Өмірі өнермен өрілген Мұхамедьяровтар

6 Августа 2019, 18:48 63216

Елімізде жыл сайын «Мерейлі отбасы» жалпыұлттық байқауы өткізіліп келеді.  Осындай ауқымды сайыстың ақтық сынына жолдама алу үшін Қазақстанның түкпір-түкпірінде іріктеу кезеңдері өтеді. Биыл да бұл дәстүр жалғасын тауып, әр аймақ өз іштерінен ең үздік мерейлі әулетті анықтады. Өнегелі құндылықтарды жаңғыртып, отбасы мәртебесін арттыруды мақсат еткен жобада  Петропавл қаласында өткен облыстық кезеңде Мұхамедьяровтар әулеті жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған болатын. Осындай тартысты сайыста топ жарған Мұхамедьяровтар өз аймағында отбасы құндылығы мен ұрпақтар сабақтастығын кеңінен насихаттауға сүбелі үлесін қосып келеді. Әулет отағасы мен отанасы перзенттері мен немерелерінің бойына рухани құндылықтарды сіңіртіп, отансүйгіш азаматтарды тәрбиелеуде. Соған орай El.kz порталы көпке үлгілі әрі мерейі үстем әулет мүшелерімен әңгімелескен болатын. 

Әулет отағасы Болат Қазыұлы Мұхамедьяров 1949 жылы 15 қаңтарда Көкшетау облысы Қызылту ауданы Амангелді ауылында дүниеге келген. 1966 жылы Қызылту орта мектебін бітірген соң, Отан алдындағы борышын өтеуге әскерге аттанған. Ал әскери парызын орындап келгеннен кейін Бурабай ауылшаруашылық техникумын тәмамдап, алғаш еңбек жолын туған ауылынан бастаған. Қырық жылдай энергетика саласында аянбай қызмет еткен Болат Қазыұлы 2012 жылы зейнеткерлікке шыққан. Бүгінде құдай қосқан қосағы Мапруза Өсіпқызымен алты  перзент тәрбиелеп, олардан тараған 12 немеренің қызығын көріп отыр.

– Мапруза апаңмен қателеспесем, 1972 жылдың жаздың  жайма шуақ кезінде Амангелді ауылында болған бір тойда таныстық. Содан арада екі жыл өткен соң, сол ауылда тойымыз өтті. Мінеки, содан бері екеуміз өмірдің қызығы мен шыжығын бірге көріп әрі бір-бірімізге демеу болып өмір сүріп келеміз, - дейді отағасы Болат Қазыұлы.

Болат Қазыұлы қолы қалт еткенде шабыттың бесігінде тербеліп, жанынан жыр шығарады. Оған қоса домбыраның құлағында ойнап, әуелете ән шырқайды. Бүгінде жасы жетпіске келген ақсақал 45 жылдан аса бір шаңырақ астында өмірлік жансерігі Мапруза Өсіпқызымен бақытты ғұмыр кешіп келе жатыр.

Әулеттің отанасы Мапруза Өсіпқызы Мұхамедьярова 1952 жылдың 15 қаңтарында Көкшетау облысы Қызылту ауданы Ақтүйесай ауылында дүниеге келген. 1969 жылы осы маңдағы Карл Маркс атындағы орта мектепті бітірсе, 1970 жылы Қызылту орта мектебіндегі бастауыш сынып мұғалімдерін дайындайтын педагогикалық курсты аяқтап, ұстаздық еңбек жолын бастаған. Болашақ саналы ұрпақ тәрбиелеу саласына 42 жылын арнаған мұғалім 1991-1992 жылы «Қазақстан Республикасының халық ағарту ісінің үздігі» атағын алған болатын.  Мапруза Мұхамедьярова зейнеткерлікке шықса да, еңбектен бір сәт қол үзген емес. Бүгінде зейнеткер-ұстаз  мектептің, ауылдың, ауданның іс-шараларына белсене араласып тұрады.

– Зейнеткерлікке шықсам да,  төртінші перзентіміз Аян баламыз екеуіміз мектептің ән, би, домбыра үйірмелерінің өнерпаздарына  арнап түрлі ұлттық костюмдер тігумен айналысамыз. Ең бастысы, олардың үлкен сахналар мен биік шыңдарды бағындыруына еңбегіміз сіңгенін көрген кезде, бұл өнерге деген шабытымыз одан сайын еселене түседі, - дейді отанасы Мапруза Өсіпқызы.

Ұлттық өнерді қайта жаңғыртуға үлес қосып жатқан ісмер әрі үйдің отанасы Мапруза Өсіпқызы мен отағасы Болат Қазыұлының тұңғыш перзенті Дулат Мұхамедьяров 1975 жылы 22 маусымда Көкшетау қаласы Қызылту ауданы Амангелді ауылында дүниеге келген. 1992 жылы осы маңдағы Өндіріс орта мектебін аяқтап, Көкше университетінің дене шынықтыру және спорт факультетіне оқуға түскен. Сөйтіп, мұны тәмамдағаннан кейін   бүгінгі күнге дейін  Дулат Мұхамедьяров Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданындағы Бидайық орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып қызмет етіп келе жатыр.

– Бүгінде өзім тәрбиелеген шәкірттерім футбол, шайбалы хоккей және спорттың басқа да түрінен  аудандық және облыстық жарыстардың  жеңімпазы атанып келеді. Ал өзім волейбол, футбол және шайбалы хоккей бірнеше дүркін чемпиондарды қатарына қосатын ауыл командасының мүшесімін, - дейді Дулат Мұхамедьяров.

Спортты жанына серік еткен Дулат Болатұлы Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің Білім басқармасы мен  облыстық «Өрлеу» мұғалімдерді даярлау орталығының алғыс хаттарымен және аудан әкімі мен білім бөлімі басшыларының спортты дамытуға қосқан үлесі үшін арнайы мақтау қағаздарымен марапатталған. Бүгінде жоғары санатты педагог он жеті жылдан бері бір шаңырақ астында сүйген жары Марфуға Қаратайқызымен үш перзентті тәрбиелеп, тату-тәтті өмір сүруде. Қазіргі кезде жары Марфуға Нұржанова жолдасы қызмет ететін мектепте ағылшын тілі пәнінің ұстазы болып еңбек етеді. Ал олардың  үлкен қызы Томирис биыл сегізінші сыныпты бітірсе, ортаншысы Айкүнім бесінші сыныпты аяқтаған. Ал үйдің кенжесі Аңсар төртінші сыныпты тәмамдапты. Үш перзент те өнерден құр алақан емес. Мектептің кез-келген мерекесінде қыздары мың бұралып, би билесе, ал ұлы Аңсар түрлі әндерді өз нақышында шырқап, жұртшылықтың жылы ықыласына бөленіп келеді.

– Біздің екінші ұлымыз Саян 1976 жылы 23 маусымда Көкшетау  облысы Қызылту ауданы Амангелді ауылында дүниеге келген. Саян да Дулаттың барған Өндіріс мектебінің 9 сыныбын аяқтағаннан кейін Көкшетау қаласындағы Біржан сал атындағы музыкалық колледжінде білім алды, - дейді әулет отағасы Болат Қазыұлы.

Ал мұны бітірген соң, Саян Мұхамедьяров Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының халық музыкасы факультетіне оқуға түсіп,  оны 2000 жылы қызыл дипломмен аяқтаған. Кейін Көкшетаудың Біржан сал атынадағы өзі білім алған колледжінде «Халық әні» факультетін құрып, онда талапкерлерге дәріс беріп, олардың жан-жақты талантын ашып, ұстаздық еңбек жолын бастаған. Қазіргі кезде сол колледжде директор болып қызмет ететін Саян Болатұлы Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан зор жеке үлесі үшін алғыс хаттармен және Ақмола облысының білім басқармасының жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі табыстары, кәсіби шеберлігі, педагогикалық үрдістегі жетістіктері үшін құрмет грамотасымен марапатталған. Осындай жетістіктердің иесі Саян Болатұлы 2006 жылы Маржан Арыстанбекқызымен шаңырақ құрып, үш перзент тәрбиелеп отыр. Жары Маржан Бөкешова Көкшетау қаласындағы Құсайынов атындағы драма театрында актриса болып жұмыс істейді әрі Ақан сері атындағы колледжде актерлік мамандық бойынша сабақ береді. Өмірін өнерге арнаған Маржан Бөкешованың еткен еңбегі еш кетпей, «Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі» атты арнайы төсбелгісімен марапатталған. Ал олардың тұңғыш баласы Мирас биыл Көкшетау қаласындағы №17 орта мектебінің 6-сыныбын бітірген. «Жігітке жеті өнер де аз, жетпіс өнер көп емес» дегендей, Мирас бүгінде Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ драма театрының әртісі, Көкшетау қаласының музыкалық мектебінің домбыра класының оқушысы әрі қалалық, облыстық, республикалық конкурстардың жеңімпазы. Сонымен қоса, каратэден Көкшетау, Астана қалаларының біріншіліктерінде топ жарған әрі Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы және  Кеңес Одағының батыры академик Мәлік Ғабдуллин атындағы республикалық турнирдің бірнеше рет жеңімпазы болған. Қазіргі кезде жасыл белбеу иесінің сабақ үлгерімі де мақтауға тұрарлық. Оқуды тек беске оқып, мектепішілік іс-шаралардың жүргізушісі болып, түрлі мерекелердің тізгінін ұстап келеді. Мирастың қарындасы Айғаным 5-сыныпты бітірген. Ал кенжесі Ибраһим биыл 3 жасқа толған.

– Біздің отбасымыз өнерден алыс емес жандар. Өйткені жолдасым Саян халықаралық «Шабыт» шығармашылық жастар фестивалінің, Түркияның Стамбул қаласында өткен «Fomget» халықаралық фестивалінің және Ресей Федерациясының Тюмень қаласында өткен «Сібір бұлақтары» фестивалдерінің    лауреаты. Үлкен қызымыз да біздің жолымызды қуып келеді. Ол  қалалық, облыстық, республикалық түрлі ән байқауларының жеңімпазы атанып жүр. Әрі арнайы музыка мектебінде фортепианодан дәріс алады. Және қалалық Абай оқулары байқауының бірінші орын иегері, Ш.Құсайынов атындағы Қазақ музыкалық-драма театрының кішкентай актрисасы. Ал Мирас ұлымыз каратэдан республикалық сайыстардың бірнеше дүркін чемпионы. Домбыраның құлағында ойнайтын ұлымыз республикалық, халықаралық байқаулардың жүлделі жеңімпазы, - дейді Маржан Арыстанбекқызы.

Саян Болатұлының артынан ерген інісі Еркін Мұхамедьяров 1978 жылы Көкшетау облысы Қызылту ауданы Амангелді ауылында дүниеге келген. Ағалары оқыған Өндіріс орта мектебін 1995 жылы бітіріп, Щучье индустриальді-педагогикалық колледждіне оқуға түскен. Ал мұны аяқтағаннан кейін Еркін Болатұлы  Қапшағайдағы әуе  десанттық әскер қатарында борышын өтеп қайтқан. Ал 2002 жылдың 8 қыркүйегінен бастап Қызылту шекарашылар заставасында шекарашылық қызметті атқарып келеді.

– Еркін баламыз осы қызметте атқарған қажырлы еңбегінің жемісі ретінде шекарашы қызметінің үздігі атанды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тарапынан  «Қалқан-1», «Қалқан-2» дәрежелі медальдарының иегері болды. Сонымен қоса, ұлымыз  шекарашылық мінсіз қызметіне 10 жыл, 15 жыл деген төсбелгілеірмен де марапатталған, - дейді әкесі Болат Мұхамедьяров.

Бүгінде Еркін Болатұлының жұбайы Әсел Хамидуллақызы Бидайық орта мектебінде тарих пәнінен сабақ береді. Ал олардан тараған балалардың үлкені Дильназ биыл бесінші сыныпты үздік бітірген. Оған қоса математика пәнінен олимпиадалардың жеңімпазы және биші әрі әнші ретінде өз өнерімен көпшілікті тамсандырып жүр. Дильназдың інісі Ернияз 2 сыныпты  үздік тәмамдаған. Ал кенжелері Айлинге осы айда  сегіз ай болған екен.

Үйдің төртінші ұлы Аян Мұхамедьяров 1979 жылы 15 тамызда Көкшетау облысы Қызылту ауданы Өндіріс ауылында дүниеге келген.  Осы маңдағы Өндіріс орта мектебін 1996 жылы бітірген соң, Щучье индустриальды-педагогикалық колледжінде білім алды. Ал 2001-2002 жылдары әскери борышын Шымкент қаласында атқарған соң, Аян Болатұлы Қызылту аудандық байланыс  бөлімінде қызмет еткен. Он саусағынан өнер тамған әулеттің төртінші ұлы зергерлік бұйымдар жасаумен, ұлттық нақыштағы киімдер тігумен айналысады. Олардың ішінде әсіресе бас киімдерді тіккенді әрі ағашпен жұмыс істегенді  жаны сүйеді. Жасы 40-қа тақаған Аян Мұхамедьяров жұбайы Жанар Райсқызымен 15 жылдан аса бірге бақытты өмір сүріп келеді. Бүгінде Жанар Сатанова балабақшада тәрбиеші болып қызмет етеді. Ал Аян Болатұлы мен Жанар Райсқызының үлкен қызы Аяулым биыл 9-сыныпты, кішісі Перизат 4-сыныпты бітірген.

– Үлкен қызымыз Аяулым  би билегенді ұнатады. Әрі мектепке барғаннан бері биден түрлі сайыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Ал кіші қызымыз Перизат қазақ тілі мен әдебиет пәнінен түрлі олимпиадалардың жүлдегері. Оған қоса, республикалық «Үркер» және «Ең көркем жазу» сайыстарының I орын иегері, - дейді Жанар Сатанова.

Аян Болатұлының соңынан ерген інісі Ерлан Мұхамедьяров 1986 жылы 1 желтоқсанда Көкшетау қаласындағы Қызылту ауданы Өндіріс ауылында өмірге келген. Алғаш мектеп табалдырығын 1993 жылы аттаған Ерлан Болатұлы Бидайық орта мектебін  2004 жылы тәмамдаған. Кейін Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық жоғары оқу орнының химия факультетін қызыл дипломмен бітірген. Бірақ мамандығы бойынша қызмет етпеген екен. Керісінше өмірін өнер саласына арнап, Көкшетаудағы мәдениет сарайында әнші болып қызмет еткен.

– Ерлан баламыз Павлодар қаласында өткен «Жас толқын» халық әндері сайысына қатысып, дипломант атағын алып, бізді бір қуантты. Одан кейін Алматыда болған діни әндер байқауына қатысып, жүлделі орынға ие болды. Ал облыстық деңгейде өткен  патриоттық әндер орындау сайысында  Гран при иегері атанды. Түрлі ән байқауларының лауреаты атанып жүрген ұлымыз Ресей Федерациясының Сургут қаласында өткен халықаралық фестивалінің бірнеше рет  мақтау грамотасымен марапатталған болатын, - дейді отанасы Мапруза Өсіпқызы.

Қазіргі кезде Ерлан Болатұлы ел көңілінен шығатын көптеген авторлық әндер жазып, орындаушылықпен де айналысып жүр. Ол Көкшетау қаласының тұрғыны. Осыдан үш жыл бұрын Ақбота Батырқызымен отау құрып, бүгінде ортақ некеден  бір ұлды тәрбиелеп отыр. Ерлан Болатұлының сүйген жары Ақбота Нұрғалиева Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің жергілікті басқару факультетін бітіріп, осы жоғары оқу орнының әкімшілік архитектура бөлімінде қызмет еткен. Бірақ қазіргі кезде бала күтіміне байланысты үйде отыр.

Ал үйдің кенжесі Аслан Болатұлы 1988 жылы 20 тамызда Көкшетау облысы Қызылту ауданы Өндіріс ауылында дүниеге келген.  1995 жылы алғаш Бидайық орта мектебіне барып, оның 9-шы сыныбын 2004 жылы бітірген соң Көкшетау қаласының Біржан сал атындағы музыкалық колледжінің күйшілер бөліміне оқуға түскен. Сонымен қоса, халық әні бөлімінен де қосымша дәрістер алып жүрген. Ал 2008 жылы осы білім ордасын аяқтап, филармония мен мәдениет сарайларында әнші болып жұмыс істеген. Әрі ел деңгейінде аталып өтілетін мерекелердің бірінде Елбасы алдында халық әндерін де орындағанын айта кетейік.

– Бауырымыз Алматыда өткен республикалық «Алтын домбыра» жыршылар-термешілер сайысына қатысып, жүлдемен оралды. Және оқушы кездерінде Қазақстанның 10 жылдық мерекесінде Петропавл қаласында өткен мерекеде Ерлан ағасы екеуі «Елім менің» әнін домбырамен орындап, екі дауыспен лауреат атанған болатын, - дейді үйдің үлкені Дулат Болатұлы.

Облыстық, республикалық байқаулардың лауреаты Аслан Мұхамедьяров Көкшетауда өткен «Ғасырлар үні» сайысында бас жүлде иегері, ал «Әнші аға – Шәмші аға» атты облыстық байқауда I орын жүлдегері әрі лауреат атанып қайтқан. Сонымен қатар, оған «Атамұра» аймақтық әншілер байқауының  лауреаты, 2016 жылы өткен облыстық патриоттық әндер байқауының бас жүлдегері, Қазақстан Республикасының 25 жылдығына арналған «Атамыздың даласы сен – домбыра» атты домбырамен ән айту фестивалінде арнайы диплом табыс етілген. Тұла бойы талантқа толы өнерпаздың жетістіктері мұнымен тоқтамайды. Өйткені ол Ресей Федерациясының Сургут қаласында өткен халықаралық фестивалінің мақтау грамоталарымен марапатталған. Қазіргі кезде Көкшетау қаласында жеке шығармашылықпен айналысып, үлкен сахналарда эстрадалық әндерді шырқап, көпшіліктің жылы ықыласына бөленіп жүр. Әрі домбырамен халық әндерін де нақышына келтіріп орындайтын жезтаңдай әнші. Аслан Болатұлының жұбайы Ақерке Жақсылыққызы Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау Мемлекеттік университетінің заңтану бөлімін бітірген. Ақерке Салық  азаматтарға арналған мемлекеттік корпорациясы Ақмола облысы  бойынша мамандандырылған бөлімінің маманы болып қызмет еткен. Бірақ қазіргі кезде дүние есігін жарты ай бұрын ашқан Асылым есімді сәбиімен декреттік демалыста отыр.

Мұхамедьяровтар әулеті «Отан отбасынан басталады» деген сөзге толықтай келіседі. Соған орай, әке-шешенің бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі өте жоғары деп есептейді.

– Жалпы бала тәрбиесі оңай жұмыс емес. Еліміздің болашағы әрі тізгіні  осы ұрпақтың  қолында деп санаймын. «Әке көрген оқ жанар, шеше көрген тон пішер» деген осындай ұлағатты сөздердің арқасында ұлдарымызды қайсарлыққа, батырлыққа, батылдыққа, ептілікке баулып келемін, - дейді әкесі Болат Қазыұлы.

Әулеттің отанасы Мапруза Өсіпқызы шаңырақта ер азамат сыйлы болса, содан балалары да үлгі алады әрі сол жанұяның перзенттері де тәрбиелі, өнегелі болып өсіп жетіледі деген пікірді айтады.

– Қазақ жұртының ерте заманнан келе жатқан салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарының қай-қайсысы болмасын баланың дамуы мен өсіп-жетілуінің негізі болып табылады деп есептеймін. Сол себепті ықылым заманнан бері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан  ұлттық кодымызды отбасылық өмірде әрі перзент тәрбиесінде ұстануымыз қажет. Өйткені халқымыздың өзіндік дәстүрлерін баланың бойына сіңіртсек, онда  салт-дәстүрімізді берік ұстанатын оны ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып отыратын әрі ұлттық рухымызбен қаруланған болашақ  ұрпақ  өсіп шығады. Сондықтан ұлтымыздың тәрбие негізі саналатын асыл қазынасы салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарымызды өшірмей, оны қайта жаңғыртып отырсақ, еліміздің ұлтжанды азаматы мен азаматшаларын қалыптастырамыз деп санаймын, - дейді отанасы Мапруза Мұхамедьярова. 

Осылай деген Мапруза Өсіпқызы бүгінде ұлдарының үлгілі отағасы, адамгершілігі мол азамат болуына және  инабатты келіндеріне өмірлік ақыл-кеңесін айтып отырған  бақытты әрі аяулы ана.

Бұл әулеттің балаларды тәрбиелеудегі ерекшеліктері де баршылық. Отбасында ата-анамен перзенттерінің  арасында қарым-қатынас ең бастысы  құрмет пен қолдауға құрылған. Ерте жастан бастап балаларын шығармашылыққа, өнерге деген сүйіспеншілікке баулып әрі салт-дәстүрімізді құрметтеуді үйретіп  отыр.

Бүгінде алты ұлының бойына жауапкершілік, еңбекқорлық, адалдықтық сынды адами құндылықтар дарыған. Ынтымағы мен бірлігі жарасқан Мұхамедьяровтар әулеті өзгелерге ұқсамайтын өзіндік дәстүрлерімен де бөліскен еді.

– Біз әсіресе еліміздегі әз-Наурыз мейрамың үстімізге түрлі қазақи оюлармен безендірілген киімдерімізді киіп, үлкен дастархан жайып, бір-бірімізге жылы лебізімізді айтамыз. Әрі осындай айтулы мерекеде  құттықтап келген  қонақтарымызға да ерекше құрмет көрсетеміз, - дейді әулеттің екінші баласы Саян Болтаұлы.

Өнермен біте қайнасқан Мұхамедьяровтар әулеті өмірді ән мен күйге бөлеп, бір-біріне қолдау көрсетіп, болашаққа бірге қадам басып келеді. Енді олар алда күз айында өтетін республикалық «Мерейлі отбасы» сайысының ақтық кезеңінде Солтүстік Қазақстан облысының намысын қорғайтын болады.

(Суреттер  Мұхамедьяровтар отбасының жеке мұрағатынан алынды) 

Поделитесь: