ЕЛОРДАДА ҚХА ЖУРНАЛИСТЕР КЛУБЫНЫҢ КЕҢЕЙТІЛГЕН ОТЫРЫСЫ ӨТЕДІ

26 Июня 2019, 20:51 3181

27 маусымда сағат 16.00-де Нұр-Сұлтан қаласындағы «Radisson» қонақүйі кешенінде Журналистер күніне орай Қазақстан халқы Ассамблеясы Журналистер клубының кеңейтілген отырысы өтеді.

Клубтың отырысына ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев; ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары В. Божко, ҚР Парламенті депутаттары, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің және басқа мемлекеттік органдардың өкілдері, ҚХА мүшелері, республикалық және аймақтық БАҚ бас редакторлары, этносаралық қатынастар саласындағы сарапшылар, ғылыми және шығармашылық қауым, блогерлер және т.б. қатысады деп күтілуде. 

Күн тәртібінде Мемлекет басшысының «Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды бағдарламасындағы тапсырмалардың орындалу барысында журналистер қауымы алдында тұрған міндеттер талқыланады. Әлеуметтік бірлікті нығайту және Қазақстан халқы Ассамблеясының Түркістан облысы Арыс қаласындағы төтенше жағдайға байланысты көрсетіп жатқан көмегі жан-жақты баяндалады. 

Жиында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов, «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, «Хабар» Агенттігі» АҚ «Ел арна» телеарнасының директоры Арман Сейітмамыт, саясаткер, қоғам қайраткері Айдос Сарым, «Огни Алатау» Алматы облыстық газетінің бас редакторы Атсалим Идигов, «Қазақпарат» ХАА жаңа бас директоры Аскар Омаров, «Коре Ильбо» корей республикалық газетінің бас редакторы Константин Ким сөз сөйлейді.

Соңынан мемлекет саясатын ақпараттық тұрғыдан қолдауға, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға, Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін насихаттауға үлес қосқан журналистер мен сарапшыларды марапаттау рәсімі өтеді. ​

Поделитесь: