Өмірін спортқа арнаған жамбылдық Жансақаловтар

29 Июля 2019, 14:19 17825

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен республикалық «Мерейлі отбасы» сайысы осыдан жеті жыл бұрын қолға алынған болатын. Осындай ұлттық маңызы бар  байқаудың арқасында елімізде жыл сайын ондаған отбасының жетістіктері жалпақ жұртқа паш етіліп, өзгелерге үлгі болып  келеді. Көпшілік тарапынан үлкен қолдауға ие болған сайыстың биыл облыстық кезеңінде жамбылдық Жансақаловтар әулеті жеңіске жетті.  Соған орай бүгінгі материалда осы шаңырақ мүшелерінің мерейін үстем еткен құндылықтары мен салт-дәстүрлері жайында толығырақ әңгімелейтін боламыз.   

 

Биыл «Мерейлі отбасы» республикалық ұлттық жобасына Жамбыл облысы бойынша бас-аяғы 170-тен астам жанұя қатысқан. Солардың ішінде қазақ халық поэзиясының алыбы атанған Жамбыл өңірі Байзақ ауданының тұрғыны Жансақаловтар әулеті  жеңімпаз атанды. Тартысты кезеңнен сүрінбей өткен әулет енді республикалық сында топ жаруды мақсат етіп отыр. Бұл әулет өмірін бір арнаға тоғыстырып, шаңырақтарының іргетасын жаңа қалағалы жатқан жастарға үлгі боларлық өнегесімен бүтіндей бір өңірге танымал.

Әулеттің отағасы Ильяс Жеңісбайұлы Жансақалов 1974 жылдың 27 қыркүйегінде Жамбыл облысы Байзақ ауданы Абай ауылында дүниеге келген. 1989 жылы Абай орта мектебін аяқтап, Қаратау тау-кен құрылыс техникумының «Құрылысшы технолог» мамандығына оқуға түседі. Содан 1993 жылы жоғары оқу орнын тәмамдап, Абай орта мектебіне дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып алғаш еңбек жолын бастайды.

– Әкем Жеңісбай Жансақалов  қазір 74 жастағы зейнеткер.  Кезінде Абай ауылында мал шаруашылық саласында меңгеруші болып қызмет еткен. Осы салаға ғұмырының 45 жылын арнаған. Ал анам Сайлаукүл Абдуақасова қазір 71 жаста. Анам ауылымыздағы Абай атындағы орта мектебінде оқу ісі меңгерушісі болып жұмыс істеген. Білім беру саласындағы көп жылдық еңбегінің арқасында 1993 жылы Қазақстан Республикасының білім беру үздігі төсбелгісімен марапатталған. Жалпы осы саладағы жұмыс өтілі 43 жыл,  - дейді әулет отағасы Ильяс Жеңісбайұлы.

1996 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне «Дене шынықтыру» мамандығы бойынша оқуға қабылданып, оны 2000 жылы бітіріп шығады. Ал 2006 жылдан бастап қазіргі күнге дейін Ильяс Жансақалов Байзақ ауданында орналасқан Сарыкемер ауылындағы №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне қол күрес жаттықтырушысы болып қызмет етеді.  

Ильяс Жеңісбайұлы – 1993 жылдан бері өзінің ұстаздық еңбек жолында шәкірт тәрбиелеп, білім саласында өзінің сүбелі үлесін қосып келеді. Ол бас-аяғы 26 жылдық еңбек өтілінде ұстаздық пен жаттықтырушылық қызметін қатар ала жүріп, алты әлем және 15 Азия чемпионы мен жүзге жуық Қазақстан чемпионын тәрбиелеген. Ал 2006 жылы Ильяс Жансақалов қол күресінен Қазақстан Республикасының спорт шеберіне үміткер атағын алса, 2015 жылы Қазақстан Республикасының қол күрес федерациясының 25 жыл толуына орай арнайы медальмен марапатталған. Ал келесі жылы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағын иеленсе, 2017 жылы Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алған.  Оған қоса осы жылы Жамбыл облысы әкімінің «Құрмет» грамотасы және 2018 жылы облыс әкімінен «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» медаль табыс етілген. Әулет отағасы болашақ жары Роза Алтынбекқызымен  1994 жылы шаңырақ құрған.

Әулеттің отанасы Роза Алтынбекқызы Саржанова 1977 жылдың 15 сәуірінде Жамбыл облысы Жамбыл ауданы қазіргі Ерназар (бұрынғы Қызыл-октябрь) ауылында дүниеге келген. 1991 жылы Қызыл-октябрь орта мектебін бітіріп, Қаратау тау-кен техникумында бухгалтер-экономист  факультетіне оқуға түскен. Мұны бітіргеннен кейін тұрмысқа шығып, бала тәрбиесімен айналысқан. Ал 2003 жылы Тараз мемлекеттік педагогикалық институтына «Кәсіптік оқыту» мамандығы бойынша қабылданып, оны 2007 жылы бітіріп шығады. Оған қоса 2003 жылы Абай атындағы орта мектепке технология пәні мұғалімі болып жұмысқа орналасқан. Сонымен қатар 2016-2018 жылдары Тараз мемлекеттік педагогикалық университетін «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» мамандығы бойынша тәмамдап шыққан. Соңғы он алты жылдан бері Жамбыл облысы Байзақ ауданы Абай ауылында Абай атындағы орта мектепте ұстаздық қызметті атқарып келеді. Қызмет жолын болашақ саналы ұрпақ тәрбиесіне арнаған Роза Алтынбекқызы былтыр Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының алғыс хатымен марапатталған болатын. 

Соңғы 25 жылдан астам бір шаңырақ астында бақытты ғұмыр кешіп жатқан әулет төрт ұл тәрбиелеп өсіріп отыр. Оған қоса қазіргі таңда олардан немере сүйіп отырған өнегелі әулет.

Бүгінде олардың перзенттері мен келіндері Ильяс Жансақаловтың жолын қуып келеді. Әулеттің тұңғышы  Ақниет Жеңісбай 1995 жылы  дүниеге келген.  2013 жылы мектепті бітірген соң  Алматы технологиялық университетін  «Құрастырушы-технолог» мамандығы бойынша 2017 жылы тәмамдаған. Осы жылы Ақниет қол күресінен Қазақстан Республикасының спорт шебері атағын иеленді. Ал биыл  Алматыдағы  қазақ спорт және туризм академиясын «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша аяқтады. Қазіргі кезде Жамбыл облысы әкімінің дене шынықтыру және спорт басқармасында қызмет етеді.

Әулеттің үлкені Ақниет Ильясұлы биыл сәуірде ақ құсын қондырды. Оның Гүлназ есімді  сүйген жары 2017 жылы Алматы технологиялық университетін «Құрастырушы-технолог» мамандығы бойынша үздік бітірген. Ал 2019 жылы осы жоғары оқу орнының «Азық-түлік емес тауарлардың қауіпсіздігі»  мамандығы бойынша магистрі атанды.   

– Ақниеттің соңынан ерген бауыры Әділет 1996 жылы дүниеге келген. Әділет те ағасы секілді биыл Алматыдағы қазақ спорт және туризм академиясын «Жаттықтырушы және дене шынықтыру» мамандығы бойынша бітіріп шықты. Ұлымыз да қол күресінен Қазақстан Республикасының спорт шебері. Және еліміздің бес дүркін және  Азияның төрт дүркін чемпионы. Сонымен қоса 2016 жылы Болгарияда өткен әлем чемпионатының күміс жүлдесін иеленді, - дейді отанасы Роза Алтынбекқызы.

Жансақаловтар жанұясының екінші перзенті Әділет Ильясұлы 2017 жылы Әсел Нәрікқызымен шаңырақ құрған. Әулеттің келіні де спорттан құр алақан емес. Биыл жоғары оқу орнын тәмамдаған спортшы қол күресінен Қазақстан Республикасының спорт шебері, Қазақстанның алты дүркін әрі Азияның төрт дүркін чемпионы атанған. Сонымен қатар, Әділет мен Әсел биыл маусым айында дүниеге келген кішкентай Көзайымның ата-анасы.

Әділеттің соңынан ерген інісі Әмір 2007 жылы дүниеге келген. Биыл алтыншы сыныпты бітірген Әмір де  жастайынан қол күресі спортымен айналысқан. Бала кезінен осы спортқа машықтанған ол он жасында спорттың осы түрінен  Қазақстан Республикасы чемпионатында екінші орынды иеленіпті. Бүгінде спорт шеберіне үміткер өскенде болашағын осы саламен байланыстыруды мақсат етеді. Ал Жансақаловтар отбасының кенжесі Дамир 2016 жылы дүниеге келген. «Болашақта Дамирден де әлемді бағындырар алып спортшы шығады деп үміттенеміз» дейді ата-анасы.

Мәртебесі биік Жансақалаовтар шаңырағы өз перзенттерінің бойына  қазақ халқының баға жетпес құндылықтарын сіңіріп келеді.

– Бала үшін отбасында әке-шешенің, ата-әженің басқа да бауырлардың кісілік үлгілерінің маңызы өте зор деп есептейміз. Өйткені бала әдептілікті, адамгершілікті, сыпайылықты өз отбасында үйренеді. Үй-ішімізде балаларымыздың ата-әжелері оларға балалық шағынан қазіргі уақытқа дейінгі білген-түйген  өмірлік ақыл-кеңестерін құлақтарына құйып отырады.  Ал ата-ананың үйдегі іс-әрекетін балалары көріп өседі емес пе?  Сондықтан біз  жолдасым екеуіміз де  оларды барынша жақсылыққа баулып отыруға тырысамыз,  - дейді әулет отанасы Роза Саржанова.  

Елдегі әр шаңырақ сәбиін жарық дүние есігін ашқан сәттен бастан бесік жырымен әлдилеп, алақанға салып аялап, оның тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарап өсірген.  «Адамның бақыты – балада» демекші Жансақаловтар әулетінің отағасы мен отанасы өмірінің мәні саналатын ұрпағының бойына адамгершілік, бауырмалдық, татулық, қайырымдылық, әдептілік, инабаттылық сияқты қасиеттерді өздерінің үлгілі ісімен сіңіріп келеді. Ильяс Жеңісбайұлы мен Роза Алтынбекқызы әркез перзенттерінің жан дүниесіне үңіліп, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді байқап отыруды еш ұмытқан емес. Әулеттің үлкен ұлы 24 жастағы Ақниет «Отбасымыздың тіректері әкем мен шешемнің бір-біріне деген ыстық махаббаты мен сый-құрметін өте жоғары бағалайтындығын» айтады.  Оған қоса әкесінің отбасы алдындағы міндеті саналатын табыс тауып, бала-шағасын материалдық жағдаймен қамтамасыз етіп, перзенттерінің заман талабына сай білімді әрі саналы болуына ерекше мән беретіндігін тілге тиек етеді.

Биыл шаңырақ құрғандарына 25 жыл болған әулет осы уақытқа дейін қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін берік ұстанып келеді. Әулеттің ер-азаматтары  қазақтың киелі жануары жылқы шаруашылығымен айналысса, келіндері бие сүтінен жасалатын ұлттық сусын қымыз, ірімшік, құрт секілді тағамдарды әзірлеп тұрады. Оған қоса Жансақаловтар жанұясының ұлдары ауыл арасында жиі-жиі ұйымдастырылып тұратын «Көкпар» ойынына  қатысып, жүлделі орындарды бермей келеді. Шаңырақ мүшелері отбасылық құндылықтар мен дәстүрлерді жаңғыртып тұрудың қағидасымен бөлісті.

– Бастысы жүрегі елім деп соққан әр қазақтың бойынан ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты байқауға болады деп есептеймін. Елдегі отбасылардың төрінен табылатын  өзіміз секілді ақсақалды қариясы мен ақ жаулықты әжесі бар жанұяда ешқашан отбасылық құндылықтар өлмей, керісінше уақыт өтсе де, жаңғырып, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырады деп ойлаймын. Ал дәстүрге келетін болсақ, еліміздің басым бөлігінде әсіресе ауылды аймақтарда  дәстүрлер ұмытылған емес. Қалалық өмірде әрбір ата-ана отбасылық баға жетпес құндылықтарымызды өз баласына айтып отырғаны жөн. Оған қоса қазақтың ұлттық төл мейрамдарын  естен шығармай, керісінше думандатып тойлап отыруы қажет деп санаймын, -  дейді Жеңісбай Жансақалов  ақсақал.

Бүгінде түздегі жұмысымен қоса, үйде бала тәрбиесіне де ерекше мән беретін Жансақаловтар болашақ ұрпақты тәрбиелеуде өзіндік қағидаттарға сүйенеді. Әулеттің балалары  ақ жаулықты әжесі Сайлаукүл Абдуақасова  мен отанасы Роза Саржановадан «ысырап боладыны» әбден жадыларына құйып өскен. Қай заттың болмасын қадірін білген олар бүгінде не нәрсенің де жеңіл еңбекпен келмейтіндігін түсінген. Және әулеттің үлкендері оларға ешкімнің ала жібін аттамау, ата-әже және әке мен шеше сөзіне, ісіне, отбасылық жәдігерлерге құрметпен қарауды, қазақтың салт-дәстүрлерін ұмытпау қағидатын бала кезінен құлағына құйып тәрбиелеген.

Бұл шаңырақта әсіресе педагогтар мен спортшылардың алатын орны ерекше екенін айта кетейік. Өйткені жоғарыда айтып кеткеніміздей Сайлаукүл Абдуақасова әжей білім беру саласында қырық жылдан аса ұстаздық қызметті атқарған. Ал қазіргі таңда әулеттің отағасы мен отанасы осы салада аянбай еңбек етіп келеді. «Ұстаз өз шәкірттерін білім нәрімен сусындататын адам» демекші, Ильяс Жеңісбекұлы мен Роза Алтынбекқызы өзінің бар күшін, бүкіл өмірін болашақ ұрпақ тәрбиесіне  арнаған тәжірибелі әрі көпке үлгілі педагог мамандар. Осындай әулет шаңырағында әр күн қызыққа толы өтіп келеді.  

– Өмірімізде болған естен кетпес  оқиғалардың ішінде мынау оқиғаның орны бөлек: Мен, Ақниет, Әділет үшеуіміз бірге Қазақстан чемпионатына Бурабай қаласына кетуге дайындалып жатқан болатынбыз. Ол кезде Әмір екі жастан енді асқан. Барлығымыз үйде жолға қамданып жатқанбыз. Әмір ағаларына ұқсағысы келіп, солар сияқты жолға қажет қағаздарын жинап, ойнап жүрген. Үйден шықпас бұрын құжаттарды түгендеп жатқанда, кенеттен билеттеріміздің жоғын білдік. Содан оны барлығымыз  үйдің ішінен іздеуге кірістік. Бір уақытта оны Әмірдің ойнап жүріп, қайшымен қырқып тастағанын көрдік. Уақытқа қарасақ, пойыздың жүруіне бір-ақ сағат қалған. Ауыл мен темір жол вокзалы арасы шамамен 45 минуттық жол. Не істерімізді білмей, асығыс-үсігіс қолымызға қырқылып тасталынған билеттерді ұстап, бәріміз темір жол вокзалына аттандық. Мұнда келсек, біздің пойызымыз келіп қойған. Тіпті жүруіне 10-ақ минут қалыпты. Билет сататын кассаға барсақ, мұнда ұзын-сонар кезек. Содан кезек күтіп тұрған адамдарға жағдайымызды түсіндірдік. Сөйтіп, олар бізге түсіністікпен қарап, кезексіз өткізіп жіберді. Әрең дегенде билеттерімізді қайта шығарып, перронға қарай жүгіріп бара жатқанда, пойызымыз жүріп кетті.  Ал біз сол жарысқа міндетті түрде баруымыз қажет. Ақыр аяғында көлікке қайта мініп, Шу станциясына пойыздан бұрын жетіп, осы жерден өз вагонымызға мінген едік. Осындай қызықты оқиғаны бастан кешіріп, жарысымызға барып келдік ғой, - дейді отағасы Ильяс Жеңісбекұлы.   

Жансақаловтар облыстың Байзақ ауданына қарасты Абай аулындағы аз қамтылған отбасылардың балаларына көмек қолын созып, қамқорлық танытып келе жатқан жомарт жандар. Көпке сыйлы әулет  қоғамдық жұмыстар  мен аудандық, облыстық мәдени-спорттық шараларға белсенді араласады. Әрі өз ауылдарының көркеюіне үлес қосып, оған отбасы атынан жиі демеушілік көрсетіп тұрады.  Ұлттық спорт түрлерінің жанашырлары қазақи құндылықтарымызды ұрпақ бойына сіңіре отырып, еліміздің көк байрағын шет елдерде желбіретіп, халыққа қалтқысыз қызмет етуді мақсат етеді.

Әулеттің үлкендері ғибратты ғұмыр мен өнегелі өмір сүру үшін бастысы  перзенттерінің амандығын көргеннен асқан бақыт жоқ екенін айтады. Жүзі жылы, жүрегі мейірімге толы 71 жастағы ақ жаулықты Сайлаукүл әжей ұзақ ғұмыр кешуінің бар сыры осы да дейді.

– Балаларым мен Алла берген немерелерімнің арқасында осынша жасқа келіп отырмын. Осы бала-шағаммен тәтті құлындарымның аман болуын Құдайдан тілеп отырамын. Бізге солардың амандығынан басқа еш нәрсе қажет емес, - дейді Сайлаукүл әжей.

Шаңырағында өзара келісім мен рухани сыйластықтың лебі ескен  әулет бүгінгі күнге дейін ұрпақ сабақтастығын жарасымды жалғастырып келеді. Бүкіл ауыл-аймақ арасында үлкен құрметке бөленген ардақты әрі өнегелі отбасы  байқаудың облыстық кезеңінде өзгелерден дара шығып отыр. Енді жеңіс тұғырынан көрінген мерейі үстем отбасы өңірдің намысын ресспубликалық сайыста қорғайтын болады.

(Суреттер  Жансақаловтар отбасының жеке мұрағатынан алынды) 

Поделитесь: