Португалиялық футбол жұлдызы Криштиану Роналдудың жеке байлығы 1,4 миллиард доллар деп бағаланды. Осылайша ол тарихтағы долларлық миллиардер мәртебесіне ие болған алғашқы футболшы атанды. Бұл туралы Bloomberg-ке сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.
Bloomberg алғаш рет португалиялық шабуылшының қаржылық жағдайына толық талдау жасап, оны өзінің «миллиардерлер индексіне» (Bloomberg Billionaires Index) қосты.
Агенттіктің мәліметінше, ұзақ жылдар бойы Роналду табыс деңгейі жағынан басты бәсекелесі Лионель Мессимен шамалас болған. Алайда 2023 жылдан бастап жағдай түбегейлі өзгерген.
Сол жылы Роналду Сауд Арабиясының «Әл-Наср» клубымен 200 миллион долларлық рекордтық келісімшартқа қол қойған еді. Кейінірек, маусым айында келісім мерзімі ұзартылып, оның құны 400 миллион доллардан асып кеткен.
Ал Месси 2023 жылдан бастап АҚШ-тың «Интер Майами» клубында ойнап жүр. Оның жалақысы әлдеқайда төмен болғанымен, карьерасын аяқтаған соң клубтың үлесін алу мүмкіндігі бар, сарапшылардың сөзінше, бұл болашақта аргентиналықты Роналдумен теңестіруі ықтимал.
Қазір Роналдудың жасы 40-та, ол – Чемпиондар лигасының бес дүркін жеңімпазы, Еуропа чемпионы, екі мәрте Ұлттар лигасының жеңімпазы, әрі ұлттық құрамалар, Еуропа чемпионаттары, Чемпиондар лигасы және клубтық әлем чемпионаттары тарихындағы ең үздік сұрмерген.
Сонымен қатар Роналду – карьерасында ресми матчтарда 900 голдан асырған алғашқы футболшы.

