Жаңалықтар

Өрттен үйсіз қалған отбасы жаңа баспаналы болды

Қамқор жандар басына қиындық түскен отбасыға қолдау білдірді
Өрттен үйсіз қалған отбасы жаңа баспаналы болды
22.07.2020 17:22 3387

Мария Кириакиди осыдан бір ай бұрын баспанасынан айырылған жалғызбасты ана.

Оның зейнет жастағы анасы және үш баласы бар. Бұл отбасыны жаздың бірінші күні тілсіз жаусыз баспанасыз қалдырған еді. Алау оттың арасында барлық құжаттар да кеткен-ді. Абырой болғанда, отбасы мүшелері дін аман. Тілсіз жау барынан айырған соң, барар жері, басар тауы болмай, бір ай бойы сыртта түнеулеріне тура келген. Індет дендеп тұрған уақытта отбасының ауыр жағдайы елеусіз қалмай, қолы ашық, жүрегі кең жандардың назарына іліккен болатын.

Өрттен үйсіз қалған отбасы жаңа баспаналы болды

Карантин кезінде қиын жағдайға душар болған жанұяға Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы көмек қолын созған алғашқылардың бірі болды. 

Өрттен үйсіз қалған отбасы жаңа баспаналы болды

Қайырымды жандар жанұяның үйлі болуы үшін барын салды. Өрттің арасында кеткен үй иесінің құжаттарын жинауға Тұрдыева Хамида бастаған жастар бар көмегін көрсетіп жатыр. Сонымен қатар еріктілер отбасыны азық-түлік және тұрмысқа қажетті заттарымен қамтамасыз етті. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, Мария Кириакиди «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысына ерекше алғысын жеткізді:

«Жамбыл облысы ҚХА жанындағы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының еріктілері күні бүгінге дейін жанымнан табылып көмек қолын созуда. Қиын сәтте жәрдемдескен барлық жанашыр жандарға алғысым шексіз. Ешкімнің басына бермесін. Халқыма алғысым шексіз. Бұл қиын күндердің әлі-ақ артта қаларына кәміл сенемін», – деді ана толғаныспен.

Өрттен үйсіз қалған отбасы жаңа баспаналы болды

Өскелең ұрпақтың жүректерінде адамгершілік, үлкенге сыйластық, кішіге қамқор бола білу сынды қасиеттердің табыла білгені көңіл қуантады. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып еріктілердің көмегімен Мария бүгін жаңа үйінің табалдырығын аттады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға