Жаңалықтар

«Росатомға» сатылған Буденовское кен орнынан бюджетке қанша қаражат түсті

«Росатомға» сатылған Буденовское кен орнынан бюджетке қанша қаражат түсті
Фото: El.kz 30.05.2023 12:32 647

«Росатомға» сатылып кеткен Буденовское кен орнынан республикалық бюджетке 150 млрд теңгеден астам қаражат түскен. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейінгі кулуарда қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Буденовское кен орны Түркістан облысының Созақ ауданында орналасқан. Уран қоры жағынан әлемде екінші орында. БАҚ-та қазақстандық активтің жаңа иесі ресейлік «Росатом» корпорациясы болғаны жөнінде ақпарат айтылды. Осыған байланысты қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев сатылып кеткен кен орындарынан республикалық бюджетке қандай пайда түскенін айтып берді.

Бізде жалпы мұнай, газ, металл, уран кен орындарынан республикалық бюджетке 80 пайыздай салықтан төлем түсіп жатыр. Оның ішінде Буденовское урандық кен орны да бар. Соңғы сатылған кен орнынан республикалық бюджетке 150 млрд теңгеден артық қаражат түсті, - деді министр.

Оның айтуынша, бұл жай ғана сату емес, кен орнын дамыту үшін жасалатын жұмыс. Мұндай тәжірибе әлем елдерінде де бар.

Дүниежүзінде жеке компаниялар кен орындарын байытып, дамытып жатыр. Біздегі ірі компаниялардың, республикалық бюджеттің ондай мүмкіндігі жоқ. Дегенмен барлық ірі стратегиялық объектілерде Қазақстанның үлесі жоғары. Біздің негізгі мақсатымыз - барлық стратегиялық объектіде үлесіміздің жоғары болуы және біз оны бақылап отыруымыз керек. Жеке кәсіпкерлер келіп, инвестиция құйып, салық төлесе, біз оны құптаймыз. Бірақ бізде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жағдай болуы керек, - деп түсіндірді қаржы министрі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға