Лента новостей

Мерейі үстем  Қиянбековтер әулеті

Мерейі үстем  Қиянбековтер әулеті
04.06.2019 18:03 3440

Берік отбасы – мемлекет тірегі. Өнегелі ұрпақ тәрбиелеумен қатар, келешекте барша ұлт өмірінің дирижері болар мемлекеттің іргетасы болып саналады. Болашақта ел тізгінін ұстайтын саналы ұрпақ етіп өсіретін  жарасымды жанұя мен ынтымағы мен татулығы жарасқан әулет қашан да көпке үлгі болатыны анық. Осыған орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен елімізде 2013 жылдан бастап «Мерейлі отбасы» байқауы дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп келеді. Ұлттық байқау қазіргі қаймағы бұзылмаған қалың қазақ елінің ішкі талабымен үндеседі. Осындай байқаулар арқылы ұйымдастырушылар елдегі жанұя құндылығын барынша жан-жақты дәріптеп, ата-аналардың балаларды тәрбиелеудегі жауапкершілігін одан әрі арттыра түспек. Осылайша, қазіргі ХХІ ғасырда «Отбасы» деген ұғымның маңыздылығын көрсетпек.  Соған байланысты «El.kz» интернет-порталы еліміздегі еңбек жолында, спортта, шығармашылықта, зияткерлікте үлкен  жетістіктері бар  отбасыларды қалың оқырманға жақынырақ таныстыруды қолға алды.

Иә, расымен де жаһандану құбылысының  қармағына іліксек те, қазіргі таңда ұлттық болмысымыздан алшақтамай,  қазақи құндылықтарымызды өскелең ұрпаққа жан-жақты дәріптеумен айналысып келеміз. Бір қуантарлығы, өзгелерге үлгі боларлық сондай отбасылардың саны елімізде жыл сайын артып келеді. Әсіресе жоғарыда айтып кеткеніміздей ұлттық отбасылық құндылықтарымызды және алып бәйтерекке айналған іргелі әулеттерді  насихаттайтын «Мерейлі отбасы» байқауына қатысуға тілек білдірушілердің саны да жыл сайын артуда. Мұнда еліміздің әр облысынан ең үлгілі әулеттері, Отанымыздың ұйытқысы болып отырған жанұялар қатысуда. Мәселен, Сыр елінен соңғы бес жылда 1500-ге жуық қызылордалық отбасы қатысқан. Жылдағы дәстүр бойынша биыл да олар байқауға қатысудан қалыс қалмады. Жақында өткен аудандық кезеңде өңірдің барлық аймағынан 372 отбасы бағын сынаса, одан жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған 10 жанұя облыстық кезеңге өтті.

Осылайша, шешуші отбасылық сайыста белсенділік танытып, ауызбіршілігі жарасқан үш отбасы өзгелерден оза шауып, жеңіс тұғырынан көрінді. Ал  байқауға төрелік еткен облыстық комиссия мүшелері қатысушылардың, әсіресе, қоғамдағы абырой-беделіне, азаматтық белсенділігіне, шаңырақта ұлттық құндылықтарды қаншалықты ұстанатына баса мән берген екен. Ал осы талаптардың барлығына сай болған Қызылорда облысы, Шиелі ауданының тұрғындары, Қиянбековтер отбасы бас жүлдеге ие болады.

Қиянбековтер әулетінің үлкені Әмір ақсақал мен Қалкүл әжейдің шаңырақ көтергендеріне жарты ғасырдан асыпты. 1940 жылы Сырдария ауданында дүниеге келген отағасы 19 жасынан бастап механизатор болып еңбек еткен. Оған қоса, өзінің еткен еңбегі  мемлекеттік  және үкіметтік деңгейлерде еленіп,   орден, медальдармен және  құттықтау қағаздарымен марапатталған. Мысалы, Совет Армиясы қатарында жүріп, «Ұлы жеңістің 20 жылдық» медалімен, 25 жасында Архангельск облыстық комитеті комсомолының «Құрмет грамотасымен», 30 жасында «Лениннің 100 жылдық» 35 жасында «Үздік еңбегі» медалімен  және  «Құрмет белгісі» ордендері мен басқа да құттықтау қағаздарымен марапатталған.

Әмір Қиянбеков тура 36 жыл бойы трактор мен  комбаиндар айдап, жұмыс істеген. Ол 1995 жылы зейнетке шығады. Ал 1948 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген Қалкүл апа аспазшы болып жұмыс істеген. Қалкүл Жүсіпбекованың көпшілдігі мен ибалылығы болашақ жарының жанын елжіретіп, бірден жүрегін баурап алған екен. Сөйтіп, Қалкүл апа отағасының қамқорлығы мен парасаттылығы және мейірімділігін байқап, небәрі 19 жасында,  яғни 1967 жылы  тұрмысқа шығып, екеуі шаңырақ көтереді.  Қазіргі кезде көргені көп, түйгені мол әулет иелері өмірдің талай ащысы мен тұщысы бірге өткізіп келеді.

Қазіргі таңда түтін түтетіп, бір отаудың астында өмірдің қиындығы мен қуанышын қатар көріп келе жатқан Әмір қария мен Қалкүл әжей алты ұл мен төрт қызды тәрбиелеп өсірген.  Ұлды ұяға, қызды қияға қондырған қарт кісілер  бүгінде 44 немере мен 15 шөбере сүйіп отыр. Оларды  тұмсықтыға шоқтырмай, қанаттыға қақтырмай әркез ақыл-өнегесін айтып,  ілім мен білімге құштар етумен айналысады. Осындай салиқалы ұрпақ тәрбиелеп, ерен еңбегі мен көркем мінезінің арқасында әулет мүшелері  өзгелерге де  өнеге болып жүр.

Ал Әмір ақсақал мен жұбайы Қалкүл екеуі ұл-қыздары мен немерелерінің қуанышын көріп, бақытты өмір кешіп келеді.

Кейуананың қыздары мен келіндері де ана жолын қуып, «Алтын», «Күміс алқа» иегерлері атанған. Осындай мәуелі отбасының балалары қазір облыстың әр ауылында тұрып, түрлі қызметтерде еңбек  етіп жатыр.

– Қазір біз жұбайым екеуіміз кенже ұлым Бауыржанның қолында тұрып жатырмыз. Кіші ұлымның бес баласы бар, Алла қаласа, жақында әулетіміз тағы бір адаммен толығатын күнді асыға күтіп жүрміз. Ал қазір жан жарым, ұлым, келінім және  немерелеріммен барлығымыз  тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Жалпы алты ұлым мен 1 қызым осы Бидайкөл ауылында өз отбасыларымен тұрады. Ал бір қызым Шиелі кентінде, бір қызым Еңбекші ауылында және тағы бір қызым Қызылорда қаласында сүйген жарларымен бірге өмір кешуде, – дейді ақсақал Әмір Қиянбеков.

Бүгінде балалары әртүрлі салалар бойынша білім алып, бір-бір кәсіптің иесі атанған.

– Тұңғышым мен кенжем Аманәлі мен Бауыржан №148 қазақ орта мектебінде директордың бағдарлы жұмыстар жөніндегі орынбасары және іс жүргізушісі.  Қыдырәлі мен Ғалымжан  жеке кәсіпкер. Серәлі Қаратауда инженер болса, Көшеғали 20 жылдан бері егінші. Қызым Айнагүл аспазшы, Бинаш Жақаев атындағы №149 «Қызылту» орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Қарлығаш  қызым облыстық №5 мектеп-интернат директорының оқу тәрбие-ісі жөніндегі орынбасары, ал Әлимаш «Күміс» алқа иегері, - дейді ақсақал Ә.Қиянбеков.

Осылайша  жеке кәсіпкер, егінші, аспазшы, есепші, мұғалім, инженер саласының қай-қайсысын алсаң да, Қиянбековтер әулетінен де шығып, үлкен жетістіктерге қол жеткізіп жүр.

– Жалпы байлықты біреулер жиған-терген дүниесімен, ендібіреулері атақ-абыройымен өлшеп жатады емес пе? Ал менің басты байлықтарым – отбасым, бала-шағам дер едім. Құдайға шүкір, балаларым тәрбиелі, саналы – бәрі де қолдарынан келгенше, жүрген жеріңде өзгелерге көмек көрсетіп жүреді. Оларға әрқашан өз ақылымды айтып отырудан жалыққан  емеспін. Адамға бақытты болу үшін жоғарыда айтқан асқан дәулеттің де, даңқтың да керегі жоқ. Бастысы – отбасының және халықтың амандығы, елдің тыныштығы болса, сол жетіп жатыр деп ойлаймын, - дейді ақсақал.

Шаңырағы биік, босағасы берік Қиянбековтер отбасы мүшелері әр кеш сайын бір-бірімен шүйіркелесіп, жақсы жаңалықтарымен бөлісуге құмар.  Олардың әңгімелерінен  бір-біріне деген құрмет, сыйластық пен сүйіспеншілік есіліп тұрады. Қиянбековтер отбасының өзгелерден өнегесін арттырып тұратыны да осы ерекшелігі болса керек. Мәуелі әрі бақытты отбасы осындай  бұзылмайтын өзіндік дәстүрді берік ұстанып келеді.

Өнегелі өмірімен көпшілікке үлгі бола білген жарасымды жанұя мерейлі отбасы болудың сырымен де  бөлісті.

– Үлгілі әрі мерейлі отбасы болудың сыры – әуелі ауызбіршілікте, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуде. Отбасында береке-бірлік пен татулық болған кезде ғана өзгеге өнеге бола алатын жағдайға жетесіз деп ойлаймын, -  дейді Әмір қария..

Берекесі тасыған әулет «Мерейлі отбасы» байқауында облыстық кезеңнен бас жүлде иегері атанғанда ерекше әсерге бөленгенін жасырып қалмады. Бұрын байқауды теледидардан тек көрермен ретінде тамашалап қана жүрген қызылодалық Қиянбековтер отбасына соңғы бірнеше жылдан бері  әкімдіктен қатысуға ұсыныстар түскенін де тілге тиек етті.

– Әсіресе 2017 және 2018 жылдары және биыл да қатарынан үш рет әкімдіктен қатысып, бақ сынап көріңдер деген ұсыныстар түсті. Содан үй-ішімізбен ақылдаса келе биылғы ұсыныстан бастартпай, керісінше оған  қатысамыз деп шешім қабылдадық. Алайда, алғаш қатысқан кезде бірден осындай ауқымды жүлдеге ие боламыз деп мүлдем  ойламаған едік, - дейді қария.

Күтпеген жерден бір мезетте барша қазақ еліне танымал болып шыға келген  отбасы әділ-қазылардың, әсіресе алтын мен күміс алқа иегерлері екенімізді, сондай-ақ қызметте жеткен көптеген бағалы мақтау қағаздарымызды ескеріп, бағалаған болуы мүмкін екенін алға тартады.

Белгілі ақын әрі ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері  Күләш Ахметова «Отбасы – әр адамның құтханасы» деген еді. Сондықтан еліміздегі шаңырақ көтерген әр жанұя өз құтханасын қастерлеп, қадірлеп ұстаған кезде ғана шынайы отбасылық бақытқа қол жеткізбек.

«Отбасын нығайту және дәстүрлерді сақтау – мемлекеттілігімізді дамытудың кепілі. Сондықтан да біз отбасының мерейін барынша үстем ете беруіміз керек», - дейді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен, облыстық кезеңнің бас жүлдегері атанған Қиянбековтер отбасы Нұр-Сұлтан қаласында өтетін республикалық конкурсқа жолдама алды. Енді олар республикалық деңгейде облыс намысын қорғайтын болады. Мерейі үстем жанұяға отбасылар күнімен сәйкес келетін байқаудың соңғы шешуші сайысына жеңіс тілейміз!

Отбасы – шағын мемлекет десек, оның өркендеп-өсуіне үлкендердің қосар үлесі ұшан-теңіз. Өйткені өзінен кейінгі ұрпақты қалай тәрбиелесе, солай қарай бет түзейтіні бәрімізге белгілі. Сондықтан жанұя мүшелерінің жарасымдылық  байланысын көрсететін осындай байқаудың ұлт тәрбиесі үшін берер пайдасы мол болмақ.

Ендеше, еліміздегі әрбір жанұяның Қиянбековтер отбасы секілді мерейлі, мәртебесі биік болса, барша қазақ елінің де абыройы асқақ болары анық.

Міне, ізгілікті қасиеттер мен шаттыққа толы әулеттің бірі – Қиянбековтер отбасы. Ал мұндай берекелі де өнегелі отбасылар жүздеп емес, мыңдап саналатыны бәрімізге белгілі.

(Суреттер  Қиянбековтер отбасының жеке мұрағатынан алынды) 

Поделитесь:
Telegram
Подпишитесь на наш Telegram-канал и узнавайте новости первыми!