Жаңалықтар

Роза Рымбаева неліктен Ақтау мәслихатына депутат болғанын түсіндірді

Роза Рымбаева неліктен Ақтау мәслихатына депутат болғанын түсіндірді
Фото: mangystaumedia.kz 05.08.2023 11:20 2888

Наурыз айында еліміз бойынша өткен Парламент және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы кезінде Ақтау қаласынан Роза Рымбаева халық қалаулысы атанды. Көпшілік белгілі әншімен шатастырған ақтаулық депутат Роза Рымбайқызының өнерге еш қатысы жоқ. Он жылдан бері кәсіпкерліктің тасын өрге домалатып, бірнеше адамға жұмыс ұсынып отырған кейіпкеріміз бүгінде мәслихат мінберінен мәселелерді көтеріп жүр. Осы ретте El.kz ақпарат агенттігі mangystaumedia.kz-ке сілтеме жасап, сұхбатты назарларыңызға ұсынады. 

- Роза Рымбайқызы, сізді көпшілік депутат ретінде атыңызды атағанда елімізге белгілі әншінің Маңғыстауда депутат болды деп ойлап қалған сәттер болды. Осы ретте өзіңіз туралы айта отырсаңыз?

- Менің аты-жөнім белгілі өнер жұлдызымен бірдей болғаны расымен де кездейсоқтық. Туған күніміздің арасы 4 күн екен. Алайда әке-шешім әншіге ұқсасын деп азан шақырып, Роза деп қойыпты. Өзім 1993 жылдың 24 қазанында Ақтау қаласында жарық дүние есігін аштым. - Атыңызға сай әу баста әнші боламын деген арман-мақсатыңыз болған шығар? - Осы орайда бірі қызық жайтты кеңірек айта кеткім келіп тұр. Менің атымды әдейі̆леп атақты әншімізге ұқсасын деп қойды ғой. Сонымен бірге, Роза апамыз екеуіміз де тауық жылы туыппыз. Ол кісі 1957 жылы дүниеге келсе, мен араға 36 жыл салып дүние есігін ашыппын. Жұлдыз белгіміз де сарышаян. Егер мен 1-2 күн өмірге ерте келгенде жұлдыз белгім таразы болар ма еді... Бұл ұқсастықтарды өзім кейін байқадым. Ата-анам да ол жөнінде менен естіді. Кейде әншімен мінезіміз де ұқсастық бар ма екен деген сауал туындайды. Бірақ мен өнер жолын емес, кәсіпкерлік бағытты таңдадым. Роза апамыз секілді еліміздің дамуы жолында өз үлесімді азды-көпті қосып жүрмін деп есептеймін. Ән айту туралы түрлі мақсат болғанымен, кейін таңдау басқа арнаға бұрылды.

- Биыл депутат ретінде мәслихат мандатын иелендіңіз? Депутат болуға неліктен бекіндіңіз?

- Бұл жауапты жұмысқа елдің қолдауы арқылы келдім. Блогер болғаным рас. Халық демеп, мәселені мінберден айтсаңыз деген соң ойлана келе, Ақтау қаласында №20 сайлау округ бойынша саяси додада бақ сынадық. Тұрғындардың дауыс беруі нәтижесінде халық қалаулысы атандық. Енді соның жауапкершілігін сезініп, үмітті ақтап, тұрғындар мәселесін шешуге білек сыбана кіріскен жайымыз бар.

- Негізінен қандай мәселелерді көтеріп жүрсіз?

- Кәсіпкерлікті қолдау туралы мәселелерді айтып жүрмін. Елімізде жастар мәселесі, оларға қолдау көрсету кезек күттірмейтін мәселе. Мүмкіндігінше, тұрғындардың да арыз-шағымына назар аударып, оңтайлы шешілуі ат салысып жатқан жайым бар. Депутат ретінде алда көптеген жоспарларым бар. Сол бағытта табанды еңбек етіп, айтулы нәтижеге қол жеткіземін деген ойдамын.

- Сіз облыс бойынша ең жас депутат екенсіз? Жалпы, 29 жаста депутат болудың жүгі қандай?

- Енді бұған дейін Мәжілісте менен де кіші жастар депутат болды ғой. Ал Ақтау қалалық мәслихатының бұл жолғы шақырылымында мен жас депутат ретінде сайлаушылардың жоғары дауысына ие болыппын. Бұның жүгі әрине, жеңіл емес. Халықпен әрдайым кездесіп, тұрғындар айтқан мәселеге бей-жай қарамау керек деп санаймын.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға