мүсіндер

Арғанаты тауы бірнеше қатпарлы белестерден тұрады. Сол сияқты ол екі жынысты болып келеді. Тау етегінен түймешеген, сарытұңғиық, ақтұңғиық, мыңжапырақ, түймедақ секілді өсімдіктер өседі. Бұл орын тамсандыратын табиғатымен ғана емес, түркі заманынан қалған тас мүсіндерімен де көптің назарын аударады. Арғанаты сілемінің баурайынан VІІІ-ХІІ ғасырларға жататын граниттен қашалып жасалған адам кейіпті тас мүсіндер табылған. Мұндай тарихи ескерткіштердің бір тобы Арғанаты тауының қойнауында, Ұлытаудан Атбасарға баратын үлкен қара жолдың маңайында кездеседі. Қазіргі кезеңге дейін бұл жерден түркі обаларын ортағасырға жатқызылатын қорғандар мен неолит тұрағын кезіктіруге болады. Оған бірден бір дәлел болатын орын – Домбығұлдың етегінде орналасқан қоныс. Ол жерді қазақтың белгілі зерттеушілері Қ.Сәтпаев пен Ә.Марғұлан зерттеп, «Орда базар» деп атап кетіпті. Осы аймақта кездесетін Жекешат сайынан ХІV ғасырға жататын тас мүсін табылған екен. Оның басты ерекшелігі – ескі түркі дәуірінің салт-жоралғыларынан бөлек, жаңа заманға лайықталып қойылуы. Мүсін тас обаның шығысында емес, солтүстік-батысында орын тепкен. Онда басына сәукеле киіп тұрған жас келіннің бейнесі бар. Арғанаты тауындағы тас мүсіндер ежелгі дәстүрдің жойылар алдындағы кезеңнен көрініс береді.

Байқоңыр петроглифтері

Бұл петроглифтер Қарағанды облысы Ұлытау ауданы Байқоңыр ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай бір жарым шақырым жерде орналасқан. Байқоңыр петролифтері – қазақ даласының шөлді аймағында сақталып қалған грабралардың бірегейі болып табылады. Сарыарқаның ұсақ шоқылы даласының Бетпақдала шөлейтінен солтүстік-батыстан бастау алып, оңтүстік-шығысқа қарай Байқоңыр өзені ағып жатыр. Шөлді Бетпақдаланы кесіп өтетін керуендер өзен иірімдерінен ішетін су, малына азық тапқан. Соның құрметіне биіктігі 15-20 метрге жететін қара тастарға белгі тастап отырыпты. Олар зерттеушілердің нысанына айналып, Балқымбай, Ақжар, Лақбай жартас суреттері деп атау алған. Ал ғылымда оларды «Байқоңыр петроглифтері» деп атайды. Қола дәуірі кезінде ертедегі тайпалар аңыз сюжеттерін арқау етіп көптеген композициялар қалдырған. Сонымен қатар, Ұлытаудың оңтүстік-батыс баурайында гранитті жартастарда көшпелі тұрмысты, керуендерді, жылқы мен түйелерді, арқар, таутеке, құландардың бейнелерін тасқа анық көрінетін нүктелі әдіспен қашап салып кеткен.

Желтау петроглифтері

Ол Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Тоқырау өзенінен солтүстіктен оңтүстікке қарай орын тепкен. Оның жақпар тастары нағыз тарихи ескерткіштер болып табылады. Желтау – ғалым Әлкей Марғұланның мекені болған өңір. Орталық Қазақстандағы тасқа түскен таңбалардың орнын іздесеңіз осы Ақтоғай ауданына сапар шегіңіз. Ертедегі адамдар тас бетіне түскен жазудың ерекше сыры бар деп түсінсе керек. Бұл тастардың бетіне түскен бейнелерді зерттеушілер кезең-кезеңге бөліп қарастыру керек деп есептейді. Мәселен, палеолит дәуіріне жататын суреттер көлемі жағынан үлкен болған, себебі олар аң бейнесіне еліктеп, қалай көрсе сондай көлеммен тасқа қашаған екен. Ал ірі және антроморфты адам тәрізді бейнелер кейінгі неолит дәуірен жатқызылады.

Шатқалдағы таңбалар ғалымдарды қызықтырып, тіпті шетелдік мамандардың назарын аудартқан. Суреттер тегіс тау етегінде және шың басында орналасқан. Зерттеушілер мұндағы петроглифтердің мән-мағынасы адам мен жылқыға байланыстырылатынын айтады. Сол сияқты бұл орындардан тау ешкілерінің бейнелерін жиі ұшырастыруға болады.

Дулығалы мешіті

Мешіт Ұлытау ауданы Ащылы өзені бойында Байқоңыр кенті маңында орын тепкен. Оны Құлмұхаммед ишан Арыстанбайұлы салдырған. Жастайынан білімге құштар болған оны әкесі Бұхара, Самарқандқа оқуға жіберіпті. Елге оралған ишан мешіт-медресе салдырып, бала оқытады, халықтың діни сауатын ашуға көмектеседі. Мешіт құрылысы 1902 жылы бастау алып, төрт жылдан соң ғана қолданысқа берілген екен. Оны Бердікей Талпақ есімді шебер тұрғызыпты. Тоғыз күмбезді мешітті Құлмұхаммед ишаннан кейін Абдрахман, Бірмағамбеттер ісін жалғастырыпты. 1916 жылы Ұлт азаттық көтеріліс басталғанда қыпшақ руының бас көтерер азаматтары осында бас қосып, алдағы жоспарларын құрған деген ақпараттар бар. Ілгеріде айтып кеткеніміздей,  тоғыз күмбезді етіп, Бұқара үлгісіне келтіріп, мешіттің сызбасын ұсынған Құлмұхаммедтің өзі болған. Әр кірпішті құюға ат салысып, оның бетіне арабша жазу түсіріп, ою-өрнектермен әшекейлеуді басты назарда ұстаған. Сырты қызыл кірпіштен қаланған 24 бөлмеден тұратын мешіт-медресе «Дулығалы» өз заманында тұтастай рухани-мәдени ескерткіш ретінде көпке белгілі болған.

Тасарал-3 қорымы

Қорым Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында орналасқан. Шеті ірі және ұсақты қиыршық тастардың қабығымен жабылған сегіз тасты жер қорғанынан тұрады, онда үлкен ақ тастардан жасалған сақиналық қоршау бар. Қоршаулардың арасы 5-12 метр қашықтықты құрайды. Оның 2-3-7 қорғандар аралығын археологтар зерттеп үлгеріпті.  

Тасарал-3 қорғанды қорым ерте темір дәуіріне жатқызылады. Оба үйіндісінің құрылысындағы үстіңгі жазық платформа мен төбе бетінің тастан жасалған қабығын қарап отырып, орталық жерлендірудің болғандығын түсіну қиын емес. Бұл қорым жайында толық ақпарат беретіні – тоналған бесінші қорған. Бейіттің қысқа өлшемі мен сүйектердің шағын болуына қарап, ғалымдар үшінші қабатта бала жерленген деген пікірге келіп отыр. Ал басқа үш қорғанда ересектердің сүйектері жатыр. Бейіттердің түбінен және одан жоғарырақ тонаудан аман қалған екі сүйек жебе, алтын бұйымды және жартылай қымбат заттар табылған. Бұл қорған осы маңайда өмір сүрген адамдардың элиталы тобынан қалған болуы мүмкін.

Тайатқан – Шұнақ петроглифтері

Көне дәуірге жататын тас таңбалары Шет ауданында орналасқан. Тайатқан мен Шұнақ тауларының аймағы өзінің сұлу пейзажымен таң қалдырады. Тек Шұнақта емес Қалмаққырылған мен Айғырұшқан маңайында мыңдаған тасқа салынған бейнелер бар. Ондағы петроглифтердің басым бөлігі қола дәуіріне, яки жаңа дәуірге дейінгі екі мыңжылдықтың ортасына жатқызылады. Тастағы таңбалардан күн бейнесін көптеп кездестіруге болады. Сол сияқты жұлдызды аспанға ұқсайтын көріністерге де бай. Ежелгі адамдар соғыс әрекеттерін де тасқа қашып салған екен.  Олардың біршамасы Тамғалыдағы петроглифтерге жақындау жатыр.

Жалпы бұл бейнелер қола дәуірінің дала мәдениетімен тікелей байланысы болуы мүмкін. Жаңа дәуірдің ІІ мыңжылдығына далаға андрон мәдениетінің тайпалары қоныстанған. Соған орай бұл бейнелер қайтадан қалпына келтіріліп, ұзақ уақыт ғибадатхана қызметін атқарған. Ондағы петроглифтерде ерте көшпенді халық пен ортағасырлық дәуірде ғұмыр кешкендерден қалған бейнелер де бар.

Ақтау бекінісі

Бұл бекініс Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданынң орталығынан оңтүстік-батысқа қарай орналасқан. Оны ХІХ ғасырдың 30 жылдары орыс патшалығының өзі тұрғызған. Ақтау тауларының ішінде осы бекіністен елу шақырымдай жерде жергілікті тұрғындар «Кенесары қорғаны» деп атап кеткен жер кездеседі. Сол тұста Ағыбай мен Наурызбай батырлар қамалдың қақпа жақ бетінің үлгісін тастан тұрғызып, оны қандай айла-амалмен алу керектігін үйреткен екен. Сол секілді қақпадан кірген бойда атты әскерлер соғылып қалмауы үшін жалт бұрылып, екінші қақпаға өту тәсілдерін үйренген.  Ал Кенесары болса төбе үстіне шығып, әскер ойынын қарап тұрыпты. Ал бекініске шабуылдаған кезде жауынгерлер садақ жебесінің басын ешкі майына былғап, оған от қойып, сол арқылы қолдан алапат өрт тудырған. Алдымен қамалдың сыртына шабуыл жүргізіп, орыс әскерінің назарын аударуды ойлаған. Олардың қалқаны қараған мен тобылғы, Манақа өзенінің бойлай өскен мойылдан жасалған. Кенесары сарбаздары орыс әскерінің жаудырған оғынан қорғану үшін сол қалқандарды түйе бойындай етіп буып, бекініс түбіне жақындап алыпты. Тарихта Кенесарының Ақтау қақпасын алуы оқиғасы 1838 жылы тіркелген. Қақпаға бірінші боп кірген батыр Наурызбай болған.

Қаражартас қорымы

Қарағанды облысы Шет ауданы Талды ауылының шығысына қарай орналасқан қорымның атауы – Қаражартас. Бұл орыннан ежелгі сатылы пирамида табылған. Тарихи нысанды ғалымдар қола дәуірінің Беғазы-Дәндібай мәдениетіне жатқызады. Үш мыңжылдықтан бері келе жатқан мазарда сол замандағы аты беймәлім ел билеушісі жерленген болуы мүмкін дейді зерттеушілер. Пирамиданың құрылысы басқа қорымдардан ерекшеленеді. Одан бөлек бұл маңайдан отызға жуық қорымдардың орны анықталған. Олар таяз, шағын келген және жерленген адамдардың барлығының тұрмыстық заттары бар. Біреулерінен қыштан, қоладан жасалған бұйымдардың біршама данасы табылған. Археологтар мұндай құрылыстың бұрын еш жерден кездеспегенін айтады. Ол жерге қолданылған тастар теп-тегіс, төртбұрыштылығымен көпшілікті қызықтырып отыр. Пирамиданың бұрыштары да шебер келтірілген.

Aқcy-Aюлы ІІ қоpымы

Қapaғaнды облыcы Шет ayдaнының ayмaғындaғы Aқcy-Aюлы ІІ кешені Шеpyбaй-Нұpa өзенінің cол жaғacы aңғapындa, Aқcy-Aюлы ayылынaн үш шaқыpым жеpде оpнaлacқaн.

Ол қолa дәyіpі мәдениетін, тұpмыcын cипaттaйтын еcкеpткіш болып тaбылaды. Бұл жеpде 36 зиpaт тaбылып отыp. Оның 24-і Aндpонов мәденитін, 12-cі Беғaзы-Дәндібaй мәдениетін cипaттaйды.  Обaның шетін үлкен тacтapды қыpынaн бекітіп, қоpшaғaн. Apхеологтap жүpгізген қaзбa жұмыcтapы кезінде оның ішінен екі қaбaт қоpшay мен үлкен тac-қaбіpдің оpны aшылды. Ал қaбіp ішінен бacы бaтыcқa қapaп, шaлқacынaн жaтқызылғaн мәйіт cүйегі мен қыш ыдыcтapдың cынығы тaбылып отыp. Оның cыpтындa екі қоpшay бap: ішкісінің бұpыштapы дөңгелекше келген төpтбұpышты болca, сыртқысы кәдімгі шеңбеpмен caлынғaн. Қоpшay қaбыpғaлapын іpі қaқпa тacтapды жaлпaғынaн қaлaу арқылы тұрғызған Жоғapы жaғы оpтacынa қapaй, бүpмелене күмбез  тәcілімен қaлaнғaн. Қоpшayдың бетін бөpенелеpмен бacпaлдaқты пиpaмидa тәpізді етіп жaпқaн cияқты. Ол жеpде көміp күлі кездеседі және үcтінен жaбылғaн бұтaқтap бap. Қоpшay ішінде мaл cүйектеpі мен қыштaн жacaлғaн ыдыcтapдың cынықтapы шыққaн. Ондaғы ыдыcтapдың кейбірінде Aндpонов мәдениетіне тән ою-өpнектеp болca, басқаларынан Беғaзы-Дәндібaй мәдениетіне тән белгілеp бaйқaлaды. Apхеологтap cол безендіpілген ыдыcтapдың cыpтынa қapaп, оның aтaқты aдaмғa apнaлғaндығын aйтaды.

Талды ІІ қорымы

Қорым Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Қасым Аманжолов ауылында орын тепкен. Ол ерте темір дәуіріне жатқызылады, мерзімделген уақыты VІ – V ғасыр. Онда түрлі дәуірлерді құрайтын алпысқа жуық нысан тіркелген. Ерте заманда-ақ тоналып кетендігіне қарамастан, мәдени құндылығы жоғары ұрының қолдарына ілікпеген заттар табылып отыр. Қазба жұмыстарының нәтижесінде жүздеген ұсақ қабықша, түйіршектерді қоспағанда, толықтай құйылып жасалған 130-дан астам алтын бұйым, он төрт садақ жебесі, тас моншақтар шықты. Ол бұйымдардың ішінде мысық тұқымына жататын жыртқыш аңдардың көркем мүсіні, алтыннан жасалған белдіктің басы мен қапсырмалары, жыртқыш аң белгіленген тығыршықшарлар, аспа белдіктердің  алтын қапсырмалары, алтын сырғалардың бірнеше түрлері кездеседі. Археологтар мұнда Орталық Қазақстанның сақ билеушісі жерленгенін айтады. Талды ІІ қорымының қорғандарынан алтыннан құйылған 200-ге жуық бұйым мен жиырма екі мыңнан астам ұсақ әшекей табылды. Ал алтын заттар – сақ билеушілері киген салтанатты киімнің әшекейлері. Олардың ішінен тығырықтар, портупея қайыстарға кигізілген әшекейлер, кісе белдік қапсырмаларын, ілдіргі-салпыншақтар мен қару тағылған қайыстарды, жапсырмаларды кездестіруге болады.

Кейкі батыр үңгірі

Батырдың азан шақырып қойған есімі Нұрмағамбет болған. Ал Кейкі атауы оның жапан далада жалғыз аң-құс аулап, кейкиіп жүретіндігінен пайда болса керек. Көзін көргендер батырдың денелі, түсі суық, бірбеткей, қайсар, күн райын алдын ала болжай білетін қабілеті болғандығын айтады. Оның есімі, Арқа мен Торғай даласына кеңінен таралған. Діннен хабары болған батыр құран ұстап, намазын қаза қылмапты. Халық аузында таралған аңыздарда батырдың құралайды көзге атқан мергендігі мен білегінің мықтылығы жөнінде айтылады. Хлық ішінде «Аманкелді көз көрген, Кейкі батыр қол мерген» деген сөз де бекер таралмаса керек. Оның мәні – Аманкелді көздеп ататын мерген болса, Кейкі кез келген нысанды атып та, атпен шауып та, жаяу жүгіріп те сұлатып түсіретін батыр болғаны. Жауларынан қашып жүрген Кейкінің тығылған үңгірі Қарағанды облысы Ұлытау ауданы Қорғасын ауданынан жеті шақырымдай жерде орналасқан. Ол Қараторғай өзенінің ық бетіндегі биік таудың жақпарында тұр. Жергілікті тұрғындар бұл үңгірге белгі орнатып, оған:

Ел емес пе ек, батыр ортақ дейтұғын,

Ерлер өткен елдің қамын жейтұғын,

Ей, жолаушы аттан түсіп тағзым ет,

Үңгірі бұл, Көкжал – Құлан – Кейкінің, - деп жазған.

Мақат сағанасы

Қарағанды облысы Ұлытау ауданы Шеңбер ауылынан солтүстік-батысқа қарай 10 км жерде, Қараторғай өзенінің жағасында Мақат Саржанұлына арнап тұрғызылған сәулет өнерінің ескерткіші бар. Ол Торғай өңірінің Ұлытаумен шектесетін тұсын мекен еткен дәулеті тасыған жан болыпты. Бабамыздың тағы бір артықшылығы мал жинағаннан гөрі, ілім-білімге ынтыққан. Осылайша, ол кейінгі ұрпаққа тарихи ескерткіш қалдыруды көздейді.

Сағананың ішіндегі ашық молада бабаның ұрпақтары жерленген. Деректер бойынша онда жиырмаға жуық адамның мәйіті жатыр. Бір қызығы, мұндағы жерлеу дәстүрі басқаша. Адам қайтыс болғанда, оның денесін ақ кебінге орап, осы сағананың жертөлесіндегі арнайы қазылған орынға әкеп қоятын болған. Ер мен әйелдің жеке-жеке бөлмелері бар. Ал ортада шымылдық тұтылып тұр. Қаза болған кісі денесін осында қоюды аманат етіп кетсе, бұл орында тұрған мәйіт арнайы қазылған жерге түсіріледі. Мақаттан қалған дәстүр әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді екен. Оған дәлел, соңғы жерленген адамның 1994 жылы өмірден өткендігі. Сол сияқты Мақат бабаның 1924 жылы туған баласы да осында жатыр. Тағы бір таңқаларлығы, мұндағы мәйіт қырық күн шілдеде иістеніп кетпейтін көрінеді. Сағана есігі киізбен қапталғандықтан жаз мезгілінде ыстық кірмейтін болуы мүмкін. Іші қоңыр салқын орынның ішкі қабырғалары кірпіштен тұрғызылған. Қысы-жазы іштегі температура бір қалыпты тұрады.

Құлан қатын кесенесі

Құлан қатын кесенесі Қаракеңгір өзенінің сол жағалауында, Сарысу өзені, Қаражар деп аталатын жерде орын текпен. Бұл күмбез жақын тұрғызылған Болған ана кесенесінен гөрі жаңа ХІV-ХV ғасырлардың сәулет үлгісіне жатқызылады.

Ел арасындағы әңгімелердің бірінде ол Шыңғыс ханның екінші әйелі десе, кейбірінде Құлқаның анасы болған меркіт Құлан-хатунның есімімен байланыстырып жатады.  Аңыздарда Құлан-хатун Жошы ханның өліміне себепшілердің бірі ретінде айтылады. Десе де, кейбір деректе ол Ұлытау жерінде монғолдар басып алғанша өмірден өтіп кеткен деген нұсқа кездеседі. Ал біреуінде ол Шыңғыс ханмен Хорезмге сапар шегіп, сонда о дүниелік болған. Денесін мұздың ішінде сақтап, кейінірек келіп жерлеген екен.

Болған ана кесенесі

Болған ана кесенесі – Алтын Орда дәуірінен қалған сәулет өнерінің үздік туындысы боп саналады. Оның өмірде кім болғандығы жөнінде түрлі деректер кездеседі. Соның бірінде ол Алаша ханның келіні делінсе, басқасында жоңғарлар келгенше Орталық Қазақстанда билігі жүрген патшайым болған дейді.

Бұрындары Түркістан жерінде Талмас ата деген әулие кісі ғұмыр кешіпті. Оның құсбелгілігі де бір төбе болыпты. Талмас атаның бәйбішесі Болған ана болса, тоқалының есімі Белең ана, екінші тоқалының аты Ақбикеш екен. Үш әйелін үш жерге орналастырған Талмас ата ертемен кенже тоқалы тұрған Қаратудан шығып, түстелетіп, Сарысуды мекен еткен Белең анаға келеді екен. Ал қонуға Ұлытаудағы Болған анаға қарай жол тартыпты.

Батыр Сеңкібай Оразғұлұлы кесенесі

Өзінің ержүректілігімен, шешендігімен елдің ыстық ықыласына бөленген Сеңкібай Оразғұлұлы 1709 жылы Қарағанды облысы Қарқаралы жерінде өмір есігін ашқан. Бейбітшілік заманда ақыл-парасатымен талай дауда жеңімпаз атанып, ел ішінде әділ шешімдерімен танылған. Сол сияқты жоңғар-қалмақ соғысында ерлік көрсетіп, туған жері үшін қырғын шайқаста жан аямаған баһадүр батыр. Сеңкібай баба Абылайдың сенімді серігі ретінде 1740 жылы орыс елімен келісім жасауға ұмтылған елшілер құрамында жүрген. Сәл кейіндеу Абылайдың баласы Әбіл басқарған елшілермен бірге әскери кеңесші ретінде Қытай астанасы Бейжіңге де табан тіреген. Сеңкібай Оразғұлұлы қолбасшылығымен қатар, бейбіт заманда ел ісіне де етене араласып, талайларға дұрыс жол сілтеген көреген кісі, алғыр би, әулиелік қасиеттерге ие болған. Оның үшінші атасы болған Қожас батыр Әнет бабаның қызы Тоқтамен бас қосқан екен. Одан туған екі ұл да өз дәуірінде батырлықтарымен көзге түскен. Сеңкібай батырдың денесі Шет ауданындағы Тамды өзенінің жағасында жер қойнына тапсырылған.

Қызыл-кеніш сарайы

Қарқаралыдағы Кент тауларынан тағы бір тарихи ескерткішті көруге болады. Халық бұл орынды Кент сарайы деген атпен жақсы біледі. Сарайдың құрылыс жобасының орны бүгінге дейін сақталған. Заманында бұл ғимарат екі қабат етіп, айқыш секілді салынған екен. Оның негізі осы өңірдегі қызыл тастан қаланған. Жазықты жерде орналасқан Қызыл-кеніш сарайын жан-жақтан таулар қоршап тұр. Сол сияқты оның үш бүйірінен іргелестіре салынған қосымша бөлмелер ортадағы бас бөлмемен есіктер арқылы байланысқан. Сарайдың ғимараты шағын, шаршы пішіндес болып келеді. Үш жақтан жалғасып салынған үйлердің есіктері жоқ. Тек оңтүстік беттегі қабырғада ғана есік бар. Қалқа балкон секілді төрт ағаш бағаналарымен тіреліп тұр. Сырғауылдардың арасын тақтайшалармен толтырыпты. Ал үстіне тас тақталар төселген. Қалқаның қос жағынан да сақталған қабырғалардың қалдықтарын көруге болады. Оңтүстіктегі қабырғаның кіреберісінің үстінен терезені байқаймыз. Оның екі қабаттан тұратынына осы оң қабырғаның биік болуы және жоғарғы тұсынан терезенің ойылуы себеп болып отыр. Сарайдың іші мен сырты балшықпен сыланған екен. Қызыл-кеніш сарайы маңынан бірнеше қабірлер табылған.

Ұлытаудағы Хан ордасы

Қарағанды облысы Ұлытау өңіріндегі Талды өзеніне бір шақырым жерде Хан ордасын кездестіруге болады. Орда сырты қабырғамен, іргесі айнала ормен қоршалыпты. Бұл орын хан тұратын орда мен қызметшілеріне арналған тұрағы бар қоршаудан тұрады. Олардың арасы дуалмен бөлінген. Дуал ішінде ханның салтанатты шатыры, басқа да жаздық тігілмелі баспаналары орын тепкен. Бұрыш-бұрышта қарауыл мұнаралары бар. 1993 жылы ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевқа осы Хан ордасында құрмет көрсетіліп, содан қалған тақ қазір мұражайға тапсырылған. Бұл орында көптеген хандардың ұлықтау рәсімі өткен. Жошы ханның ұлықталуы да Ұлытау өңірінде болғандығы жөнінде тарихи деректер кездеседі. Себебі, империя астанасы болған Базар Орда Жошы мазарының маңында дейді археологтар.

Басқамыр қалашығы

Қалашық Ұлытау ауданы Жезді өзенінің жағалауында орналасқан. Төрт бұрышты болып келетін қалашықтың іргесі ормен қазылған. Қала орталығында цитаделі болған. Сол сияқты қаланың ішкі солтүстік бұрышында арық бойымен келетін ауыз су сақталатын шұңқыры бар. Басқамырдың ортасында тұрған цитадельдің ішкі қабырғаларында жапсарлас салынған жеті бөлменің орны табылды. Ал едендері балшықпен сыланыпты. Археологтар қалашық ішіндегі қабырғаның сыртына шығып қалған адам бас сүйегін, қаңқа сүйектерінің қалдықтарын толық қазып, зерттеп, басқа да табылған құнды жәдігерлерді жинақтаған еді. Табылған адам сүйегінің басы батыстан-шығысқа қарай бағытталғаны анықталды. Алайда, оның қасынан ешқандай ғұрыптық заттар табылған жоқ. Археологтар ол адам сүйегін қаланың қорғаныс қабырғасының сыртынан оңтүстік-батыс жағына қарай, отыз метр қашықтықта қайта жерлеу жұмыстарын жүргізді.

Кент қалашығы

Қола дәуірінен қалған қалашық Қарқаралы ауданында жатыр. Ол жүз жылдық санаққа дейінгі екі мыңжылдықтың жартысын қамтиды. Ғалымдар Кенттен жүзден аса құрылыс орнын тауып отыр. Бұрынғы қалашықты құраған құрылыс қалдықтары Қызылкеніш өзенінің екі жағасындағы отыз гектар жерді алып жатыр. Археологтар осында мекен еткен халықтың саны шамамен бес мыңға жетіп жығылған дегенді айтады. Оның ауылшаруашылықпен айналысатын шағын қоныстары болған (Әкімбек, Домалақтас, Қызылтас, Қызылтас-1, Найза, Байшора, Нұрбас). Ол жерлерде қыс мезгілінде де адамдар тұрақтап, мал шаруашылығымен айналысқан. Қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған ыдыстардың кейбіреулері сырттан әкелінген болып шықты. Мұнда импорт ыдыстарының кездесуін металл саудасының қарқынды жүргендігінен дейді ғалымдар.

Матақ батыр мазары

Матақ батыр Қаракесектің жетінші ұрпағы болып табылады. Батыр 1750-1839 жылдар аралығында ғұмыр кешкен. Ол он жетісінде Бөгенбай батыр бастаған Есіл-Нұра соғысына белсене қатысып, ат үстінде түрлі соғыс іс-қмылдарын көрсеткен. Он тоғыз жасында әкесі Тоғалақтың орнын басып, Абылай ханның тікелей жарлығымен мыңбасы болып тағайындалады. Хан сол тұстары орталықтандыру жүйесін іске қосып, Ертіс, Балқаш, Баянаулын аймағын Қарқаралы дуаны деп жариялайды да, дуанбасы ретінде Матақ батырды сайлаған екен. Батыр үш жылғы өмірін осы қызметте өткізеді.

Оның әкімдік мөрінің бедері Елордадағы Президент мұражайында сақтаулы тұр. Онда «Аль султан, Ал Адиль Матақ» (Матақ – үлкен дуанның әмірі) деген жазу бар. Батыр кесенесі Қарағанды –Қарағайлы темір жолының тұсында, Матақ атты өзен жағасына салынған. 

Аяққамыр кесенесі

Бұл ескерткіш Орталық Қазақстандағы ірі мазарлардың бірі болып  табылады. Ол Жезді өзенінің оң жақ жағалауынан орын алған. Кесене ХІV ғасырда Құтлық Темір мазары деп аталған деген деректер кездеседі. Бұл орын туралы ғалым Шоқан Уәлиханов өз еңбектерінде атап өтеді. Аяққамыр портал күмбезді күрделі құрылыстардың қатарына жатқызылады. Оның алдыңғы жағы П әрпі секілді жиектеліп, монумент түрінде безендірілген. Кіретін қуысты түзу аркамен жапқан. Құрылысына күйген кірпішті пайдаланып, оны жарты оюлы тақтайлармен қаптаған екен. Ғалымдар осындай безендірілуіне қарап оны ІХ – ХІІ ғасырлардың сәулет дәстүріне тән деп отыр.

Байдалы би кесенесі

Кесене Қарағанды облысы Осакаровка ауданында тұр. Байдалы Абылай хан тұсында сегіз бидің ең беделдісі, бас биі болған. Бірде Аралбайдан туған Бәйтелі батыр төре тұқымынан адам өлтіріп, құнды болып қалады. Абылай билерін жинап, құн өтеушіге өлім жазасы берілгенін айтыпты. Бәйтелі сонда Байдалы биге жәутеңдеп қарайлай беріпті. Сонда Байдалы би: «Несіне қарайсың, лақ құрлы жоқпысың, бауыздағалы жатқанда ол да жан даусын шығарып бақырады емес пе?» депті. Бидің сөз астарын түсінген Абылай өлім жазасын кешіріп, былай дейді: «Жеті жарғыдағы» құн төлеудің заңын білеміз. Ендігіден бұқара төре тұқымын мерттіктірген адам екі кісінің құнын төлесін. Сондықтан Бәйтеліге осы жаза қолданылсын». Ханның бұл сөзін басқа билер бірден қолдап кетсе керек, Байдалы тұрып: «Тақсыр хан ием, есік алдында сіздің торы төбел тұлпарыңыз байлаулы тұр. Соның төбелінде түгі көп пе? Жоқ, тұла денесінде түгі көп пе?» деп сұрайды. Абылай тұла денесінде түгі көптігін айтады. Байдалы би қайта сөзін жалғап: «Олай болса, төре тұқымы ат төбеліндей аз ғана. Мен жаңа тетелес інім Жөнекеңе (би тетелес інісін Жөнекең деп еркелетіп айтқандықтан, Бәйделі есімі ұмытылып, Аралбайдан фтарайтын бір ру «жөнекең» деп аталып кетіпті) «бауыздағалы жатқан лақ та бақырады, сен де «бақыр» дедім. Ол бақырып, аруақ шақырса, ұранға шаппайтын ел болмайды. Содан сіздің қол астыңыздағы қара халық қарсы шығады. Бұл хан тағында қалуыңызға күмән келтіреді.  Адамның адамнан артықшылығы жоқ, сол себепті екі құн төлей алмаймыз. Бір кісінің құнын төлейміз, ал құн даулап отырған адамыңыз нағыз төре болса, талша мойнымыз қылша. Бірақ Бәйделінің жалалы боп отырған адамы күңнен туған, түбі шикі. Сол себепті, тек жарты құн төлейміз» деп, әділ шешім шығарыпты.  

#киелі жерлер #қарағанды #көрікті жерлер

Похожие материалы