Жаңалықтар

Ұрпағымыз бірнеше тілді меңгерсе несі айып?

Үш тұғырлы тіл туралы
22.04.2016 05:09 5658

Ұрпағымыз бірнеше тілді меңгерсе несі айып?

Бүгінгі күні білім беру саласында жұрт ойланатындай тың өзгерістер орын алып отыр. ҚР Білім және ғылым министрі мәлімдеме жасағаннан бері көпшілік «бұл қалай болар екен?» деп абдырап қалғаны рас. Халық арасында қызу талқыға түскен негізгі мәселе – үш тұғырлы тіл. Меніңше, үш тұғырлы тіл мәселесінен қорқып, үркудің қажеті жоқ. Себебі, мұл әңгіме айтылғалы біраз жыл боп қалды, түбі солай болары сөзсіз. Себебі заман ағымы солай. Ұрпағымыз бірнеше тілді меңгерсе несі айып? Қазақ тілі – ана тіліміз болса, орыс тілі – ресми тіл, ағылшын тілі – халықаралық  қатынастар тілі екендігін әрбір көзі ашық азамат түсінеді. Иә, қазақ тілін сүю, құрметтеу, қадірлеу әр қазақтың қасиетті борышы. Ұрпағын ана тілінде сөйлете алмаса, оған ұлттық құндылықтардың дәмін татырмаса, ұлттық тәлімді сіңіре  алмаса, ол отбасындағы ата-ананың, ата-әжелердің кешірілмес кінәсі деп ойлаймын. Ал, қазіргі ұрпақ зулап бара жатқан заман ағысына ілесе алмаса, үлкен кемшілік. Жастарға бар мүмкіндік жасалды, шет елге шығып оқиды, қызыметіне байланысты тәжірибе алмаса алады. Ол ненің арқасы? Әрине, шет тілін меңгергендіктің арқасы! Ендеше неге үш тұғырлы тіл мәселесінен қоқуымыз керек? 

Үш тілде білім беруді  Қазақстан мектептері  егемендік алғаннан бері біртіндеп тәжірибеге енгізіп келеді. Ол қазақ түрік лицейі мен Назарбаев зияткерлік мектептерінде жүзеге асуда. Нәтижесі керемет! Алтыншы сынып бітіретін оқушылар жапа-тармағай сол мектептерге түсуге талпынады. Неге? Әрине, болашағы зор болғандықтан. Ендеше сол мүмкіндік жалпыға білім беретін мектептер мен лицей, гимназияларға да туып тұр ғой. Иә, жұрттың дау туғызып жатқаны, бастауыштан бастап ағылшын тілін енгізу мәселесі болатын. Бұл мәселе мені де ойландырады. Негізінен, бастауштағы білім ана тілінде оқушы бойына сіңіріліп, ағылшын тілі жетінші сыныптан бастап дәл КТЛ мен НИШ-тағыдай тіл үйретіп барып, жоғарғы сыныптарда информатика, химия, биология, физика пәндерін ағылшын тілінде оқытса жөн болар еді дер едім. Себебі, жоғары сынып оқушылары қалай дегенмен оңы мен солын танып қалаған балалар. Олардың алдында мамандық таңдау, оқу орнын таңдау мәселесі тұр, сондықтан, олардың тілдерді жетік меңгеруге қызығушылығы да зор болады. Әрі ана тілі туралы да оң көзқарасы қалыптастын кез.

Педагогиканың шекпенін кигеніме қырық жылдың айналасы боп қалыпты. Осы жылдар ішінде небір реформаларды басымнан кешірдім. Барлығы да қалай жоспарланды, солай жүзеге асты. Заманына қарай, уақыт талабына қарай өмір сүрді. Ешқайсысы да жұрт баласына опық жегізген жоқ. Сондықтан, бұл жаңалықты да жатсынбай қабылдау керек  деп ойлаймын. Іске сәт, құрметті әріптестер!


Айман ТОҚПАТАЕВА

Астана қаласы, № 66 мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға