«Дәстүрлі әннің мерейі үстем болуы керек»

Әнші әрі шебер Еламан Құжимановпен сұқбат

Өнер өлкесіне олжа салған Құжимановтар әулеті Шығыс Қазақстан облысының жұртшылығына жақсы таныс. Дәстүрлі ән мен халық музыкасының насихатшыларына айналған отбасы бүгінде көпшілікті өздерінің әуезді әндерімен ғана емес, ұлттық аспаптар жасайтын шеберлігімен де таң-тамаша етіп келеді. Жоламан Құжиманов, Тельман Құжиманов, Ерлан Құжимановтай өнер тарландарының жолын біздің кейіпкеріміз Еламан жалғап келеді. Бұрынғының сал-серілері сияқты домбырасы мен қыл қобызын өзі жасайтын әнші әрі шебер халық өнері жайында аз-кем ойларымен бөлісті.

Анықтама: Кейіпкеріміз Шығыс Қазақстан облысындағы Тарбағатай ауданына қарасты Ақсуат деген ауылда тұрады. Кішігірім шеберханасының шаруасын да, Мəдениет үйінің қызметінде үйіріп отыр. Жоғары оқу орнында тарих пəнінің мұғалімі мамандығын меңгерген. Десе де, өнерпаз ағаларының жолын жалғап киелі әншілік өнерге бет бұрған.

El.kz: Еламан, жауыр болса да бір сұрақ қойғалы отырмын. Өнерге қалай, қашан келдіңіз? Неше жастан бастап ән айтасыз...

Еламан Құжиманов, дәстүрлі әнші, шебер: – Кез-келген өнерпазға «атың кім» деген сияқты сұрақ қой бұл. Десе де, жауыр болды, осы сұрақ шаршатты деп айтудан аулақпын. Оның үстіне, той-томалақта, отырыс-жиында болмаса, бұл сауал жиі қойылады деп те айта алмаймын (күлді). Күн сайын сұқбатқа шақырып, мазалап жатқан ешкім жоқ. Ал өнерге ерте не кеш келгенімді өзім де білмеймін. Бала күнімізден сол өнерге жақын болып өстік. Ағаларым Жоламан, Тельман, Ерлан өнер өлкесіне ат басын бұрып, осы салада өздерінің жолдарын тапты. Соларға қарап бой түзедім. Ән айту мәдениетін үйрендім. Олардың шырқаған әрбір әнін жаттап, соларға еліктеп, білмегеннің бәрін ағаларымнан білдім. Уақыт өте келе музыкаға деген талғам қалыптасты. Өнерге деген махаббат пайда болды. Бірақ мектеп бітірген уақытта тарих мамандығына оқуға түстім. Тіпті, осы салада қызмет те атқардым. Бірақ бала арманымды іске асыруды ойлап жүрдім. Бар аңсарым әнге, өнерге, өнерлі ортаға ауып тұратын. Құйқылжытып ән айтып, тыңдарманның құлақ құрышын қандыратындай әнші болуды армандадым. Сөйтіп тарих мұғалімі қызметін мүлде басқа, бірақ өзіме ыстық салаға ауыстырдым. Өнер өлкесіне, халық музыкасына деген ықыласым ауып, әншілік өнерді тереңірек зерделеуге көштім. Ән айтып, домбыра тарту дегеннен хабарым болса да бастапқыда жүрексіндім. Себебі, шын өнерпаз, таза әнші әрбір әуенді өзіне сіңіріп, оны халыққа жеткізуші. Шырқаған әніңнің әрбір сөйлемін, керек десеңіз сөзін жүрекпен ұғыну керек. Сондықтан біршама уақыт ағаларыммен кеңесе тұрдым. Университетте оқып жүрген уақытта ара-тұра өлең айтқаным болмаса өнерге бойлап, түбіне үңілмегенмін. «Қарайып қалыппын». Әйтеуір, қазір сахнаға әнші деп шақырып жатады. Соған қарағанда, өнердің қазанында қайнап кеттім ғой деп ойланып қоямын (күлді). Бірақ іште бір арпалыс үнемі болып жатады ғой. Өзіңді үнемі қамшылап жүресің. Әсіресе, өнерге жақын, шығармашылық адамдары өздеріне ылғи көңілдері толмай, сондай бір нашар сезімді жиі бастан өткеріп тұрады. «Әттеген-ай, бұл әнді былайша шырқағанда ғой», «шіркін-ай, мына бір киелі сахнада шығармашылық концерт берсем ғой», «ескі әнді жаңа нұсқада орындасам халық қалай қабылдайды» деген сияқты көптеген сауал санада жаңғырып тұрады. Содан кейде шаршайсың, ал кейде жігерленіп, алға қойған мақсаттарыңның ауқымы кеңейеді. Өз-өзіңе сыни көзқараспен қарай бастайсың. Бұл өнерпазды өсіреді.

Әлгінде айтқанымдай, өнерге біржола оқуды бітіріп, бір жыл қызмет атқарып барып келдім. Тым кеш келдім деген ой болған емес. Азды-көпті жеткен жетістігім де жоқ емес. Шығыс Қазақстан облысында Тарбағатай ауданына қарасты Ақсуат деген ауыл бар. Осындағы мəдениет үйінде қызметкермін. Кіл өнерлі азаматтардың ортасында өсіп, шығармашылық концерттер, гастрольдік сапарлар ұйымдастырып тұрамыз. Өзіме кәсіби тәжірибе жинап келемін. Бастысы, көзі қарақты көрермен қауымның көңілінен шығып, айтқан әніміз жұртшылыққа ұнап жатса сол да үлкен жетістік. 

El.kz: Көрермен жайында айтып қалдыңыз, жалпы халық музыкасының өз тыңдармандары бар дейміз. Алайда шетелдің әніне құлағы үйреніп қалған қауымды халық музыкасына қалай жақындатуға болады?

Еламан Құжиманов: – Бұл мәселенің қашаннан бастап мұндай сипат алғанын, оған не ықпал еткенін сіз де, мен де жақсы білеміз. Сондықтан қоғамды бұған айыптауға болмайды. Қазақ басынан небір нәубетті бастан өткерді. Саяси қысым, идеологиялық эксперименттер көп жасалды. Ұлтымыздың тегін, өткенін өшіру үшін жасалған сан-сұмдық бүгінде әшкере болып, қатталған тарих беттерінде анық әрі ашық жазылып тұр. Сондықтан дәстүрлі әннің тыңдарманы аз, оған халық көңіл бөлмейді, ешбір қызығушылығы жоқ деп бәрін жоққа шығаруға болмайды. «Ат айналып қазығын табар» деген қазақта сөз бар. Сол сияқты қазақ өзінің баяғы болмысына, табиғи үніне оралады. Себебі, халқымыздың тегінде бар бұл қасиет. Қазір рухани тұрғыдан жаңғырып жатқан уақыт. Қазақ өзінің өткеніне үңіліп, алысқа қарай алатын, болашақты болжай алатын хәлге жетті. Қазір эстраданың «жұлдызы жанып» тұрған сәт. Сондықтан дәстүрлі әншілер де аудиторияның талғамы мен таңдауына баса назар аударуы тиіс. Бұрынғы оранжировкадағы әндерді жаңа сипатқа лайықтап халыққа ұсына білу керек. Былайынша айтқанда, тыңдарманның көңілін аулау үшін солардың ығына да жығылып тұрған да оң нәтижесін береді деп білем.

El.kz: Дәстүрлі әннің дәріптелуі қандай деңгейде?

Еламан Құжиманов: – Дәстүрлі әннің беделі әркез биік болғаны жөн. Өйткені, оның мазмұны да, берер нәрі де, сәні де әлдеқайда құнды әрі жоғары. Ұлттың ұлттық болмысын, өткені мен бүгінін танытатын да осы – дәстүрлі ән-жыры, күйі. Әлем елдерін эстрадалық бағыттағы әнмен таңғалдыру мүмкін шығар, дегенмен қазақ екеніңді таныту қиын. Дәстүрлі ән ең бірінші ұлтыңды, ұлттық менталитетіңді көрсетеді, паш етеді. Өзге ұлт өкілдері осыған қызығады, қызықпаса да назар аударатын болады. Біздің қазақ әндерінің құдіреті осында. Сондықтан халық музыкасына қамқорлықпен әрі құрметпен қараған абзал. Мұны дәстүрлі әннің қазанында қайнаған кез-келген адам біледі, санасымен түсінеді. Ал тыңдарман қауымды әлгінде айтқанымдай, ұлттық музыкаға қызығушылығы жоқ деп жазғырмау керек. Бірақ бұл шындық. Оған дәстүрлі әншілердің өздері, дәлірек айтсам біздің өзіміз де кінәлі шығармыз?! Алайда халық та көне үнінен ажырап қалғанын сезінуі керек, ұғынып, түйсігімен түсінуі тиіс. Сонда ғана қазақ өнерінің, қазақ халық музыкасының мерейі үстем болып, абыройы асқақтай түсері анық. Қазақстанның шығыс өңірі дәстүрлі әнге, халық әндерін орындаушыларға деген құрметі ерекше. Басқа аймақтарда да сондай тенденция байқалады. Соған қарағанда, дәстүрлі әннің насихаты, дәріптелу деңгейі ептеп жолға қойыла бастады ғой деймін. Мәселен, еліміздің басты арналарында көптеген дәстүрлі әнші, күйшілер мен жыршылардың байқаулары өтіп тұрады. Осының өзі де халыққа дәстүрлі әнді жарнамалау, дәріптеу деп түсінген жөн. Оның үстіне, халық дәстүлі әншілерді тойларына жиі шақыра бастаған. Той-томалақта қазақы нақыштағы салт-жоралғылар жасалып тұрады. Ал сол әдет-ғұрыптар қазақ әндерінің сүйемелдеуімен ерекше сипатта орындалады. Міне, біз осы бағытта жүре берсек өзіміздің атадан қалған әуезді әуенімізге ораламыз.

Дәстүрлі әннің, ұлтымыздың өз үнінің түрлі тар замандарда өшпегенін білетін болсақ, оның ешқашан шырағының сөнбейтініне сенуге болады. Әріге бармай-ақ қоялық, мәселен заманында Ғарифолла Құрманғалиев, Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Қали Байжановтар қазақ музыкасын шыңға шығарды. Сол замандардың өзінде «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Ертарғын», «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» сияқты туындылардың өзін ешбір еуропаламай, орысшаламай, дауысын құбылтып, соған салып орындаған емес, операның өзін қазақи дауыстарымен орындады. Тыңдаушылары көп болды. Ал қазір керісінше болуының себебіне заман ағымы мен талғамның өзгеруі себеп болып отыр.

El.kz: Ал қазақтың ұлттық аспаптарының насихаты қалай? Осы жайында пікіріңізді білгіміз келеді.

Еламан Құжиманов: – Қазір қазақтың кез-келген үйінің төрінде домбыра ілулі тұр десем артық айтқандық емес. Бірақ ұлтымыздың домбырадан басқа да аспаптары көп. Олар жайында аз-кем ақпарат білетін шығармыз? Дегенмен, түбіне үңіліп, тереңдей түссеңіз көп дүниеден хабардар болуға болады. Негізі, музыкалық аспаптар қазақтың бүкіл ғұмырын, тарихын, тұрмыс-тіршілігін суреттейді. Бірақ қазақ баласы олар жайында ештеңе білмейді деп айтудан аулақпын, десе де, көп дүниеден хабарсыз. Бұрынғы аңыздарды айтатын ақсақал мен ақжаулықты әжелердің қатары сиреді. Отбасындағы ұрпақтар сабақтастығы үзіліп барады. Міне, бұл да халық өнерінің өрісін тарылта түсті. Қазіргі реализмнің шындығымен жүзбе-жүз келгендіктен қоғамның да сипаты өзгерді, құндылықтар құны жеңіл тарта бастағанына бәріміз куәміз. Саусақпен санарлық мұражайларда кездесетін аспаптар бүкіл ұрпаққа аманат һәм қазына бола ала ма? Әрине, жоқ. Бүгінде мінберлерде патриоттық сезім, ұлттық тәрбие мен идеологияның маңыздылығы, қажеттілігі жайында жиі айтылады. Бұған сөз басында айтып өткенімдей, кеңестік саясаттың дәуірлеп тұрған шағындағы аспаптардың қамқорлыққа алынбай қалғаны түрткі. Бірақ нендей саясат үстемдік құрмасын ұлттық рухтың мықтылығынан ұлт аспаптары өшпеді. Расы керек, әрбір дәстүрлі әнші домбырамен, қобызбен сүйемелдеп отырып ән айта алады. Ал сыбызғымен сызылтып, шертерді шертіп, асатаяқпен өлең айтатындар аз. Бұл біздің кемшілігіміз. Алайда дәл осы аспаптардың әрбірі қазақтың тарихымен, өткенімен тамырлас екенін ұғынып, сезініп өстік. Себебі, ұлттық аспаптардың әрқайсысының мазмұны мен мәнін аша түсетін таңғажайып аңыздар мен әңгімелер аспаптарға деген махаббатымызды, құрметімізді арттыратын, кеудеде мақтаныш сезімін үдететін. Міне, осындай ауыздан-ауызға тараған әңгімелер ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отырса ұлт аспаптарының ғұмыры ұзақ, халық әнінің беделі әркез биік болады деп есептеймін.

El.kz: Демек, бүгінгінің ұрпағы осы аңыздардан бейхабар дейсіз ғой?

Еламан Құжиманов: – «Иә» деп біржақты пікір айтуға болмайды. Негізі, ұлт аспаптарын дәріптеудің ең төте әрі нәтижелі жолы мектептердегі үйірмелер деп санаймын. Себебі, қазіргі балақайлар ұлттық аспаптарға көптеп қызығады. Бірақ мектепте үйірмелер көп бола бермейді. Сондықтан ақылы үйірмелер мен оқушылар сарайына баруға мәжбүр. Бұған екінің бірінің шамасы жетпеуі мүмкін. Менің бұл ойымды бойына өнер қонған әрбір адам айтады деп санаймын. Өйткені, мектеп қабырғасындағы домбыра сыныптарының өзі оқушыларды төл өнерге баулып, олардың халық музыкасына, аспаптарына деген махаббатын күшейтеді. Оларды қанаттандыратын алғашқы баспалдақ болады. Халық аспаптарының қашанда, қандай уақытта болмасын ұлық тұруы қажеттігін ұғындырады. Егер үйірмедегі ұстаз балаға аспаптар жайында аңыздарды әр сабақ сайын айтып отырса бұл баланың көңіл көкжиегін, пайым-парасатын, өнерге деген көзқарасын қалыптастырады. Айталық, бір дәріс алдында Қорқыт бабаның «Әуіппайын» айтып берсе, оқушы бойында барды бағалай білу керектігі туралы ойы қалыптасқан болар еді. Себебі, бұл күй аңыз бойынша аштықтың азабын тартып, құндақтаған сәбиіне бір тілім нан таппай, ашыққан баланы жұбата алмай әбігерге түскен ананың зары, күйінішін жеткізу мақсатында шығарылған. Сонда Қорқыт баба осы күйін төгілтіп орындаған сәтте мазасы кеткен бала ұйқыға кетіп, тынышталған екен. Бұл әңгіме біздің киелі қобыздың құдіретін, оның ерекше қасиетін жастарға ұмытылмайтындай етіп сақтауына кепілдік болған болар еді. Ерекше дарын иесінің «Ұшардың ұлуы» атты күйінің тарихы да әрбір оқушыға рухани һәм музыка құдіретін ұғындыруға көп көмегін тигізеді. Шын өнерпаздың қандай болуы керектігін көрсетеді. Осы күй мерт болған аңшы жігіттің анасы мен оның Ұшар деген итінің ұлуын жеткізетінін естіп қайран қалғаным әлі есімде. Расында осы күйді ести отырып, баласын жоқтап аңыраған ана мен иесін іздеген иттің үнін естуге болады.

Осы күйлерді шертіп көрсетпесе де, майталман ұстаз шәкіртін ұлттық аспаптарға аңыздар көмегімен ұйытады. Олардың қызығушылығын тудырады. Ұлтымызда басқа да музыкалық аспаптарға қатысты аңыздар мен әңгімелер өте көп. Бір ғана сыбызғы немесе шертердің, болмаса асатаяқ пен адырнаның теңдесіз даусы да талай аңызға өзек болды. Қазір барлығына «ынтасы аз, зейіні жоқ» деп үлкендер жағы жастарға кейіп жатады. Қысқасы, жас өскіндерді айыптауға әзірміз. Шындығында, халық аспаптарын ұлықтауда оның қыр-сырын білетін үлкендер жағы, ыждаһатты оқытушылардың аздығы түрткі болып отырғандай көрінеді. Ұлт тарихымен үндесіп жатқан аспаптардың жасөспірімдер санасына сіңісті болмай, эстрадалық бағыттағы әндерге әуес болуына аға буынның халық әндері хақындағы мол мәліметтерді білмеуі, әңгіме арасында айтпауы да себеп.

Оның үстіне, кейінгі жылдарда ғана болмаса, бұрынырақ аспаптар жайында көп айтылмайтын. Бұқаралық ақпарат құралдарында, әсіресе телеарналарда жиі көрсетілмейтін. Бұл да насихатқа келіп тіреледі. Біз өзіміз ұлттық аспаптарымызды толық танымайынша, оны өзге біреуге қалай танытпақпыз?! Сол үшін халық музыка аспаптарының жарнамасы келісті болғаны жөн.

El.kz: Сонда ұлттық аспаптардың дәріптелуі үйірме көлемінде шешілетін мәселе ме?

Еламан Құжиманов: – Жоқ. Ойымды қате түсініп отырсыз. Бұл жерде балаларды кішкентайынан, яғни мектеп кезінен, тіптен балабақшадан бастап ұлттық музыкалық аспаптарда ойнауға, оның тарихымен тереңірек танысуға мүмкіндік жасау керектігін айтып отырмын. Ұлттық аспаптар балабақшалардан-ақ насихатталып, көрнекі құрал ретінде сабақ барысында қолданылса сіз бен біз айтып отырған мәселе болмаған болар еді. Себебі, бала жастайынан халық музыкасы мен аспаптарымен сусындап өседі. Ал кішкентай кезде берілген білім мен тәрбиенің адамның өмірінде қандай өзгеріс әкелетінін ғылым да, психология да дәлелдеп отыр. Балалар үйірме арқылы өнерге жақын болып өседі. Аспаптың құлағында ойнап кетпесе де оның шығу тарихы мен олар жайында түсінік қалыптастырады. Құлағына қазақ әуені сіңісті бола бастайды. Жоғарыда айтқанымдай, біз классикалық өнермен ешкімді таңғалдыра алмаймыз. Бұл бағытта бізден де кәнігі мықты испандықтар мен италиялықтар бар. Ал қазақ жеріне қонақ келсе осы аспаптарымыз бен қалыпқа сыймайтын қоңыр үн мен мәдениетімізден басқа көрсетер ештеңеміз жоқ.

El.kz: Сіздің домбыра мен қобыз жасайтыныңызды да білетін едік. Бұл өнерді қайдан меңгердіңіз?

Еламан Құжиманов: – Жаңа да айттым ғой, Жоламан, Тельман, Ерлан ағаларыма қарап, өнер өлкесіне келдім. Бой түзедім. Олар да əн айтып қана қоймай, ағаштан аспап, үйге қажетті жабдықтар жасайтын қабілетке ие кісілер. Атамыз Нұртай Ақсуатқа аты әйгілі шебер болған. Уақытында ауыл өміріне қажетті шана, сандық, төсек сияқты тұрмыстық бұйымдарды жасаған. Алайда ол кісі ешқашан музыкалық аспаптар жасамаған. Қазақтың «ата көрген оқ жонар» демекші, сол кісіден тараған ұрпақтың барлығы қолөнер шебері болып кәсібінің нәсібін көріп отырған адамдар. Өзім ес білгелі əкемнің ағаштан әртүрлі бұйым жасағанын көріп өстім. Сондықтан ағаштан бұйым жасау маған таңсық дүние болған жоқ. Алғашқы домбыраларымды 9-10-сыныпта оқып жүрген кезден бастап жасадым. Бұған дейін əкем істеген жабдықтарды, аспаптардың жасалуына қатысып, тетіктерін дайындауға, кішігірім жұмыстарына араласып тұратынмын. Тек музыкалық аспаптарды ғана емес, ағаштан істелетін заттың бəрін жасай аламын. Бірақ ұлттық аспаптар жасағанды көбірек ұнатамын. Себебі, аспаптың үнін таза шығарған, әдемі домбыра жасаған жаныма жақын. Өнерде жүрген аға-әпкелеріміз, бауырларымыз тапсырыс беріп жатса барынша әуезді етіп жасауға тырысам. Тұрмыстың қажеттілігі үшін емес, тапсырыс түссе қуанамын. Өйткені, аспап жасаудың машақаты маған шабыт береді. Бірақ аспап жасауға үнемі қол тие бермейді. Жылына 5-6 аспап жасаймын.

Жалпы, шебер болу шыдамдылықты көп қажет етеді. Аспаптың сыртқы формасы да байыппен жасауды талап етеді. Бірақ үнін шығару қиынның қиыны. Бір нәрсе дұрыс емес жасалса онда істеген жұмысың, еңбегің далаға кеткендей болады. Сондықтан әрбір дүниеге жауапкершілікпен, сақтықпен қараған дұрыс. Негізі, кез-келген адам бұйым жасауды үйрене алады деп есептеймін. Ал аспап жасау сәл қиынырақ. Себебі, оның сапасы үні арқылы бағаланады. Оның сырты әдемі болып, үні кұмбірлеп тұрмаса оны аспап деуге келе ме? Жоқ. Сондықтан үлкен шыдам аспап жасаушы шеберлерге тән болуы керек. Сосын байқампаздық пен сезімталдық қасиеті, ішкі түйсіктің өзіндік талғамы да болған жөн. Аспаптың үнін ести алатын, оның даусының тазалығын сақтай алатындай етіп құрастыру да үлкен жұмыс, өнер десем де болады. Әрбір пайдаланған ағашыңның қалыңдығы мен тілінуі де назардан тыс қалмауы тиіс. Керек десеңіз, қаттылығы мен жұмсақтығы да үлкен рөл атқарады. Ағаштың жылдық сақиналарының өзіне назар аудара отырып, аспапты сол жиіліктегі дыбысқа әсер ету күшін алдын-ала сезе білу де ең басты шарт. Сондай-ақ, шебер заманмен бірге жасасып, үнемі ізденісте болғаны абзал. Өйткені, халқымыздың ұлттық саз аспаптарын бүгінгісінен де аша түсу, техника мен ғылымның соңғы жетістіктерін оқып-білуге талпынбайтын болса, ондай шебердің қарайып, дамымай қалатыны анық. Сол үшін қазақстандық шеберлердің жұмыстарымен, олар жасаған аспаптардың үні мен формасына үнемі зер салып отырамын. Өзім де әнші болғандықтан аспаптың төгіліп тұрғанын ұнатамын. Сол сияқты тапсырысты ұзақ әрі сапалы жасауға барымды саламын.

El.kz: Осы ретте, қазіргі таңда қазақтың музыкалық аспаптарын жасау әдісі қаншалықты өзгеріске ұшырады?

Еламан Құжиманов: – Сауалыңыздың түп-төркінін түсініп отырмын. Меніңше, бұл сұраққа жауап беру үшін негізгі үш факторды атаған болар едім. Қазір заман дамыды. Қандай ағаштан немесе материалдан аспап жасаймын деп қиналмайсың. Іздегініңді тауып алу тез-ақ. Сол сияқты музыкалық аспап істеу бұрынғысына қарағанда әртүрлілігімен ерекше сипатқа көшті. Дәлелсіз сөз дәтке қуат бола алмасы анық. Сондықтан мына мысалды келтірсем: бұрынғының шеберлері өздері туып-өскен өлкеде өсетін арша, үйеңкі, алмұрт пен тұт, шырша сияқты өз елімізде өсетін ағаш түрлерінен ғана аспап жасаса, ал қазір қажетті материалды сонау мұхиттың арғы жағынан тапсырыс жасап алдыруға болады. Африка, Латын Америкасы секілді өзге құрлықтардағы мемлекеттерде ғана кездесетін эбен, қызыл ағаш, палисандр сынды әртүрлі ағаштар қолдануға мүмкіндік бар. Өздеріңіз білесіздер, бұрынырақта аспаптардың ішектері кәдімгі малдың ішегі мен аттың жалынан тағылса, беріректе балықшылар қолданатын лескаға ауыстырылды. Бұл уақыт қажеттілігі тудырған жағдай. Себебі мал терісі мен қылы тез істен шығатын. Ал бүгінде шеберлер аспаптарының үнін әуезді ету мақсатында арнайы өндірілген пластик мен темір араласқан қоспалардан жасалған ішектерді қолданып келеді. Бұрынғыдай бояулар да қат емес. Лак пен бояудың әралуан түрін кез-келген дүкеннен табасыз. Сондықтан аспаптарға рең беру мәселе болмай қалды. Тіпті, аспапты құрастырғанда қажетті желімнің өзі анағұрлым сапалы әрі оңай қолданылатындығымен ерекшеленеді. Бұл да аспаптың сапасын жақсарта түседі. Аспаптың анағұрлым берік, ылғалға және ыстыққа төзімді етуге мүмкіндік туғызып отыр.

Сұрағыңызға нақты тағы бір мысал ағаштардың заманауи әдіспен өндірілетіндігі де аспаптарға көптеген өзгеріс әкелді. Бұл өз кезегінде шеберлер жұмысын әлдеқайда жеңілдетіп отыр десем де болады. Ал шот, ара, сүргі мен балтаның қызметін электрмен жұмыс істейтін ағаш тескіш, кескіш, қырғы станоктары ауыстырды. Осының арқасында ұстаханадағы шеберлер жұмысы айтарлықтай жеңілдеді. Дамыған шеберханалардағы 3D форматындағы станоктардың көмегімен өте қиын жұмыстарды да компьютерлік бағдарлама арқылы сапалы әрі тез орындауға мүмкіндік бар. Бұл түрлі формадағы иірімдер мен өрнектерді жасауға таптырмайтын құрылғы. Аспаптардың жасалуында осы сынды көптеген өзгерістер бар. Мәселен, киелі домбыра аспабының кәсіби орындаушылық техникаға лайықталған түрінің мойындары жіңішкерек. Бұл аспаптың әдемі көрінуі үшін жасалып жүр. Ал сол жіңішке мойынның келешекте иіліп немесе сынып кетпесі үшін аспаптың мойындары қатты ағаштан немесе ортасына өзек салу арқылы беріктігі сақталып жүр. Әрине, мұны қарапайым адамдар байқамауы мүмкін. Бірақ бұл шеберлер мен өнер саласында қызмет атқарып жүргендердің ылғи назарындағы жайт.

El.kz: Ескі әңгімелерде жыраулар жиналмалы домбыраны қолданғаны айтылып жатады. Қазіргі таңда мұндай аспаптарды арагідік кездестірмесек, тек музейлерден көретін болдық. Бұл сұраныстың жоқтығынан ба, әлде басқа себептері бар ма?

Еламан Құжиманов: – Жиналмалы домбыралар бұрынырақ қолданылған. Бұл рас. Өздеріңіз білесіздер, халқымыз көшпелі өмір салтын ұстанған. Сондықтан алып жүргенге ыңғайлы болсын деген оймен аспапты осылай жасайтын болған. Бұл сұраныстан бұрын қажеттіліктің жоқтығынан жоғалған домбыраның түрі десек те болады. Бір жағынан бұл аспаптың алынып, салына беретін мойнының шанақпен түйіскен тұсының уақыт өте келе формасын жоғалтып, орнына дұрыс түспей босап кететінін, яки қалпын сақтамай бұралып кетіп отыратындығынан болса да керек. Міне, мұндай домбыраның осындай кемшіліктері көп. Сондықтан оған ешкім тапсырыс жасамайды, пайдаланбайды.

El.kz: Халқымыздың музыкалық аспаптарының әр дәуірде өзгеріске ұшырағанын білдік. Ал аспаптардың жасалу үрдісі қалай дамып келеді? Артықшылықтары мен кемшілігі жайында тоқтала кетсеңіз.

Еламан Құжиманов: – Қазір темірден түйін түйіп, ағаштан ою оятындардың қатары қалыңдаған. Ата кәсіпке мойын бұрып жатқандардың көбісі бірлесіп бір үлкен шеберхана ашып та жатыр, кейбірі өзінше жаңа формадағы бұйымдарын ұсынуда. Әрине, бұл бәсекені қалыптастырады. Ал нарықта бәсеке болған соң сапаның артып, бағаның түсетіні белгілі. Бұл да дәл солай. Шеберлер қатары көбейсе оған қуанған дұрыс. Ол біріншіден, шеберлердің күнкөріс деңгейін жоғарылатады әрі аспаптар мен қазақи нақыштағы жабдықтардың көбеюіне ықпал етеді. Баршаға белгілі бүгінде сатылымда аспаптардың қымбатын да, арзанын да кездестіруге болады. Базардағы ең арзан домбыралар 5-10 мың теңгенің айналасында. Ал ең қымбат домбыраның қанша тұратынын тап басып ешкім айта алмайды. Десе де, аспап жасаудың кемшілігі баршылық. Оның ең бастысы – музыкалық білімі не орындаушылық қабілеті жоқ шеберлердің көбейіп кеткені. Ол сапасыз аспаптың көптеп шығуына әкеліп соғады. Бұл өз кезегінде өнерпаздың, содан соң өнердің қадірін қашырады. Бұрында қазақтың маңдайына біткен сал-серілері мен күйшілері, әншілері аспаптарын өздері жасайтын болған. Керек десеңіз, біреуге тапсырыс жасағанның өзінде оның жасалуы кезінде үнемі ақыл-кеңестері мен талап-тілектерін білдіріп отырған. Бұны көпті көрген өнер қайраткерлерінің аузынан жиі естиміз. Бұл аспап үнінің таза әрі әуезді шығуына ықпал етеді. Соның негізінде тапсырыс берушінің де, тапсырысты орындаушының ойы бір арнада тоғысып, сапалы музыкалық құрылғы шығатын болған. Ал қазір олай емес. Аспап жасайтын шеберлердің көбісінің, орысшаласақ «слухы» жоқ. Яғни, шыққан үнді ести алмайды. Бұндай аспаппен орындалған шығарма орындаушының ғана емес, көзақарақты көрерменнің не болмаса есті тыңдарманның көңілінен шықпасы анық.

Тағы бір мәселе, өзі кәсіби аспап жасаушы әрі музыкант азаматтар күллі Қазақстанда айтарлықтай көп емес. Ал халықты немесе өнерпаздарды аспаппен қамтамасыз етіп отырған шеберлердің көпшілігі суретші немесе сәндік өнер кафедраларының түлектері екенін айта кеткен жөн. Араларында мен сияқты біршама уақыт бағытынан жаңылып, шебер болуды өз бетінше үйренген жандар да көп. Бұл үзілді-кесілді дұрыс емес деген сөз емес, әрі олардың аспаптың сыртқы тұрқын тартымды, көз қызығатындай етіп жасайтындығын баса айтқан жөн. Ал үн ше? Олар істеген музыкалық құрылғының сазы сызылып, үні таза шыға ма? Олар қазақтың өз үнін жасайтындарын сезіне ме, аспап үні арқылы күллі қазақтың рухани болмысын көрсететін түсіне ме? Осындай сауалдар тасада қылтиятыны тағы бар. Сондықтан аспаптың орындаушылық техникаға сай әрі ішек қызметі мен пернеден шыққан дыбыстың тұнық шығуын басты назарда ұстаған абзал. Шеберлер өзі жасаған бұйымның тембрін сөзсіз сараптай алса оған дауым жоқ. Ал даңғырлатып домбыра жасап, оның сыртын сәндеп қойғаннан кім ұтады? Ешкім. Керісінше, ұтыламыз. Әрине, бұл пікірімді оқығандар мені «байдың асын байғұс қызғанады» деп келекелейтін болар. Әркім өзіне қажетті аспапты алады ғой. Бірақ шеберлер, он саусағынан өнер тамған талант иелері аспап жасағанда абайлап, барлығын ескеріп жасаса деген ниет басым. Бұл жерде біреуді кемсітіп, шеберлігіне күмән келтіруден аулақ екенімді тағы да айта кеткім келеді.

El.kz: Ал оны шешудің қандай жолы бар?

Еламан Құжиманов: – Бұны тап басып айту мүмкін емес шығар?! Сонымен бірге, мен айтқан ойлармен келіспейтіндер де табылуы әбден мүмкін. Бірақ менің ойымша, аталған түйткілдің түйінін тарқату үшін кешенді жоспар қажет сыңайлы. Мәселен, музыкаға әуестігі немесе музыкалық аспап жасауды меңгергісі келетін жастарды арнайы консерваторияда, өнер академиясында оқытатын бөлімдер ашылуы керек. Осындай сыныптар арқылы шеберлер аспаптың құрылымын, таза үн деген ұғымының не екенін түсініп шығады. Сондай-ақ, акустка, ағашты өңдеу, таңдау және белгілі бір аспапты жасау шеберлігі, желім және лак-бояу материалдарын пайдаланудағы химиялық процестер сынды саналуан технологиясы меңгертілуі тиіс. Аталмыш оқу орындарда шеберлер ұлттық аспаптардың ғылмилығына да, демек олардың тарихы жайында да құнды деректермен танысқандары жөн. Сонымен бірге, зертханада аспаптың тегіне қарай қандай қалыпта, қандай ағаштан, қандай өлшемде жасалған кезде ұлттық нақыштағы даусын жоғалтпай мүмкіндіктерін көтеруге болады. Тіпті, қандай тиек, ішек, құлақ, тері, қыл тағылғаны дұрыс екендігін айтып, түсіндіріп, бағыт беретін зерттеулермен таныстырса да артықтық етпейді. Міне, осындай жүйелі жұмыстың арқасында сапалы мамандар мен қолөнер өндірісінің дамуына жағдай жасалады. Шеберлерді дайындауда, әсіресе Германияның Қолданбалы ғылым университетіндегі Музыкалық аспаптарды жасау бөлімі, Италиядағы Кремонаның скрипка жасау мектебі, Ұлыбританияның Newark скрипка жасау мектептері көш басында.

Аталған мәселені шешудің тағы бір жолы табиғи негізде саз аспаптарын дайындау өнері атадан балаға мирас болып, атақты шеберлер шыққан әулеттердің қалыптасуына мүмкіндік жасау. Былайынша айтқанда, кез-келген ұрпақтың аға буынның ақыл-кеңесіне, тәжірибесін жүгініп, аспап жасаудың қыр-сырын меңгереді. Нақты мысал келтірер болсақ, әлгінде айтқан Италияның Кремона мектебінің дамуына, пайда болуына айтарлықтай үлес қосқан әулеттер мен Германияның Клингенталь, сондай-ақ, Маркнойкирхен шаһарларындағы саз аспаптарын әзірлеу маманданған отбасылар мен шеберханаларды сөз етуге болады. Шеберлер династиясын құру жолы осылай мемлекеттік деңгейде қолға алынып, қолдау тапса нұр үстіне нұр болған болар еді.

Мәселен, шеберлер әулеті қымбат станоктармен қамтылса, сапалы өнім жасау процесі тапсырыс берушінің ғана шаруасы болмай билік тарапынан қадағаланса деген үміт те жоқ емес. Бұл ретте мен мұнда материалдық қаржыландыруды ғана сөз етіп отырғаным жоқ. Шеберлердің сыртқа берген тапсырыстары кезінде кеден салығын азайту мәселесі де қаралса, шеберханалардың үлкеюі үшін 4-5 жылдық жеңілдіктер, кәсіпкерлерді әкімшілік қиындықтардан алып шығатын нақты бағдарлама енгізу керек. Шеберлердің өзара пікір алмасып, тәжірибе жинақтауы үшін арнайы ауылдар мен орталықтар құрылып, қаланың көп шоғырланған жерлерінде өнімдерді көрсететін жерлер ашылса ата кәсіптің жандана түсетіні айдан анық. Әншілер мен ақындар арасында өтетін түрлі мүшәйралар осы қолөнер шеберлері арасында да ұйымдастырылып тұрса деймін.

Әлемге аты әйгілі елдер Америка, Чехия және Германия, Польша, Швейцария мен Италия сынды мемлекеттерде музыкалық аспап өндіру ісіне арнайы ағаш тұқымдарын өсіретін ормандар бар. Осы жобаны біздің елде де іске асырса шеберлер аспапқа қажетті материалды өз елімізден-ақ тапқан болар еді. Әйтпесе, қазір ұлттық аспаптарымызға қажетті заттардың барлығы шетелден алынады. Бұл шеберхана жұмысына өзіндік кедергісін келтіреді. Тапсырыс жасау мен оның елімізге жетуі де айтарлықтай үлкен процесс. Ол ол ма? Мәселен, скрипка, гитара сияқты аспаптар жасайтындар тиекті, ішек пен қылды және өзге де қосалқы бөлшектерді Жапония, Австрия, АҚШ, Қытай мен Ресейден алдырып жатады. Өйткені, аталған елдерде аспап өндірісі бір жолға түскен. Қазіргі таңда, еліміздің де мұндай өндірісті іске қосуына мүмкіндігі бар.

El.kz: Өзіңіз аспап жасау кезінде қандай ағаштарды қолданасыз?

Еламан Құжиманов: – Мен кәсіби әнші ретінде аспаптың да сапасына аса назар аударамын. Сонымен бірге, ол аспаппен өлең айтатын орындаушының даусы мен тембріне лайықтаймын. Мысалы, тапсырыс беруші баритон не тенор екендігі анықталады. Яғни, дауыс түрлеріне орай аспап жасаудың технологиясы мен ағашында айырма болады. Онан соң, бір ғана домбыра әнші немесе күйшіге жасалып жатқаны да ескерілу керек. Ал оркестрге арналса мүлде басқа әдіспен жасалады. Осындай әрбір детальға мән бергендіктен аспаптарды жасауға екі айдай уақыт жұмсап жатамын. Асығатын несі бар. Ондай кезде ерінбей, барлығын уақытымен, кезең-кезеңімен жасаймын. Көбінде қарағай, емен, тұт, үйеңкі тәрізді ағаштарды көп қолданамын. Ғұлама ғалім Əл-Фараби өзінің трактаттарының бірінде «Музыкалық аспап қарағай ағашынан жасалуы керек» дейді ғой. Бірақ  домбыра жасаған кезде скрипка аспабына көбірек жарамды ағаш түрлерін пайдаланамыз. Ол әрине музыкалық ағаш ретінде белгілі. Кәдімгі бұйра үйеңкі аспап жасауда таптырмайтын материал. Бұл ағашты Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласынан тапсырыспен алдыртамыз.

El.kz: Сол бұйра үйеңкіден жасалған аспаптарыңыздың бағасы сәйкесінше қымбат болатын шығар? Жалпы, сізге тапсырыс жасаушының қалтасында қанша ақшасы болуы керек?

Еламан Құжиманов: – (күлді). Иə, «музыкалық ағаштан» жасаған аспап біршама қымбат келеді. Өйткені, материалы да сондай бағалы саналады. Жалпы, домбыралар 100 мың теңгеден басталса, қылқобызды кемі 200 мың теңгеге саудалаймын. Екі ай бойына уақыт жұмсап, еңбектенген жұмыстарымды осылай сатып жатырмын. Бірақ нарықтағы баға осындай. Тіпті, бұдан қымбат болмаса арзан емес. Авторлық жұмыстар өте қымбат. Мен өзім аспап жасағанда аса ыждаһаттылық танытатынымды айттым ғой. Содан болар, өз қолымнан шыққан аспап өзіме ыстық әрі төгіліп тұрғандай болып көрінеді.

El.kz: Ал домбыра үйірмесіне немесе аспапты енді қолына алған балаға қымбат аспап алып беру екінің біріне бұйыра бермесі анық. Сіздің шеберханадан балаларға арналып жасалған арзан аспап табыла ма?

Еламан Құжиманов: – Дұрыс айтасыз. Ұлттық аспапты баланың бойына толық сіңіру үшін арзанын алып, дайындалғаны жөн. Оны қымбатқа алып, артынша шертілмей төрде ілулі тұрса оның үйдегі жиһаздан не айырмасы болады. Бірақ ондай арзан домбыра жасаған емеспін. Жасауға болады, əрине. Алайда арзанқол домбыра жасауға уақыт тапшы әрі қызығушылық та жоқ. Иесі Еламан Құжиманов деген шебер дайындаған деп мақтанып жүретіндей домбыра немесе аспап жасағанды ұнатамын.

El.kz: Домбыраның жасалуына қарай өзіндік ерекшелігі болады. Сол жайында аз-кем айтып берсеңіз...

Еламан Құжиманов: – Бұрын домбыраны қарағайдан ойып жасаған екен. Ал қазір желімдеп жасау белең алған. Негізінен, екі түрлі тәсілмен құралып немесе ойылып (шауып-авт.) істеледі. Айта кету керек, құрама домбыралар көбінде шанағы тілшелерден құралып, желімдеу арқылы жасалады. Шаппа домбыра болса тұтас ағашты ою арқылы дайындалады.

El.kz: Мұның қайсысы үн тазалығын көбірек сақтайды?

Еламан Құжиманов: – Меніңше, табиғи, ешбір қоспалардың көмегінсіз ойылып жасалған домбыралардан көне замандардағы аспаптардың үнін ести аламыз. Қоңыр үн деп жатамыз ғой. Құлаққа жағымды әуен шығаруға болады.

El.kz: Жалпы, домбыра мен қылқобыздан бөлек қандай аспаптарды жасай аласыз?

Еламан Құжиманов: – Қазақтың көне аспабы жетігенді дайындаған кездерім болған. Тапсырыс түссе әзір де әзірмін. Дауылпаз бен шертерді де, үшішекті домбыраны да жасай аламын. Беріректе шыққан этно-фольклорлық топтардың бірталайы киелі сахнаға мен жасаған аспаптармен шығып жүр. Айталық, ансамбльдер, біздің мəдениет үйінің «Бабалар сазы» деген этно тобына арнайы аспаптар жасап берген кездер болды. Тіпті, ұмыт болған қылқобыз, теріден жасалатын дабыл, дауылпаздарын да жасап бергенмін.

El.kz: Өзіңіз сияқты қолына өнер қонған шеберлерден кімдерді атаған болар едіңіз?

Еламан Құжиманов: – Жаңа да айтып өткенімдей, қазір шеберханалар көптеп ашылған соң шеберлер көбейіп барады. Бірақ өзім жұмыстарына зер салып, тәжірибе алып тұратын Алматыда Жолаушы, Айтмұхамед деген мықты шебер ағаларымыз бар. Нұр-Сұлтан қаласында əнші Қайрат Байбосынов ағамызды айтқан болар едім. Ол кісі өзінің шәкірттеріне де домбыра жасауды үйреткен. Еліміздің бас шаһарында қызметтегі ағам, филармонияның майталман маманы Тельман ағамды да танымал шебер десем болады. Алматыда Саят Нұрғазин деген өзімнің досым, сонымен бірге Əбдікəрім деген ағамыз бар. Ал Өскеменде Əділ Тұтқабеков деген кісіні айтқан болар едім. Қазір ойыма түсіп отырғандары осылар. Негізі, мықты шеберге қазақ қашанда кенде болмаған ғой.

El.kz: Бүгінгі мен бұрынғының шеберлері жасаған аспаптардан қандай айырма байқайсыз?

Еламан Құжиманов: – Бұрынғы домбыралар 9 перне тұрса, қазір ол екі есеге артып, 19 перне болып толықты. Демек, аспаптың мүмкіндігі артты. Тағы бір байқайтыным, қазіргі домбыралардан көне аспаптан шыққан қоңыр үнді ести алмаймыз. Бұл аспап жасаудағы технологияның өзгергенінен деп білемін. Мүмкін бұл ағашына да байланысты шығар. Бүгінде кейбір домбыралар гитара тәрізді дыбыстар береді.

El.kz: Сізге шəкірт болу үшін бала бойында қандай қасиет болғаны жөн.

Еламан Құжиманов: – Негізі, талабы бар балаға шеберханада әрдайым есік ашық. Қазір 2-3 бала аспап жасауды меңгеріп жүр. Алғашында тиегін жасатып, ұсақ бөлшектерін әзірлеуді үйретудемін. Жастар келіп қарап жүрсе қолыммен қатар аузым да жұмыс істеп тұрады. Барлығын түсіндіріп, аспап жасаудың барлық қыр-сырын егжей-тегжей түсіндіремін.

El.kz: Аспаптарды күтіп ұстаудың жолдарын айтсаңыз…

Еламан Құжиманов: – Кішкентайымыздан санамызға домбыра, қылқобыз киелі аспаптар болып сіңіп қалған. Сондықтан оны күтіп ұстау қажеттігін білетінбіз. Кейде жасаған аспабыңды сатуға қимай қалатын кездер болады. Қанша уақыт маңдай теріңді төккен аспапты иесіне тапсыру да қиын. Негізі, домбыра көлеңке мен сызат жерде көп тұрса бойында қандай қасиет болғаны жөн. Себебі, ағаштары ісініп қалпын бұзуы мүмкін.<

Похожие материалы