Жаңалықтар

Роза Бағлановаға арналған халықаралық вокалистер байқауы өз мәресіне жетті

Болгариядан келген әнші байқауының жеңімпазы атанды
Роза Бағлановаға арналған халықаралық вокалистер байқауы өз мәресіне жетті
Фото: ҚР МСМ 04.12.2022 13:20 1012

Астанада Қазақстан мен КСРО Халық артисі, Халық қаһарманы, әнші Роза Бағлановаға арналған халықаралық вокалистер байқауы аяқталды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі МСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Байқауға Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Татарстан, Польша, Болгария, Қырғыз Республикасы және Беларусь Республикасынан 18-35 жас аралығындағы орындаушылар қатысты. 12 қазан мен 20 қараша аралығында онлайн форматта өткен іріктеу кезеңі аясында 48 өтінім қабылданды. Оның қорытындысы бойынша финалдық бөлімге 21 орындаушы өтті.

«Биыл біз бірегей тұлға және көрнекті әнші Роза Бағланованың 100 жылдығын атап өтеміз. Халық сүйіктісінің мерейтойы ЮНЕСКО-ның мерейтойлық күндер күнтізбесіне енді және оның құрметіне көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды, соның ішінде Париж мен Мәскеу қалалары бар. Бұл тізімде вокалистер байқауы ерекше орын алады. Оны өткізу - Роза Тәжібайқызының талантын заманауи орындаушылардың мойындауының жарқын дәлелі», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Данияр Әлиев конкурсанттарды марапаттау рәсімі аясында.

Болгариядан келген әнші Славея Иванова конкурстың жеңімпазы және 2 миллион теңгелік бас жүлденің иегері атанды.

I орын – Батталиева Алмагүл (Қазақстан Республикасы) 750 000 теңге.
I орын – Исраилов Бек (Қырғыз Республикасы) 750 000 теңге.
II орын – Качмарек Михал (Польша Республикасы) 500 000 теңге.
II орын – Жамбылбек Қымбат (Қазақстан Республикасы) 500 000 теңге.
III орын – Жұбан Ерназар (Қазақстан Республикасы) 250 000 теңге.
III орын – Бақберген Азамат (Қазақстан Республикасы) 250 000 теңге.

Сондай-ақ, қатысушыларға Роза Бағланованың ұлы Тәжен Бағланов пен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің эстрадалық-симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі Дархан Рақымғалиев арнайы сыйлық табыс етті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға