Лента новостей

Бақтыгереевтер әулеті – ұстаздар династиясы

Бақтыгереевтер әулеті – ұстаздар династиясы
19.07.2019 17:39 11595

Республикалық «Мерейлі отбасы» сайысының облыстық кезеңінде жеңімпаз атанған жанұялардың бірі – атыраулық Бақтыгереевтер отбасысы. Бірлік пен берекеге негізделген әулет бүгінде  жарқын өмір мен бақытты неке құндылықтарын көпшілікке үлгі етіп отыр. Осымен жетінші рет өткізіліп жатқан байқауда жеңіс тұғырынан көрінген әулеттің педагогикалық еңбек өтілі 230 жылды құрайды.

Әулет отағасы Мендыхан Бақтыгерейұлы Бақтыгереев 1940 жылы 24 қаңтарда Гурьев (қазіргі Атырау) облысы Теңіз (қазіргі Құрманғазы)  ауданы Нұржау селолық округінде дүниеге келген. Әкесі Бақтыгерей Габдысалыхов Ұлы Отан соғысының ардагері, соғыстан аман оралып, ауылдық округте еңбек еткен, анасы Қазиба Медьяева үй шаруашылығымен айналысқан жан. Мендыхан Бақтыгерейұлы 1948 жылы Нұржаудағы К.Е.Ворошилов атындағы орта мектептің бірінші сыныбына барып, 1958 жылы К.Маркс атындағы орта мектебінде оныншы сыныпты бітіреді. 1959-1963 жылдары Гурьев педагогикалық институтында білім алды. Ал 1963 жылы Атырау облысы Құрманғазы ауданы Сафон селосындағы Сафон мектеп-интернатына мұғалім болып алғаш қызметін бастайды. Алайда тура он жылдан кейін Ганюшкин мектеп-интернатына  мұғалімдік жұмысқа ауысады. Ұстаздық қызметін абыроймен атқарған Мендыхан Бақтыгереев Білім және ғылым министрлігінің «Алғыс хатымен», аудандық, облыстық білім беру бөлімінің грамоталарымен және кәсіподақ ұйымының мақтау қағаздарымен марапатталды. Ал 1970 жылы Теңіз ауданының Құрмет кітабына Мендыхан атаның есімі енгізілді.

– 1974 жылы аудандық білім беру бөлімінің әдістемелік кабинетіне жұмысқа орналастым. Ал 1984-1986 жылдары Құрманғазы ауданындағы Еңбекші орта мектебінде директор, 1987 жылы аудандық білім беру бөліміне мектеп инспекторы болып жұмысқа орналастым. Оған қоса 1984 пен 1987 жылдары Еңбекші селолық советінің депутаты, ал 1999-2003 жылдары Б.Бегалиев атындағы мектептің директорлық қызметтерінде болдым, - дейді Мендыхан Бақтыгерейұлы.

Ғұмырының 40 жылын білім беру саласына арнаған ұлағатты ұстаз 2003 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққан. Алайда ардагер ұстаз атанса да, өзі қызмет еткен мектептен қол үзген емес. Білім ошағына жиі барып тұратын ақсақал келешек ұрпақты тәрбиелеуде жас ұстаздарға ақыл-кеңесін беріп отырудан жалықпайды. Оған қоса Мендыхан Бақтыгерейұлы мектептегі ардагерлер кеңесінің мүшесі екенін де айта кетейік.

Бүгінде жасы сексенге таяған Мендыхан Бақтыгерейұлы елу жылдан аса бір шаңырақ астында жұбайы Шалттық Хамзақызымен тату-тәтті өмір сүріп келе жатыр. Қос ғашық алғаш рет 1965 жылы Атырау облысы Құрманғазы ауданы Сафоновка ауылындағы мектеп-интернатында қызметтес болып жүріп танысқан. Сол кездегі жұмысқа орналасқан жас маман әрі бірін-бірі ұнатқан қос ғашық, мәңгілікке бірге болуға серттесіп, 1966 жылы 19 тамызда Сафроновка ауылында  отбасын құрған.

Әулет отанасы Шалттық Хамзақызы Сарсекеева 1941 жылы 22 қарашада Гурьев (қазіргі Атырау) облысы Теңіз ауданы (қазіргі Құрманғазы) Нұржау ауылдық округінде дүниеге келген. Әжей есімінің өзіндік тарихы бар. Майданға кеткен нағашы ағасы жаралы болып ауылға оралғанда дүниеге келген сәбиді ата-анасы жақсылыққа ырым қылып атын Шалттық деп атайды. Өкінішке қарай, 1943 жылы әлгі нағашы ағасы жарақатынан айыққан соң, майданға қайта алынады да, тірі оралмайды.  

– Әкем Хамза Сарсекеев балықшы болған. Анам Ғазиза Әмірқызы 1931 жылы Орал педагогикалық  техникумын бітірген. Содан 1933-1949 жылдары ұстаздық қызметті атқарған, - дейді отанасы Шалттық Хамзақызы.

Шалттық Сарсекеева Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтының бастауыш мектеп педагогикасы мен методикасы мамандығын 1964 жылы тәмамдаған. Алғаш еңбек жолын Сафон мектеп-интернатында бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған. Бас-аяғы қырық жылдай бастауыш сынып мұғалімі болған ұстаз 2004 жылы зейнеткерлікке шыққан. Ғұмырының 40 жылында жас ұрпаққа сапалы білім, өнегелі тәрбие бергені үшін 1978 жылы «ҚазақССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағы берілген және  1983 жылы «Методист-мұғалім» төсбелгісімен марапатталған. Оған қоса еңбек ардагері бірнеше рет Гурьев облыстық ағарту, жоғары мектеп және ғылыми мекеме қызметкерлері кәсіподағының және облыстық  білім беру бөлімінің грамоталары табыс етілген. Шалттық Хамзақызына 1989 жылы Теңіз ауданының «Таңдаулы халық ағарту қызметкері» атағы берілді. Мектепте алғаш рет төте жазуды үйрететін таңдау пәнінен бағдарлама жасап, балаларға дәріс те оқыған. Осылайша ол 1994  жылы «Төте жазу әліппесі» оқулығын өмірге әкеледі. Ұлағатты ұстаз бүгінде «Күміс алқа» иегері.

Атырау облысы Құрманғазы ауданы Құрманғазы ауылының тұрғыны Бақтыгереевтер отбасында бес қыз бен бір ұл тәрбиеленіп өскен. Бүгінде олардан тараған 11 немереге  Мендыхан атай мен Шалттық әжей Отанына деген сүйіспеншілікке баулып, отбасылық шежіре әрі жеті ата дәстүрін үйретіп отыр.

Бақтыгереевтер әулетінің тұңғыш перзенті Гүлсара Мендыханқызы 1967 жылы 3 қаңтарда Гурьев облысы (қазіргі Атырау облысы) Теңіз  ауданында дүниеге келген. 1992 жылы Гурьев медициналық училищесінің фельдшер мамандығы бойынша аяқтады. Алғаш еңбек жолын Теңіз аудандық №5 дәріханада фармацевт болып бастады. Ал 2000 жылдың қараша айынан бастап М.В.Ломоносов атындағы орта мектебінің медбикесі қызметінде жұмыс істеп келеді. Гүлсара Мендыханқызы 22 жасында болашақ жолдасы Өтеген Мәжітовпен шаңырақ құрып, ортақ некеден үш бала дүниеге келген. Жолдасы әрі дене шынықтыру пәні мұғалімі  Өтеген Самиғоллаұлы Мәжітов бүгінде Құрманғазы аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің футболдан жаттықтырушысы. Жұмыс өтілі 26 жылды құрайтын  Өтеген Самиғоллаұлы Құрманғазы ауданы әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталған. Өтеген Мәжітовпен Гүлсара Бақтыгерееваның тұңғыш перзенті 29 жастағы Ботагөз Өтегенқызы Алматыдағы Абылай хан атындағы қазақ халықаралық қатынастар және әлемдік тілдері университетінің түлегі. Бүгінде Қарағанды қаласында жолдасы Жанат Аймақаевпен 3 жасар Сальман мен жасқа толмаған Самира атты ұл-қыз өсіріп отыр. Бүгінде Ботагөз Өтегенқызы қос сәбиінің тәрбиесімен айналысады. Оның соңынан ерген інісі 26 жастағы Райымбек Мәжітов Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетінің түлегі. Ал үйдің кенжесі 17 жастағы Аружан Құрманғазы ауданының  М.Ломоносов атындағы жалпы орта мектебінің 11-сыныбын биыл бітірді.

- Екінші перзентіміз Нурия 1968 жылы 25 қыркүйекте Гурьев облысы (қазіргі Атырау облысы) Теңіз (қазіргі Құрманғазы) ауданында дүниеге келді. 1994-2015 жылдары Атырау облысы Құрманғазы ауданындағы Абай атындағы мектепте мұғалім болып қызмет етті. Қызымыз 2016 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің тарих және география пәні мұғалімі бойынша бітірді. Қазіргі кезде бірінші снаатты мұғалім қызымыз Құрманғазы ауданындағы М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінде тарих-география пәнінен сабақ береді, - дейді анасы Шалттық Хамзақызы.

Жасы елудегі ұлағатты ұстаз Нурия Бактыгереева Құрманғазы аудандық білім бөлімінің және Атырау облыстық білім беру басқармасының «Алғыс хатымен» марапатталды. Және мектептегі шәкірттері облыстық ғылыми жобалар байқауының жүлдегерлері атанып жүр. Осыдан 19 жыл бұрын Ерлібай Мұхамбетовпен шаңырақ құрып, бүгінде қос ұлды тәрбиелеп отыр. Сүйген жары Ерлібай Құмарұлы Мұхамбетов Құрманғазы аудандық газ шаруашылық мекемесінде еңбек етеді. Осы газ саласындағы қызметтегі жетістігі үшін «ҚазГазТрансАймақ» Атырау өндірістік филиал директорының «Құрмет грамотасы» мен марапатталды.  Олардың үлкен баласы 18 жастағы Жалғас Ерлібайұлы Атырау мұнай-газ институтының 1-курсын аяқтады. Құрманғазы ауданының баскетбол құрамасының мүшесі әрі облыстық жасөспірімдер арасындағы 2015 жылғы лиганың жеңімпазы аудандық дарынды оқушылардың слетінде «Дарынды тұлға» номинациясын иеленді. Жалғастың артынан ерген інісі 17 жастағы Жандос Құмаров Құрманғазы ауылындағы Абай атындағы жалпы орта мектебінің 11-сыныбын биыл аяқтады. Үйдің кішісі аудандық география пәнінен олимпиадалар жүлдегері әрі «Жас географ» аудандық байқауының 2 орын иегері. Және аудандық дарынды оқушылардың слетінде «Ақылмен қанат қаққандар» номинациясын иеленген болатын.

Нурия Бақтыгереевадан кейінгі қыз Тоты Мендыханқызы 1971 жылы 8 қаңтарда Гурьев (қазіргі Атырау) облысы Теңіз (қазіргі Құрманғазы) ауданында дүниеге келген. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің биология пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. Алғаш педагогикалық қызметін 1990 жылы Ганюшкин мектеп-интернатында аға тәлімгер  болып бастады. 1997-2000 жылдары тәрбие жұмысын ұйымдастырушы, 2002-2003 жылдары салауаттану пәні мұғалімі, 2004-2010 жылдары педагог-психолог қызметтерін атқарған. Ал 2010 жылдан бастап мектеп директорының оқу жұмыстары жөніндегі  орынбасары лауазымында еңбек етеді. Осы салада отыз жылға жуық еңбек өтілі бар жоғары санатты  ұстаз 2006 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің  және облыстық кәсіподақ Құрмет грамоталарымен және Атырау облыстық кадрлар біліктілігін арттыратын және қайта даярлайтын институт директорының алғыс хаттарымен  марапатталған. Қызмет жолын  болашақ саналы ұрпақ тәрбиелеуге арнаған Тоты Мендыханқызы 2008 жылы «Жыл педагог-психологы» аудандық байқауында бас жүлде иегері, 2009 жылы халықаралық есірткіге қарсы күрес күніне арналған «Үздік жоба» байқауында облыстық білім басқармасының I дәрежелі дипломымен марапатталды.

Тоты Мендыханқызының артынан  ерген сіңлісі Жанар Бактыгереева 1973 жылы 16 сәуірде бұрынғы Гурьев облысы Теңіз ауданы Ганюшкин селосында дүниеге келген. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін ағылшын тілі пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. Алғашқы педагогикалық жұмысын 1993 жылы Б.Бегалиев атындағы орта мектебінен бастады. Жұмыс өтілі 26 жылдық Жанар Мендыханқызы қазіргі кезде ағылшын тілі пәнінен сабақ береді. Оған қоса Назарбаев зияткерлік мектебінде Кэмбридж университетінің бағдарламасы бойынша кәсіби біліктілігін де арттыру курсынан өтіп, сертификат алды. Жоғары санатты мұғалім ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында «Үздік маман» республикалық төсбелгісімен және облыстық білім беру басқармасының «Алғыс хатымен» марапатталып, еткен еңбегі бағаланған екен.

Әулеттегі Жанар мен Шынар Мендыханқызы егіздер екенін айта кетейік. Шынар Бактыгереева Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін орыс  сыныптарындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп, осы күнге дейін мамандығы бойынша еңбек етіп келеді. Қызмет жолын Құрманғазы ауданындағы М.Әуезов атындағы мектепте орыс сыныптарында қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі болды. Бүгінде Атырауда №15 мектепте орыс сыныптарында қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Осы уақытқа дейін жұмыс өтілі 28 жылды құрайтын жоғары санатты мұғалім Шынар Мендыханқызы Атырау облыстық кадрлар біліктілігін арттыратын және қайта даярлайтын институтының авторлық куәлігіне ие болды. «Оқу орыс тілінде жүретін мектептерде қазақ тілін оқытуда коммуникативтік құзыреттілік қалыптастыру» тақырыбында мұғалімдер қауымының республикалық фестивалінің жеңімпазы атанып, «Алғыс хатпен» марапатталды. Оған қоса «Үздік маман» республикалық төсбелгісіне ие болды.  Білім саласының тәжірибелі маманы 2012 жылы болашақ жары Жәнібек Жұмақұлұлы Көбегеновпен отбасын құрып, қазргі кезде Бекжан, Нұржан атты ұлдарға тәрбие беріп отыр.

Бақтыгереевтер отбасының күйеубаласы Жәнібек Жұмақұлұлы Көбегенов бүгінде прокуратура саласының ардагері әрі жеке адвокат. Осы салада еткен қажырлы еңбегінің жемісі ретінде Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы «Прокуратураның құрметті қызметкері»,  ҚР Президентінің 2016 жылғы  26 қарашадағы жарлығы бойынша «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен, ҚР Бас прокурорының бұйрығымен қадағалау қызметін дамытуға, еліміздегі заңдылық және құқықтық тәртіпті нығайту ісіне қосқан үлесі үшін «ҚР Прокуратурасына 20 жыл» төсбелгісі табыс етілген. Жәнібек Көбегенов пен Шынар Бақтыгерееваның үлкен ұлы Бекжан Атырау қаласындағы мамандандырылған техникалық гимназияның 8-сыныбына көшті. Бос уақытында футбол ойнағанды ұнататын 13 жасар Бекжан мәнерлеп оқу сайыстарының жеңімпазы. Бекжанның інісі Нұржан биыл 3-сыныпты аяқтаған.  Мектепте оқу озаты «Қазақстандағы ең ерекше ағаштар» атты мақаласы «Дарынды оқушы» атты республикалық журналға жарияланып, үздік мақала атағына ие болды.  

– Әулеттің кенжесі әрі жалғыз ұлы, бауырымыз  Ризабек  1974 жылы 24 қарашада бұрынғы Гурьев (қазіргі Атырау) облысы Теңіз (қазіргі Құрманғазы) ауданы Ганюшкин селосында дүниеге келді. 1995 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін тарих пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп, Құрманғазы ауданындағы Абай атындағы мектепте тарих пәні мұғалімі болып сегіз жылдай еңбек етті. Кейін Қазақстан Мемлекеттік құқық академиясын, Атырау мұнай-газ институтын бітірді, - дейді әпкесі  Гүлсара Мендыханқызы.

Ризабек Бақтыгереев 2000 жылы Алтын Хасановамен шаңырақ құрып, бүгінде олар Ерасыл, Аиша атты ұл-қыз тәрбиелеп отыр. Әулеттің келіні Алтын қазіргі кезде экономист болып жұмыс істейді. Ризабек Бақтыгерев пен Алтын Хасанованың  үлкен баласы  17 жастағы Ерасыл Алматы қаласында Қазақстан-Британ техникалық университетінің 1-курсын тәмамдады. Оған қоса ағылшын тілі IELTS  (International English Language Testing System) деңгейін анықтауға арналған халықаралық сертификат иегері. Ерасылдың қарындасы Аиша Атырау қаласындағы №16 мектеп-гимназиясының 4-сыныбын бітірді. 10 жастағы Аиша бос уақытында сурет салғанды ұнатады.

Бүгінде әулеттің Нурия, Тоты, Шынар, Жанар Мендыханқызы ата-ана жолын қуып, мұғалім атанып, ұстаздар династиясын жалғастырып келеді. Сонымен қоса, әулеттің күйеубаласы Өтеген Самиғоллаұлы да ұстаздық қызметті абыроймен атқаруда. Бақтыгереевтер отбасының отанасы ақ жаулықты Шалттық әжей  егіз қыздарының дүниеге келуі ерекше қуаныш болғанын айтады. 

– Жанар-Шынар деп егіз қыздарымыздың есімін әкесі қойды. Содан екі бесік жасаттық. Сәби кездерінде оларды жылағанда дауыстарынан ажырататынбыз. Дауысы жіңішке шықса, Жанар деп, жуаңдау шықса Шынар дейтінбіз. Өсе келе алдымызға екеуі екі бөлек келсе, үйдегілер ажырата алмай қалатын. Бір-бірінен айнымаса да ажырату біз үшін, әрине ата-ана болғасын қиын емес. Ана болғасын мен қыздарымның ерекшеліктерін сеземін. Дәрігерлердің айтуынша бірінші Шынар, екінші Жанар дүниеге келген. Алғашында Жанар әлжуаз, кішкентай болды. Уақыт өте біртіндеп екеуі теңесіп кетті. Бірақ қос егізімнің мінезі де, іс-әрекеттері де екі бөлек. Қазірдің өзінде бөгде адамдар оларды бір-бірінен ажырата алмай жатады, - дейді анасы Шалттық Хамзақызы.

Бүгінде Мендыхан атай мен Шалттық әжей балаларынан тараған немерелеріне өмірден білген-түйген, тәрбиелік мәні бар ақылын айтып отырады. Бала кезінен бесік жырын тыңдап өскен Бақтыгереевтер әулетінің ұрпағы отбасылық шежіре, жеті ата дәстүрін де  үйреніп өскен.

– Немерелеріміз біздің өміріміздің жалғасы. Мысалы, Ерасыл немерем ағылшын тілін жақсы меңгерген, Аишамыз сурет салуға машықтанған. Немерелерім отбасымыздағы басты құндылықтарды, салт-дәстүрлерді келешекке өздерінің ұрпақтарына жеткізушілер деп есептейміз. Ұрпақтарымыздың сабақтастығын үзбеу, өзінің тегін білу  – олар үшін басты парыз, - дейді әулет қариясы  Мендыхан Бақтыгерейұлы.

Бақтыгереевтер әулеті бізге мерейлі отбасы болудың құпиясымен бөлісті. Отбасындағы берік қалыптасқан татулық, сыйластық пен сүйіспеншілік әулеттің ең негізгі ұстанымы. Шалттық әжей өзі осы әулетке келін болып түскен отбасында қайың ата мен қос енесі (үлкен енесі мен жолдасының анасы) қайнысы, қайың сіңлісі барлығы бірге тату тұрған. Алғаш әулет табалдырығын аттаған сәттен бір-біріне сыйлы болған олардың бүгінде сыйластықтары үзілген жоқ.

Үлкен енем өте шебер адам болды. Балаларымыз ол кісіні ұлы әже деп атап кетті. Ол кісі киіз (текемет) басып, ою оятын. Біздің ауданымыздың көптеген отбасыларында сол кісінің басқан киізі (текеметі) бар. Бұл кісінің текеметі республикалық мұражайға да қойылған. Сондай-ақ біздің үйге  қонақтар көп келетін. Жұмысқа асығып жатқан кездері енем түсіністікпен қарап:  «Үлгермесең жұмысыңа бара бер, келген соң жинастырып аларсың, мектептегі оқушылар мен жұмысың сенің үйіңдегі шаруаларыңның бітуін күтпейді ғой» дейтін: Міне, отбасындағы ене мен келіннің өзара сыйластығы, түсіністігі берік қалыптасса жанұяда берік, мерейлі болады деп ойлаймын, - дейді әулеттің отанасы Шалттық Сарсекеева.

«Отан –  отбасынан басталады» дегенді ұстаным еткен әулетте атадан балаға беріліп келе жатқан ұлттық салт-дәстүрлер сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Әсіресе қазақи салт-дәстүр бүгінгі таңда  бала тәрбиесінде елеулі орын алатын тәрбие құралы екенін тілге тиек етті. Өйткені осындай өнегелі мұралары арқылы ұрпақты адамгершілікке, отбасы алдындағы жауапкершілікке, рухани байлыққа, өз Отанына деген сүйіспеншілікке баулуды әулет әрдайым бірінші кезекке қояды.

– Бала дүниеге келгенде жасалатын жоралғылар, қырқынан шығару, қырқынан шыққан күні баланың ит көйлегіне қолдан пісірілген тәттілерді үйдің итінің мойнына байлап, көршінің балаларын жинап жүгірту, қырық қасық суға мол қылып тиын салып баланы шомылдыру, шебер адамға тырнағын алғызу, ақылды, сабырлы адамға шашын алдырту. Бесікке салу жасы үлкен, сыйлы адамға жолданатын, кіндік шешесі бесік жүгіртіп, жиналған көрші-ағайын, туыстарға сыйлықтар тарату. Тұсау кесу рәсімі бұлардың бәрін әулетімізде жасап отырамыз, - дейді  әулеттің кенже қызы Жанар Мендыханқызы.

Сонымен қоса, бұл жанұя қысқы соғым соятын кезді ерекше атап өтеді. Соғымнан ауыз тиюге барша ағайындар мен құдаларды, көршілерді арнайы шақырып, құтты қонақ етеді. Және 14 наурыздағы «Көрісу айт» мерекесінде туған-туыс пен  көршілер жан-жақтан ағылып, көрісуге асығады екен. Олар үшін дағдыға айналған осы мереке жақындағанда жыл сайын отбасы мүшелерімен көрісуге келушілерді қабылдаудың дайындығына кіріседі. Соған орай үйде дастархан жайылып, қазы-қарта дайындалып, қуырдақ қуырылып, бауырсақ пісіріліп, көже әзірлейді. Осылайша алыс-жақын ағайынды жақындастыра түсетін күнді Бақтыгереевтер отбасы ерекше мереке деп есептейді.

Бақтыгереевтер отбасында естен кетпес елеулі әрі қызықты оқиғалар да болып тұрады. Солардың бірімен Шалттық әжей бізбен бөліскен еді.

Біз үлкен кісілер барда мал ұстадық. Малды (сиыр) қыс мезгілінде үйден су шығарып суарамыз. Бір күні жолдасым Мендыхан:  «кәне су құйып бере ғой, мен малды суырайын» деді. Оның мал суаруы менің есебімше күндегіге қарағанда ұзаққа созылып кетті. «Мал неге суды көп ішетін болған» деп өзім сыртқа шығып қарадым. Байқасам отағасы  түгел көршінің малын да суарып тұр екен. Өйткені ол үйдің малын танымапты. Бұны естіген үлкендер мен көршілер бір күліп алдық.  Отағасы көбіне далада, жұмыс бабымен іс сапарларда жүретін адам ғой. Қолы босағанда қолғабыс еткендегі жағдайы осы, - дейді Шалттық әжей.

Осындай берекелі әрі өнегелі әулет қазіргі уақытта Атырау облысы Құрманғазы ауданы Құрманғазы ауылында  ғұмыр кешіп келеді. Енді алдағы қыркүйек айында өткізілетін «Мерейлі отбасы» жалпыұлттық байқауының ақтық кезеңінде Атырау облысының намысын Бақтыгереевтер жанұясы қорғамақ.

(Суреттер  Бақтыгереевтер  отбасының жеке мұрағатынан алынды) 

Поделитесь:
Telegram
Подпишитесь на наш Telegram-канал и узнавайте новости первыми!